Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі



бет6/15
Дата22.12.2021
өлшемі1,04 Mb.
#576
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Зерттеу методикасы:

Зерттеу объективтік, тарихилық, жүйелік, салыстырмашылық және талдау мен жинақтау, даму сияқты ғылыми таным принциптеріне негізделеді.



Диплом жұмысының құрылымы: зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, алты тармақшадан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ТАРАУ М.Х.ДУЛАТИ - ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ АЛҒАШҚЫ ТАРИХШЫСЫ
1.1 Мұхаммед Хайдар Дулати - өмірі мен шығармашылығы.

Қазақ ғылымы мен мәдениетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан майталман ғалым, халқымыздың тұңғыш тарихшысы - Мұхаммед Хайдар Дулати, Енді ғана есін жиып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өткеніне үңіле бастаған елдің тарихының өшкенін тауып, қайнар бастауын зерттеп-білу Хайдар Дулатисыз мүмкін емес. Күні бүгінге дейін Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеушілердің, тіптен түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеген европалық ғалымдардың қай-қайсысын алсақ та, оған жүгінбей, еңбегіне соқпай кете алмайды.



Мұхаммед Хайдар 1499 жылдың қиын-қыстау күндерінің бірінде Ташкент қаласында Мұхаммед Хұсайын Дулатидің отбасында дүниеге келді. Мұхаммед Хұсайын ұлына жоғарыда айтылғандай, өз әкесі Мұхаммед Хайдар Дулатидің атын берген.

Хайдар мырзаның әкесі Мұхаммед Хұсайын да жастайынан билікке араласқан. Оның үстіне есейіп, оңы мен солын таныған кезде Моғолстанның билеушісі Шағатай ханның ұрпағы Жүніс ханның 1415—1487) кіші қызы Хуб Нигар ханымға үйленеді.

Жүніс ханның үлкенді әйелі Исан Даулат бикеден екі ұл (Сұлтан Махмұт хан (1443—1508); Сұлтан Ахмет хан (1465—1503), үш қызы (Миһр Нигар ханым, Құтлық Нигар ханым, Хуб Нигар ханым) бар еді. Миһр Нигар ханым Әмір Темірдің Жалал ад-Дин Миран шаһ атты үшінші ұлының шөбересі Сұлтан Ахмет мырзаға ұзатылған еді. Ал Құтлық Нигар ханымға оның інісі Омар шейх үйленіп, одан атақты ойшыл, ақын, қолбасшы Мұхаммед Захир ад-Дин Бабыр (1483—1530) туған, яғни ол Мұхаммед Хайдар Дулатиға бөле болып келетін. Бабыр да осылай Әмір Темір ұрпақтарының бірі еді. Хайдар мырза шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ тағдыр тауқыметін көп тартқан. 1501 жылы ол екі жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Ол жайлы Бабыр өзінің атақты «Бабырнамасында»: «Менің шешемнің сіңлісі Хуб Нигар ханым жарық дүниемен коштасыпты, оны анамыз екеумізге Ұратөбеде естіртті»— дейді [3,104].

Бабырдың әкесі Омар Шейх Ферғана уалайатының билеушісі болатын. Сырдарияның жағасына орналасқан астанасы Ахсикентте (Ферғананың ежелгі қаласы, әрі оның Х ғасырдағы астанасы) 39 жасында «жардан ұшып жан тәсілім еткен соң», оның иелігіндегі жерлерді Шайбани хан басып ала бастайды. «Бұл — «байтал түгілі, бас қайғы» болған заман еді. Жас Бабыр өзіне ерген қосындарымен шегіне ұрысып, жанталасқа түскен шақ болатын. Оның Хайдар мырзаның анасының қазасын «Ұратөбеде жүргенде естідім» деуі де сондықтан.

Ташкентті 1482—1485 жылдары Жүніс хан басып алғанымен, соңынан оны Хайдар мырзаның әкесі Мұхаммед Хұсайын Дулати қайнағасы Махмұт ханның атынан билеп тұрды.

Мұхаммед Хусайын Омар шейхпен көңілі жарасқан достар екен. Сондықтан да ол Ахсикентте баз бір кездері онымен екі жыл бірге тұрыпты. Артында қалың елі дулаттар тұрғандықтан да, ол өз иелігін мығым ұстаған. Айтқаны орындалып, дегені жүрген, халқының қадірлі адамы болған. Сөйткен Мұхаммед Хұсайын ұлына Маула Мұхаммед атты білімді де білікті кісіні тәрбиеші етеді. Ол бала Хайдарға Құрани Кәрім сүрелерін жаттатып қана қоймай, әліппе де оқытып, сауатын ашқан, жазу, сызуға үйреткен. Хайдар мырза бірақ Мұхаммед Шайбани зобалаңына байланысты оқуын жалғастыра алмаған. Өйткені оның балалық шағы, жоғарыда айтылғандай, Мұхаммед Шайбанидің Орта Азияның қалалары мен қоныстарын, елді мекендерін басып алып, Әмір Темір ұрпақтарын қуа бастаған кезге тұс келді. Шынында да Мұхаммед Шайбани аз ғана уақыт ішінде, яғни 1500 жылы Бұхара, 1501 жылы Самарқан, 1503 жылы Ахсикентпен Ташкентті, 1504 жылы Әндіжан, 1505 жылы Хорезм, 1507 жылы Герат, Астрабад, Гурганға да ту тігіп үлгерді. Басқыншының тегеурініне шыдай алмаған Бабыр соғыса-соғыса Кабулға кетуге мәжбүр болды. 1508 жылы осындай аласапыран кездері Хайдар мырзаның әкесі Мұхаммед Шайбани кісілерінің қолынан қаза табады. Жетім қалған Хайдар мен әпкесін туыстары әуелде Бұхараға паналатқызады. Соңынан тәрбиешісі екеуін Бадахшанға аттанды.

Шайбандардың құрығы жете қоймаған жерлердің бірі таулы Бадахшан мен оның астанасы Қала-и зафар болатын. Әмір Темір ұрпақтарының асуы қиын таулар ортасындағы иелігі болған осы шаһар — «Қала-и зафар», яғни «Жеңіс каласы» деп тектен-текке аталмаған еді. Соңғы жылдары ол Сұлтан Махмұт мырзаның. Хан мырза, кейде бірак Мырза хан деп те аталып кеткен ұлының билігіне көшкен еді.



9 жасар Хайдар мырза Қала-и зафар қамалына 1508 жылдың соңғы айларында келген. Содан мұнда ол 1509 жылдың қарашасына дейін болған. Кабулдағы бөлесі Бабырға кетеді.

Арып, ашып жол азабын көріп барған Хайдар мырзаны Бабыр жақсы қарсы алған. Бауырына басып, жас мырзаның басынан сипайды. Мұның өзі де үлкен адамгершілік, үлкен кісілік еді. Әйтпесе Бабырдың өзі де қиын жағдайды бастан кешіп жатқан еді. Кабулға келіп қоныстанғанымен іштен шыққан дұшпандары мен ізіне түскен жауларының оны жан-жақтан анталап түрған кезі болатын. Соған қарамай, Бабыр жас бөлесіне қолынан келген жақсылығын аямаған. Кейінірек Бабыр ол жайлы: «Жүніс ханның үшінші қызы — Хуб Нигар ханым. Оны Мұхаммед Хұсайын... Дулатқа атастырған. Одан ол бір қыз, бір ұл көтерді. Қызын Убайдаллаһ хан, Мұхаммед Шайбанидың немере інісі, (1539 ж. қ. б.) алды. Мен Бұхара мен Самарқанды басып алғанымда, ол орнын ауыстырмай сонда калды. Оның немере ағасы Сейіт Мұхаммед мырза маған Саид ханнан елші болып, Самарқанға келгенде, ол соған еріп кетті. Кейін оған сұлтан Саид хан үйленді.

Хуб Нигар ханымның баласы Хайдар мырза еді: Әкесін (көшпелі) өзбектер өлтіргеннен кейін, ол үш-төрт жыл менің қасымда болды. Содан кейін рұқсат сұрап Қашғардағы ханға кетті. Енді ол орнықты, байсалды азамат болып, жақсы жолға түсіпті деп естідім. Жазуға, сурет салуға машық, жебе жасауға, зергерлікке, садақ шыбығын июге қолының ебі бар. Он саусағынан өнер тамған жігіт. Ақындық дарыны да бар еді. Ол менен кешірім сұрап хат жазыпты, сөз саптауы тәп-тәуір» - деп еске алады. [3,180].

Балалық шағының өзінде-ақ өліспей беріспес айқас, тақ үшін таластың талайын көрген Хайдарды ешқандай да соғыс, ешқандай да майдан шошыта алмаған еді. Кабулға келген соң да ол Бабырмен бірге талай жорықтарға қатысып, күндер өткізді. Сөйтіп жүргенде ол сарай адамдарының бірінен әкесі Мұхаммед Хұсайын Дулати мен Бабыр арасында тап осы Кабулда 1506—1507 жылдар арасыңда болған жайсыз оқиға туралы естіген сияқты. Оқиға былай болып еді. Ташкентті Шайбани басып алған соң Мұхаммед Хұсайын Қаратегіндегі Хұсрау шаһқа қашады. Одан әрі ол 1506—1507 жылдар шамасында Кабулға келеді. Бірақ шайтан түртті ме, кім білсін, Бабыр хазарлықтарды шабуға кеткенде, біреулердің азғыруына еріп, Мұхаммед Хұсайын сарай төңкерісіне қатысады. Бірақ ол сәтсіз аяқталып, қолға түскен бүлікшілерді Бабыр қатты жазалаған. Ол жайлы Бабырдың өзі: «Мұхаммед Хұсайын мырза қорыққанынан ханымның төсек-орны жиналған қоймасына қойып кетіпті. Мірім диуанмен тағы бірнеше бектерге «қамалдан жан шығармай, (ханымның) бөлмесін тінтіп, жерге кіріп кетсе де Мұхаммед Хұсайынды алып келіңдер!» деп бұйрық бердім. Олар ханымның есігінің алдына барып, онымен дөрекі, әдепсіз сөйлесіп, ақыры Хұсайын мырзаны ханымның қоймасынан тауып алып, шаһ сарайына жеткізді. Онымен орнымнан тұрып сәлемдестім. Істі насырға шаптырмай сыпайылық жасап, бұрынғыдай ілтипат көрсеттім. Мұхаммед Хұсайын мырза опасыздық, сорақы іс жасап, сойқанды бүлік шығармақ болды, Әттең, мұны жексұрындық қылығы үшін сазайын тарттырып, қыл шылбырмен бұрау салып, өлтіріп, кескілеп тастаса болар еді. Бірақ қол жіпсіз байланды, мұнымен қарға тамырлы жекжаттығымыз бар еді. Менің туған нағашы апам Хуб Нигар ханым мырзаның жары еді, одан қыз, ұл көріп отырған соң, сол жекжаттық жағдайды ескеріп, Мұхаммед Хұсайын мырзаны жазадан құтқарып, Хорасанға аттануға рұхсат еттім...

Бірақ ол жақсылығымды, өлімнен құтқарғанымды ұмытып, мені Шайбани ханға жамандап, арызданыпты, біраз уақыт өткеннен соң, Шайбани хан оны өлтіріп сазайын тарттырды»— дейді [3,222]. Осы ретте ескерте кететін жайт — Бабыр Мұхаммед Хұсайын Дулатиге жекжаттыққа байланысты ғана кешіріммен қарап кеңшілік жасаған жоқ. Бабырдың оған аман-есен Хорасанға аттануға рұхсат беруіне тағы бір жағдай. себеп болып еді. Мысалы, Бабыр Мұхаммед Шайбани жортуылы басталып, басына қара бұлт үйрілген алғашқы қысылтаяң жылдардың бірінде Мұхаммед Хұсайыннан жақсылық та көрген болатын. Ол жайлы Бабыр: «Біз Самарқан мен Әндіжанға бірнеше рет аттандық, бірақ ештеңе тындыра алмасақ та, Ходжентке қайта оралдық... Мұхаммед Хұсайын Гурган Дулат Ұратөбеде болатын. Самарқанға жорыққа аттанамын ба деген ниетпен оған адам салып, қеліссөз жүргіздім. Біз одан бір қыстап шығуға Пешағырды беруді өтіндік. Бұл Жаржайлақ ауданына қарайтын қыстақ болатын... биліксіз аласапыран кезеңде Мұхаммед Хұсайын Дулаттың қолына көшкен. Біз сол жерге орналасып, шамамыз келгенше Самарқан аймағына жылжысақ деген ойда болдық. Мұхаммед Хұсайын мырза оған келісті»,— деп жазған. [3,78]

Тарихшылардың көпшілігі Хайдар мырзаның Кабулде тұрғанда Бабырдың бірнеше жорықтарына катысқанын айтады. Әрине Хайдардың мұндай аса қауіпті де қатерлі шайқастарға қатысуы оның болашақта әскери колбасшы болуына септігі тимей қалған жоқ. Бірақ Бабыр Хайдардың жастығы, әрі бір ерден қалған жалғыз тұяқ екенін ескерді ме, әлде әпкесінің қасында болсын деді ме, 1512 жылы оны өз өтініші бойынша Әндіжандағы Саид ханға жібереді. Саид хан, жоғарыда Бабыр айтқандай, Хайдар мырзаның жездесі болатын. Саид хан Сүйініш Қожа ханнан жеңіліп, Әндіжанға қайтып оралған 1512 жылдың қыркүйек — қазан айларында Хайдар мырза да сонда жетіп еді. Бірақ мұнда да тыныш өмір бола қойған жоқ. 1514 жылы Сайд хан өзіне ерген сенімді адамдарымен Хайдар мырзаны ертіп Қашқарияға бет алады. Онда барған соң жаңа мемлекет – Моғолстанның (Қашғар хандығы) ірге тасын қалаған. Хайдар мырза Қашғарияда 19 жыл ғұмыр кешкен. Саид хан оны ерекше жақсы қөріп, кайда барса да қасынан тастамаған. Қашғар мен хан ордасы түрған Жаркентте мешіт, медреселер, керуен сарайлары көп еді. Хайдар мырза Жаркентке келген соң, Сайд хан оны ордадағы осындай медреселердің біріне берді. Хайдар онда беделді де белгілі кісілердін. балаларымен бірге Құран мен Хадис, тәпсір мен тарих, жағрафия мен фәлсафа, логикадан дәріс алды. Аптаның әр күні болатын соғыс өнері сабақтары да қызықты өтетін. Хайдар мырза әсіресе тарих пен әдебиетті сүйіп оқыды. Ол өзінің Атбасы мен Жетісуда күн кешкен моғол бектері, хандары мен сұлтандары, олардың құзырына қараған жамағат туралы көзі қарақты үлкендердің әңгімелерін ұйып тыңдайтын. Медреседе дәріс беретін ұстаздар Хайдар мырзаның зергерлік өнері мен сурет салуға деген талабын да байқады. Ол жайлы олар реті келгенде Саид ханға да құлақ қағыс етіп отырған. Десе де Саид ханның Хайдар мырзаны ерекше жақсы көретіндігіне оның інілері мен балалары өте қызғанышпен қарады. Хайдар мырза кейінірек сонын, зардабын тартудай-ақ тартты. Саид хан оны есейіп, оңы мен солын танығаннан кейін туған қарындасына үйлендірді. Ұлан-асыр той жасады. Шаңырақ көтеріп, өз алдына үй етіп шығарды. Сөйтіп, Хайдар мырза бірте-бірте Саид хан мемлекетіндегі үлкен лауазымдарға ие бола бастады. Ханның жорықтарына катысып, ер жүректілігімен көзге түсті. Риза болған хан оны әскерінің қолбасшысы етті, соңыра кеңесші қызметін де ұсынды. Қирап құрдымға кете бастаған Моғол мемлекетін қалпына келтіріп, шекарасын кеңейтіп, тарай бастаған халқын біріктіріп, уысында ұстағысы келген Саид ханның жорықтарына ол қатысып отырған. Мысалы, 1524—1525 жылдары Хайдар мырза Саид ханның Моғолстандағы (қазіргі Нарын облысындағы) қырғыздарға жасаған жорығына қатысқан. Ол кезде қазіргі өзбек, қазақ, қырғыз халқының бірде қосылып, бірде ажырасып, халык боп қалыптасу үрдісін бастан өткізіп жатқан тұсы еді. Бірде Саид хан Хайдар мырзаға қырғыздардың қазақтарға қосылуына жол бермеуді тапсырып, өзі ордасына қайтып кетеді. Ол жайлы Хайдар мырза: «Халықтың тәртіп сақтауын бақылауды тапсырып, (Саид хан) мені Моғолстанға калдырды да, ханның өзі Қашғарға қайтты. Қаншалықты тырыссам да қырғыздар бірақ тынши қоймады, қайтадан Моғолстанның қарсы жағындағы Таһир ханға барып қосылды. Әйтсе де олардың біразы орнында қалды»,— деп еске алады. Хайдар мырза Жаркентте тұрғанда Саид ханның тек Моғолстанға ғана емес, сонымен қатар 1527—1528 жылдары оның Кәпірстанға (Ауғанстанның солтүстігіндегі Ислам дінін қабылдап үлгермеген таулы жер), 1528—1530 жылдары Бадахшанға, 1532 жылы Кіші Тибетке жасаған жорығына да қатысқан. Қашғар әміршісі оның ара-арасында Хайдар мырзаны тағы бір баласы Іскендірмен бірге Үндістанның солтүстігіндегі Кашмир өлкесіне де жіберіп алады – деп жазды [1,187].

Бірақ 1533 жылдың жазында Саид хан бар болғаны 46 жасында кенеттен қайтыс болады. Хан тағы баласы Әбд ар-Рашидке (1509—1570) тиеді. Әбд ар-Рашид жас кезінде Хайдар мырзаның тәрбиесінде болған. Хайдар мырза оған соғыс өнерінен дәріс берген. Бірақ үкімет билігі қолына тие салысымен Әбд ар-Рашид сарайдағы екі жүзді жарамсақтардың «мемлекет тізгінін дулаттар тартып алғалы жүр» деген өсегінен қауіптеніп, «билікке таласса осы таласар» деген пиғылмен әуелі Хайдар мырзаның немере ағасы Сейіт Мұхаммед мырза Дулатиді өлтірткізеді. Кашмирден қайтып келе жатып осындай қайғылы хабар алған Хайдар мырза өзіне де тықыр таянғанын сезіп, Жаркентке оралмай, Тибет пен Бадахшан өлкесіне тартып кетеді. Хайдар мырзаның Тибет пен Бадахшанда өткізгел үш жылы жайлы жазба деректер аз. Ол жайлы зерттеушілер де сөз ете бермейді. Десек те барар жер, басар тауы калмай торыққан мырза біраз уакытын өзі алдында ғана жорықта болған Тибетте өткізген. Ол кезде Тибет халық аз қоныстанған жамағаты негізінен тау қойнаулары мен баурайында тұратын өлке еді. XIII ғасырдан бері моңғолдардың билігіне көшкен ел болатын. Бірақ Тибеттен де сая таппаған Хайдар мырза енді таулы Бадахшанға бет алды. Мұнда ол 1536 жылға дейін болған. Кейбір мағлұматтарға қарағанда Хайдар мырза 1533—1536 жылдары Жәркенттен қашықта жүрсе де үй іші мен елінен хат, хабар алып тұрған екен. Ақыры ол Тибетті де, Бадахшанды да мүлдем тастап Ұлы Моғол мемлекетінің ірге тасын қалаған бөлесі Бабырдың балалары Нәсір ад-Дин Мухаммед һумаюн (1508—1556) мен Камран мырзаны іздеп Үндістандағы Лахор қаласына келеді. Хайдар мырза жанына жубаныш бола алмаған Тибет пен Бадахшаннан 1536 жылы Үндістандағы Лахорға келгенде бөлесі Бабырдың қайтыс болғанына 6 жыл толған еді. Әкесінің жылы өтпей-ақ балалары тақ үшін таласты бастаған болатын. Сол себепті де оларға әкесінің киян-кескі соғыспен жеңіп алған иеліктерінен айырылу қаупі бірте-бірте күшейе түсті. Бабыр Үндістанды әрине оп-оңай басып алған жоқ. Ол мұндағы саяси бытыраңқылық, шонжарлык алауыздықты жақсы пайдаланды. Сөйткен Бабыр 1526 жылы Панипат түбінде Үндістанның басы бірікпеген сұлтандары мен әкімдерін қирата жеңіп, Дели сұлтандығын жойған еді. Үндістанда ол содан төртжыл билік құрды. 1530 жылы қайтыс болған соң әке тағы үлкен ұлы Нәсір ад-Дин Һұмаюнге тиді. Ол Бабырдан қалған иелікті кеңейтуге тырысып, өзге жерлерді басып алмақ болады. Бабыр мемлекетінің әуелгі астанасы Лахорға Хайдар мырза осындай жағдайда келді. Оны өзара алауыздықта болса да Һұмаюн мен Камран мырза жақсы қарсы алды. Бабырдың бұлардан басқа Асқар мырза, Мырза Хиндал атты тағы да екі ұлы болған. Олар да тақ үшін таласта бір-біріне ешқандай аяушылық жасамады. Мысалы, Һұмаюн Бихар мен Бенгалия әміршісі, ауған текті Шерханмен күресіп жатқанда Камран қалайда ағасының көзін жойып, әке тағына ие болу әрекетін жасады. Хайдар мырза Лахорда жүргенде аға-іні арасындағы осындай таластардың әрине талайын көрді.

Бабыр балаларының ішіндегі үлкені де, таланттысы да Һұмаюн болатын. Сондықтан да оның еншісіне Үндістан тиген. Ол әке үлгісімен Лахор мен Дели маңында айшықты ғимараттар салып, Үндістанды тарихи, мәдени, рухани орталыққа айналдыруды көздеді. Делиді астанасы етуді ойластырды.

Хайдар мырза әуелі біраз уақыт Лахорда Камран мырзаның қасында болды. Камран Иран шаһына тойтарыс беру үшін Кандағарға аттанғанда, Лахордағы орнына Хайдар мырзаны қойып кеткен. Қайтып оралған соң да ол Үндістандағы кейбір жорықтарына Хайдар мырзаны ала шықты. Әйтсе де ол сыртқы жаулардан гөрі Һұмаюнның көзін жою пиғылымен түрлі айла-шарғыларды жалғастыра берді. Оның бұл ісіне інісі Асқар мырза да көмектеседі. Камранның осындай тірліктерін көрген Хайдар мырза кейін Лахордан баз кешіп, Һұмаюнның ордасына келіп, әміршінің бірнеше жорықтарына қатысқан. Десек те Һұмаюн Аграның оңтүстік шығысындағы Қанаудж деген жерде Шерханмен болған соғыста ойсырай жеңіледі. Соңынан ол (1541 жылдар шамасында) аз ғана жасақпен Синдке, ал кейінірек інілерінен де опа таппай, Ауғаныстаннан әрі Иранға кетуге мәжбүр болған. Үміттеніп, катты сенген Бабыр әулеті өзара қырқысып, ақыры кұрдымға кетті. Енді ол бір кездері Сайд хан өзіне сый еткен Кашмир уалайатына баруға белін бекем буды. Өйткені Үндістанның тізгіні Шерханға тигенімен, оның билігі бұл жерге әлі жете қойған жоқ еді. Оның үстіне бұрындары, яғни 1533 жылдың басында Саид ханның баласы Іскендір хан екеуі 10 мың қосынмен Кашмирді алып, осында сол жылдың көктеміне дейін болғаны барды. Қашмирдің табиғаты мен адамдары да оған ұнаған.

Қашмир Үндістанның солтүстігіндегі Пир-Панджал атты тау жоталары аралығындағы көкорай шалғынды, жанға да, малға да жайлы үлкен аңғарды. Ел орталығында болып жатқан түрлі жанжалдар мен соғыс һәм сарай төңкерісі жайлы хабарлар аймақ астанасы Сринагарға кештеу жететін. Халқы егін және мал шаруашылығымен айналысқан. Бұл жағынан да өл Орта Азия халқының тіршілік тынысына ұқсап кететін.

Һұмаюн мемлекет тізгінінен ажырап, үкімет басына Шерхан келгелі Кашмир уалайаты басшысыз қалып, жергілікті әкімдер халықты тонап, езе бастап еді. Елде тәртіпсіздік орнады. Сол себепті де Кашмир халқы өздері.бұрыннан білетін Хайдар мырзаға қарсылық көрсетпеді. Тарихшылардың көпшілігі Хайдар мырза Кашмирді өзінің туа бітті мәмлегерлік қасиеті, парасаттылығы мен алғырлығының арқасында бір оқ та шығармай өзіне қаратқанын айтады. Әрине, Хайдар мырзаның Кашмирді алуына Һұмаюн берген әскер қосындарының да әсері болмай қойған жок. Сөйткен бабамыз 1540 жылдың қараша айында Сринагар каласына келіп туын тікті. Соңыра ол өзінен Кашмир өлкесін тартып алу үшін Шерхан жіберген Қажы шаһ әскерін талқандап, жағдайын одан әрі нығайтып, жақсарта түсті.

Хайдар мырза Кашмирді 10—11 жыл билеген. Ол өзіне қараған қалалар мен қоныстардың әл-ауқатын көтеріп, жолдарын жақсартты. Әдебиет пен мәдениеттің өркендеуіне жағдай жасады. Кашмир өлкесін гүлдендіріп абат баққа айналдыру ойымен талай жерлерге өкілдерін аттандырып, қолынан іс келетіндерді өзіне шақырды. Бірте-бірте ол Тибетті де өз иелігіне қосып алды.

Хайдар мырза Дулати кейбір деректерге қарағанда күтушілерінің бірі уланған жебемен атқан. Сөйтіп, 1551 жылы қайтыс болды. [20,112]

Мырза Хайдар Дулати Кашмирде билік құрған жылдары сол кездегі ғылым, білім тілі – құрған жылдары сол кездегі ғылым, білім тілі – парсы тілінде «Тарихи Рашиди» атты Орталық Азия халықтарының XIII-XVI ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы өзі көрген, куәсі болған һәм басқа да жайттерді баяндайтын классикалық тарихи шығарма жазған. Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеулердің, тіпті түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеген Европа ғалымдарының да ешқайсысы сол себепті күні бүгінге дейін «Тарихи Рашидиге» жүгінбей, оған соқпай кете алмайды. Сөйтіп осы күнгі қазақ, өзбек, ұйғыр, ауған, үнді, тибет халықтарының тарихын зерттеушілер «Тарихи Рашидиді» аттай алмайды. Еңбек осысымен де құнды, осысымен де бағалы. Бұл дүниені ағылшындар ХІХ ғасырда Индиядан тауып, белгілі шығыстанушы Дэнисон Росстың тәржімасымен 1985, 1898 жылдары бірнеше рет Лондонда жариялады. Әйтсе де ол күні бүгінге дейін қазақ тіліне аударылмай келеді. 1996 жылы ғана Өзбекстан шығыстанушылары «Тарихи Рашидиді» орыс тіліне тұңғыш рет толық тәржімалап Әмір Темірдің 660 жылдығына орай Ташкентте басып шығарды. [2,10].

«Тарихи Рашидиді» Мырза Хайдар 1542-1546 жылдар шамасында Кашмирде жазған. Ол «екі дәптерден», яғни екі үлкен бөлімнен тұрады. Біріншісінде Мәуереннаһрдегі Шағатай әулеті құрған мемлекеттің XIV ғасыр ортасына таман біржола ыдырап, екіге бөлінуі Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс бөлігіне беделді де белгілі тайпа – дулаттардың күшімен дербес мемлекеттің негізі қалағаны жайлы баяндалады. 1348 жылы осы мемлекетке дулаттардың қолдауымен Тоғылық Темір (1330-1362) хан болады.

«Тарихи Рашидидің» бірінші дәптерінде сөйтіп сол Тоғылық Темір ханнан өзін Жаркенттен кетуге мәжбүр еткен Әбдірашид (1512-1560) ханға дейінгі Моғолстанда екі ғасырға жуық уақыт арасында болған түрлі тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Мысалы: Шағатай текті Шермұхаммед хан (1415қ.б.) мен Уәйіс ханның (?-1429) Моғолстанның тағы үшін болған қанды айқастары, Уәйіс ханның тілегіне жеткені, оның қалмақтармен болған сансыз соғыстары да баян етілді.

Мырза Хайдар жазбаларының ішіндегі ең қызықтысы - әрине, халқымыздың тарихына қатысты мағлұматтары. Ғалым нағашы атасы Жүніс хан мен Уәйіс ханның кенже ұлы Есенбұғаның (1418-1462) билікке таласар тұстарын сөз еткен. Дешті Қыпшақ әміршісі Әбілхайырдан көп қысым көрген Жәнібек хан мен Керей ханның одан бөлініп, Моғолстандағы Шу мен Қозыбасыға келуі, Есенбұғаның оларды жылы қарсы алуы, соңыра Әбілхайыр қайтыс болған соң оның ұлысынан үдере көшкен елдің Жәнібек хан мен Керей ханға келіп қосылуы жайлы айтуды да автор ұмытпаған. «Олардың ұзын саны жүз мыңға жетті және оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. (Бірақ оны) Алла (бізден) артық біледі» - деп жазады Хайдар мырза.

Сөйтіп, қазақ халқының тарих сахнасына көтерілген кезі 1465 жыл екенін Мырза Хайдар шегелей көрсеткен. Одан әрі ол: «содан қазақтар 940 (1533-34) жылға дейін Өзбекстанның көпшілік бөлігін тұтастай биледі. Керей ханнан кейін Мұрындық хан болды. Сонан соң Жәнібектің баласы Қасым хан болды. Ол өз билігін Дешті Қыпшаққа да жүргізді. Оның әскері миллионнан да көп еді. Жошы ханнан кейін бұл үйден одан күшті хан шыққан емес. Қасымнан соң оның баласы Мамаш хан болды. Одан кейін... Таһир хан болды. Осы Таһир хан тұсында қазақтар көп қиыншылықтарға ұшырады. Одан кейін оның бауыры Бұйдаш хан болды... Қысқаша айтқанда, Есенбұға ханнан бастап Рашид ханға дейінгі аралықта моғолдар мен қазақтар тату-тәтті, тыныштықта өмір сүрді, бірақ оны Рашид сұлтан» деп жазады ол. Ол рас та еді. Өйткені Әбдірашид сұлтан қазақтардан гөрі шайбандарға көп мойын бұрған, солардан одақ іздеген.

Сөйтіп, қазақ хандығының құрылуы мен тыныс-тіршілігі, өмір сүрген ортасы һәм көршілерімен болған қарым-қатынасы жайлы Мырза Хайдар секілді осылай жүйелі де нақтылы жазған қаламгерлер кемде-кем-ақ. Ұлы ғалым сондай-ақ өз жазбаларында көп ретте әдеби тәсіл – шегініс жасауды да шебер пайдалана білген. Мысалы, ол Жүніс ханның тақ үшін таласта жеңіліске ұшырағаннан кейін Иран жаққа кетуі, соңыра Моғолстанға оралған соң Мір Қажы көншінің қызы Исан Дәулат бегімге үйленуі, Сыр бойында Әбілхайырдың ұлы Бұрыж оғланмен шайқасып, кейін Ташкентке келуі, шейх Жамалдың тұтқынына түсіп қалуы, бірақ арада бір жыл өткен соң дулаттардың шейх Жамалды өлтіріп, Жүніс ханды құтқаруы, оның Моғолстанға қайтып оралуы кино жолағындай рет-ретімен көз алдыңнан өте береді. Оның ара-арасында Мырза Хайдар Жүніс ханның үш қызының тұрмысқа шығуы, Әмір Темір ұрпақтарының өзара қақтығыстары жайлы да айтып өтеді. Одан кейінгі тарауларда Жүніс ханның ұлы Ахмет ханның өмірі, қалмақтардың шабуы, өзбек-қазақ мәселесі, Мырза Әбу Бәкір Дулатимен болған соғысты сипаттауда да шеберлік таныта алған. Ол не айтса да, қайсы тақырыпты сөз етсе де баяндап отырған оқиғаға өз көзқарасын білдіре кетеді.

Сөйтіп, ол Моғолстанның хандары, дулаттан шыққан әмірлері мен бектері, онда өмір сүрген түркі тайпаларының тыныс-тіршілігі, Әбілхайыр хан негізін салған Дешті Қыпшақ мемлекеті, ханның өзі және ұрпақтарының Мәуреннаһрде, сондай-ақ қазақ хандары һәм сұлтандарымен жүргізген соғыстары жайлы тәптіштей баяндаған. Мырза Хайдардың бір ерекшелігі ол шындықты жазады. Тарихшы ғалымдардың барлығы да оның осы бір қасиетіне ерекше мән береді.

«Тарихи Рашидиді» жазу үстінде Мырза Хайдар өзіне дейін өмір сүрген араб, парсы, түркі текті Мир Гийас ад-Дин Мансур, Жамал ад-Дин Қарши, Йақұт әл-Хамауи ар-Руми, Рашид ад-Самарқанди, Ұлықбек, Мұхаммед Қази, Мұхаммед Захир ад Батыр, Ата Мәлік Жувайни, Шараф ад-Дин Әли Йазди, Мирхонд, Хондемир секілді белгілі тарихшы, жылнамашылар еңбектеріне белгілі бір шамада иек артқан. Мұның өзі оның ортағасырлық түркі әдеби тілі – шағатай тілінен басқа араб, парсы тілдерін де жақсы білгендігін көрсетеді. Аталмыш авторлардың туындыларын ол Орталық Азия елдері мен оны мекен еткен түрлі тайып, ру, ұлыстардың тарихын баяндағанда жазба дерек-бұлақ көздері ретінде орнымен пайдаланған. Сөйтіп ол «Тарихи Рашидидің» деректілігін, дәйектемелерінің дәлдігі мен құжаттылығын арттыра түскен.

«Тарихи Рашидиде» тек тарих ғана емес, сондай-ақ әдебиет пен тіл, мәдениет пен өнер, әдет пен ғұрып, география мен этногеография мәселелері де ұмыт қалмаған. Онда сондай-ақ сөз болған ру, тайпалардың тіршілік-тынысы мен салт-санасы, ауыз әдебиетінің үлгілері жайлы да әңгімеленеді. Соған қарап «Тарихи Рашидиді» XIII-XVI ғасырдағы Орталық Азия елдерінің белгілі бір дәрежедегі энциклопедиясы деуге де болатын сияқты.

Ал «екінші дәптердің» тарихи-мемуарлық сипаты басым. Мұнда ол өз өмірбаянын тілге тиек еткен, әрі оны «бірінші дәптерден» бұрын туындатқан. Мұнда автор өзі көріп куәсі болған, басынан өткен, немесе естіген жәйттер мен түрлі оқиғаларды оны әдеби-мемуарлық көркем прозаның туған әдебиет тарихындағы алғашқы үлгісіне жатқызуға болады. Онда сан қырлы суреттер мен эпитет, теңеулер, айшықты образдар мен сол заманда өмір сүрген ақындар мен ойшылдар, көрнекті сөз зергерлерінің шығармалары ғана емес, сондай-ақ авторлардың ойға толы өз жыр жолдары да ұшырасады.

Сонымен «Тарихи Рашидиді» ұзақ жылдар бойы қолжазба күйінде қалып келгендігіне қарамай жоғарыда айтылғандай тарихи деректерінің нақтылығы, дәйектілігі, айқындылығы мен шынайылығына орай Үнді, Пәкстан, Ауғаныстан, Иран һәм Орта Азияның ғана емес, сондай-ақ Ресей, Европа елдері ғалымдарының да назарын аударумен келеді.

Шоқан Уәлиханов Мырза Хайдар еңбегін зерделей оқып, құрметпен қараса, В.В.Вельяминов-Зернов (1830-1904) оның қазақтар туралы деректеріне қатты мән бере келе: «Мұхаммед Хайдардың жазғандығының барлығы дерлік жаңалық және мейлінше қызғылықты. Әңгімелері қай жағынан қарағанда да үйлесімді және жауапкершілігімен ерекшеленеді», - дейді. Әрі ол ғалым жазбаларын өз зерттеулеріне молынан пайдаланған. Орта Азия мен Қазақстан тарихын кеңінен зерттеген В.В.Бартольд те Мырза Хайдардың еңбегіне зор мән берген. Мырза Хайдардың еңбегіне зор мән берген. Кеңес дәуірінде «Тарихи Рашиди» жайлы қазақ ғалымдарынан әр жылдары Ә.Х.Марғұлан, Т.И.Сұлтанов, Н.Н.Мингулов, өзбек оқымыстыларынан Р.Г.Мукминов, С.Ә.Әзімжанова, Х.Хасанова және тағы басқалардың үлкенді-кішілі зерттеулері жарияланды. Әлкей Марғұлан Мырза Хайдардың қазақтың тұңғыш тарихшысы десе, көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза оны "Қазақ Геродоты", "Қазақ тарихының атасы" деп орынды атаған [2,15].

Зерттеушілердің есебінше, бүгінгі күні "Тарихи-и Рашидидің" отызға тарта нұсқалары белгілі. Әрине, олардың әрқайсысында да өзгешіліктері бар. Мысалы, шығыстанушы ғалымдарының пікірінше, Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында сақталған нұсқа шығарманың ең толық нұсқасы болып саналады. Мұхаммед Хайдар еңбегіне қызығушылық соңғы жылдары тағы күрт өсті. Бүгінгі күні оның ағылшын, қытай, орыс тіліндегі аудармалары бар.

"Тарих-и Рашиди" XIV-XVI ғасырлардағы Орталық Азияның тарихына байланысты негізгі дерек көзі болып табылады. Сонымен қатар бұл еңбекте қазақ хандығының, оның ортағасырлық мемлекетінің тарихына байланысты өте маңызды, құнды деректер сақталған. Оны 1999ж. Алматы басылымының алғы қазақстандық тарихшы ғалымдар (М.Қ.Қозыбаев, К.А.Пищулина) атап көрсеткен. Өзбек ғалымы А.Урунбаев Мұхаммед Хайдарды Қазақ хандығының тұңғыш тарихшысы деп бекер айтпаған.

Бұл шығарманың қазақ тіліне аударылуы арқылы қазақтар төл тарихының ең бір маңызды да қызықты кезеңімен өз ана тілінде тыныса алады. Сондықтан, жаңа аудармаға сәт сапар тілегінен өзге айтарымыз жоқ [5,132].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет