«Әуезов және әлем әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 014 жылғы №3 басылым в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті



бет11/13
Дата16.11.2023
өлшемі286,41 Kb.
#191468
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
5fa977e8-4931-11e4-973d-f6d299da70eeәуезов кешен (1)

Дәріс №10 М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» оқиғасының тарихи негізі
Әр суреткер өзі жете біліп таныған, зердесіне терең сіңіп, жарыққа шығармауына болмастай боп бұлқынған оқиғаны бейнелеуге тиіс. Одан ауытқыған суреткер шығармасы, бері салғанда, ұшпа бұлттай сырғыма дүние болмақ.
«Еңлік-Кебек» оқиғасы ХҮІІІ ғасырдың үшінші ширегінде, дәлірек топшылағанда, 1770-1780 жылдардың аралығында Шыңғыс тауының алқабындағы Бөкенші өзенінің бойы мен Кіші Орда тауының балақ сілемінде өткен. Шәкәрім бұл оқиғаның «1780 жыл шамасында, осы Шыңғыс тауында Матай мен Тобықты арасында болған іс» , - деп түсінік береді.
«Еңлік-Кебек» оқиғасы туралы бұрмалап айтушылар кездеседі. Тобықты елі 1723 жылы Сырдариядан ауып, Ор-Елек, Ойыл-Қиыл өлкесін жаз жайлап, қыс Мұғаджар таулары мен Ырғыз, Торғай өтіп жыл сайын жылжи көшіп отырған қалың ел Мамай батырдың бастауымен 1775-1776 жылдар шамасында қазіргі Семей өңіріндегі Шыңғыс тауына келіп орнығады. Ол жөнінде «Еңлік-Кебек» дастанында былай дейді:
Келгені Тобықтының осы маңға
Мың жеті жүз сексенге тақалғанда,
Елді бастап әкелген Мамай батыр
Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға .
Ол кездерде Шыңғыс бөктерінде он-он бес жыл бұрын келген найман қапталдай жайғасқан:
Туысқанын қия алмай жүр деп сен де,
Көп айтқан Кеңгірбай мен Қараменде.
Бос тұрған соң Шыңғысқа Матай қонған,
Біздің ел әне-міне деп жүргенде .
Сондықтан да тобықты елі Шыңғыстаудың етегін баса, сыбан мен матайдың арасына сыналай тұрақ тебеді. Қол күші, ақыл-айласымен екі жағын кезек қағыстырып, қонысын кеңейте береді. Кеңгірбай:
Кейде жау боп Матаймен, кейде бітіп,
Есі-дерті Шыңғыста, айтпайды ойын ,- дейді.
Ығыса-ығыса сыбан, матай Шыңғыстың сыртына іркіледі. Жер дауы, жесір дауы өршиді.
Тобықты руы тарихында бұл елге үш-төрт ғасыр бойына үш оқиға беттеріне түскен шіркеудей, көңілдеріне түйткіл болып келген.
Әнет бабаңның көшке ере алмай тау басында қалуын бұлар ол жалғыз бізге емес,бүкіл халқымыз басына түскен ауыртпалықтың ауыр бір көрінісі деп біледі.
Ал, Қалқаманның оққа байлануы мен Кебектің ат құйрығына таңылуы және Қодардың дарға тартылуына келгенде кімі болсын күмілжи береді. Тіпті, осы үш оқиға сауал боп Абай алдында тартылыпты деген де сарын бар. Абай Құнекеңнің тірі кезінде, Найман Ұлан-Бұланның асына туыстарына басшы боп барса керек. Тобықтыларға бөлінген үйге Абай бастап кіргенде, тіркестіріп тіккен киіз үйдің біріншісінде бір келбетті қарт отырған екен.
Абай ізетпен сәлем беріпті. Қарт:
-Құнекеңнің Абайы сенсің ғой, қарағым. Көрсем деп ем көрдім? Сәлеміңе рахмет! Алла разы болсын! Мына бір сөзге мойын бұршы. «Садақтың оғы, аттың жалы, түйенің қомы» деген бар ғой.Сен шешу айтпасаң, ешкім айтпай жүр, қарақ, - депті.Абай тыңдапты да, еш жауап қайтпай төргі үйге еніп кетіпті. Қарт та қайта сөз өрбітпейді.
Серіктері Абайға:

  • Абай-ау, бәріміз бір саған бастатып сен бар деп сеніп келдік. Әлгі шалдың сөзі не сөз? Жауабы жоқ сөз бе?

Абай:

  • Ол дауасы жоқ сөз. Дауасын тапсам да оны ұғатын сендер жоқ!.. Садақтың оғы дегені – Тобықты Қалқаманды неге оққа байлап бердің? Аттың жалы дегені – Кебекті неге ат құйрығына сүйретіп өлтірттің? Түйенің қомы дегені – Қодарды келінімен дарға тартқаны қалай? деген сөз емес пе? Дауасыз сөз дейтінім сол! Дауасын сендер айтасыңдар ма, әлде?!

Бір тобықты:- Біз оны біле қоятын болсақ, бәріміз Абай болмас па ек. Өзің айтсаңшы, Абай?

Тобықтыларға кездескен қиракезік осы үш оқиға кезінде бұл руды билеуші өз тұсындағы қазақ ұлтының маңдайына сирек бітетін аса кесек тұлғалы қайраткерлер:
Әнет баба - қазақ баба деп атаған, қазақ жолына да, шариғатқа да жетік ғұлама.
Кеңгірбай – «тістеген жерде тісім, ұстаған жерде қолым кетсін» дейтін тізесінен қан келсе де қаймықпас би.
Қодарды жазалауды өз қолында ұстаған Құнанбай туралы жеткілікті айтылған. Осы сөздерді айту себебім – бұл біртуар кемеңгер жандар сол кездегі ұлтымыз тірлігінде кездесе бермейтін кірмелі, шешілмес күрмеулі, асырас аслы іске кездескендігінен қатал үкімге барған және дұрыс барған дейміз.
Кебек ақ қой сойып, аруақты атап, ақ бата жасалған, күйеуі ұрын келген біреудің оң жақтағы қалыңдығын алып қашты.
Жасалуына бас кеңесші Әнет бабаң болған Тәуке ханның «Жеті Жарғысында» қалың малы төленіп, күйеуі ұрын барған, ақ бата жасалған қалыңдық алып қашылса, еркек те, әйел де ат құйрығына тағылып, сүйретіп өлтіретін бап болып, үрдіске айналған. Ежелден елімізде жер дауы мен жесір дауы халық берекесін кетірген дауасы жоқ бүліншілік басы болғандықтан, Төле, Қазыбек, Әйтекедей кемеңгерлеріміз осындай қатал заң арқылы ел бірлігін сақтап, сырт жауына қарсы халық боп жұмыла күресу шарты сол заң деп білген және ол үрдісті өте дұрыс енгізген.
«Ақтабан шұбырындыдан» соң, есін әлі жия қоймай, ата қонысы Шыңғыстауға іргесі тиіп, әл жиямызба дегенде, Кебек Матаймен арандатуға барады. Тобықтыға «не құру, не Матайдың дегеніне көніп, Шыңғыста ірге теуіп, ұрпақ өсіріп, ел болуды» тағдыр ұсынғандай. Кеңгірбай Кебекті құрбан етіп, Тобықты руын сақтап қалуды таңдайды. Сіз Еңліктің нағашысы Қабанбай батыр, берілген жері Сыбан Байғара «азуы алты қарыс» Ақтайлақ би туысы екенін ұмытпағайсыз. Кебекті қорғаймын деп, Тобықтылар соғысқа шықса, кімдермен шайқасатынын бағамдайсыз ба? Онда «аз ауыл Тобықты» қалың Найманның қарсысына шығып, тұқымы құрымақ, телімге түспек. Кеңгірбай бидің кемел ақыл иесі, қайыспас берік қатты мінездің адамы болатындығы сонда – ол Кебек қандай ел ардағы, ер шолпаны болсын туған жұрты үшін құрбан етеді. Ел иесінің елі үшін еткен құрбаны қазақ тарихында жалғыз Кебек болмаса керек-ті.
Нақтылай түссек, осыдан екі ғасырдай бұрын Тобықты-Шыңғыстау елі Еңлік-Кебек оқиғасына тап болады. М.Әуезов: «Шыңғыстың бұрынғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болды. Бұның арты көп шабуыл болған. Қазақ оқушысының көпшілігіне мәлім болған «Еңлік-Кебек» оқиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді. Ол заманда ел билеген бектер өз үстемдігін жүргізу үшін ру-руды бір-біріне айдап сала берген»,- деп түсініктеме береді. Бұл жағдай жайшылықтағы әйел алып қашудан жөн-жосығы бөлек еді. Кебектің жанұясы бар, балалы жігіт. Сыртқа, ішке бірдей атағы шыққан азамат. Тоқтамыс батырдың соңына ертіп дәме еткен «ел шетіне жау келсе ту түбінен табылар» жас батыр.
Еңлік болса қатардағы Матайдың жай бір қызы емес, Қабанбай батырдың жиені. Құда түсіп, қалың төлеген жері - Сыбан руындағы Ақтайлақ бидің туған баласы Кеңесбайдың ұлы. Және жуырда ғана қалыңдығымен қол ұстасып қайтып, күн ұзатпай отауына түсірмек-тін. Матаймен Сыбан кезекпе-кезек келіп, бірі жесіріне, бірі қызына сұрау салып, желекті найза, желектеп шоқпар көтеріп, сойыл сүйреткендер қоршауы тарылып, ел үстін шаң басты. Өмірлері әп-сәтте сұрғылт түске боялды. «Бардың ісі пәрменмен, жоқтың ісі дәрменмен» - Дадандағы даусың жетсе де көпке күшің түгіл, шашқан топырағың шаң емес пе? Кеше сақадай саймын деп, Шыңғысқа беттегендегі сойыл соғар қол саны «70»-тен аспаған. Өзге азаматы көш алып жүріп, мал айдаудан артылмайды. Не істеу керек? Матай-Сыбанды жайбарақаттандырып, айқұлақтана қалған арғы наймандарды да тыныштандырып уақытты соза түскен жөн. Кебектің ағасы Тоқтамыс ел ішінде еместігіне сілтейік. Айдың екеуі өтті. Қайтарған жауабы жоқ. Матай елшісінің келуі жиіледі. Олардың талабы біреу-ақ: «Екеуін ұстап берсін, өлтіреміз, малға бітпейміз!» Кебек болса, «Мен Еңлік өлген жерде өлемін. Мені туыстарым «шіріген жүмыртқа десе өздері білсін!». Осы сергелденде және айдан артық уақыт өтті. Тобықты Сыбанға сөз салса жауабы: Тобықты бізбен емес, Матаймен сөйлессін!. Түн құрғатпаған шабыс... Соғысқа анық бет алғандай. Не істеу керек? Кеңгірбай: «... Әлде, иә, иә. Әлде Әнет бабамша ұрпақ келешегі үшін еркек тоқты құрбандық деймін бе? Көкенай долы биліксіз-ақ Мамырдың қанын шашты. Көкенай өз қарындасын өлтіріп, Әнетке айтар уәж қалдырды ма...Тобықты бүтін болсын десек, халқымның салт-дәстүрі сақталсын десе мен өз қызымды өлтірдім екен, ол інісі Әйтектің Қалқаманын өлімге қисын». Бабаң шарасыз боп, тек аллаға сиынып, тағдырдан үміт етті ғой. Тағдыр әділ. Өйткені, жазмышта кімнің болсын тағдырын белгілеуші аллаһтың өзі ғой. «Кебекті өз қолымен ұстап берсіні не Матайдың! Кесімім менің ұстап беру емес! Тек тобықтылар Кебекке қорған болмайды. Кесімім осы!».
Оқиғаның тарихи негізі, желісі бар екенін ешкім де теріске шығармайды. Ондағы тарихи тұлғалар, жер-су аттары, болған оқиғалар тарихи көптеген мәліметтермен сәйкес келеді. Мәселен, Ш.Құдайбердіұлы мен М.Әуезов шығармаларының негізгі арқауы махаббат трагедиясы болғанымен, олар замана кейпін нақтылау, оқиғаның ескі күндерде өткенін, ендігі жерде ел арасында мұндай келеңсіз істер болмауына тиісін дәлелдей түсу үшін хикаяның өмірлік фонына айрықша мән береді, шағын көлемді тарихи ақпар жасап, Ақтабан Шұбырынды күндерін, елдің қырғынға ұшырап, азып-тозуын сипаттай келе, қазақтардың қайтадан күш жиып, жауға қарсы аттанғанын, үлкен жеңістерге жеткенін айтады. Мысалы, дастанда: Нысан абыздың Есенмен тілдескендегі ақтабан шұбырынды туралы толғанысы былай берілген: “Батыр десем… белге шықпай ойда ойнақшыр бейпіл ме ең. Азамат десем, ауыл үйдің тентегі ме ең? Мақтамаймын Кебекті, құптамаймын сені де. Кегім десем – зықымды алған зұңғарды айтсам не етуші ед? Ашуды айтсам ақтабан шұбырынды ма еді ұмытарым, тастарым. Елдігім қайда сондағы?.. Қусам соны қусамшы.
Шәкәрім ақын өзінің алдыңғы жазған эпикалық шығармаларын, ондағы тарихи ақпарды келесі шығармасында атап өтіп, бір-бірімен байланыстырып отырады.
Поэмада: Қалмақ шауып, қазақтан алған кегін,
Қалқаман қиссасында жазып едім.
Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл,
Ақтабан шұбырынды болды дедім .
Ал, пьесада билер сахнасында Кеңгірбайға наразылығын Абыз Қалқаман-Мамыр оқиғасымен байланыстырып білдіреді. “Не дейсің?.. Не деп келесің сен?.. Әнет бабаң серік пе саған… бұ шақта!.. О-о-о!.. Сонау… сонау ма?.. Қалқаман-Мамыр етпек пе ең? Сұмдық! Ерінің жаны, бөрінің аузына түскен сұмдық заман! Сұм заман!..”. Бұл жолдарда тарихи оқиғалардың ізі сайрап жатыр . Болған оқиғаның әлеуметтік астарын Шәкәрім шығармаға арқау етеді. Ақынның ондағы ойы елдің бірлігіне нұқсан келтіретін тексіз қылықтан бас тартуға бағдар беру сияқты. Осы оқиға болардың алдында ғана қазақ халқының тарихына нәубат болып келген қазақ-қалмақ соғысы болған еді. Соның нәтижесінде қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңы болды. Бір ғасырдан асқан екі ағайын ел, ұлы даланың көшпенді елдерінің соғысында бірі жеңіп, екіншісі тарихи аренадан кетуі керек еді. Және де оған дем беріп, қақтығысқа жел берген сырттай бақылаушы екі империяның болғанын тарихтан білеміз. Жүз жылдық соғыста қазақ елінің жеңіске жеткені мәлім. Бұл жеңіс қазақ халқын да әлсіретіп, теңселтіп кеткен еді. Қазақ халқының басына Абылайдың келуі, содан қалмақтың қазақтан жеңілуі тарихи негіз ретінде «Еңлік-Кебек әңгімесі» бөліміне дейін аталып өтеді:
Сол соғыс – хан Абылай келген кезі,
Қалмақтың сыбағасын берген кезі.
Керек болса оқыңдар шежіремнен,
Жазылған сонда анықтап түгел сөзі.

Сонан кейін қалмақты қазақ қырған,
Жиылып шаба берді ойдан, қырдан.
Тарбағатай-Шыңғыстың жан-жағында,
Көшпелі көп қалмақ бар бұрын тұрған.

Қырылған соң қалмақтар жаман сасқан,
Нор-жайсаң, Шәуешектен аса қашқан,
Ата қоныс Арқаны босатып ап,
Қазақ келіп қалмақтың орнын басқан .
«Еңлік-Кебектің» эпиграфтық сөзі тарихи негізді болғанмен, шығарма сюжетіне қатыссыз «Аңдатуда», немесе прологта философиялық толғам бар:
Өткен адам болады көзден таса,
Өлді, өшті оны ешкім ойламаса:
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп, ұмытпаса.

Ақылдың кей іс жауы, кей іс досы,
Бұл екі істен болмайды өмір босы.
Досыңды – жау, дұспанды дос көрсетіп
Көзді байлап нәпсінің қылғаны осы .
Бұндағы «досыңды – жау», дұспанды дос көрсетіп, көзді байлап нәпсінің қылған осы» деген жолдар, ақын өзі аңдатып отырған ойды түйіндеген. Қазақтың қазақты жау көріп бір-бірімен қырқысып ұсақталуы, іштей ұстасуы, өзара жерге таласуы «көзді байлап, нәпсіге бой алдырғанын астарлап көрсетеді. Дәл осы кезеңге тап болған Еңлік пен Кебектің тағдыры да трагедиялық. Бірақ, халқы аңыз-жырға қосып өз жадында сақтаған. Осы кезең туралы айтылған көрнекті жазушы, білікті ғалым Мұхтар Мағауиннің мына бір пікірі аса құнды деп танимыз: «... ұмытылмауға тиіс, кейінгіні ойға қалдырар, ғибраты мол хикая – Еңлік пен Кебектің тағдыры. Шығарманың негізгі арқауы махаббат трагедиясы болғанымен, автор замана кейпін нақтылау, оқиғаның ескі күндерде өткенін, ендігі жерде ел арасында мұндай келеңсіз істер болмауына тиісін дәлелдей түсу үшін хикаяның өмірлік фонына айрықша мән береді, шағын көлемді тарихи ақпар жасап, Ақтабан Шұбырынды күндерін, елдің қырғынға ұшырап, азып-тозуын сипаттай келе, қазақтардың қайтадан күш жиып, жауға қарсы аттанғанын, үлкен жеңістерге жеткенін айтады. Автор мақсаты – жоңғар соғыстарының шежіресін жасау емес, Еңлік-Кебек трагедиясына себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды айқындау. Сондықтан да, ақын ойрат одағы жойылғаннан соңғы кезеңде шығыс облыстарға ауа көшкен рулардың өзара күресіне арнайы тоқталады. Хандық өкімет құлап, әркім өз басына би болған замандағы бұл қақтығыс ел мүддесінен емес, ру мүддесінен, ағайынға тиесілі жайлау, қыстауды тартып алу мақсатынан туындаған еді. Әрине, тар жерде тек отырып, аштан қырылмадың деп Тобықтыны кінәлау қиын, бірақ кең қонысының бір өңірін қаны қарайып келген ағайынға қимаған Матайды да ақтау мүмкін емес. Енді ағайын арасында күрес басталды. Дәл осындай кезеңде албырт көңіл, ақ махаббат табыстырған Тобықты жігіті Кебек пен Матай қызы Еңліктің тағдыры қандай болмағы айтпаса да түсінікті» .
Оқиға шежіресі Б.Исабаевтің еңбегінде былай жалғасады: «Сыбан Матайға жеме-жемге келгенде қол қоспаған болды. Өлтіруге Кебек пен Еңлікті қош көрмеген! Бәсе, бұл соны медеу етіп, Сыбан жұртынан соны күтіп еді-ау.Шараң не, есіл Кебек тағдырына сол жазылған соң... Енді қалған Тобықты жұртын шоқ ұстау керек. Ер құны болған «атқа қоныс Шыңғысқа тіс-тырнағымен жабысып көрсін! Ащысудағы Көкшелерді Қалбадан қайыру керек. Қабекең соны істеді. Бұл Көкше жұртының мәңгілік мақтаны болды. Көкшелер осылайша Шыңғыстың Хан биігін қасиетті Қабекеңнің өз қолынан алды.
Тобықты тас-түйін боп алды. Бірақ Қабекеңді я бақыты, я соры дегендей тағы бір тағдыр көрмесі тосқан еді. Біріншісі — үш кісі қанын төккен Матай жұрты Шыңғыста орнығып отыра алмады. Ері өліп, қара жамылса да Тобықты селт етпеді. Қозғалар түрі жоқ. Басшысы Кеңгірбай екі апта жер бауырлап жатыпты да сергіпті деседі. Жуантаяқтар шашау шыққан Матай ауылдарының малын тапа-тал түсте-ақ айдап әкетуде. Шамасы, бұдан былай олардың сойысы Матайдан болмақ. Енді Матай Тобықтыға қол көтере алар ма? Қолдары қан, ісі теріс. Бұл қаншаға созылмақ. Кеңгірбай көз жіберіп қана отыр. Көршілік қатысты сап тыйды. Я атысы, я шабысы жоқ дегенді не істеу керектің салмағы Матай жұртына түскен еді. Ол жұрттың басшы би-батырлары емес, бұл түйінді оның жай бұқарасы шешті. Матайлар Еңлік-Кебек қазасынан соң екі-үш ай өтпей-ақ, Шар-Делбегетей өңіріне көшіп, Шыңғысты босатты. Тобықтылар босаған жұртқа бірлеп-екілеп ие бола берді...» .
Соңы белгілі. Ер шолпаны Кебек, ару Еңлік өлтірілді...
Жалпы, Еңлік пен Кебекке шығарылған үкім халықты тыйып ұстау, қалыптасқан тұрмыстық-құқықтық үрдісті қалпынан шығармау үшін жасалған. Алайда, халық қашанда ұлы сезімді әлдилеген, жалпы адамзат тарихында асқақтатқан. Сондықтан, Еңлік пен Кебек оқиғасы халық арасына кең тарап, жас ынтық жүректерге нұр құйған, аңызға айналған ғашықтық сезімнің символына айналып кете барды. Ол сезімді халық жадында сақтаса, жастар жүрек қоймасында сақтады, жер де, тас та, уілдеген жел де ұлы далаға жайды. Міне, осылай ақиқат пен аңыз астарласа дамыды. Жұмырланып, сюжет мәйегі қалыптасқан ауыз әдебиетінің өнер туындысына келе-келе көркем шығарманың жазылғаны заңды көркемдік құбылыс еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет