ДНК партиясы
...Адамдардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Бір қарасаңыз, еш айырмамыз жоқ тәрізді. Бір-бірімізбен иық қағыстырып бір жаққа асығып бара жатамыз, бір үстелдің басында әңгіме-дүкен құрамыз, бірге ас ішеміз... Іс жүзінде өзара қақтығысып өмір сүріп жатқан бірдей ДНК-лар.
Менің ойымша, ақиқатында әлем жалғыз. Барша тіршіліктің жұмбағы — ДНК құрылысы. Осы аса данышпандықпен жасалған құрылымді туғызған кім? Заманауи ғылым ДНК-ны өз қолымен жаратуға қанша күш-жігерін сарп етсе де, нәтижеге қол жеткізе алар емес. Ол өз бетінше тіршілік кешеді, ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Оның өмір сүруі үшін және ұрпағын жалғастыруы үшін қажет нәрсе — махаббат. Өсімдіктер әлеміндегі, адамзат, жан-жануарлар әлеміндегі махаббат. Кез келген өсімдік өзінің бастапқы қалпын сақтап қалуға тырысады. Дүние жүзінен өсімдіктердің генофондының коллекциясын жинаған Николай Вавиловтың осыған қатысты айтқан даналық ойы бар. Меніңше, ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми жұмыстарының нәтижесі Вавиловты Құдайдың бар екендігін мойындауға әкелген сияқты. Ең атақты физиктер, ботаниктер, лингвистер, баршасы ғұмыр бойы жиған фактілерін таразылай келе, тіршіліктің ең алғашқы бастауына келіп тіреледі.
Кеңес кезінің өзінде біздің ғылымымыз генетикаға өлшеусіз үлес қосты. Жүйенің құрбанына айналған Вавиловты алайық. Қанды қасаптардың талайын бастан өткерсе де, кеңестік генетика ғылымы өзінің әлеуетін толық деңгейде көрсете білді. Егер Горбачев тұсында генетика ғылымына лайықты деңгейде қолдау көрсетілсе, жылдар бойы пісіп-жетілген идеяларды іс жүзіне асыруға мүмкіндік жасалса, онда отандық ғылым саласында ғана емес, экономика мен әлеуметтік салада да өзгелерден әлдеқайда озық елге айналар едік. Өкінішке қарай, қазіргі таңда экономикалық жағдайға байланысты көптеген биолог ғалымдарымыз шетелге кетіп қалды. ДНК құпиясын ашуды көздейтін «Адамзат геномы» бағдарламасына шетелге кетіп қалған бұрынғы КСРО ғылымдарының да ат салысып жатқанына сенімдімін.
Адам ДНК-сының құрылымы өзге тіршілік иелерімен салыстырғанда анағұрлым күрделі екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бәлкім, оның миллиард, триллион түрі бар шығар, жер бетіндегі тіршілік иелерінің әр алуандығы осыған байланысты болар?!
Бірнеше жыл бұрын мұз құрсауында қатып жатқан мамонт табылды. Енді ғалымдар соның ДНК үлгілері арқылы мамонтты жаңадан тірілтуге күш салуда. Қазақстанда да динозаврдың тасқа айналып кеткен жұмыртқасы табылған-ды. Кім біледі, болашақта динозаврларды да жер бетіне оралтатын күн туар?!
Қайта құру кеңес ғылымының көптеген салаларды қамтитын даму үрдісін орта жолдан күрт үзіп тастады. Менен «қай партиядасың?» деп сұрағандарға «ДНК партиясының мүшесімін» деп жауап беремін.
Қазақтар туралы айтар болсақ, біздің халықтың маңдайына шеті мен шегіне ат тұяғы жетпейтін шөлейт даланы мекендеу жазылыпты. Қазақтар осы даланы игеруге, онда өмір сүруге дағдыланды. Аттың жалында ер жетіп, қымыз ішіп, ет жеп, даланың желімен жарысып дамыды. Өзіндік тілі, сөз өнері, ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы қалыптасты.
Мен қазақы ортада дүниеге келдім. Әке-шешем, аталарым, өзімді қоршаған жақындарым айтқан әңгімелерді құлағыма құйып өстім. Бабаларымыздың өсиеттерін құрметтеуді үйрендім, көшпелі дәстүрдің рухын бойыма сіңірдім. Жалпы, мен өскен ортаның дүниетанымында өзіндік ерекшелік бар. Олар қоршаған ортаның құбылыстарына анықтама беруге ұмтылған жоқ, тек сол ортада лайықты өмір сүруге ғана тырысты. Басқалар сияқты олардың да мақсаты балаларын қорғау, ер жеткізу, әлеуметтік ортаға бейімдеу. Яғни, олар өз ДНК-ларын ұрпақ жалғастығы арқылы өз балаларына дарытты.
Танымал геологтың ұлы, осетин Алан Медоев есіме түсіп отыр. Алан достарымыздың ішіндегі жасы үлкені еді, өзінің білімдарлығымен баршамызды таңғалдыратын. Жалпы, Қазақстан ең оқымысты елдердің бірі саналады. Әр үйден сөре толы кітаптарды кездестіруге болады. Жаңадан жарыққа шыққан кітаптар қолдан-қолға тимей тез сатылып кететін. Сонымен, білімдар досымыз Алан біздерді ең алдымен ештеңеден қорықпауға үйретті. Ол жастардың аула-аулаға бөліп төбелесетін кездерін де бастан өткерген.
Қазақстанда әр ұлт топтасып өмір сүреді. Әрқайсының бетке ұстар көсемі бар. Қазақтардың тұрмысында өзбектердегідей патриоттық тұрмыс сақталмаған. Мәселен, өзбектер өзі туған махалласынан алысқа ұзамай, соның заңдылықтарына бағынып, бүкіл өмірін сол жерде өткізеді емес пе?
Әрине, қазақтар да ата салтына берік, туыс-туғандарын, туған жерін құрмет тұтады. Бірақ біздің халықта бір жерден табан аудармай отыратын психология жоқ. Қазақтар саздан соғылған дуалдардың ішінде өмір сүре алмайды. Оған кеңдік керек. Туыс-туғандарымыз елдің әр түкпіріне шашылып кететіні де соның белгісі.
Қазақтарда жас балаға жеті атасын жаттатқызатын салт бар. Жеті атасын таныған бала жерде қалмайды. Сен қарапайым жұмысшы, мұнайшы, мұғалім болсаң да жеті атаңды білуге міндеттісің. Қазақы ауыл сырттан көшіп келгендердің бірде-бірін жатсынбайды. Ауыл өзбектердің махалласы сияқты дуалмен қоршалмайды. Ол жерден қазақ қана емес, орыс, неміс, ұйғыр, кәріс, қысқасы талай ұлыстардың өкілін кездестіресіз. Бәлкім, жүзден астам ұлыстың бір елдің аумағында өмір сүріп отырғаны осы кеңпейілділіктің, кеңдікті сүйетін психолигияға байланысты шығар. Осы кітапты жазып отырып, өзімнің ата-бабаларым есіме түсуде.
Қазіргі таңда Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет. Ерте дәуірде тайпалардың бірігуінен, өзара араласуынан қалыптасқан халық қазір жаңа тарихи тағдыр кешуде. Ендігі уақытта ол өз тағдырына өзі жауап береді, басқа дамыған елдермен өз еркінше қарым-қатынас орнатады, өз ішіндегі заңды өзі айқындайды. Әрине, басқа мемлекеттердің заңы мен халықаралық құжаттарға да құрметпен қарайды, санасады.
Кеңес кезеңіндегі игіліктерді жоққа шығарудан аулақпын. Керісінше, басқа емес, кеңес билігі тұсында, әсіресе елуінші жылдардағы тың игеру кезінде Қазақстанның дамуына ықпал еткен көптеген игі істер жасалды. Телевидение журналисі ретінде мен көптеген елдерді араладым. Экономикамыздың қарқынды даму барысын, адамдардың ой-санасы өскендігін, елдің күш-қуаты артқанын өз көзіммен көрдім. Иә, тоталитаризмнің қыспағын да көп тартқанымыз жасырын емес. Бірақ, қалай болғанда да Қазақстан талай қиындықтарды көре отырып әлеуетін арттыра берді. Еліміздің алыс аймақтарын бір-бірімен жалғайтын жүздеген мың шақырым теміржолдар тартылды, Екібастұз, Теміртау сынды алып комбинаттар салынды, Алтайдағы Рудныйда зауыт бой көтерді, Маңғышлақтың қойнауына бүккен «қара атыны» игеріліп, халықтың игілігіне жарады. Кеңес тұсында осындай ұланғайыр жұмысқа бел шешіп кірісетін энтузиазм басым болды. Шынын айтқанда, қазіргі таңда Қазақстан Кеңес тұсында қол жеткізілген жетістіктердің арқасында өмір сүруде. Қазақстан ғана емес, Ресейдің өзі де, одақ құрамына кірген басқа елдер де дәл сондай жағдайда.
Мәселен, Қазақстанның тұңғыш Президенті қалай қалыптасты? Егер Қаскелең ауданындағы қарапайым малшы ауылда туған Президент комсомолдың іріктеп алуымен Теміртауға жол тартпаса, Теміртаудың комбинатында мартен пешінің жанында тер төкпесе, партия жұмыстарында жүріп шынықпаса, қазіргі таңда иығына түскен ауыр жүкті көтере алар ма еді?! Бұл туралы Елбасының өзі де еңбектерінде айтқан. Халықаралық саясатты, экономиканы, мемлекеттік ауқымдағы істерді қалай жетік меңгерген? Мұның бәрін малшы ауылда тұрып меңгеру мүмкін емес, әрине. Мемлекет басшысының бойынан табылатын қасиеттерді Назарбаевқа өмір мектептері үйретті. Қайта құруға дейінгі алпысыншы жылдарда-ақ ол қарапайым ауылдан ұзап шығып, үлкен өмірге аяқ басты. Соның арқасында кейінгі жылдардағы саяси бетбұрыстарға тәжірибе жинақтаған, мемлекет тағдырын айқындайтын шешімдер қабылдауға қабілетті, болашаққа көз жібере алатын көреген саясаткер ретінде келді.
Бұрындары одақ құрамындағы республикалар Мәскеуге қарап бой түзейтін, шешім қабылдайтын, әрекет ететін. Қазір Қазақстан басшылығы мұның бәрін өз қолына алған, кез келген елмен тең дәрежеде тіл қатысады, ел мүддесіне тиімді саяси қарым-қатынастарын орнатады. Егемендік арқылы Қазақстан көпполярлы әлемнің бір бөлшегіне айналды.
Кез келген мемлекетке оны басқаратын, гүлдендіруге ат салысатын төл элитасы керек. Элитаның қалыптасуына бірнеше ғасыр кетуі мүмкін. Ал Қазақстанның қазіргі элитасы санаулы жылдардың ішінде бой көрсетті.
2000 жылдың сәуірінде Алматыда Еуразиялық саммит өтті. Қазақстанға әлемнің бизнес элитасы жиылды. Алқалы жиындарда әлемдік экономикаға қатысты идея алмасып қана қоймай, маңызды шешімдер қабылдайтын, келісімшарттар жасасатын аса ірі инвесторлар келді. Жүздеген миллион қаражаты бар бизнесмен келісім жүргізетін үстел басына келгенде қарсы алдынан терезесі тең, еңсесі биік әріптес кезіккенін қалайды. Демек, Қазақстанның мүддесін сол деңгейге лайықты, қаржысы қомақты, айтқан сөзі мен ісіне жауап бере алатын бизнесмендер қорғауға тиіс.
Қазақстан тарапынан Еуразиялық саммитке шамамен үш жүзге тарта өкіл қатысты. Саммитке қатысу құқы үшін олардың әрқайсысы 3,500 мың АҚШ долларын құрайтын жарна төледі. Мен саммитке қатысқан адамдардың көптігі мен олардың жасағы, келісім жүргізу барысындағы еркін қимылдары қатты таңғалдырды. Бизнесмендердің көпшілігі отызға жаңа толған орда бұзатын жаста. Демек, біздің елдің 300 өкілі шетелдік әріптестерінің алдында өздерін капиталы қомақты, сенімді әріптес ретінде көрсете білгені. Меніңше, олардың көпшілігі батыстың беделді бизнес мектептерін немесе Н.Назарбаев негізін қалаған Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген болуы керек.
Мен саммиттің түрлі секцияларын аралап, пленарлық отырыстарына қатыстым. Осы жас қазақтар Қазақстанның тоғыз жылдың ішінде тәрбиелеп шығарған элитасы екендігіне көз жеткіздім. Артына халқын ертіп, қырық жыл бойы бір орында тұрақтамаған, аға буынның барлығы дүниеден өтіп, құлдық дегеннің не екенін білмейтін жас буынның пайда болуын күткен Мұса пайғамбар есіме түсті. Өзімді қазіргі дәуірге бейім адамдардың қатарына қоса алмайтын мен дәл сол сәтте еріксіз ойланып қалдым: «Біздің жастарымыз қаншалықты ілгерілеп кеткен. Енді ешқашан оларды қуып жете алмаймыз, олардың меңгерген дүниелерін үйрене алмаймыз!»
Мәскеулік саясаткерлердің біразы әлі күнге дейін өздерін аға халық санайды, бұрынғы одақ құрамында болған республикаларға биіктен қарайтын әдеттен арылмаған. Бұл бекер нәрсе! Шын мәнісіндегі теңдік диалог арқылы, адамдар мен елдердің бір-бірін терең тануы нәтижесінде ғана орнайды. Марко Поло, Афанасий Никитин сынды саяхатшылар шалғай жерлерге жабайы халықтарды үйрететін ұстаз ретінде барған жоқ. Олар әлемнің алуан түрлілігін көріп, жер бетіндегі халықтардың қайталанбас табиғатына бойлауды мақсат тұтты.
Әрине, Қазақстанда барлығы тамаша дей алмаймыз. Ауылдық деңгейде ойлаудан әрі аса алмайтын ұлтшыл-патриоттар да бар. Олардың іс-әрекетінің теріс жақтары да жетерлік, екі миллионнан астам орыс тілді қазақстандықтардың елімізді тастап Ресейге, басқа да шетелдерге қоныс аударғаны осының көрінісі. Біз көптеген талантты адамдардан, өз саласының білгір мамандарынан, достарымыздан айрылдық. Мұның бәрін уақытша құбылысқа балап, түбінде барлығы өз орнына келеді, Қазақстанды тастап кеткен отандастар қайта оралады деп үміттенуге болады. Құдай соған жазғай! Бірақ өмірде еш нәрсе өздігінен болмайды. Игі дүниелердің барлығы адамдардың, яғни, біз бен сіздің білек сыбанып кірісуіміздің арқасында жасалады.
«Мир» идеясы
Орталық телевидениеде Екібастұз жөніндегі бағдарламалар циклын қамтыған «Ритм» операциясынан» соң мен Одақ көлемінде танымал адамға айналдым. Мәскеуге жиі барамын, телевидениеде дос-жарандарым көп. «Останкиноның» 12-ші қабатындағы жастар редакциясында өмір қайнап жатады, мұнда әр қаладан ағылып келген жастар жиылған.
Телевизиядағы басшылар мені ұлтшыл деп санайтын. Неге? Себебі, Мемтелерадиокомитеттің алқа жиындарында Мәскеудің баршаға барлығын нұсқап үйренген әдетіне келісе бермеймін. Ашықтық пен демократияның нышандары байқала бастаған кезеңнің өзінде бұл өте қауіпті еді. Бірақ мен алған бетімнен қайтқан жоқпын.
Кеңестік телевидение әу баста орталықтан бастау алатын пирамида тәрізді құрылған. Кері байланыс қарастырылмаған. Орталық телевидениедегі таныс достарымыз мені және басқа да провинциалдық телевидениедегілерді «екінші сорттағылар» деп санады. Олардың пікіріне салсақ, ақиқатты білетіндер тек мәскеуліктер, басқалардың міндеті тапсырманы орындау ғана. Жалпы, кез келген империяның орталығында басқаларға қалай жұмыс істеп, қалай өмір сүру керектігін үйрететін топтардың табылатыны белгілі. Бұл үрдіс кеңестік телевидениеге де тән болды.
Мен коммунистік пирамиданың ұшар басында отырған ат төбеліндей азғантай топтың барлық салада басқаларға нұсқау беруі керектігін түсіне алмадым. Сол себепті де, «Мир» компаниясы постулаттарының бірі ретінде «Адамның ақылдылығы оның жас мөлшеріне, тұрғылықты жеріне және қызметіне байланысты емес» деген сөзді таңдадық.
Кеңестік телевидениенің өзін өзгелерден биік санаған көзқарасының қайда апарып соқтырғаны баршаға мәлім. Еуразия континентінде өмірлік маңызы бар коммуникативтік байланыс ақыры жолға қойылмады. Империя құлап тынды. Бұрынғы біртұтас мемлекет ыдырап, егемен елдерге айналды. Оған өте қуаныштымын демеймін. Керісінше, бұрынғы кеңес халықтарына ортақ трагедия деп санаймын. Бірақ өмір шындығы осы, оған көндігуге тура келеді.
КСРО қазір жоқ, демек өз бетінше егемендікке қол жеткізген елдердің арасында ақпараттық алмасу кеңістігі айрықша қажет. Бұрынғы ақпараттық кеңістік жаман ба, жақсы ма, ол маңызды емес. Маңыздысы, оны жаңаша түрге енізіп, қайта жаңғыртудың қажеттілігі. Қалай?
Ақпарат алмасудың ең негізгі тәсілі — телевидение. Яғни, бұрынғы одақтың қоластындағы елдерге барша халықтың алдында эфирге шыға алатын үйреншікті орыс тіліндегі телевидение керек. Осылайша, уақыт өте келе мемлекетаралық телерадиокомпания құру туралы идея өмірге келді.
Оны тоқсаныншы жылдардың басына дейін өмір сүрген жалпыодақтық телевидениенің арқасында жасау мүмкін бе еді? Өкінішке қарай, мүмкін емес. Себебі, «Мир» компаниясының идеялық принциптері теңдікке, өзара диалогқа құрылған. Ал Горбачев тұсындағы ашықтықтың өзінде қайдағы бір Грузия немесе Арменияның Ресеймен иық теңестіруі туралы ойлаудың өзі қиын еді. Заманауи демократиялық қоғамның телевидениесі Мәскеуден таралатын хабарларды Бішкектегі немесе Бакудегі тыңдармандарға қызықты етуді көздейді.
«Мир» компаниясын құру туралы идея менің ұзақ жылдар бойы телевидениеде жұмыс істеуімнің арқасында дүниеге келді. КСРО ыдыраған соң жаңадан пайда болған тәуелсіз елдер Одаққа тиесілі ортақ дүниелерді бөлісіп алуды талап етті. Бұл Орталық телевидениеге де қатысты, себебі Орталық телевидение де барлық елдерге ортақ еді.
«Останкино» телерадиокомпаниясының сол кездегі төрағасы Егор Яковлев демократ әрі прогрессивті қайраткер ретінде Орталық телевидение барлығына тиесілі деген пікірді жақтады. Әрине, ешкім «Останкиноны» тура мағынасында бөлшектеп, талан-таражға салуды мақсат тұтқан жоқ, дегенмен әрқайсының ондағы үлесін анықтап алу керектігі түсінікті.
Яковлев жалпы телевидениенің не екендігін, оның ішінде «Останкиноның» қаншалықты маңызға ие екендігін білетін адам ретінде мені өзіне шақырды. Сонымен, екеулеп «Останкиноны» Достастық құралына айналдыруды көздейтін жаңа жоба жасауды қолға алдық.
Мен жұмысқа кірісіп кеттім, жобаның болашақ келбеті қандай болатыны әлі нақтыланбаған, бұлыңғыр күйінде. 1992 жылдың басынан Егор Яковлевпен, оның орынбасары болса да үнемі қарсылық танытып жүретін Валентин Лазуткинмен бірлесіп, мемлекетаралық телерадиокомпания ашу идеясын талқылай бастадық. Алайда, көп ұзамай жел басқа жақтан соқты. Яковлев өзінің дос-жарандарымен, жем салынған астаудың басында отырған Егор Гайдар сынды адамдармен кеңескен болуы керек, ТМД телевидениесі туралы идеяға деген қызығушылығын жоғалтып алды. Сірә, достары оған:
— Оның не қажеті бар? «Останкиноны» біреуге беріп қайтеміз?— десе керек.
Бір жағынан, олардың айтқаны дұрыс сияқты. ТМД-ның негізгі құжаттарына сүйенсек, егемен елдердің аумағында орналасқан дүниелердің барлығы сол елге тиесілі. Бәселен, Байқоңырдың иесі — Қазақстан, Донбасс шахталарының қожайыны — Украина, Вахш каскады ЖЭС-ы Тәжікстанға тиесілі, «Останкиноның» иесі — Ресей. Оған қарсы шыққаннан нәтиже шамалы. Алайда, мұндай жағдайда өзге елдер құр қол қалмақ. Егемен елдер өздерінің саясаттарын Ресей аудиториясына жеткізе алмақ емес. Иә, барлық елдерде орыс тілі кең таралған, бірақ бірде-біреуінде хабар таратқыш жоқ еді.
Оның үстіне, жекешелендіру идеясы да дүркін-дүркін естіле бастаған. Достарының ақылына құлақ асқан Яковлев бұл идеяны біршама сәтті пайдаланып үлгерді. Әйтпесе, ол редакциясы Қытайда — бұрынғы Аспанасты еліне хабар тарататын редакцияда орналасқан «Общая газетаны» жарыққа шығара алмас еді. Қытайдағы аталмыш редакцияны Яковлев жекешелендіріп алды.
Сонымен, Яковлев мені шақырып алды.
— Достым, осы ісімізден нәтиже шықпайтын түрі бар. Өз адамдарыңның ортасына қайт.
— Оларға не демекпін?
— Ештеңе шықпады дегейсің?
— Қазақтар мені түсінбейді. Нәтиже шықпайтын болса, бастамау керек еді. Егер Тоқтамыс кезінде «Мәскеуді ала алмадым» десе, «Онда несіне жорыққа аттандың?!» деп жазғырар еді.
Барлық тиісті құжаттарды егемен елдердің үкіметіне жіберіп қойған едік. Сол себепті, мәселені дәл осы қалпында жылы жауып қоя алмадым. «Егер біз Достастық елдері болсақ, онда халықаралық мемлекеттік акционерлік компания құруымыз керек» дедім. Ол кезде «Бір ту — бір дауыс» принципінің аясында Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет Басшыларының Кеңесі жұмыс істеп тұрған. Олай болса «Неге барлық елдер тең дәрежеде ат салысатын телерадиокомпания құрмасқа?» деген ойға бекіндім.
Одан кейінгі жұмыстар өз ағымымен жүзеге асты. Алматыға оралдым, Терезенің жақтауына отырып алдым да, мемлекетаралық телерадиокомпанияның жобасын жасап шықтым. Ол кейін «Мир» деген атты иеленді.
Еуразияшылдық
1993 жылдың 20-маусымында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының эфиріне жол тартқан «Мир» телеарнасы өз жұмысын бастады. Барлығы әйтеуір бәр нәрседен бастау алады. Жер ғаламшарындағы тіршілік кішкентай биологиялық клеткалардан туындады, материяның бойына рух бітіп, адами келбетке ие болғанша миллиондаған жылдар өтті. Адамзат баласы да, тайпалар да өзара қарым-қатынастың, бірлесіп тіршілік етудің нәтижесінде өзіндік тарихтарын қалыптастырды.
Гумилевтің тарихи еңбектерінен соң Ресей мен орыс халқының этнос ретіндегі тарихи жолы талай жаңғыруларды бастан кешті. Моңғол-татар езгісі туралы әпсаналар жойылды. Ешқандай езгі болмағандығы анықталды. Оны Бирон ойдан шығарған, сарай төңірегіндегі тарихшылар одан әрі жалғастырып әкеткен.
Ресей империясының Британия мен Франциядан бір ерекшелігі, ол теңіз арқылы жасалған жорықтардың нәтижесінде құрылмаған. Орыс империясы ұзақ жылдар бойы құрлық арқылы жаяу, атпен жасалған жорықтардан қалыптасты. Өзіне тиесілі жерден залп шыққан сайын оларды күтпеген қысылтаяңдар қарсы алды. Татарлар, өзбектер, қазақтар сияқты халықтармен бетпе-бет келді. Кейбіреулерімен соғысуға тура келді, енді біреулерімен келісімге келуге тырысты. Ғасырлар алмасқан сайын орыс тілі де өзгеріске ұшырады, өзіне қосылған халықтар мен тайпалардың көптеген сөздерін қабылдады. Сондай сөздердің бірі ретінде «Пельмен» сөзін мысалға келтірейік. «Пельмен» сөзі орыс тіліне ХYІ ғасырдан кейін Ермактың жорықтарынан соң енді. Бүгінде осы тектес көптеген сөздер әдеби нормаға айналып кеткен. Біз олардың негізгі түбірі орыс тіліне тиесілі деп ойлаймыз, шындығында ежелгі түрік тілінен алынған. Яғни, орыс тілі Ресей құрамындағы көптеген халықтар үшін бөтен емес. Иә, ол империяның тілі, бірақ империя құрамындағы халықтардың баршасының элементтерін бойына сіңіргендігі ақиқат.
Америкалықтар жаңа континенттерге мұхиттар мен теңіздер арқылы жүзіп жетті. Үндістерден басқа ешкіммен қарым-қатынасқа түскен жоқ. Алайда, үндістердің өзі жатжерліктерге қарумен қарсы шықты, сол себепті оларды жойып жіберу қажеттігі туындады. Үндістердің өзі ғана емес, тілдері де америкалықтар үшін жат еді, сол себепті тілдік элементтерін мүлде қабылдамады деуге болады.
Халықтың тілі оның мінез-құлқынан хабар береді. Мәселен, қытай тілі жүздеген жылдардың ішінде өте аз өзгеріске түсті. Оның себебі, Қытай жаулап алған елдерін жер бетінен құртып жіберді немесе өзі ішіне жұтып жіберді.
Гачаевтің еңбектерінде этностардың табиғаты, тілі туралы көптеген мағлұматтар келтірілген. Ғалымның көзқарасына сүйенсек, халық дегеніміз бірінші кезекте — өмір сүрген географиялық ортасының, өткен тарихи тағдырының, басқа этностармен қарым-қатынастарының жемісі. Жаңа нәрселерге көз жеткізу үшін алдымен адамды зерттеп алған жөн. Ол үшін өзің өзгеруге тиіссің немесе басқа адамды өзгерту қажет.
КСРО халықтары ондаған жылдардың ішінде бір-бірімен қоян-қолтық араласып кетті, олардың тарихы да ортақ деп қарастырылды. КСРО-ның ыдырауы ұлттардың өзін-өзін танып білуге деген құлшынысын күрт оятты. Көп жағдайда ол әсіре ұлтшылдыққа да ұрындыруда. Мәселен, Украинада жоғарғы оқу орындарына арналған «Ғылыми ұлтшылдық негіздері» атты оқулық дайындалған көрінеді. Әйтеуір, дер шағында ақылға келіпті. Себебі, коммунизмнің ғылыми негізделмейтіні тәрізді, ұлтшылдық та ғылыми тұрғыда негізделмейді.
Осы орайда, Олжас Сүлейменовтың мына сөзі көкейіме оралды:
«Жаңа мемлекеттердің тарихи тәжірибесіне сүйенсек, ұлтшыл радикалдар жеңіске жеткен жерде халық жеңіліске ұшырайды. Ұлтшыл радикализм — саяси көрсоқырлықтың көрінісі...
Бүгінгі таңда Қазақстан жолайрықта тұр, бізге өз тарихымыздың негізгі дәуірлерін еске түсіру қажет.
ХYІ ғасырда Ресей қазақтарды жер бетінен құрып кетуден сақтап қалды. Осыны ұмытудың өзі күнә.
ХІХ ғасырда Ресейдің отарына айналдық. Біз оны естен шығарған емеспіз. ХХ ғасырда тарихымыз тығыз байланыста өрбіді. Қысылтаяң кезеңдерді де, жеңістерді де бірге өткердік. Әлем елдерінің көз алдында Ресеймен бірге еңсе тіктедік, тәуелсіздікті де Ресейдің қолынан алдық. Осыны жадымызда сақтауға тырысқан жөн.
Біз Ресейден метрополия ретінде өздігімізбен өмір сүре аламыз. Ресей де Қазақстансыз өмір сүре алады.
Алайда, болашақта алдағы уақытта тарихы өзара сабақтастықта дамыған егеменді мемлекеттер ретінде біз бір-бірімізге қажетпіз.
Егер осыны түсіне алмасақ, онда болашағымыз да жоқ. Кезінде екі елді данышпандар біріктірген жоқ, енді іргемізді білімсіздер ажыратпағаны жөн».
Ұлты тәжік, бірақ орыс тілінде таңғажайып поэтикалық сарында жазатын Тимур Зульфикаровтың да данышпандық сөздерін мысалға келтіре кетейін. КСРО-ның ыдырауын ол басқалармен салыстырғанда өте ауыр қабылдады. Оның үстіне, одақ құлағаннан кейін Тәжікстанда ұзақ жылдарға созылған азаматтық соғыс белең алып, қиын күндерді бастан кешті. Тимур Зульфикаровтың шығармасындағы дәруіш кейіпкер былай дейді:
«Тәжіктер!..
Бауырлас орыс халқы біздің бір-бірімен жауласқан тайпалардың арасына бұқар қамалы сияқты кедергі болып, олардың бір-бірін өлтіруіне жол бермеді.
Енді міне, жүз жыл бірге ғұмыр кешкен орыстарды ортамыздан қуып жібердік, олардың орнына келген қанқұйлы оқтар қарша борады.
Тегі жат қонақты құрметтемей, қуып шыққан халық өз бауырын өлтіруге барады.
Бауырым, сен Тәжікстанның ізгілікке толы кең даласы мен асқар тауларынан жүзіне күлкі үйірілген қонақтың аласталғанын қайдан көрдің?!
...Адамның өз бауырына қол жұмсайтын дерті бізге де келді, бауырым!..»
Тіпті, бауырына қол жұмсайтын дертке шалдықпаған республикаларға да империяның күйреуі ауыр соқты. Не істеу керек? Өткенді кері оралта алмайсың. Қолдан келетіні, КСРО-ны қайта оралтамыз деген уәдемен сайлауға қатысатын партияларға көңіл білдіру ғана. Сондай-ақ, империя тұсындағы игіліктерді де жадымызда сақтаған жөн. Империяны қайта жаңғырту мүмкін емес. Есесіне, бұрынғы КСРО-ның орнында Еуразия мемлекеттерінің толыққанды достастығын қалыптастыру шындыққа жанасатын және өте қажет дүние.
Бұл достастық қалай аталады? Әрине, КСРО деген атты иеленбейтіні түсінікті жайт. Оған халықтар да, мемлекет басшылары да келіспек емес. Халықтың көз алдында бұл атаудың да, оның негізінде жатқан социализм идеясының да қадірі қашқаны анық. Кеңестік типтегі социлаизмнің болашағы жоқ екендігі әлдеқашан дәлелденген. Бәлкім, Достастықты Ресей деп атау керек шығар? Жоқ. Өзінің тәуелсіздігін алған, енді қайтып тәуелділік қамытын кигісі келмейтін халық оған ешқашан келіспейді. Бұрынғы КСРО-ны орта ғасырдағы сияқты Тартария деп атауды ұсынғандар да табылды. Орта ғасырларда өмір сүрген саяхатшылар Тартария тұрғындарының сақал-мұртын қауғадай етіп өсіріп, үнемі қалың тон киіп жүретінін, үнемі беляш жейтінін, тондарының ішіне көгершін жасырып алатынын айтады. Тартария деген атауға ешкім қарсы шықпаған сыңайлы. Себебі, бұл ұсынысқа жеткілікті деңгейде маңыз бергендер де аз. Еуразия деген атауға да қарсылық білдіргендер табылды, себебі оны Назарбаев ұсынып отыр. Өткір тілділер: «Азиопа болсын. Мұнда Азияның үлесі Еуропадан анағұрлым артық» деген пікір айтады. Олар достастық құрамында Азияның жер аумағы да, цивилизациясы да үлкен екенін алға тартады. Жарайды, оның қалай аталарын болашақ көрсете жатар.
Қалай болғанда да, қазіргі таңда бірде-бір ұлттық телекомпания заманындағы КСРО телевидениесі таралған аумақты қамтуға дәрменсіз. Жалпы, ұлттық телевидение мен мемлекетаралық телевидениенің атқаратын қызметтері өзара мүлде сәйкеспейді, әңгіменің ашығы сол. Ұлттық телекомпаниялар әбден саясиландырылған; саяси тапсырыс берушілердің де, оны орындаушылардың да деңгейлері аса жоғары емес. Бағдарламаларын тамашаласаңыз, оның кімдердің мүддесі үшін қызмет ететіндігі, кімдердің тапсырысымен жасалғандығы айқын сезіліп тұрады.
Мемлекетаралық идеяны жеке бір мемлекеттің аясында жүзеге асыру мүмкін емес. ТМД-ның интеграциялану үрдісіне ықпал етуден ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Себебі, бұл үрдіс әбден кемеліне келген қақтығыстардың алдын алуға немесе оларды шешуге көмектеседі. Ол үшін елдердің арасында әлсіресе де, мүлде үзіліп қалудан аман мәдени, экономикалық қарапайым адами байланыстардың нығаюына ықпал ететін арна керек. Осы орайда, Еуразиялық идеяның да қаншалықты қажет екендігі айқындала түседі.
«Мир» идеясының достастықты нығайтуға, өзара кіріктіруге бағытталған саяси тұрғыдағы өзектілігін де ұмытпаған жөн. Оның үстіне, қазіргі таңда Достастықты, Ресейді ыдыратуды көксейтіндер аз емес. Мәселен, неге түрік халықтары мен славьян халықтарының арасын алшақтатып, басқа бір қауым құрмасқа?
Збигнев Бзежинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» атты кітабы бар. Аталмыш кітапта автор бұрынғы КСРО кеңістігіне геосаяси бөлшектену қаупі төніп тұрғандығын баяндайды. Мойындау керек, Бзежинскийдің болжамы негізсіз емес. Оның айтқандары ешқашан орындалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сөйтіп, Қазақстан, басқа да Орта Азия елдері Еуразияның Балқанына айналып, сыртқы күштерінің айдап салуының нәтижесінде ұлттық дүрдараздық белең алған, іштей бөлшектеніп, тоз-тозы шыққан Югославияның тағдырын қайталамасына ешкім бәс тіге алмайды. Оған қарсы тұрудың жолы қалай? Әскери одақтар құрған жөн бе? Өз басым саяси шешімдер ұсынудан аулақпын, алайда қазір алдын ала болжам жасайтын, алдын ала шешім қабылдайтын сәт туып тұр.
Еуразиялық идеяны орыс қоғамындағы жақтаушылардың бірі, «Заветные мысли» атты даналық еңбектің авторы - Дмитрий Иванович Менделеев.
«Орыс тарихының ең маңызды бөліктері адамзат баласының жаңа дәуірінде жасалды,— деп жазады Менделеев. — Біз латын-саксондық цивилизацияны Батыс еуропалықтардан кешірек қабылдадық. Дегенмен, осы цивилизацияның сарқытын Батыс Еуропа жұртынан көп сақтап қалғанымызды да ешкім жоққа шығара алмайды. Маған салса, бұл біз үшін пайдасын тигізеді, себебі біз географиялық жағынан алғанда қазіргі Батыс пен Шығыстың ортасында орналасқанбыз. Салыстырмалы түрде жас орыс патшалығы адамзат баласының екі маңызды бөлігін өзара байланыстыру міндетін атқара алады деген ойдамын. Біздің орталықта орналасқанымызға және Азия тарапындағы шекарамыздың шексіз кеңістікке созылып жатқандығына байланысты біз таяп келе жатқан әлемдік құбылыстарға дайын болуымыз қажет. Соның нәтижесінде елдігімізді сақтап, тәуелсіз дамуымызды жалғастыру үшін сыртқы күштерге тойтарыс беруіміз керек...»
Еуразиялық идеясы ең алғаш 1921 жылы «Исход к Востоку» атты эмигранттық мақалалар топтамасында көрініс тапты. Сол кезде Түркияда, Галлиополиде Врангельдің ақ әскерінің сарқыншақтарымен бірге болған Ресей университеттерінің оқытушылары мен профессорлары, офицерлердің ішіндегі ең зиялы өкілдері 1917 жылғы ақпан төңкерісі мен артынша орын алған азаматтық соғыстың себеп-салдарын зерделеуге тырысып жатқан еді. Аталмыш жинақта тұңғыш рет Ресей халықтары мен бүкіл Еуразияның болашақ тағдыры талқыланды. Бірақ онда айтылан дүниелер орындалған жоқ. Соған қарамастан, «Исход к Востоку» еңбегінің арқасында Еуразия Кеңістігіндегі Славян-түрік веномені туралы, Еуразия кеңістігінде этникалық даму деңгейі әртүрлі халықтар туралы, олардың өмір сүруге қабілетті екендігі туралы айтуға мүмкіндік туды.
«Мир» дүниеге келген сәттен бастап біз компанияның іс-әрекетіне байланысты құжаттарды, оның филиалында орындалып жатқан жаңалықтар туралы ақпараттық топтамалары жиі жарыққа шығарып келеміз: Мұның бәрі өзімізді өзіміз қадағалап, қабылдаған шешімдерімізді естен шығармай, оны қазіргі таңдағы іс-әрекеттерімізбен салыстырып отыру үшін қажет нәрсе.
Сондай ақпараттық топтамалардың бірінде «Исход к Востоку» еңбегінің авторларының бірі және құрастыруға да ат салысқан П.Н.Савицкийдің Лев Николаевич Гумилевқа жазған хаттарын енгіздік. 1959 жылы жіберілген хаттан аз-маз үзінді келтіре кетейін:
«Ежелгі көшпелілер — біз үшін қалай соғысу және жеңіске жету керек екендігінің (бір жауынгер жүз жауынгерге қарсы шыққан шайқаста болса да), өз дегеніңе қалай жету керектігінің, тұрмыс-тіршілігіңді, табиғи қалпыңды қалай сақтап қалудың зор мысалы.
Біздің дәуіріміздің мойнына түскен парыз — барлық салада батыстық өркөкіректіктің тамырына балта шабу. Дәл осы іске орыстардың көшпелілер туралы таным-түсінігі, зерттеулері көмектесуі тиіс. Көшпелілердің осы ұлы мұрасын орыстар қабылдап, болашақта тек қана кең байтақ далаларда ғана емес, барша әлемде көшіп жүруге тиіс...
Әлемдік тарихтағы орыс дәуірі табалдырықтан аттағалы тұр».
Бүгінгі таңда Еуразиялық идеяны қолдайтындардың қатары аз емес. Солардың қатарында Ресей мәдениет қорының төрағасы Никита Михалков та бар. «Мир» компаниясының Көркемдік кеңесінің төрағасы Рустам Ибрагимбеков біздің компаниямыздың идеясының өзі еуразиялық суперэтностың өзін-өзі сақтап қалуға тырысқан түйсігінен туындаған және оның маңыздылығы да осында деп санайды. Соның арқасында тарихта тұңғыш рет ТМД елдері өз күштерімен өз халықтарының бет-бейнесін қалыптастыруға, өздері туралы айтуға мүмкіндік алды.
Әзербайжан ұлтының өкілі ретінде Ибрагимбеков таяу болашақта өз халқының алдынан тосып тұрған құбылысты жақсы түсініп отыр. Ол еуразиялық және мұсылмандық дейтін екі суперэтностың арасынан (діни тұрғыда емес, этникалық тұрғыда) қайсысын таңдағанына байланысты, халықтың болашағы да сол бағытта өрбімек. Екі жол — екі түрлі тағдыр күтіп тұр.
Біздің компанияның болашақ тағдыры мен еуразиялық идеяға қатысты Шыңғыс Айтматовтың көзқарасы да түзу болды. «Мир»-дың телебағдарламарына қатысқан жазушы:
— Менің ойымша, ерте ме, кеш пе, бұл идея жеңіске жетеді. Біздің елдеріміз, халықтарымыз, аймақтарымыз ұзақ жылдар бойы ортақ тарихи жолдан өтті. Онда ізгілік те, қайырымдылық та көп болды. Соған қарамастан, қазіргі таңда біздер өзара интеграцияға түсуіміз керек.
Георгий Гачев Еуразия идеясының астарында Отан-Ана идеясының жатқандығын тілге тиек етеді. Осы о шеті мен бұ шетіне ат тұяғы жетпейтін құрлықта жатқан түрлі халықтар мен этностарды бір-бірімен байланыстыратын қандай күш? Еуразияның солтүстігінде шетсіз-шексіз шоқылар мен үстірттер жатса, оңтүстік беткейін жағалай тау белдеулері қоршаған. Асқар таулардың басынан етекке қарай, одан әрі жапан далаға қарай жөңкілген асау өзендер сияқты, осы ортақ кеңістікте этностар да батыс пен шығысқа қарай көшіп жүреді. Біздің климатымыз бірдей, бір-бірімізбен еркін түсінісеміз. Сол себепті Л.Н.Гумилевтің айтқан теориясы «Мир» телекомпаниясы қызметінің идеологиялық негізі болып табылады.
Эстон кинорежиссері Арво Ихо еуразия кеңістігіндегі құбылыстарды сырттай бақылауға әуес. Оның өз халқы Еуропаның пайдасына шешім қабылдаған, соған қарамастан кинорежиссер біздің компанияның идеясына үлкен қызығушылық танытты.
— Біздің Эстонияда империяның қайта құрылуынан қатты үрейленеді. Қанқұйлы құбыжықтың қайта оралуы мүмкін деген қауіп әлі сейілген емес. Өз басым «Мир» телеарнасының бағдарламаларының саясиланбағанын, жалғандықтан ада екендігін, барынша ізгілікті мақсаттарға бағытталғанын байқаймын,— дейді ол.
Кинематографистер одағы конфедерациясында «Мир» тұжырымдамасын талқылау барысында (1995 жыл, наурыз) саясаттанушы В.Пастухов мынадай ой айтты: «Біз осы жерде жиырмасыншы ғасырдың соңындағы ең ауқымды әрі ең амбициялы телерадиожобаның жаңғыруына куә болып отырмыз. Оның мойнындағы міндеттің аса зор екендігін және қамтитын аудиториясының соншалықты ауқымды екендігін ескере келгенде, бұл ТМД көлеміндегі ең ірі тәуекелдердің бірі болары анық».
Достарыңызбен бөлісу: |