Неврастения, астения (грек тілінен neuron – жүйке және asthenіa – шаршау, әлсіреу) – невроздың бір түрі; аса күйгелектіктен және тітіркенгіштіктен жүйкенің әбден шаршап, тозуы. Неврастения кезінде ауру адам тез ұйықтап кеткенімен, болар-болмас дыбыстан ұйқысынан лезде оянады; өзін аш сияқты сезінгенімен, тамақты көрсе болды, аштығы басылады; жүйкенің әбден тозуынан науқастың көңіл күйі тез өзгеріп отырады. Бұл айтылған клиникалық көріністер Неврастенияның 1-сатысында байқалады. Егер дер кезінде ем жасалса, науқас дертінен тез айығып кетеді. Аурудың 2-сатысында (аралық саты) жоғарыда көрсетілген клиникалық белгілер дами түседі. Науқаста психикалық қажудың әсерінен ынтасыздық, сәл нәрседен тітіркену (жылауықтық), бұлшық еттері әлсізденіп, саусақтардың, тілдің дірілдеуі байқалады. Аурудың ұйқысы, жүрек және қан тамыр жүйелерінің қызметі бұзылады, басы ауырады. Тамаққа тәбеті болмайды. Неврастенияның 3-сатысы (гипостеникалық) – бұл жағдай науқас организмінің ұзақ уақыт улануынан (алкогольмен, түрлі жұқпалы аурулармен, т.б.), бастан алған жарақаттан, атеросклероздан, ішкі органдардың түрлі ауруларынан болады. Бұл кезде ауру адамның жүрек соғысы жиілеп, денесі біресе ысып, біресе мұздап, басы айналады, организмі әбден әлсірейді (адинамия). Көңілсіздік басып, ауру дел-сал селқос күйде жүреді. Емі: Неврастенияның бастапқы сатысында жұмыс және демалыс уақытын дұрыс ұйымдастыру, спортпен шұғылдану, таза ауада көп серуендеу. Ал ауру меңдіген кезде психотерапия және аутогенді дене шынықтыру әдістерін, дәрі-дәрмекті қолданумен қоса, ауру адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралардың айрықша маңызы зор.
Истерия (грек. hystera – жатыр), ұстамалы сырқат – адам мінез-құлқының, қозғалысының, сезімталдығының, ішкі органдар қызметінің бұзылуынан болатын психикалық ауру. Ежелден гректеристерияны жатыр ауруларының салдарынан болатын тек әйел дерті деп санаған (“истерия” аталуы содан). Бұл аурудың негізгі себептері, көбінесе, жүйке жүйесінің бұзылуы, психикалық қайғы, аурудан жүдеу, ми жарақаттары, дұрыс тәлім-тәрбие болмауы, т.б. И.Павловтың айтуынша, жоғары жүйке жүйесінде тежелуден гөрі қозу басым болғанда ғана истерия пайда болады. истерияның белгісі әр адамда әр түрлі, көп жағдайда ұстамалы дерттің белгілері байқалады; истериялық талма кезінде адам кенеттен құламайды, құласа да еш жерін жарақаттамайды, тілін тістемейді, аузынан көбік ақпайды, тек көз қарашығының көлемі өзгереді. Мұндай көріністі эпилепсиялық ұстамамен шатастырмаған жөн (қ. Қояншық). Негізінен, истерия кезінде адам денесінің жартысына жуығы өзгеріске ұшыраса, кейде мұндай құбылыс аяқ-қол немесе бетте ғана байқалады. Кейде истерия кезінде жылау мен күлкі бір мезгілде келеді, тынысы тарылып, бір нәрседен қорқып шошиды, киімін жыртып, шашын жұлады. Беті қызарып, көруі нашарлап, құлағы естімей, қол-аяғы жансызданып, дауысы қарлығады, құсады, кекіріп, есінеп жөтеледі. Ал егер бір нәрсе қатты ұнаса, көңілі көтеріліп, ақтарыла жарылып, көңіліне жаққан адамды, дүниеде одан артық жан жоқтай көреді. истерияның ауыр жағдайында адамның көз алды қарауытып, галлюцинация басталып, бұл – науқастың сандырақтауына ауысады. истериядан алдын-ала сақтанудың бірден-бір жолы – отбасында, мектепте, қоғамдық ұйымдарда дұрыс тәрбие беру; адам мінез-құлқына әсер ететін жағдайларды болдырмау. истерияны психотерапия (адамның өзіне және өзін қоршаған ортаға саналы да сын көзбен қарап, әділ баға беруі); еңбек терапиясы(қара жұмыс жасау); жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрілер ішу; физиотерапиялық шара қолдану арқылы емдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |