Әулиеата қаласын тұрғызған Абылай хан еді Ш. Уәлиханов пен өзбек тарихшысы Махмудқа сенсек, шындық осындай Бақтияр Әбілдаұлы



Дата27.12.2016
өлшемі133,85 Kb.
#5516
Әулиеата қаласын тұрғызған Абылай хан еді

Ш. Уәлиханов пен өзбек тарихшысы Махмудқа сенсек,

шындық осындай
Бақтияр Әбілдаұлы

Тасыған дария тартылып, арнасына түскені сияқты 1774 жылы қырғыз басқыншылары да тәубасына келген еді. Ресейге қарасты Еділ қалмақтары Жоңғарияға 1771 жылы жөңкіле көшіп, жолындағы алаш баласын қырып-жойып келе жатқанда Абылай хан бастаған қазақ қолы амалсыз қарсы көтеріліп, қырғын соғыс болған еді. Осыны пайдаланған қырғыздар Аякөзден бергі Жетісуды, Шу, Талас бойын, тіпті Шолаққорған, Созақты, Қаратауды басып алғанды. Сол шапқыншылықтың белгісіндей Іле бойында және Бәйдібек баба мен Домалақ ана бейіттері маңында Қапшағай деген екі атау қалды. Қапшығай - қырғызша шатқал деген сөз. Сондай-ақ, Келте машат деген өзен атауы тағы қалды. Бұл да қырғызша келте өзен деген сөз. Сол қырғыздарды қазақ жерінен түре қуған Абылай қолы Талас жағасына қос тігіп, жеңіс тойын тойлап жатқанда шалғайдағы Қытайдан отыз ұлының екіншісі Әділ сұлтан келді.

Әділ қарақалпақ Сайман ханымнан туған, бұл кезде исі қазақ түгілі қалың қытайға да белгілі, беделді сұлтан еді. Қазақ-жоңғар соғысы аяқталған соң Қытайға бағыныштылық белгісі ретінде Абылай Бейжінге аманатқа сол Әділ сұлтанды аттандырғанда риза болған Чианлун патша кейін әкесіне үлкен сый-сияпатпен қайтарғанды. Осыдан кейін-ақ қазақтың біраз сұлтандары, тіпті кейбір бай қуатты билері Қытай астанасына жақындарын елшілікке жарыса жіберіп жатты. Әсіресе Әбілмәмбет ханның мұрагері саналатын ұлы Әбілфайыз бен Абылай сұлтан арасындағы іштей бақталастық, үнсіз арбасу осы елшілік жіберуден де байқалатын еді. Әбілфайыз ұлы жүз ханы Жолбарыс өлтірілгеннен кейін соның орнына сайланды дегенмен әз Төле би өзі көз жұмғанша іс жүзінде екі тізгін, бір шылбырды қолынан шығармай, ханды ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында ұстады. Төле биден кейін ұлы жүздің төбе биі болған Қойгелді батыр да Әбілфайызды сол бұрынғы сүрлеуінен шығармады. Дымы құрыған хан дулаттар тұсауынан құтылу үшін сұлтан балаларын ұлы жүздің шет-шалғай жағындағы елдеріне жіберіп, баули бастады. Жетісу жаққа Болат деген ұлын жайлатты. Аңырақай шайқасында қаза болған ұлы хан Болат атасының құрметіне әруақ шақыра қойылған есім еді бұл. Әкесінің айтуымен сол Болат сұлтан да Қытайға өз атынан елшілер жөнелтумен болды. Қытай деректерінде сол Болат 1762 жылғы наурыздың 15 күні - сұлтан, 1773 жылғы қаңтардың 5 күні және ақпан айының 5 күні хан аталады. «Қазақ Болат ханның елшісі Ақтайлақ, Әбілпейістің ұлы Жолшылар дидарласу үшін астанаға келді. Алдияр Жындагуанмин сарайында оларды қабылдады» (924-бума, 29-бет) дейді 1773 жылғы ақпанның 5-і күнгі Қытай дерегі. Бұл арада наймандарда да сол заманда Ақтайлақ атты қарт би болғанын айта кеткен абзал... Жолшы сұлтан э.кесі Әбілфайыздың жұмсауымен Қытай астанасында, 1769 жылғы қаңтар айының 24-күні болса, осыдан төрт жыл өтісімен Ақтайлақ бимен бірге Чианлұн патшамен екінші рет дидарласты, тағы сый-сияпат керді.

Абылай да 1769 жылғы көкек айында - Уәли, 1774 жылы қаңтар айында Әділ атты ұлдарын Бейжінге елшілер ретінде жіберіп алды. Әділмен бірге 15 қазақ барды. Осындай сапардан абыройы аспандап оралған Әділ сұлтан туған еліне, әкесіне жеңіс үстінде қауышты.

"... Талас өзенінің жағасы. Баяғы Тараз қаласының қираған жұртынан тек Әулие ата атымен белгілі Ша-Махмуд қараханның еңселі күмбезі, одан сәл әрірек Шамансұр - Дәуітбектің шағын кесенесі сораяды. Уақыт табынан мұжыла бастапты. Алыстағы қыраттан Тектұрмас әулиенің мазары қарауытады.

Жорығы жеңіспен тамамдалған Абылай хан тобы осы әулиелерге Құран бағыштауға келген еді Бұл топ ішінде дарабоз қарт батыр Қабанбай да, Керей Жәнібек бастаған Арқа батырларынан бөлек үйсін Қойгелді, Өтеген, Сәмен, Рысбек, Мәмбет, Таңсыққожа, Сеңкібай, Шойбек, Наурызбай, Нұрабай, Төлек, жалайыр-арықтыным Қарабатыр, Жауғаш батырлар, Ақтайлақ би сияқты ел ағалары да бар еді.

Ғұлама молдалығы бар Қойгелді батыр қоңыр даусы күңірене Құран оқыды. Басқа бірнеше батыр да өздері білген сүрелерін қысқа қайырып, бет сыйпасқанда әңгіме Әулие ата қарахан жайына ауысты. Абылай ғана үнсіз, ой үстінде. Әңгімені туған жер тарихын жақсы біпетін білімдар Қойгелді бастады:

- Алдияр хан ием, ағайын! Мына мазар астында бір кездері қара қытайларды қылышымен қойдай қуып, Таласқа еліктерін тоғытқан бабамыз



  • қарахан Ша-Махмуд жатыр. Жарықтық жауын жеңген соң тағын тастап, осы жерден қылует қазып алып, өле өлгенше Аллаға зікір айтумен өтіпті. Қашқарлық ғұлама Махмуд бабамыздың «Түрік сөздігі» кітабына қарағанда қарахандар әулеті шайыр ақын Фердауси жырлайтын Афрасиабтан тарайды. Шын аты - Мадай, лақабы Алып Ер Тоңа. Парсы шахы Кейқұсырау алдап, улап өлтірген осы Алып Ер Тоңа - Афрасиабтың қаза тапқанына қазір дәл биыл 2400 жыл толған екен. Қарахандар әулетінің тұқымын тұздай құртқан Хорезм шах Мұхаммед еді, соның әулетінің де ақыры тақыр болды - Сіздің арғы бабаңыз Шыңғыс хан қырып салды.

Қарахан Әулиеата, Афрасиаб - Алып Ер Тоңа да өзіміздің жалайырлар ғой, - деп әңгіме шетін бір қайырып еді, сөзге Абылай араласты:

- Бәсе, исі қазаққа ноқта ағасы саналатын жалайырлардың тамыры сондай терең де киелі, қасиетті екен ғой. Уа, арықтыным-жалайыр


Қарабатыр, кәне, әулие бабаңа сен де бір дұға бағыштап жібер! - деген соң Қарабатыр да екі көзін жүмып теңселе бір ұзын сонар сүрені оқи
жөнелді.

Талас арнасынан бұл күнде таси ақпаса да бұлкіл қаққан толқындарының шуылы алыстан баяу сарынмен жетеді. Дұға оқылып біткен соң жұрт орындарына жапа-тармағай тұрғанда шыдамсыздау, қызба мінезді шымыр жаңабай Таңсыққожа батыр Абылай ханға қарап оқыс тілек айтты:

- Алдияр! Сіз енді Сарыарқаға кетесіз. Біз, үйсін баласы, осында туған жерде қаламыз. Міне, кешегі ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға
дейін жоңғарләр қиратқанша, ертегенше мына үйінділер болған үйлерде ата-бабаларымыз тұрушы еді. Бұл күнде жоңғарлар да жоқ, біздің
Тараз қаласы да жермен жексен болған.
Сарыарқаны қоршай орыстар салып жатқан
қалапар мен сонау Сайрам, Шымкент, Ташкент арасында қазақтың атын байлайтын қазығы сияқты еш қаласы қалмапты. Жетісуда да ешқандай керуен тоқтап, тыным алатын сарайымыз да жоқ. Жау шапса паналайтын бір қорған қамалымыз да көрінбейді осы аралықта. Рас, Түркістанымыз бар, Ташкентіміз бар. Жел қуған қаңбақтай ұшып-қонып жүрген көшпелі қазақтар да баяғыда сарайлар салып, жат елдің елшілерін қабылдап жатушы еді. Хан ием, Сіз кеткен соң мына қалың үйсіннің күні не болады? Әбілфайыз сұлтан Ташкентте отыра берсін, ал мына қираған Тараздың орнына Әулиеата баба мазарының маңына тағы да үйлер тұрғызып, қала салсақ қайтеді? Соған Өзіңіздің кенереңізден шыққан бір сұлтан ұлыңызды әкім етіп қалдырсаңыз қайтеді? - деп арындап барып тоқтады.

Өз туысының бұл сөзін Мәмбет батыр да бірден қоштай жөнелді:

- Уа, Алаштың ардақтысы Абылай ханымыз! Сіз жаз жайлайтын Көкшетаудағы, Қызылжардағы орыстар қаласы түптің түбінде бізге пана болып жарытпайды. Бізге мына сонау қалың қытайдың қақ ортасына барып, аты барда жер таныған, талай ел таныған ұлыңыз Әділ сұлтанды әкім етіп қалдырыңыз. Әділ сұлтанның нағашысы қарақалпақтар ғой. Бір жағы қазақтардай көшпелі болғанымен саз балшықты қамырдай илеп, қала салуға шетінен шебер де икемді. Біз де өз білгенімізше үй салып жатырмыз. Өзбек ағайындардың, сарттардың шеберлерін мен әкеліп салғызған үш-төрт үйлік қыстауым анау тұр. Түбі қала салған, егін салған, тоған, арық қазған ел озады, - деп барып тоқтады.

Мәмбет батырдың сөзін қалған үйсіндер шуылдап, қоштай жөнелді де, қос алақандарын жайып Абылайдан бата сұрады. Хан тебіренуде еді. Қытайдың астанасы Бейжінге барып, елшілік міндетін ойдағыдай орындап келген ұлы Әділ сұлтанның жүзіне назар салып еді, қылыштай қылпып тұрған жас жігіттің неден болса да қайтпайын қайсар бейнесін көрді. Қайыны қарақалпақ Құлашбек батыр да қос қолын көтере, қандай бұйрық болса да орындауға әзір тұрғандай. Абылай тамағын сәл кенеп, даусын көтере сөйлеп кетті:

- Уа, қалың елім, қазағым! Өшкенді қайта жаңғыртайық дейсіңдер, қираған қаланы қайта салайық дейсіңдер. «Көп түкірсе - көл» деген. Халық қаласа, хан астындағы атын союы тиіс. Болсын солай! Баяғыда халық үшін әзиз басын көрге тірідей тыққан Әулие ата бабамыздың мазары айналасына қала салынсын! Менің жарлығым - осы! Әкімдерің - Әділ сұлтан! Қала салуды қайным Құлашбек батыр мен сонау жылдары мені жоңғар тұтқынынан босатуға барған досым Мәмбет батырға тапсырдым! Қаламыздың атауы ұмытыла бастаған Тараздың орнына Әулиеата болсын! Әумин!

Жұрт түгел бет сыйпасты. Абылай бастаған қалың қол қырғыздар көшін бастап Сарыарқаға аттанды да, Әділ сұлтан мен үйсіндердің игі жақсылары Талас өзенінін жағасында қала берді. Көп ұзамай Құлашбек батыр өзінің Арал теңізіне таяу жайғасқан ағайын қарақалпақтықтарын көшіріп әкелді. Олар күннің жылы шағында қала салып үлгеру үшін саз балшықты илеп, қыш құйып, қызу іс-әрекетке кірісті де кетті. Бұл 1774 жылдың көктемі еді. Бірақ қарақалпақтар мен үйсіндер өздері осыншама еңбекпен салған қаланы көршілес қоқандықтар ширек ғасырдан соң қирататынын қайдан білсін?!.

ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР

«Нарбота биден кейін таққа оның үлкен ұлы Әлім (1799-1809 жж..) отырды. Ол хан лауазымын қабылдады. Осы уақыттан бастап ферғана Қоқан хандығы атанды. Әлім хан тарихшы В. Наливкиннің сөзімен айтқанда, «күшті де мейлінше дербес мемлекет құруды армандап, соған күш салып, Қоқан хандығын біріктіруші болды. Жас Әлім хан өзінің жаугершілік пиғылы жөнінен Хиуа хандарынан қалыспады. Оның билік жүргізген алғашқы жылдары туралы В. Наливкин: «Әлім хан өзінің иеліктерін кеңейте түсу, қолда бар байлығын нығайтып, көркейте түсу, әсіресе, өзінің қазынасын барынша көбейту үшін бірден жаулап алушылық әрекетке көшті», - деп жазды.

Әлім ханның кезінде Қоқан ханының аймағы едәуір кеңейді. Ол өзінің басқыншылық әрекетін үш жүз жеріне бас салудан бастады. Ол Шымкентті, Сайрамды, Құраманы жаулап алды. Әлім ханның жорықтары кезінде жергілікті халық женінде шектен тыс жауыздық керсетілгендіктен ол залым жэне Шер Гарой - Қарау жолбарыс атапды. Әлім ханның Шымкент, Түркістан және Әулиеата аймағына жорықтары жөнінде молда Әлім Махмуд қажы былай деп жазады: «Әлім хан қосынымен Ташкенттен шыққан соң екі күнде Шымкент шаһарына жетті. Ол осындағы қорғанды қоршап алып, күн сайын жазайыр мылтық атумен болды. Қаланы қоршау дәл 20 күнге созылып, күн сайын атыс болды.

Оның әскерлері Әулиеата және Түркістан сияқты сахарадағы қалаларға барып, көзге түскен малдың бәрін талан-таражға ұшыратып, адамдарды шетінен қырып салды». (Е. Бекмаханов, «Казахстан 20-40 годы XIX века», А„ КазМУ баспасы, 1992ж., 158-159-бб. Молда Әлім Махмуд қажының 1914 жылы Ташкентте өзбек тілінде жарияланған «Түркістан тарихы» деген кітабының орысша аудармасын өзбекшесімен салыстыра отырып, қазақшалауға Әулиеата мешітінің найб имамы Бекболат Мыңбаев кемектесті). Тарихшы молда Ныязы Мухаммед пен Ашур парсыша жазылған «Таарих Шахрохи» кітабында Әлім хан әскерлері «құтырған қасқыр сияқты Түркістан шекарасына дейін, одан әрі Әулие (ата) шекарасына дейін тонап, еншіледі» деп жазды. (қазақшаға аударған - апматылық шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей).

Әлім ханды шектен шыққан жауыздығы үшін бір сәтсіз жорықтан кейін өз туыстары өлтірді. Таққа оның інісі Омар хан отырды. Абылай хан көз жұмған соң ол салғызған Әулиеата қаласын қиратып, нағашылары қарақалпақтарды қырып тастаған қоқандықтардың бұл жауыздығына Әділ сұлтан, әлбетте, қалай көнсін, ол да қалың қол көтерді. Бұл жайында Абылай ханңың шебересі Шоқан Уәлиханов өзінің «Қырғыздар туралы жазбаларында» мынадай дерекгер келтіреді: «Кокандықтар алғаш карым-катынасты Ташкентті Омар хан билеп тұрған дәуірде қыпшақ, солто және сарыбағыш руларынан бастаған. Ұлы жүздің басты султаны Әділ Абылай бітімінен кейін Ташкентке соғыс жариялады. Қолбасы Рүстем жеті шаһарды басып алды.



Ташкенттіктер өздерін тәуелді санап, бітімге келіседі. Рүстем аймақ басшысы болып тағайындады. Осындай жағдайда 1815 жылы Әділ Ташкент маңында кездейсоқ қаза табады. Бул қазаны естіген ташкенттіктер де, Алатау қырғыздары да қарулана бастайды. Алатау қырғыздары табан астында 7 мың жылқы дайындайды. Халықтың бір бөлігі Ташкентке бағынған, келесі бөлегі Ілеге қашып кеткен. Осы дәуірден бастап қырғыздар мен қазақтар сарттардың ықпалына бағынған». (Шоқан Уәлиханов, Таңдамалы, А., «Жазушы», 1985ж., 255-6.).

«Теперешний городъ Аулие-ата по даннымъ, собраннымъ В. А. Каллауромъ, возникъ въ 1826 или 1827 годахъ при кокандскомъ ханъ Мадали. Сначала была построена только кръпость, а съ 1837 года, рядомъ съ нею, возникло поселніе, носившее нъкоторое время названіе Наманганъ-Коче. Такое названіе было дано потому, что первыми поселенцами были жители города Намангана. Въ 1856 году, по распоряженію ташкентскаго бекляръ-беке Мирзы-Ахмеда, былъ построенъ базаръ. Въ томъ же году и тъмъ же Мирза-Ахмедомъ былъ назначенъ хакимомъ въ Ауліе-ата датха Ата-бекъ. Когда городъ Ауліе-ата началъ заселяться, то въ окрестностяхъ могилы святого Ауліе-ата былъ тугай, поросшій камышемъ и тальникомъ. Въ то время при могиль святого шейховъ не было. Здъсъ хоронили своихъ покойниковъ киргизы. При могиль святого была построена чиллехана въ 1870-1873 г.г. шейхомъ-Бузрукъ-Ходжей. Это былъ первый ауліе-атинскій шейхъ». (А. И. Добромыслов, «Города Сырдарьинской области», Ташкент, 1912ж., 161-б.). Бұл жерде Тараз қаласын қоқандықтар салды деп сілтеме жасап отырған полковник Василий Андреевич Каллаур 1880 жылғы сәуірдің 30-нан 1898 жылғы қараша айының 30-ы аралығында Әулиеата оязының бастығы болған, Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінде бірнеше рет баяндама жасаған. Қазіргі Тараз қаласындағы әкім бауының негізін қалаған осы кісі. Орыстар бұл әкім бауын кезінде Васильевская роша деп атаған.

Сонымен, Үндістанның ұлы перзенті Джавахарлал Неру жазғанындаи, бодан елдің тарихын отаршылар ғалымдарының бірі А. Н. Добромыслов осылай деп керсеткен еді. Кешегі Кеңес одағы кезінде де жоңғарлар қиратқан Тараздың орнына Әулиеата қаласын 1774 жылы Талас өзені жағасына Абылай хан салғызды, оның басына билеуші етіп ұлы Әділ сұлтанды қойды! Әділ сұлтан Әулиеатаны, Сайрамды, Шымкентті, Ташкентті қайтарып алып, 1815 жылы кез жұмды деп атап көрсеткен Шоқан Уэәлихановтың осы оқиғаларға куә болған аталарынан естіген сөзін әлі күнге дейін елеп-ескерген бірде-бір қазақ тарихшысы болмай келді. Тіпті, Қазақ Мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, ғылым докторы С. Р. Ердәулетов 1983 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Тараз-Әулиеата- Джамбул» деген кітабының 16-бетінде жоғарыдағы А. Н. Добромысловтың кітабынан келтірілген дәйексөзді көшірмесе де дәл сол мағынада Әулиеата қаласын және қорғанын 1826 немесе 1827 жылы қоқандықтар салды деп көрсетеді. Бір айта кететін жәй, А. Н. Добромысловтың пікірлері Тараз тарихына байланысты барлық кітаптарда, тіпті энциклопедияларымызда да әлі күнге дейін сыналап орын алып келеді. Өзбекстан тарихшыларының өздері, оның ішінде Молда Әлім Махмуд қажы мен молда Ниязы Мұхаммед бен Ашур Қоқанның хан лауазымын тұңғыш рет алған билеушісі залым Әлім жаулап алғанын 1914 жылы-ақ атап көрсеткен болса да, Әулие атаны қоқандықтар емес, үйсіндердің өтініші бойынша қарақалпақтар Абылай ханның бұйрығымен 1774 жылы тұрғызғандығын әлі күнге дейін ескере қоймаған зиялыларымызға не дерсің? Осы орайда көршілес қырғыз ағайындардың 1938 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кеткен ұлы тарихшысы Белек Солтонаев өзінің «Қызыл қырғыз тарихы» деген еңбегінің бірінші кітабында: «...Абылай Таласты орталық етіп, Сарыарқаға қайтарда өзімен бірге мың түтін, кейбір мәліметтерге қарағанда 600 түтін қырғызды көшіріп әкеткен» деп жазғаны да белгіпі. (Бішкек, 1993ж., 182-бет). Қырғыз ғалымы Белек Солтонаев осы кітабында Әулиеатадан бастап Талас өзенінің басталатын жеріне дейінгі ескі он қаланың қиранды орындарын тізіп келтіреді. Абылай хан 1770-1776 жылдары Қырғызстанда, Өзбекстанда соғыс әрекеттерін жүргізгенде Талас бойында Әулиеатадан бөлек салынуы мүмкін бірде-бір кент орны жоқ. Оның үстіне үйсіндер өздері шақыртып алған Әділ сұлтан қырғыз жерінде тұрып қазақтарға билік жүргізді деу тағы да ақылға сыймайды.

А. Н. Добромыслов Әулиеата қарахан мазары маңына қазақтар өздерінің құрметті адамдарын жерледі деп көрсетсе, мұның шымыр-жаңабай Мәмбет Күнбасұлына да тікелей қатысы бар. Осы Мәмбет пен оның туысы Таңсыққожа туралы атақты Бұқар жырау: «Абылайдың қасында Таңсыққожа, Мәмбет бар» дейтіні белгілі. Соп сияқты ұлы Жамбылдың Сарыбас ақынмен «Жұлдыз» журналының 1998 жылғы №1 санында тұңғыш рет толық жарияланған айтысында Сарыбастың:

Шымыр деген елімнен

Таңсыққожа, Мәмбет пен

Байзақ шықты басынан,

Ақмолда шықты жасынан, - деп көрсететін Таңсыққожа мен Мәмбет Әулиеата қапасын тұрғызуғә басқа да үйсіндермен қатар үлес қосқандығына күмән жоқ. 1957 жылы маусым айында Мәмбет батыр ұрпақтары Әулиеата қарахан маңында өзбек орта мектебі салынатын болғандықтан бабасының сүйегін қазып алып, Тектұрмастың түбіне қайта жерлеп, басына осыдан бір-екі жыл бұрын зәулім күмбез тұрғызғаны белгілі. Абылай сұлтан 1742-1743 жылдары жоңғар қонтайшысының тұтқынында болғанда Мәмбет батыр Ресей патшасының елшісі Карл Миллермен бірге Ұрғағ бар, қазақ билеушісінің құтылуына көп септігін тигізгені туралы мәліметтер архив деректерінде сақталған.

Міне, сондықтан да Абылай Мәмбетке Көкшетау керейлерінің сұлу қызы Жәмиланы өзінің өкіл қызы ретінде ұзатып, кейін одан атақты Байзақ датка өмірге келген еді. Байзақ датқа қоқандықтар илеуіне қарсы күресте қол бастап, 1847 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы қырғыздар қолынан қаза тапқанша тұтқында бірге болған еді. Бір айта кететін нәрсе - Кенесары хан мен Байзақ датқа жақын бөлелер болып келеді.

Әулиеата қарахан мазарының түбіне 1836 жылы қоқандықтар опасыздықпен өлтірілген Саржан және Есенкелді Қасымұлдары да қойылған еді. Қазақ өз шекарасын ата-бабасының молаларымен және ат, құлан, құлжа, қозы бастарымен белгілейтіндігігін ескерсек, қарақалпақтар көтерген Әулиеатаны қоқандықтар әуелі бұзып, 1826 жылы қайта салғанына қарамастан қазақтың төл қаласы деп қабылдау керек. Ал, бұл қаланың Наманган көшесі деп аталғандығы туралы орыс ғалымы А. Н. Добромысловтың қазақ, өзбек халықтарының қалаларды кент, қорған, шаһар-шәрі деп немесе жәй ғана айтатын қағидасын білмегендігін көрсету керек.

Абылай ханның екінші әйелінен туған Әділ сұлтан ұлы билеушіміздің отыз ұлының екіншісі болатын. Сол Әділден туған Абылай, Ералы, Құлан, Тезек және Әбілез сұлтандар кейін Жетісу жайлаған ұлы жүз тайпаларын билеген еді. Олар 1821 жылы Ресей императорына оңтүстік қазақтарын да өз қарамағына алу туралы арыз жазғаны деректерден мағлұм. Сондай мұрагат деректеріне сүйенсек, сұлтан Тезек Абылайханов орыс армиясының полковнигі шенін де алған. Тезек сұлтан қазақтың атақты Сүйінбай, Бақтыбай, Түбек сияқты атақты ақындарымен сөз жарыстырған айтыскер ретінде де белгілі. Мәселен, Тезек төре жалайыр Бақтыбай ақынмен айтысқанда өзінің атасы - Абылай, әкесі Әділ екендігін мақтанышпен жырлайды. («Айтыс», А., «Жазушы», 1965ж., І-том, 104-12466.). Міне, осы Тезек теренің қарындасы Айсараға Шоқан Уәлиханов үйленгендігі белгілі. Егер Тезек төренің әкесі Әділ сұлтан 1815 жылы Ташкент түбінде қаза болғандығын ескерсек, Шоқан Уәлиханов 1864 жылы үйленген Айсара ару Тезек ақынмен шешелес болғанмен әкесі бөлек екендігін білуге болады. Шоқан Уәлиханов Абылай хан туралы мақаласын 1864 жылы Әулиеата қаласына орыс әскерлерімен бірге келместен әлдеқайда бурын дайындаса, қырғыздар туралы Тезек сұлтанмен кездескеннен кейін жазғаны белгілі. Ол Абылайдың Талас өзені жағасында қала тұрғызғаны, Әділ сұлтан туралы өз деректерін осы қаламызды қайта салушыларды өз көздерімен кергендермен әңгімелескен соң жазды деп айтуға толық негіз бар.



Сонымен, Шоқан Уәлихановқа пен өзбек тарихшылары Молда Әлім Махмуд қажы мен молда Ныязи Мұхаммед бен Ашурға сенсек, ұлы ханымыз Абылай Талас өзенінің жағасында қираған Тараздың орнына 1774 жылы Әулиеатаны салып, Қазақстанның ең ежелгі қаласының үзілген тарихи жібін, қайта жалғағандығы даусыз ақиқат.

Ал, 1774 жылы жеңіске масайраған Абылай хан бастаған бабаларымыз бір Алла ғана болмаса, кейін осындай оқиғалар болатынынан еш хабарсыз еді...

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет