«Әуезов және әлем әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 014 жылғы №3 басылым в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті


Дәріс №11 Қазақ әдебиетіндегі «Еңлік-Кебек» сюжетінің таралуы



бет12/13
Дата16.11.2023
өлшемі286,41 Kb.
#191468
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
5fa977e8-4931-11e4-973d-f6d299da70eeәуезов кешен (1)

Дәріс №11 Қазақ әдебиетіндегі «Еңлік-Кебек» сюжетінің таралуы

Еңлік-Кебек оқиғасы екі ғасырдан астам уақыт бойы сөз болып келеді. Егер бұл оқиғаның алғашқы баспа бетіндегі 1892 жылы атауымен сөйлесек, «Қазақтардың есінен кетпей жүрген бір сөз». Ал, Шәкәрім Құдайбердиевтің Абайдың көзі тірісі кезінде жазылып, 1912 жылы «Жәрдем» баспасы бетіндегі атауымен атасақ, «Жолсыз жаза, яки кез болған іс» (Самосуд или случайность) «Еңлік-Кебек» деп атаған. Біріншісі - бұл оқиғаға Абайдың төл шәкірттері Мағауия Абайұлы, Шәкәрім Құдайбердиевтер поэма арнаса, болашақ ұлы жазушы М.О.Әуезов «Еңлік-Кебек» тағдырын өзек етіп пьеса жазған.
«Еңлік-Кебектің» жеті нұсқасы мәлім. Бұлардың екеуі әңгіме, екеуі поэма, біреуі интермедия, екеуі пьеса .
Қазақ Совет Энциклопедиясында жарияланған “Еңлік-Кебек” атты мақалада: “Еңлік-Кебек” – адал махаббатты, ескі заманның әділетсіздігін баяндайтын белгілі қазақ поэмасы. Поэма төңкерістен бұрын бірнеше рет жарияланған. Алғашқы нұсқасы “Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз” деген атпен 1892жылы “Дала Уалаяты” газетінің 31-39 сандарында басылған. … Поэма 1900 жылы “Дала Уалаяты” газетінде “Қазақтың тұрмысынан хикая” деген атпен қайта басылды. Мұнда мазмұны, сюжеттік желісі бұрынғы қалпында қалған, тек адам, жер-су аттары өзгерген. “Еңлік-Кебек” поэмасы негізінде М.Әуезов осы аттас трагедиясын жазды”, - делінген. Осы мақала жайында “Семей таңы” газетінде Қайым Мұхаметхановтың сын мақаласы басылады. Ғалымның пікірі: “1892 жылы “Дала Уалаяты” газетінде “Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз” деген атпен басылған поэма емес, әңгіме. Газетте де “әңгіме”деп аталған. Бұл әңгіме ең әуелі “Сибирский вестник” газетінде: “Незабытое прошлое и настоящее киргизов” Очерки – деген атпен орыс тілінде жарияланған және очерктің соңында жазған адамның-автордың аты да көрсетілген. Ал, “Дала Уалаяты” газеті очеркі содан көшіріп басып, орысшасымен қатар қазақша аудармасын да берген”, - дейді .
Мақалада одан әрі очерктің мазмұнына тоқталып және бұның поэма емес екенін айтып, орыс тілінде жарияланған түпнұсқасынан мысал келтіреді. Сол келтірілген мысалға қысқаша тоқталып өтейік. Очеркте: «В своих очерках я ограничусь пока не большим, сравнительно, куском площади, той ее частью, которую занимают северо-западная часть гор Чингиз-тау и его отрогчи» - дей келіп, Шыңғыс, Орда, Доғалаң, Шұнай, Ақшоқы таулары, Ши, Ащысу алқаптары жайын баяндайды. Мақалада очерктің жалпы мазмұнына тоқталып өткен. Яғни бірінші тарауда Шыңғыс тауының Хан аталатын биігіне байланысты ел есінде сақталған аңыз-әңгімелердің баяндалуы, екінші тарауда қазақтың құрмет тұтып, бұлжытпай орындайтыны, заңды бұзушлар болса, қатал жазаға тартылатыны айтылады. Одан әрі ерте замандағы қазақ жастары мен кейінгі заман жастарының махаббат мәселесіне көзқарастарын салыстырып сөз етеді. Және очерктің үшінші бөлімі туралы айта келіп, автордың сөзін келтіреді: «В памяти народной осталось несколько рассказов пока поделюсь с читателями» - деп, Кебек батыр жайына келетінін айтқан. Мақаланы қорытып, Қ.Мұхаметханов көзқарасын дәл айтсақ: «1892 жылы жарияланған бұл очеркті поэма деп атау дұрыс емес. Поэма 1900 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Қазақтың тұрмысынан хикая» деген атпен қайта басылды, - деу дұрыс емес. Газеттегі тақырыбының өзінде «хикая» делінген ғой, орысша аудармасында да «Легенда про былое киргизов» делінген, өлең-жыр емес, қара сөзбен баяндалған әңгіме», - дейді. Сонымен, «Дала уалаяты» газетінде басылған поэма емес, қара сөзбен жазылған әңгіме екенін көреміз.
Ү.Субханбердина төңкерістен бұрын мерзімді баспасөз бетінде жарияланған көркем шығармалар жинағын 1970 жылы “Әдеби мұра” деген атпен жеке кітап етіп бастырады. Онда поэма туралы былай делінеді: “Қазақ елінің болмысынан, өмірінде болған шындықтан алынған, кейін ел аузында аңыз-әңгімеге айналып кеткен әңгімелердің ішінде газет бетіне басылған “Еңлік-Кебек” әңгімесінің орны ерекше. “Еңлік-Кебек” аңыз-әңгімесі қазақ даласында үстем тап өкілдерінің билеп-төстеп тұрған кездегі ескі салт-сана, әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған кезінде, шын сүйіскен жастардың бақыт тілеуі. “Басбұзарлық” болып көрінген кезде болған шындық. Әңгіменің бір нұсқасы “Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз” деп басылса, екінші нұсқасы “Қазақ тұрмысынан хикая” деп басылған”, - дейді .
Еңлік пен Кебек оқиғасына байланысты әр түрлі жанрда қазақ тілінде хатқа түскен бес көркем шығарманың жазылуының өзі бұл оқиғаның халық арасындағы салмағын байқатқандай. “Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз” деген атпен 1892 жылы “Дала уалаятының газетінің” он санында жарияланды (№29,30,31,32-40). Әңгіме “Ұмтылған” деген бүркеншік атпен берілген. “Ұмтылған”, яғни “Мұтылған” – Шәкәрімнің бүркеншік есімі. Сондықтан да, бұл әңгімені бірауыздан Шәкәрімнің шығармасы деп қабылдауға болады. Бірақ, Шәкәрім шығармаларын зерттеп жүрген жазушы М.Мағауиннің айтуынша, бұл шығарма – Шәкәрімдікі емес, Абайдікі.
М.Мағауин «Абайдың белгісіз әңгімесі» деген мақаласында бұл әңгіменің Абай шығармасы деп танығанымен, бұл жаңалықты не қостап, не қарсы болып жақ ашқан әдебиет зерттеушілері болмады. Мұхтар Мағауиннің пікіріне назар аударайық: «Біздің Ғылым Академиясындағы ағайындардың сөз ыңғайына (дәлірек айтсақ, мүлде үнсіз отыруына) қарағанда, бұл әңгіме ұлы ақынның кезекті кітабы басылғанда да қаперге ілінбей қалатын тәрізді. Сондықтын, «Дала уалаяты» газетінде бұдан жүз жыл бұрын (1892, №29, 31-32, 34-40) жарияланған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты хикаяның авторы кім деген мәселеге арнайы тоқталуға келіп тұр.
Алдымен ескерте кетейік, аталмыш хикая әдебиет тарихында мүлде белгісіз дүние емес. Бұл шығарманың авторы туралы да сөз айтылған. Бірақ Абай есімі аталмады. Шәкәрім туындысы деп шамаланды. Басты дәлел – хикаяның бақытсыз ғашықтар Еңлік-Кебек пен Қалқаман-Мамыр тағдырына арналуы. Шәкәрімнің аты жалада жүрген кездің өзінде оның дәл осы тақырыпқа жазылған, халық арасына кең тараған поэмалары барын ешкім теріске шығара алмайтын еді... Бұған қосымша дәлел - әңгіме авторының лақап аты. Байыптап қарағанда, бұл екі жағдай да шығарманы кім жазғанын нақтылауға негіз бола алмайтынына көз жетеді. Аңыздық немесе деректі бір сюжеттің әлденеше қаламгер назарына ілінуі - әдебиет тарихында жиі кездесетін құбылыс. Оның үстіне, Абайдың өз шәкірттеріне кейбір тақырыптар төңірегінде арнайы тапсырма беріп отырғаны, ал Еңлік-Кебек оқиғасын жазуды Шәкәрімге міндеттегені белгілі. Екіншіден, «Дала уалаятының газетіндегі» әңгіме қол қойған – «Ұмытылған», яғни – «талаптанушы», «ізденуші» болса, Шәкәрім де өз өмірінің соңғы кезеңіндегі біраз шығармасына «Ұмытылған», яғни «естен шыққан», «ескерусіз қалған» (дәлірек айтсақ, «Мұтылған») деп қол қояды. Араб жазуының кілтипаны көп, әңгіме авторы – «Ұмытылған» болған күннің өзінде, бұл – 1892 жылы отыз төрт жасқа жаңа шыққан Шәкәрімнен гөрі, сөз өнерінің асқар биігіне жеткен, алайда «қалың елі – қазағына» әлі таныла алмай, тар қапаста күңіреніп отырған Абайға көбірек үйлеседі».
Баспасөз бетінде бұл оқиғаға байланысты ел аузынан алынған «Қазақ турасынан хикая» деген атпен осы әңгіменің тағы бір нұсқасы болады. Мұнда батыр – Сергелі, қыз – Қаңлық, абыз – Келдей, Тоқтамыс – Бесқабан, Кеңгірбай - Шалпақ деп өзгергені болмаса, оқиға желісі бір, кей тұстар сөзбе-сөз келіп отырады. Ғалым Ш.Сәтбаева екі әңгімені де Шәкәрімге телиді. «Мы считем, что вышеназванные очерки написано Шакаримом и является результатом проведенного им тщательного анализа известных сюжетов легенд для подготовки и создания поэтических вариантов поэм «Калкаман-Мамыр» и «Енлик-Кебек». Думается, он решил вначале опубликовать прозаические варианты поэм. Вполне вероятно, что бывая по служебным делам в Омске где выходил «Сибирский Вестник», он и принес туда свои очерки».Бұл әңгіменің авторы да белгісіз. Мұхтар Мағауин аталған екі әңгімені Шәкәрімдікі емес, Абай әңгімелері деген пікірге сырттай тон пішіп келмейді. Бір ескеретіні осы екі әңгіме де алдымен орыс тілінде жарық көрген. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» әңгімесінің орысша нұсқасының соңында «Сибирский вестник» газетінен алынып басылғандығы айтылса, «Қазақ турасынан хикая» орыстың «Природа и люди» журналынан алынғандығы көрсетілген. Бұл Еңлік пен Кебек оқиғасының орыс оқырмандарының да қызығушылығын оятқанын аңғартады. Ал, бұл еңбектерді орыс тілінде кім баспаға ұсынған деген мәселеге келсек, Ә.Марғұланның деректері бұл әңгімелерді Абайдың орысша оқыған інісі Халиоллаға меншіктейді. Ел ішінде аңыз-әңгімелерді жинап, орыс оқымыстыларын таныстырған адамның бірі – Халиолла. Демек, Еңлік-Кебек оқиғасының алдымен орыс басылымдарында жарық көруі Халиолланың еншісінде. Алғашында бұл аңызды хатқа түсіруші Халиолла да, кейіннен 1892 жылғысы Абай өңдеуінен өтуі мүмкін. Әңгіме Абай мен Халиоллаға ортақ десек, Шәкәрімнің бүркеншік есімінің тұруына себеп не? Бұған бірнеше ой-барлау жүргізуге болады. Жазған шығармаларын өз атынан жарияламауы – Абайдың машықты ісі болғандығы белгілі. Оның түрлі себептері де болған. 1889 жылы «Дала уалаятының газетіне» «Жаз», «Болыс болдым мінеки» деген өлеңдері шәкірті Көкбайдың атынан берілсе, Коншиннің жариялауы бойынша шыққан «Орта жүз қазақтарының рулары туралы» шежірені де ел ішіндегі дау-дамайдан сақтанып, өз атынан бергізбеген. Ал, Еңлік-Кебектің тағдыры тіпті ауыр. Ата дәстүрінен аттағандарды жазалап, әділ билік айтқан бір рулы елдің ұранына айналған Кеңгірбайға қарсы сөз айту ел ішінің жан-жалына әкелетінін Абай жақсы білген. Бұдан шығатын қорытынды, Халиолла адамдардың атын өзгертіп берсе, Абай өз нұсқасын атынан жариялауды жөн көрмеген. Шығарманың түп қазығы Халиолланікі болғандықтан Абай «Мұтылған» деген бүркеншік есімін беруі мүмкін. Байыбына барып қарасақ, «Мұтылған» Абай мен Шәкәрімнен гөрі қыршыннан қиылған, жазған еңбектері сақталмай ұмыт болып бара жатқан Халиолла Өскенбайұлына келеді.Демек, «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген әңгімені алғашында ел аузынан жазып алған Халиолла да, Абай ол әңгімелерді нағыз көркемдік талаптарға сай етіп өңдеген.
Қ.Мұхаметхановтың жоғарыда аталған сыни мақаласында мынадай пікір айтылады: “Әдебиет тарихында мәлім болған “Еңлік-Кебек” атты екі поэма бар. Біреуі – төңкерістен бұрын, 1912 жылы Семей қаласында “Ядрам” баспаханасынан жеке кітап болып, “Жолсыз жаза, яки кез болған іс” (Самосуд или случайность) “Еңлік-Кебек” деген атпен басылып шыққан поэма. Екіншісі – ақын Мағауия Абайұлының жазған поэмасы. Мағауияның “Еңлік-Кебек” дастаны Абайдың айтуы бойынша жазылып, төңкерістен бұрын жарық көрмеген. Поэма бірінші рет Х.Сүйіншәлиев құрастырған “Дастандар” атты кітапта басылды.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов “Еңлік-Кебек” пьесасының негізіне Шәкәрімнің “Жолсыз жаза” атты дастанындағы үлгіні желі етіп алады. Пьесаның көркемдік талабына орай оқиға желісі сәл өзгерді, жаңадан кісі аттары қосылды. Тарихи шындықтың жүлдесін сақтау үшін бұл оқиғаға қатыссыз тарихи тұлғаларды кейіпкер етіп алды. Пьесаның бұл нұсқасы сақталмаған. 1922 жылы екінші нұсқасы Орынбор қаласында басылды, 1943 жылы пьеса толықтырылып, түзетіліп үшінші нұсқасы жазылған. «Ұсақ ауытқуларды айтпағанда, барлық нұсқадағы оқиға, оның баяндалу реті, аяқталуы, аты аталатын адамдар, негізінен бірдей. Адам бейнелерін кескіндеу де ұқсас. Кебек – батыр, Еңлік – асқақ махаббат иесі, Кеңгірбай – опасыз болып көрінеді. Шыңғыстау, Орда, Хан, Доғалаң, Ащысу барлық нұсқада аталады» .
Бұл пьеса қазақ халқының тұңғыш пьесасы болып тарихқа енді және оның айналған орны да - Абай ақынның қонысы - Ойқұдық, Абай-Әйгерім киіз үйі. Бұл күнді кейінгі зерттеушілер 1917 жылдың маусым айының 7-күні деп жүр. Осылайша, қазақ театры шымылдығы сол күні Абай шаңырағында ашылған. Ал, Мұқаң болса, қаламынан 30-дан астам пьеса туғызған қазақ қаламгерлерінің бас драматургі болады. Жазушы академик Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиетінде драма М.Әуезовтің еншісі» дейтіні де содан.
Екінші көңіл бөлерлік нәрсе, жоғарыдағы поэмалар мен пьеса ел ішінде көп тараған аңыз негізінде жазылған. Бұл үш автордың де сүйенгені хатқа түскен қүжат емес, ауызша әңгімелер. Бірақ, біз үш автордың да артында ¥лы Абайдың тұрғандығын ұмытпауымыз жөн.
Иә, Еңлік-Кебек шығарма обьектісі есебінде асқан бақытты-ақ! Қос мұңлық тағдырын алдымен ұлы Абай мұңдады. Абайға дейін Еңлік пен Кебек есімдері ұмытылу кезеңінде еді. «¥лға бұғау, қызға тұсау болған заманның» қос құрбандарының есімдерін ұмытылу қапасынан тұңғыш рет жарыққа ұлы Абай шығарады.
XX ғасыр басталарда алдымен Абайдың сүйікті ұлы ақын Мағауия мен Шәкәрім кезегімен жырлайды, қос ғашық тағдырын кезегімен мұңдайды.
Ал, қай автор оқиғаны қалай өрістетті, оқиға шиеленісін қалай шешті - ол басқа әңгіме. Біз соған тоқталуды мақсат еттік.
“Абай жолына” үңілейік. Шәкірттерін ертіп Еңлік пен Кебек моласының басында тұрып: “Осы жалғыз мола осынау елсіз жотаға пайда болғалы, міне, биыл жүз рет жадырап жаз, кірбең тартып күз кепті. Сол бір ықылымнан бергі көп буындар тіршілігінің үнсіз куәсі – осы мола. Бұл қос мола – ішіне аса бір ауыр сыр бүккен молалар. Шаңда бір осы тұсқа соғып өткенде, әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық қарызым сияқтанады. Бұнда жатқан бір қыз, бір жігіт. Жігіті Кебек, қызы Еңлік атанушы еді! – деген кезде Абайдың үні ажарланып, машықты қалпына ауысып, қатаң сөйледі”. Абайдың ақындық қарызын шәкірттері өтеді.
Әкесінен «Еңлік-Кебек әңгімесін өлеңге айналдыруға тапсырма алғанда, Мағауия ортасына танымал ақын еді. Сайыпқыран ақындар арасынан қатерлі осы тақырыпты Мағауияға жырлауды тапсыруды оған ұлы ақынның сенгендігі еді дейміз. Өйткені, Тобықтының жалпы жұрты, басымы кейінгі жастар, қыз шолпан Еңлікті, ер серкесі Кебекті, шеткі Ақшоқы басында қалып, із-тозсыз кеткен жас сәбиді аяйтын. Ел зердесінде ұстайтын. Арырақ барсақ, оларды сүйгені үшін отқа байланған Қалқаман ман Мамырдай емес, тіпті кінәсіз деп білгендей. Тек онысын жарыққа шығаруға алдында аса алмайтын ел иесі Кеңгірбайдай Еренқабырға көлденең тұратын.Бұл Абайды да толғандырған. Ақыр соңы, сол түйінді асу бермес аспан тауды өнер тілімен, ақын үнімен шешуді сүйікті ұлы Мағаш орындауы керек еді. Бұл толғанысты ұғу үшін Мұхтардың «Абай жолы» романының үшінші кітабының «Абай аға» тарауындағы оқиғаны еске түсіріңіздер. Мұқаң: «Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар» деп бастайды. Иә, жазушыда да, бас кейіпкері Абайда да қиналыс бар. Сонда да ақындардың мүшәйрасы басталады. Жазушы:
Мағаш: Күз түсті ме, бәтір-ау, неге тондың.
Ақылбай: Оның рас, бозарып түсің де оңды.
Кәкітай: Бірін тон, бірін оң, жүмысы жоқ
Ойыңа түк кірмейді Кәкітай шоңның, - деп ақындарды шабыт қиналысына салып ап, одан соң қырандар бәсекесіне түсіреді. Бірақ, романда сіздер «Еңлік-Кебекті» жырлауды Мағауияға да, Шұбарға да тапсырмай, Абай Дәрменге тапсырды ғой деп ұшқары пікір түймеңіздер. Дәрмен ойдан алынған, Мұхтар Әуезовтың адвокаты дейміз бе, қосалқы өмірде болмаған кейіпкері ғой.
Еңлік пен Кебек оқиғасы тарихи шындық болғанмен, оның төңірегін аңыз тармаған. Оның үстіне, сол тұстағы тыңдаушы жұрт санасының дәрежесін де ескермей болмайды. Надандық, ескішілдіктің жасаған зұлымдық актісі осылай жасалды. Тек, қос ғашыққа жасаған мейірімі екеуінің денелерін бір қабырға жерлейді.Біздің дұға жасап, ізет-құрмет жасап жүргеніміз сол орын. Ал, Еңлік-Кебектен қалған ұрпақ Ермек ер жетіп, дұшпандарынан кек қайтарды деген аңыз-қисса Еңлік-Кебекті қимай жырға қосқан аты-жөні белгісіз бір тобықты ақыны деп білеміз.; Енді Мағауия поэмасының Шәкәрім поэмасындай халық арасына кең тарамағанына және бұл поэмаға деген ұлы Абай пікіріне көңіл аударғымыз келеді. Анығында бұл екі жағдай бір-бірімен тығыз байланыстағы нәрсе. Әрине бұл жайында жазылып қалған екі дүние жоқ. Бір ауыз-екі әңгімеге және сол тұстағы тарихи шындық логикаға сүйенеміз. Мағауия поэмасын тыңдаған соң, Абай Кеңгірбайдай бидің тобықты руын Шыңғыстауға қоныстандырудағы, оны қабырғалы ру етудегі орасан еңбегіне тоқтап: «Кеңгірбай би болмаса Тобықты ел болмас еді. Шыңғыс бізге жер болмас еді. Қу көсе көселікке салған екенсің, Қисса жұртқа таратылмасын. Ел арасы бүлінеді. Бірақ, Еңлік пен Кебек оқиғасы ұмытылмауы керек. Шәкәрім сен жазшы , бірақ асықпассың!» - депті . Шәкәрім асықпаған. Еңлік- Кебек қиссасы жазылған. Бір Абай ғана емес, сол ақындар кеңесі поэманы сан талқыласа керек. Сондықтан да , сол кездегі жағдайды түсіндіру мақсатында Шәкәрім поэмасына кіріспе беріп шеті момын жұртының "Ақтабан шұбырынды" қырғынына ұшырау тарихын баяндап, Тобықты руының ата мекені Шыңғыстауға 1780 ж тақалғанда көшіп келгенін суреттейді. Найман-Матай көп еді. Кеңгірбай бидің Кебекті қорғап қалуға шамасы жоқ еді деген нұсқаны дәлелдейді. Кеңгірбай шешімі:
Емес пе Әнет бабаң менің атам,
Қабыл ма бірақ ондай менің атам .
Көшсем қоныс, отырсам орным жоқ,
Қайтейін көрсетемін тыныш жатсам.
Иә, Әнет бабасы аз Тобықты бірлікте болу үшін , немере қарындасы Мамырды алған Қалқаманды оққа байлағанындай бұл да ел мен жер үшін Кебекті құрбандыққа қияды. М.Әуезов үш реткі пьесасын түзегенде Социалистік реализмге бейімдетіп берсе де, Кеңгірбайды ақтай алмайды, шешімін оңашаға шығартады. Бұдан Мұхтардың Тобықты биін ақтағысы келгендей.
Ал поэмадағы Мағауия шешіміне келсек, 1885-1990 жылдар-Ырғызбай- Шігітектесі бүтін тобықтыны, Шыңғыстауды уысында ұстаған алпауыт рудың жұлқысқан кезі. Жылқы алысқан. Құнанбай айыптаудан жаңа құрылған Кеңгірбай немерелерінің Сібірге топтап айдалған кезі. Бұл оқиғалардың Мағауия поэмасына әсері тиеді десек онымыз шын бола ма? ¥лы Абайдың өз басында осы ру араздығына кіріскені, кәне. Бірақ, ұлы қашанда ұлы. Сондықтан да Абай әрі тарихи шындықтан, әрі ел берекесінен аттамады десек жөн. Өзгеден гөрі алысты болжап поэманы тараттырмады дейміз. 1951 жылы Әуезовтың басына бүлт үйірілгенде бәсекелесі Сәбит Мұқанов Мағауия поэмасы неге Әуезовтың архивінен бір ғана дала боп шығады? — деп күмән да келтірген екен. Мағауия Абайұлының «Еңлік-Кебек» поэмасының тарихы туралы Қайым Мұхамедханұлы мынадай дерек келтіреді: «Еңлік-Кебек» - Мағауияның ақындық қадамын жаңа бастаған шағында жазған алғашқы поэмасы. Мағауияның өз қолжазбасы сақталмаған. Поэманың бір ғана көшірме қолжазбасы, 1940 жылы, Мұхтар Әуезов өз архивін тәртіпке келтіріп, реттетіп жатқан кезде, көп қағаздың ішінен табылады. Поэманы көшіріп жазған Дайырбай Қожанұлы. Бұл кісі де Абай шығармаларын көшіріп жазып, елге таратушылардың бірі болған. Дайырбай қолжазбасы тозыңқырап қалған екен. Қайта көшіріп жазу оңайға түскен жоқ, «Еңлік-Кебек» поэмасын Дайырбай қай жылы, қайдан көшіріп жазғаны анықталған жоқ. Мағауияның «Еңлік-Кебек» поэмасының бізге жеткізген жалғыз қолжазба нұсқасы осы» .
1952 жылы Мұхтар Әуезов Алматы қаласында Жамбыл киносына байланысты Ленинградқа баратын ақсақалдарды жинап, бір үйде мәжіліс өткізеді. Ол адамдар: Ғали (Кәкен), Тоқмұхамет, Ыдырыс, Абылқасым, Жолай, Омар, Жұматай т.б. Олардың мәжілісіне С.Қарамендин де қатысып, көрген жайларын былайша баяндайды: «Мұқаңа ақсақалдар көптеген сұрақтар қойды, кітаптарда, газет-журналдарда жарияланып жүрген әр түрлі мақалалардың кемшіліктері, оның ішінде Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек оқиғалары сөз болды және өздері білетін басқа да тарихи әңгімелер тілге тиек етілді. Бұларды аса ынта қойып тыңдап отырған Мұқаң бір мезет маған бұрылып бәрін жазып ал, деген ишарат білдірді. Сонда Тоқмұхамет Шәкенов деген ақсақал: «Мұқа, Абай Еңлік-Кебек оқиғасын дастан етіп жазыңдар деп Шәкәрім мен Мағауияға тапсырған деуші еді. Абай Шәкәрім жазғанын мүлтіксіз жақсы екен деп бағалап, Мағауиянікін қабылдамаған дейді. Осы рас па?», - деді. Мұқаң: «Рас, бірақ осы күнгі жағдайда Мағауияны қолдап жүрміз», - деді.Сосын Ыдырыс ақсақал: «Өмірде Дәркембай, Дәрмен дегендердің болғаны рас, бірақ Дәрмен ақын емес еді, ендеше ол қалай Еңлік-Кебекті жазды?» Сосын «Абай жолы» эпопеяңыздағы Шұбар – Ырғызбай Тілеуберді емес пе екен?»,-деді. Мұқаң бұл сұрақтардың бәріне жауап берді. «Ыдырыс аға, сіздікі шындық, Дәрмен деп жазғаным – Шәкәрім ақын, Шұбар деп жазылған – Тілеуберді. Мұндай жағдай орыс халқының ұлы жазушылары Лев Толстой мен Гоголь шығармаларында кездеседі. Мен де солардың жоба-тәртібін қолдандым»,-деді жазушы.
Жазушылық даңқы жұмыр жер бетіне кеткен ұлы суреткер Әуезов өзінің 45 жылдық жазушылық ғұмырында нені суреттесін жеңілжортпалыққа барған емес.
Ол жарық дүниеге келген адамзат ұрпағының бірі есебінде де, Алла берген зор дарын иесі тұлға есебінде де асқан бақытты болатын. Абайдай ақын поэзиясының кәусарына жөргегінен сусындап, қана ішті. Тілі де Абай тілі боп шықты. Жарықтық: « Менің шығармаларымда Абай тілі бар. Соған шүкірлік етемін» дегенді тегін айтпаған да болар. Сонымен біздің айтпағымыз: Жазушы туардан бір ғасырдай уақыт бұрын Шыңғыстау елінде бұландай бұлықсыған-ел қорғаны -ер шолпаны Кебек батыр мен қасы қара құндыздай, жанары жарқыраған қарақат көзді, еліктің лағындай мүсінді, бал тілді, өр мінезді ару қыз Еңлікті қатыгез рубасыларының ескі салттың құрбаны етіп, асаудың құйрығына өз қолдарымен байлап жібергені жөніндегі 20 жасар Әуезов Мұхтардың бұдан 90 жыл бұрын жазған Еңлік-Кебек пьесасы туралы.
Оқиғаны Мағауия мен Шәкәрім ақын жырлағаннан соң он-он бес жыл шамасында бұл тақырыпқа М.Әуезов қалам тартады. Және ауыздан-ауызға тез тарағыш дастан емес, ұлттық әдебиетімізде бұрын болмаған ұшқыны жаңа-жаңа шашырау үстіндегі пьеса тіліне түсіріп сахналайды. «Еңлік-Кебек» пьесасы - халқымыз өнеріндегі алғашқы жазылған әм сахналанған пьесалардың бірі. Оның авторы да қазақ әдебиетіндегі проза жанрының көшбасшы классигі - Мұхтар Әуезов. Оның алғаш сахналанып қойылған орны да ертегі аңызындай. Ол орын Абай ауылының көктеуі -Ойқұдық қонысы. Ойынға қатысушылар: Абай аулы мен Әуезқожа аулының өнерпаз жастары. Олар қазақ сахарасынан іздеп жүріп сирек кезіктірер шетінен әнші, шетінен күйші, дені ақын баршасы да оқыған зиялы жастар еді. Біз Еңлік-Кебек шығарма обьектісі есебінде айырықша бақытты екендігін қадап айтып, атап көрсеткіміз келеді.
1917 жылдың 7 маусымы күні Абай туған сыртқы Қасқабұлақтан қол созымдай жердегі ақын қонысында - Абайдың өз киіз үйі Әйгерім үйінде тұңғыш көрсетілімі өтеді.
Пьесаның көрсетілуі сахнадан адамдар әрекетін көрмеген қыр қазақтары үшін үлкен бір жаңалық болады. Кебек пен Еңліктің ғибратты ісі, терең махаббаты сырына енді қанған көрермендер оларға болған сұмдық қаталдықты айыптап тарқасады. Еңлік болып сахнаға шығатын бірде-бір әйел болмай, бұл рөльді Мұхтардың ағасы Ахмет Әуезов, Жапал рөлін Абайдың немересі Жебірейіл ойнайды. Ахметке аттың құйрығынан бұрым өріп тағады. Ауыл жастарына сахнаның ежелгі өнерпаздары, күлдіргілері, әншілері қосылады.Ойынға солар да араласады. Әрі автор, әрі режиссер Мұхтардың үйретуімен ойынға қатысушылар пьесаның сөздерін жаттайды. Әнмен айтылатын өлең сөзі болмағандықтан олар пьесаның мәтінін оңайлықпен жаттай алмайды.
Спектакль бес күн бойы дайындалады. Әйгерім үлкен екі үйді қосып, біреуін сахна етуге рұқсат береді. Артистер айтатын сөздерінен жаңылып қаламыз деп қорыққаннан кейін автор суфлерлік қызмет те атқарады. Ол үлкен сандықтың тасасына жасырынып алып, оқиға өрбуіне сәйкес пьесаның сөздерін қайталап айтып тұрады . Ойнаушылар кейде суфлерді тыңдамай өздерінше сөйлеп кетеді, осы орайда ойнаушылар аузынан шыққан орынды, ұтымды, шебер сөздер үлгісін кейін автор 1922 жылы жариялаған пьесасына енгізеді.
«Еңлік-Кебектің» толыға түскен бір түрін 1922 жылдары жазылған нұсқадан көресіз. Мұнда сюжет, композиция, конфликт, диалог, монолог, интрига барлығы да көркем пьесаға тән қалыпта, олардың бір-біріне үйлеспей шанжау-шанжау тұрғаны байқалмайды. Пьеса тынысы кеңейе түскен, шығармаға тың персонаждар қосылады, уақиға қоюланады, кейіпкерлердің қоғамдық, халықтық бейнесі айқындала түседі.
Мұхтар Әуезов «Еңлік-Кебектің» халық санасында қалыптасқан көне нұсқаларын дұрыс пайдаланған, әңгіменің халық ойына ұялаған негізгі сарынын бұзып жібермейді. Автор халық қазынасына айналған әдеби әңгімені жаңғыртып, оның көркемдік, реалистік өресін әлдеқайда өсіріп, халыққа қайта қайырады, халық сүйікті ұлы мен қызын сахнадан көріп, қошеметпен қарсы алады.
Әрине, Еңлік-Кебектің алғашқы қойылым қарапайым болғанына күмәніміз болмаса да, сол қарапайым дүниені сахналау үшін де әжептәуір дүние керек-ті. Бірақ, оны сахналаушы жас Мұхтар белгілі дәрежеде дайындығы бар, аз болса да тәжірибелі автор өзіндік беті бар сахналаушы (қоюшы), режиссер дегеніміз жөн болар.
Жиырма жастағы Мұхтар оған дейін «Ел ағасы» деген шып-шымыр шағын пьеса жазды. Ал, сол кездегі Мұхтар жүрген орта — Семей қаласы зиялы жастарының ұлтжандылығы, ұлт өнерін дамытуға деген құштарлығы хақында қалай айтса да сияр еді. Бүгінде сол кездегі Семей қаласын қазақтың Санкт-Петербургі деген баға тіпті де көтере сөйлеген сөз емес. Семейде 1890 жылы «Музыка және драмалық өнер әуесқойларының қоғамы» құрылып,отызға тарта тұрақты әуесқойлардың басын қосып, арнайы жарғымен-жұмыс істеген шығармашылық ұйым болады. Қоғамның сахнасында шағын пьесалар, интермедиялармен бірге, әдеби-музыкалық кештер жиі өткізіліп тұрады. Осылайша, Семейде алғашқы әуесқойлық театрдың негізі қаланады. 1900 жылдардың алғашқы жылдарында ашыла бастаған түрлі оқу орындарының мұғалімдері мен оқушы жастары осы қоғамның тәжірибесіне сүйеніп, театр өнерін жандандыра түседі. 1913-1914 жылдары қаладағы қазақ, татар оқыған жастары «Шығыс кеші» деген атпен ойын-сауық кешін ұйымдастырып отырған. Оның белсенді ұйымдастырушылары әрі қатысушылары Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев секілді талантты жастар болады. Мұндай рухани жұмыстарды ұйымдастырып, қазақ жастарын өнерге баулыған - Нұрғали Құлжанов, Нәзипа Құлжанова, ақын Тайыр Жомартбаевтар. Сол кездегі ел есінде ерекше сақталған сауық кеші - 1914 жылдың қаңтарында Абайдың өлгеніне 10 жыл толуына арналған кеш болады. «Айқап» журналы «Абайдың өлеңі айтылады деген хабарды есітіп, қаладағы, қырдағы қазақтың көбіне билет жетпей қалды»- деп жазады. Қазіргі еліміздегі аса көрнекті театр сыншысы Балғыбек Құндақбаев «Мұхтар Әуезов жэне театр» деген монографиялық зерттеу еңбегінде: «М.Әуезов Абай туралы тұңғыш ресми сөзді осында естіді. Сонымен бірге ауылдағы түрлі жиындарда, ас пен тойларда, жәрмеңкеде ғана айтылатын Абай өлеңдері мен әндерін Әлмағамбет Қапсаламов, Мұқа Әзілханов, Қали Бекбергенов, Қайықбек Айнағұлов сияқты сол кездегі белгілі өнерпаздардың орындауында сахнада тыңдайды. Түптеп келгенде, бұл ұлы ақын шығармаларының Европа үлгісіндегі концертте тұңғыш орындаушы еді. Мұнан кейінгі жылдардағы ойын-сауық кештерін Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов әлгі әнші-күйшілердің қатысуымен үнемі ұйымдастырып отырған” – дейді. Мұнан кейінгі Семейде өткізілген ойын-сауық кешінің шыңы 1916 жылы 13 ақпанда өткізілген сахнаға бейімделген “Біржан-Сара” айтысының қойылуы болады. Бұл – театрлық өнердің сол уақыттағы мүмкіншілігін толық, жинақы, ел көңілінен шыққан қызғылықты көркем қойылған ойын екен. Ойынның екінші жартысында концерт берілген. Оның басы – Мұхтардың сол тұстағы болған оқиғаларды жазған барша естеліктерде бар.
Сонымен, осы айтылғандардың тәжірибе жинақтап ысылған болашақ қазақ театр өнерінің бас драматургі Мұхтар Омарханұлы Әуезов Еңлік пен Кебектей махаббат құрбандығы болған қос ғашықтың арман-зарын өнер көгіне ұмытылмастай етіп мәңгілікке таңбалап, алтын әріппен жаздай игілікті тарихи ісін бастайды.
Қазақтың алғашқы профессионал театрының 1926 жылы Қызылорда қаласында ашылғаны мәлім. “Еңлік-Кебек” осы профессионал театрдың сахнасында 1926 жылдың қаңтарында Серке Қожамқұловтың режиссурасымен шығады. Содан былай Еңлік-Кебек кезегімен ашылған қазақ театрларының күллісінің сахнасында қойылып келеді.
Мұхтар Омарханұлы бұл туындысын төрт рет түзеп, сындап өз лабараториясынан өткізген екен. Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек” поэмасының ықпалы болғанын сол кезздегі мерзімді баспасөз беттерінде жазды: “Өткен мамыр айының аяғында бір жерде отырған Абайдың он шақты ұлының 14-15 жасы игілік мақсатпен бір ұйым ашты. Ұйым аты “Талап” болды. Ұйымға кірген талапты жігіттердің алды 100, арты 10-15 теңге жарна жинады. Бұдан басқа ұйым мүшелері отбасы 3 теңге беріп, ұйым қазынасын толықтыра беруге міндетті болды. Бұл ұйым ашылғандағы әзіргі көздеген мақсаты - әлдері келгенше кітап бастыра бермек. Онан соң бұл ұйым Шәкәрім қажының “Еңлік-Кебегін” театр түріне айналдырып, Тұрағұл Құнанбаев мырзаның бір бала ұзатқан тойына представление істеп, ойын көрсетті. Екі үй қатарластырып тігіледі. Билет 50 тиын болды. Ойын басталар алдында семинарист Мұхтар Әуезов пьеса-представлениенің мақсаты жолынан сөз сөйлеп, халықты болар іспен таныстырады” .
Бұдан Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасының жазылуына Шәкәрім поэмасының ықпалы болғанын байқасақ, сонымен қатар тек поэманы ғана негізге алмай, халық арасында кең тараған аңызға да сүйенген. Мұхтар Әуезовтің драмалық шығармасының тарихи негізі жөнінде академик Рымғали Нұрғали: “Мұхтар “Еңлік-Кебегінің” сюжеті негізінен халық аңызының бұрынғы әңгіме, поэма түрінде келген нұсқаларының іргесінен тарайды. Тобықты мен Найман арасында нақты болған оқиғаның драма материалы екенін ұғыну – жас қаламгердің жазушылық көрегендігін аңғартады.
“Еңлік-Кебек” – қазақ драматургиясының классикалық шығармасы, театр өнерінде оны аттап өтуге болмайтын асу, қазақ сахнасының күллісінің сынақта пьесасы болумен қатар қазақ актерларының баба буынынан бүгінгі бала буынына дейінгісінің сынақтап өтер спектакльдернің бірі. Қазақ актерлары Қалыбек, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов ағалар мен Қапан, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова апайларымыз секілді ұлы әртістеріміздің әрқайсысы “Еңлік-Кебектегі” рөлдерді түгел ойнап шыңдалған. Сонымен де Еңлік-Кебек бақытты!
«Еңлік-Кебек» трагедиясының сюжеттік желісі барлық шығармада бір болғанмен, әр жанрда әр түрлі көрініс береді. Әңгіме жанрында ол қарапайым баяндалса, поэма жанрда сюжет көптеген қосымшалар, детальдар, эпизодтармен толығып көлемді шығармаға айналады. Ал енді драма жанрында сюжет одан да бетер күрделеніп, көптеген қосымшалар, детальдар, эпизодтармен қатар шығарманың кемелденген шағын байқатады.
Екі ғашық, Еңлік пен Кебек тағдырына жазылған бұл көркем шығармалар қазақ халқының бір кездегі өмірі, салт-санасы, арманын көрсетіп қана қоймай, осы шығармаларды жазған әр ақын-жазушының өзіндік өресімен, көркем қиялымен таныстырады. Сондай-ақ, бұл шығармалар қазақ әдебиетінің жанры түрлерінің қалыптаса түсуіне әсер етіп, көркемдік сезім жетіле түсуіне септігін тигізді.
Семинар тақырыптары

Семинар № 1


1. М.Әуезовтің алғашқы әңгімелері.
2. «Қорғансыздың күні» әңгімесіне көркемдік талдау
3. «Жетім, «Барымта», «Оқыған азамат», «Үйлену» әңгімелеріндегі кейіпер мен автор.

Семинар № 2




  1. М. Әуезовтің алғашқы мақалаларындағы қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өсу жолы.

  2. «Қазақтың өзнеше мінездері», «Адамдық негізі-әйел» мақалаларындағы адам болмысы

  3. «Ғылым», «Ғылым тілі», «Қайсысын қолданамыз» мақалаларын талдау.

Семинар № 3



  1. М. Әуезов - қазақ драматургиясының негізін қалаушы.

  2. «Еңлік-Кебек» пьесасындағы тарихилық.

  3. «Хан Кене» пьесасындағы тарихилық пен тартыс.

Семинар № 4



  1. М. Әуезовтің қазақ әдебиетінің тарихы туралы ой-пікірлері

  2. «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Әдебиет ескілігін жинаушыларға», «...Мағжанды сүйемін»т.б. мақалаларындағы қазақ әдебиеті тарихы мәселелері.

Семинар № 5




  1. М. Әуезов және фольклортану мәселелері

  2. «Айтыс», «Қозы-көрпеш-Баян сұлу», «Ертегі», «Зар заман ақындары»т.б. мақалаларын талдау

Семинар № 6


1.М. Әуезовтің «Қилы заман» повесінің тарихи және көркемдік негіздері
2. «Қараш-қараш оқиғасы» повесіндегі адам тағдыры мәселесі

Семинар № 7


1.М. Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы романдарымен қалай жаздым» мақаласын талдау
2. «Абай жолы» романы – классикалық әдебиет үлгісі

Семинар № 8



  1. «Абай жолы » романындағы тарихилық пен көркемдік

  2. «Абай жолы » романындағы Абай мен Құнанбай бейнелерін сомдаудағы ерекшелік

  3. «Абай жолы » романындағы қазақ қыздарының бейнесі

Семинар № 9


1.«Абай жолы» романындағы романындағы кейіпкер психологиясы
2. «Абай жолы» романының поэтикасы

Семинар № 10


1.М. Әуезовтің «Абай Құнанбайұлы» зерреуінің абайтанудағы орны
2. Қазіргі абайтану және М. Әуезов мұрасы

Семинар № 11


1. М. Әуезов қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі
2. Тетр тарихы, театр өнері туралы мақалаларын талдау

Семинар № 12

1.М. Әуезовтің «Өскен өркен» романының көркемдік ерекшелігі
2. «Өскен өркен » романының кейіпкерлер жүйесі

Семинар № 13


1.М. Әуезовтің қазақ қоғамдық ой - пікірінің , мәдениетінің қалыптасуына қосқан үлесі
2. М. Әуезовтің сөздері мен баяндамалары

Семинар № 14



  1. М. Әуезовтің хаттарының тарихы

  2. М. Әуезовтің жеке өмірбаянына қатысты хаттары

Семинар № 15

  1. М. Әуезов өмірі мен шығармашылағының зерттелу тарихы

  2. Қазіргі әуезовтану ғылымының бағыт-бағдары, соңғы зерттеулер





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет