Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет12/20
Дата28.01.2018
өлшемі4,03 Mb.
#34540
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20

Өшпенділік радиациясы

Біз қауіпті кезеңде өмір сүрудеміз. Біреулер жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық, шегірткелер шабуылы, эпидемия сияқты табиғат апаттарын ғаламшардың жағымсыз аурасымен байланыстырады. Екіншілері оған адамзатты кінәлайды. Нақтырақ айтқанда, ұланғайыр мемлекеттің күйреуі кезінде халықты дұрыс басқармаған, экономикалық, әлеуметтік үрдістерді жүргізе алмаған басшыларды жазғырады. Кінәні қай тараптан іздесек те, бұрынғы алып имперяның аумағында қазір оқ-дәрінің иісі бұрқырап, ірілі-ұсақты қарулы қақтығыстардың көбейгені шындық. Оның арты міндетті түрде экономикалық, этносаралық, діни қақтығыстарға әкеліп соқтырары хақ. Яғни, жаңа гуманитарлық дүрдараздықтар күшейе түспек. Жаңадан тұтанған Косованың ендігі мекен-жайы қай жерде?

Посткеңестік кеңістік біртұтас реттеуші ұйымынан, біртұтас идеологиясынан айырылып қалды. Орын алған және жаңадан пісіп-жетіліп келе жатқан қақтығыстар жас мемлекеттерді айтарлықтай зиян шектіруде. Қазіргі танымал мәдениеттанушылардың бірі Хантингтон діни материктердің қақтығысуы цивилизациялардың бірін-бірі жоққа шығаруына әкеліп соқтыратынын айтады. Мен үшін Вернадский, Сәтпаев, Гачев, Гумилев сынды ғұламалардың көрегендіктері маңыздырақ. Аталған ғалымдар этникалық энергия нәтижесінде орын алатын тарихи жаңғыруларды зерттеді, Еуразия кеңістігінде өткен ғасырларда өмір сүрген халықтар мен мемлекеттердің қалыптасу жолына жасалған талдауларға сүйенді.

Саясаткерлер ғалымдардың айтқанына құлақ аспағаны өкінішті. Бүгінгі таңда орын алып жатқан келеңсіздіктер - заманында ғалымдар сан мәрте қайталап айтқан болжамдарды дұрыс бағаламағанымыздың көрінісі. Этникалық энергия да ядролық энергия тәрізді. Кеңес Одағы құлағаннан соң орын алған ахуалдар алып радиациялық жарылыстың нәтижесі деуге негіз бар. Бүгінгі таңда біздер Хиросима мен Нагасаки трагедиясын үреймен еске аламыз, ядролық қаруды жасауға ат салысқан жандардың есіміне қара күйе жақтық, ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық құжат жасап, оған қол қойдық. Алайда, этникалық энергияның күш-қуаты әлі күнге назардан тыс қалып келеді. Ақиқатын айтсақ, Шешенстандағы соғыс — Чернобыль трагедиясының қайталанғанымен тең. Чернобыльдағы апаттың салдарынан радиация аумағындағы сансыз көп адам ауруға шалдығып, мутацияға ұшырағаны, тұтас деревнялар мен поселкелер бос қалғаны, халық экономикалық, психологиялық, экологиялық зардаптарды бастан кешкені мәлім. Осы тектес трагедия Шешенстандағы соғыстың нәтижесінде кезекті мәрте қайталанды.

Бұрын біртұтас құрылымға бағынған империя күйрегеннен кейінгі энергиялық жарылысқа қатысты қандай да бір шешім қабылдау қажет болатын. Әркім өзінің саласында, мәселен біздер — телевизия саласында апатты болдырмауға ат салысуға тиіспіз. Құлаған империяның орнында жаңадан бой көтерген мемлекеттер ақпараттың алаңында қандай аласапыран орын алады? Бұл аласапыранға тосқауыл қоюдың қандай жолы бар?

Қазіргі таңда ақпараттық құралдардың ішіндегі ең жетекші орын алатыны, Лениннің сөзімен айтқанда «Өнердің ішіндегі ең маңыздысы» — телевидение. Демек, Еуразияның ақпараттық кеңістігіне ортақ хабар таратушы ұйым қажет. Ол өзінің іс-әрекетінде адамгершілік, кәсіби бағыт-бағдарлы берік ұстанып, ешқандай саяси, нарықтық ықпалдардың бірде-біріне бой алдырмауы керек. Дәл қазір Еуразия аймағындағы халықтардың мәдени салтын сақтай отырып жұмыс атқаратын дәл осындай хабар тарататын ұйым өте қажет. «Мир» телекомпаниясының жарғылық құжатында осы идеология бекітілген.

Бұрынғы КСРО кеңістігінде әуел бастан тіршілік кешетін екі этникалық тұтастықтар өзара түсіністік табуға, не болмаса қақтығысқа түсуге тиіс. Екі этникалық тұтастық деп отырғаным — Еуразияның негізгі ұстыны болып табылатын түркі және славян халықтары. Шешенстан — ең негізгі күштердің қақтығысының шағын ғана көрінісі. Мұсылмандар мен христиандар емес, (осындай жағдай орын алуы да бек мүмкін, себебі қазір араларына іріткі салынып жатқан діни мәселе болашақта түркілер мен славяндардың іргесін ажырату мақсатына пайдалануы ықтимал), әуел баста территориялық, идеологиялық тұрғыда мемлекет ретінде қалыптасқан екі әлем, яғни, түркілер мен славяндар бетпе-бет келеді. Екі әлемнің қақтығысқа түсуіне олардың өздері мүдделі емес, әрине. Бұл Қытай мен Батыс елдері сияқты сыртқы күштер үшін тиімді. Көптеген фактілер осындай қорытынды жасауға итермелейді. Түркілер мен славяндар ортақ тіл табыса ала ма? Басты қауіп сырттан емес, іштен туындауы ықтимал екендігіне ой жібере ала ма?

Эйфорияға ерік берген Жириновский тектес кейбір саясаткерлер өздерінің мәлімдемелері арқылы бұрынғы КСРО халықтарының арасына сына қағып, Ресейдің ішінде де іріткі салуда. «Московский комсомолец» сынды газеттің арқасында «кавказ ұлты пішіндес» деген термин айналымға еніп кетті. Мен үшін аталмыш термин анықтайтын ұғым Чернобыль апатынан әлдеқайда жағымсыз. Бұл жай ғана шалағай әдеби сөз емес, Ресей Федерациясының әкімшілік-саяси тұтастығын бұзуға әсер ететін, Достастық идеясына нұқсан келтіретін құралмен тең. Егер осы тектес үрдістерге тойтарыс берілмесе, олар жақын арада табиғи түрде Орта Азия елдеріне де таралады. Православтық Ресейді мұсылман түріктерге қарсы қоюдың ақыры жақсылыққа әкеліп соқтырмайды. Олай дейтінім, Ресейдің құрамында түркі тектес халықтар жетерлік. Ресейдің ыдырауы... Орта Азия елдеріндегі дүрлігу... Осының бәрінің алдын алатын құрал бар ма?

Қауіптің алдын алатын құралдың қызметін екі этникалық қауымдастықтың өзара түсіністігі, бірінші кезекте бір-бірінің мәдени негізін құрмет тұтуы атқарады. Ал осы этникалық қауымдастық баршасына түсінікті орыс тілінің көмегімен тіл табысуға тиіс.

«Мир» телекомпаниясы жаңадан құрылған кезде шамамен осындай принцип компанияның жалпы тұжырымдамасына енгізілді. «Мир» Ресейдегі және Орта Азиядағы түркі, славян халықтарының өміріне енуі керек. «Мир»-дың ешқандай кедергісіз өнімді еңбек етуіне ең қолайлы аймақ, сөз жоқ, Қазақстан. Себебі, мұнда славян халықтарының да, түркі халықтарының да үлес салмағы шамалас, елдің тыныс-тіршілігіндегі саяси салмақтары да деңгейлес. Мен осы мәселеге қатысты бірнеше мәрте Нұрсұлтан Әбішұшы Назарбаевпен кеңестім. Ол менің бастамамды қолдайтынын жеткізді.

Қазіргі таңда «Мир» телекомпаниясының екі бірдей тірегі бар — Мәскеу мен Астана. Бір ұшы түркі әлеміне, екінші ұшы славян халықтарына жалғасатын осы екі тірек мүдделердің ара салмағын реттеп, екі тараптың арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұрады. Мұны экономикалық, саяси тұрғыда қалай ұйымдастырудың астарында көптеген маңызды шешімдер тұр. Ондай тиімді жолды тауып, таңдау жасап, жүзеге асыру қажет.
«Мир»-дың тоғыз қағидасы

Ресми құжат үшін бұл тоғыз қағиданың формасы да, мазмұны да әдеттен тыс нәрсе болып көрінеді. Жалпы, «Мир» телекомпаниясының өзі әдеттен тыс, өзінің арман-қиялдарына ой-санасы қалыптасқан кәсіби мамандарды, тәжірибелі телевизия мамандары мен радио мамандарын сендіре білген, және артынан ерткен қиялшыл адамның бастамасы. Сонымен, тоғыз қағида мыналар:

1. «Мир» — интернационал арна, сонысымен де ұлттық арналарға ұқсамайды. Достастықтың әр алуан еліндегі біздің қызметкерлеріміз түрлі тілдерде материалдар дайындауға қабілетті. Дегенмен, біз қазір бірінші кезекте орыс тілінде жұмыс істейміз; Бұл тілдің халықтарды, аймақтарды, мәдениеттерді жақындататын, Еуразия кеңістігінің жан-дүниесін айқара ашатын тіл болғанын қалаймыз.

2. «Мир» — билік биіктері мен өзімшілдіктен қашықта орналасқан мекен. Бұл биіктік пе? Жоқ, керісінше жазық дала. Көптеген адамдардың Отаны.

3. Біз мемлекеттік, саяси, ұлттық немесе қаржылық өзімшілдіктің құралы болуды қаламаймыз. Біздің мақсатымыз айқын әрі қарапайым — адамдар мен табиғаттың көзіне, құлағына айналу, сол арқылы өзімізді өзіміз тануға көмектесу.

4. Иә!


Ешкім ешқашан ешкімге ештеңе қарыздар емес.

Біз бір-біріміздің және Жаратушының алдында рақымшылықта, үмітшілдікте, махаббатта теңбіз.

5. Біз өзіміздің ең әлсіз досымыздан да әлсізбіз, сол себепті ең күшті дұшпанымыздан да күштіміз.

6. Алманың дәнегі сияқты, ақиқат та әрдайым қақ ортада орналасады.

7. Адамның ақылдылығы тұрғылықты мекен-жайына, жас мөлшеріне, лауазымына тәуелді емес. Адамның құндылығы оның жүрегі қандай екендігіне байланысты анықталады.

8. Сөздердің есігін жап та, жүрегіңнің терезесін айқара аш! Жүрегіңнің айнасы оянған сәтте, күл мен судан тұратын әлемде жоқ бейнелерге көзің ашылады. Бейнелерді ғана емес, суретшіні де, тағдыр кілемін ғана емес, оны тоқушыны да көресің.

Жалаладдин Руми.

9. «Бейбітшілік бақытқа бастайды» дегенді ең алғаш айтқан біз емес.


Картер

Мен біздің телерадиокомпанияның құрылуы мен буынын бекітіп, аяғынан нық тұрып етуіне көмектескен көптеген адамдарды айта аламын. Олардың ішінде бірқатар ТМД мемлекеттерінің басшылары да, танымал мәдениет қайраткерлері де (Біздің Көркемдік кеңестік құамына енгендерді тізбелей кетейін: Рустам Ибрагимбеков, Грант Матевосян, Ион Друцэ, Андрей Битов, Лариса Васильева сынды жазушылар, Игорь Лученок, Толибхан Шахиди сынды суретшілер, ақын Олжас Сүлейменов, кинорежиссерлерден Эльдар Шенгелая, Никита Михалков, Андрей Кончаловский, Михаил Беликов, Арво Ихо, Алексей Симонов, белгілі кинодраматургтер Реваз Габриадзе, Мар Байджиев, актерлер Майя Аймедова, Кирилл Лавров, Наташа Гундарева, философ Георгий Гачев, саясаттанушы Владимир Пастухов, тарихшы Айдер Куркчи, өнертанушы Анри Вартанов, Георгий Кузнецов пен Валентин Кузнецов сынды журналистер), белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері (бірінші кезекте Үйлестіру кеңесінің төрағалары — бұрынғы Тәжікстан Республикасы Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Зебо Амин-Задені, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасының Орынбасары Сергей Шахрайды атап өткім келеді) бар. Олардың баршасын «Мир» идеясындағы қызықтырған нәрсе өткен шақтың жарқын тұстарын аңсау емес, болашақтың мүддесі үшін қызмет ету еді.

Алыс шетелдердің басшыларының арасында да дос-жарандарымыз жетерлік: Солардың ішінен бірінші кезекте АҚШ-тың бұрынғы Президенті Джимми Картерге ерекше тоқталғым келіп отыр. Ол кісімен танысқан кезімде Картер Эдуард Сагаловпен бірге АҚШ-ТМД Радио мен телевиение саясаты жөніндегі екіжақты комиссияға басшылық жасап жүрді.

1991 жылдан бастап мен оның жұмысына ат салыстым. Жұмыс барысында бізге Элен Ицкевич жөн сілтеп отыратын. Осы бір тамаша әйел Атлантадағы Эмори университетінің профессоры, телевидение кафедрасының меңгерушісі, АҚШ-тағы ең тұңғыш жазылған кеңестік телевидениенің тоталитарлық сұмдығы туралы диссертацияның авторы. Бірде Мәскеуде мен оған:

— Элен, қазір саған қайталанбас сыйлық жасаймын. Сен өзіңнің кітабыңда қатыгездік империясындағы телевидениені басқаратын жауыз туралы жазғаның анық. Қазір екеуміз дәл сол адам жиі түскі ас ішкен үстелге барамыз, сен дәл сол Лапиннің орынтағына отырасың, — дедім. Алғашында ол менің сөзіме сенбестік танытты. Бірақ мен өзімнің «Мир»-дің төрағасы ретіндегі өкілеттігімді пайдаланып, оны Пятницкаядағы арнайы асханаға алып бардым. Біз Лапин тамақтанған үстелге жайғастық. Содан бері үстелдегі жайма да, шанышқы да жаңартылмаған. Даяшыдан кезінде Сергей Георгиевичке қалай қызмет көрсетсе, бізге де дәл солай қызмет жасауын өтіндім. Элен қатты таңғалды. Ол ешқашан АҚШ телевидениесінің ең басты идеологиялық қарсыласының орнында отырып ас ішемін деп ойламағаны анық...

Сонымен, Картер басшылық жасайтын комиссияның отырыстарында біздер бұқаралық ақпарат құралдарындағы демократияландыру идеясын талқыладық. Ашықтық емес, демократияландыру идеясын. Картермен Атлантада, Алматыда, Санкт-Петербургте өткен отырыстар барысында бірнеше мәрте жүздестік. Бірге ас ішіп, әңгіме-дүкен құратынбыз, әзіл-қалжыңға ерік беретінбіз, көңілді яки қуанышты оқиғаларды бірлесіп атап өтетінбіз. Әрине, ең бірінші кезекте комиссияны құру мақсатында көзделген мәселелерді кең отырып талқылайтынбыз.

Мен Картердің адами табиғатына үңілдім, қызмет барысында атқаратын әлеуметтік жұмысына байланысты киіп жүруге мәжбүр бетпердесіз, қарапайым адам ретіндегі мінез-құлқын түсінгендей болдым. Өзімнің ойымша, оны саясаткер, қоғам қайраткері болуға итермелеген ең басты қасиеті — әрдайым әділеттілікті жақтайтындығы. Осы әділеттілік сезімі оны Ақ үйге бастады.

Ақ үй қожайыны бола жүріп те, оны тастап шыққаннан кейін де ол екі империя арасындағы бір-біріне кезелген зымырандар мен атом бомбалары, екі арадағы көзге көрінбейтін темір перде жойылса да, әрібір екі империяның азаматтарының жүрегінде миллиондаған темір перденің сақталатындығын жақсы түсінді. Мұндай жағдайда не істеген жөн?

То знание мое, что ничего нет чернее черных дыр,

Сжирающих материю и даже свет,

что в множестве Галактик наша —

всего одна из них,

которую зовем мы Царствием Небесным,

страшит меня. Страшит меня.

Бұл ақын Джимми Картердің қаламынан туған өлең жолдары. Оның ақындығы туралы білетіндер аз. Картер 72 жасқа қараған шағында «Екшелген мәңгілік» атты тұңғыш жыр жинағын жарықа шығарды. Аталмыш жинақты менің ықпал етуім бойынша Фред Солянов пен Алла Николаевская орыс тіліне тәржімалады. Сосын «Мир» халықаралық телерадиокомпаниясы мен «ДИ-ДИК» баспасы бірлесе отырып, орыс тіліндегі нұсқасын жарыққа шығарды. Достастық елдеріндегі өлеңсүйер қауым да осы жаны нәзік данышпан адамның өзіндік әлеміне үңіле алады. Оның Американың оңтүстігіндегі Джорджия штатында орналасқан Плейнз қалашығында өткен балалық шағына саяхат жасайды, оның ой-толғаныстарынан хабардар болады.

Мен Джимми Картердің осы кітабына алғысөз жаздым. Неге жазбасқа? Ол Президент болса, мен де президентпін. Әрине, ол АҚШ президенті, мен болсам «Мир» компаниясының басшысымын. Есесіне, мен қазір де басқарамын. Оның үстіне, Картердің поэзияға терең бойлай бастағанына көп уақыт өтпеген, мен болсам поэзия әлемінің кәрі қасқырымын.

— Егер орыс тілінде басылып шығатын кітабыңызға алғысөз жазсам, қарсы болмайсыз ба?— деп сұрадым ол кісіден.

— Екеуміздің бірге жүргенімізге екі жыл өтті емес пе, жаз. Қайта бұл өте дұрыс болады деп үміттенемін.

Картерді әйелімен бірге, комиссияның барлық мүшелерін қосып Қазақстанға шақырғаным бар. 1992 жыл еді, заман бұлыңғыр, жаңадан иеленген егемендігімізді, қолға қонған тәуелсіздік атты бақыт құсымызды қалай пайдаланатынын білмей, барлығының аң-таң күйге түскен уақыты. Қазір ғой бағыт-бағдарымызды айқындап, еңсемізді тіктеп алдық. Ол кезде көп дүние әлі белгісіз, қалың тұман құшағында еді.

Оған дейін Картер әлемнің талай елін аралапты, бірақ Қазақстанға бірде-бір мәрте жолы түспеген. Қазақ жеріне табан тигізісімен ол Алматының әлемдегі ең әсем қала екендігіне шүбәсіз иланды.

— Сіз мені риза қылу үшін айтып тұрған боларсыз,— деймін оған.

— Жоқ, сіз менің сөзіме сеніңіз,— дейді ол. Әлемнің талай әсем шаһарларын аралаған адаммын, тіпті олардың санынан да жаңылдым. Бірақ дәл Алматы сияқты көрікті шаһарды бұрын-соңды ешқайдан кездестірген емеспін.

Бір жағынан, жасы егде тартқан, ой тоқтатқан адам, өтірік айтатындардың қатарынан емес. Оның үстіне, мені алдамауға тиіс. Маған өтірік айтып қайтеді?...

Джимми Картер 75-ке толғанда «Өз өмірімде Сіз сияқты жаны жайсаң адамды сирек кездестірдім...» деп жазып, құттықтау хат жібердім.

Картер екеуміздің жолымыздың тоғысуына себеп болған комиссияның жұмысын баяндасам, бұл жұмыс оңайға соққан жоқ. Біз өзіміз үшін болашақ хабар тарату саясатын жасадық. Отырыс барысында мен кеңес тұсында қалыптасқан өмір салтын бұзуды насихаттау барысын «демократия» терминімен атаудың қажет еместігін бірнеше мәрте айттым. Өкінішке қарай, «Еркіндік», «ашықтық» сынды ұғымдар бұған дейін өзіндік өмір-салтын ұстанатын, әйтеуір бір мақсаттың жүзеге асатындығына сенетін адамдардың дүниетанымын түпкілікті бұзу үшін пайдаланылды. Әрине, мен демократияның салтанат құрғанын жақтадым, бірақ ол демократия біздің халықтың таным-түйсігіне, біздегі қалыптасқан ахуалға сай болуға тиіс еді. Кеңес билігі тұсында ұланғайыр аймақта жатқан мәдениеттері әр түрлі, алуан түрлі этностар топтасқан кеңістікте қандай да бір байланыс, ақпарат алмасу жолы қалыптасты. Қазіргі қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, заманауи электронды техниканың, спутниктік технологиялардың көмегімен бұрынғы байланыстарды сақтап қалып, оны жаңаша дамытуды жалғастыра беру қажет.

Картер мен Сагалаев басқаратын комиссия құжаттары «Мир» телекомпаниясының көп жағдайда шешуші принциптері мен стратегиясын айқындады, тіпті оны құру идеясының туындауына түрткі болды.

Картер 1994 жылдың қыркүйек айында Санкт-Петербургтегі филиалдың студиясында берген телесұхбатында:

— Мен біздің Комиссияның жұмысы «Мир» телерадиокоманиясы сынды таңғажайып кәсіпорынның құрылуына себепкер болғандығы туралы әрдайым мақтанышпен еске аламын,— деп атап өтті.

Өз кезегінде, мен де екеуміздің осы компанияның өмірге келуіне ықпалын жасаған жүздесулеріміз туралы шынайы алғыспен еске аламын.

1994 жылдың қыркүйек айында Санкт-Петербургтегі комиссияның кездесуінде оның заманауи телевидение мен радионың тәуелсіз хабар тарату принциптері жөніндегі ұстанымы жасалды. Ол былайша көрініс тапты:

«Қазіргі замандағы мемлекет ішіндегі тұрақтылық шын мәніндегі тәуелсіз хабар тарату дегеннің не екендігін түсіне білу деңгейіне байланысты қалыптасады. Егер мемлекетте тәуелсіз хабар тарату жүйесі болмаса, онда қарапайым азаматтар билікке, биік институттары мен оның іс-әрекетіне деген сенімінен айырылады. Ақпарат алмасу еркіндігі үкіметке азаматтарының көзқарасы бостан әрі қоғамның тыныс-тіршілігіне белсенді араласатын дамыған мемлекет құрға көмектеседі. Жаңа тарихқа сүйенсек, үкіметтің ақпаратты басқаруы ақырына дейін сәттілік әкеле бермейді».

Осы айтылғандардың барлығы бірдей «Мир» телекомпаниясына қатысты емес: Біз Достастық елдеріндегі бірде-бір мемлекетке тиесілі емеспіз. Біздің көптеген құрылтайшыларымыз бен қаржыландыратын көздеріміз бар, оның ішіне коммерциялық жобалар да кіреді. Интеллектуалдық меншікті айтпағанның өзінде, телекомпанияға тиселі дүниенің қомақты бөлігін біздер өзіміз жасадық. Сол себепті, жеке меншік және белгілі бір мемлекеттің аясында жұмыс істейтін мемлекеттік-акционерлік телекомпаниялар сияқты, біз де өзіміздің хабарамыздың тәуелсіздігін мойындағаннан кейін ғана қызмет көрсете аламыз. Бірақ жеке мемлекеттерге емес, бізге өз территориясында құрылтайшылық жасаған елдердің әрқайсысына. Біз халықаралық эфирге осындай ұстаным негізінде шықтық, сол арқылы еуразия достастығында тұрақтылықтың орнауына қызмет етудеміз.


Хроника

Орнаған заманнан мықты ештеңе жоқ деген пікір бар. Идеяның жөні бір бөлек. Алайда, оның іс жүзіне асуы үшін үкіметтік және үкіметтік емес мекемелердің талайының табалдырығын тоздырып, оларды соған сендіруге, өз бастамаңның дұрыстығын дәлелдеуге, тау-тау ресми қағаздарды толтыруға, өзіңді қолдайтын жақтастарды тартуға (қуанышқа орай, олардың қатары аз емес болып шықты), дер шағында керек жерден табылуға тура келеді екен.

Төменде «Мир» телекомпаниясының дүниеге келуімен байланысты хроника, оны жүзеге асырудағы негізгі баспалдақтар, ең алғаш эфирге шыққанға дейінгі аралықты қамтитын қиын-қыстау кезеңдер берілген.

1992 жылдың 20-шы наурызында Киевте ТМД-ға мүше елдердің басшылары — Армения, Белорусия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Украина Президенттері Халықаралық Хабар тарату компаниясын және Еуразиялық хабар тарату Одағын құру туралы туралы шешім қабылдады.

1992 жылғы 15-ші мамырда Мәскеуде өткен Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы және Тәжікстан мемлекеттерінің ұлттық телерадио ұйымдары басшыларының жиынында Мемлекетаралық телерадиокомпаниясының (МТРК) Тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ, аталған жиында МТРК-ның құрылтайшы-мемлекеттерінің ұлттық телерадиоқұрылымдарының Өзара іс-әрекеті мен ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс жағдайы қабылданды.

1992 жылдың 9-шы қазанында ТМД-ға мүше мемлекеттер — Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан Президенттері Мемлекетаралық телерадиокомпания құру туралы Келісімге қол қойды.

1993 жылдың 22-ші қаңтарында Минскіде Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің үкімет басшылары Мемлекетаралық телерадиокомпанияның жарғысын және компанияның құрылтайшы мемлекеттерінің өкілетті өкілдерінен жасақталған Құрылтайшы комитетінің құрамын бекітті. Дәл сол күні ТМД-ға мүше мемлекеттер Үкіметтерінің кеңесі Қазақстан Республикасының өкілетті өкілі Ғаділбек Мінажұлы Шалахметовты мемлекетаралық телерадиокомпанияның төрағасы етіп тағайындау туралы хаттамалық шешім қабылдады.
Команда

Компания директоры болғаннан кейін Минскіден Мәскеуге орала салысымен мен телевизия саласында жұмыс істейтін ерлі-зайыпты журналистер, өзімнің дос-жарандарым Гера Кузнецов пен Ира Петровскаяның үйіне қонуға келдім.

— Иә, енді не істемек ойың бар?— деп сұрады олар.

Эйфорияға бөленген мен біздің телерадиокомпанияның қандай болатындығы, оның алдында қандай ұлы міндеттер тұрғандығы, қандай жарқын болашақ күтіп тұрғандығы туралы айтып шықтым. Хабар таратуға дайындық барысында құшақ-құшақ құжаттар даярлауға, шешімдер қабылдатуға, келісімдер жасасуға тура келетіндігін ол кезде көзіме елестете де алған жоқ едім. Гера мен Ира ақылмандық танытып, менің алып-ұшқан көңілімді су сепкендей басуға тырысқан жоқ. Сірә, өмір бәрін өзі үйретеді десе керек.

Сонымен, қолымдағы мандатпен Мәскеуде жүрмін. Мандат пен МТРК құру туралы қаулыдан басқа ештеңем жоқ. Бірақ қасыма өзімді қолдайтын пікірлестерімді топтастыратын уақыт келгенін түсінемін: біз біріккенде ғана бұл идеяны соңына дейін жеткізе алатынымыз айдан анық еді. Ол үшін аппарат, қаржы, кәсіби мамандар қажет.

Қаражатсыз ештеңенің шешілмейтіні басы ашық мәселе: қаржыгер қажет. Өзімнің ескі танысым Инесса Максимовна Канукованы есіме алдым. Мен Қазақстан телевидениесінде бірінші орынбасар, ол Мәскеуде Мемтелерадиокомитеттің жоспарлау-қаржыландыру бөлімінде бірінші орынбасар болып жүргенде тығыз байланыста жұмыс істеген едік. Негізгі мамандығы бойынша ол электронды техника инженері, өмір бойы телевидениеде жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын Байланыс министрлігінде бастаған. Телеорталық салу жұмысының басы-қасында жүрген (50-ші жылдардың соңында аталмыш жұмыс КСРО бойынша қарқыны жүргізілген-ді). Сондай-ақ өзі туып-өскен Осетияда жаңадан салынған телеорталықта бас инженерлік қызмет атқарған. Кейін біраз тәжірибе жинақтаған Канукова Мәскеуге қайта оралып, жоспарлау-қаржыландыру бөліміне орналасқан еді.

Қайта құру басталысымен жоғарыдағылардың назарына телевидение саласына коммерциялық принциптер керектігін жеткізген жандардың бірі. Жалпы, 1987 жылға дейін кеңес телевидениесі жүз пайыз бюджеттік болатын. Кинотеатрлардың репертуары, шырша тойлары кезіндегі қауіпсіздікті сақтау ережелері, тағы да сол сияқты жарнамалар берілген күннің өзінде ол тегін жасалатын. Коммерциялық жарнамалар мүлде жоқ, оның үстіне жарнамалайтын да не бар? Дүкен сөрелеріне жаңадан түскен дүниелерді сол мезетте жапа-тармағай талап алады. Телевидение жұмысшыларының да жағдайы мәз деп айта алмайсың. Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап келген редактор 110 сомға жұмыс істеуге көнеді, жиырма жылдан кейін ғана көп болса 130 сом жалақысы бар жұмыс иеленеді. Шынын айту керек, кей-кейде қаламақы табуға мүмкіндік туады, бірақ сол қаламақының өзі тұрақты жалақының елу пайызынан аспауға тиіс.

Телевизия басшылары туралы айтсақ, олардың өздері де ешқашан коммерциялық арнаға бет бұруды аса қолдаған емес. Себебі, баршасы кеңестік тәлім-тәрбиені бойларына сіңіріп өскен адамдар, ең басты парызымыз идеологияға қызмет ету деп біледі: ақша туралы ойлаудың өзі ұят нәрсе деп санайтындар. Сол кезде Канукова аймақтар бойынша жиын өткізді (Новосібірде өткен сондай жиындардың біріне мені әскери жиында жүрген жерімнен тікелей шақыртып алды. Министр болсам да, әскери жиыннан қалыс қалмаған едім). Әрбір жиын сайын жұртшылықтың санасына мынадай түсінікті сіңірді.

— Ақша табудың ешқандай ұяттығы жоқ. Үйге құр қол оралу ұят. Балаларыңа жүзім, әйеліңе иіссу сатып әперетін ақша таба алмасаң, нағыз ұят нәрсе сол.

Бір айта кетерлігі, күні бүгінге дейін Инесса «Мир» компаниясындағы бюджет қаржысына ғана үміт артып отыратын директорларға қол қусырып отырмай өз бетінше бизнес жасау керектігін жалықпай үйретіп келе жатыр.

— Бизнеспен айналысу ұят емес. Біреуден ұрлау немесе қол жайып ақша сұрау ұят,— дейді ол.

Біз кездесетін кезеңде ол құлаған Мемтелерадиокомитеттен кетіп, Радио және телевидение қауымдастығын басқаратын. Мен оны Құрылтайшылар комитеті отырыстарының біріне қонақ ретінде шақырдым. Құрылтайшы мемлекеттердің өкілетті өкілдері Құрылтайлық келісімшартты талқылап, әрбір үтір-нүктесіне шұқшия үңіліп жатқан еді. Табиғатынан мінезі қызба Инесса бұл отырыстан тез жалығып кетті.

— Жігіттер, — деді ол. — сендер өз перзенттеріңді дүниеге әкеліп жатыр емессіңдер ме! Сендер неге осы міндеттеріңді соншалықты күшке салып, дұрыс атқармай отырсыңдар? Мына түрлеріңмен іс бітпейді. Бірінші кезекте ең маңызды істі бітіріп алыңдар. Ал қазір ең маңыздысы — компанияны құру. Қазір менің отаным соғыс құшағында қалды. Егер осы телеарна соғысты тоқтатуға сәл де болса көмегін тигізсе, онда мен сіздер үшін тегін жұмыс істеуге дайынмын.

Жиналыс тәмамдалысымен Канукованы кабинетіме қамап алдым:

— Қаржы жөніндегі орынбасарым болуға келісіміңді бермейінше, ешқайда шығармаймын.

Ол біраз кібіртіктеді. Әрине, компанияның идеясы оны қатты қызықтырды, бірақ қазір өзінің Қауымдастықта жұмысы бар.

— Келісім бере алмаймын. Менің артымда әріптестерім тұр, — деді ол бастапқыда.

Ойлана келе, түн ортасында барлық адамдарына телефон шалып, шұғыл жиналысқа шақырды. Нәтижесінде, компанияға өзімен бірге істейтіндердің барлығын алып келді. Инесса тек сауатты, өз жұмысының білгірі болып табылатын адамдармен ғана жұмыс істейтін.

Қазір Инессамен бірге істегендердің баршасы «Мир»-да: бас бухгалтер Наталья Григорьевна Гамбурчева, оның орынбасары Алла Григорьевна Громова, бухгалтер Валя Челикова, менің хатшым Наташа Ибрагимова және Валерий Николаевич Тюменев сынды адамдар. Валерий Николаевичке әңгімемнің келесі бөлігінде кеңірек тоқталып өтемін.

Мәскеуде, сонымен қатар Достастық елдеріндегі филиалдарда жұмыс істейтін жандармен әуел бастан дұрыстап сөйлесу керек екендігі белгілі еді. Республикалар өз адамдарын тағайындайды, бірақ олардың барлығы бірдей жұмысты ойдағыдай алып кете алмауы мүмкін. Сонымен, Валентин Иванович Махонинді қасыма шақырып алдым, кадрларды ұйымдастыру жұмысын түгелдей сол кісіге табыстадым.

Махонин Кеңес Одағының көлемін талай шарлаған адам: Бала кезінде Красноярскіде әскери қызметте істеген әкесімен бірге біресе Башқұртстанға, енді бірде Қырымға сапар шеккен. Қысқасы, Отаны әкесін қайда жіберсе, сол жерден табылған; Ленинград университетінің журналистика факультетін радио тілшісі ретінде тәмамдаған. Украинаны, Белоруссияны жақсы біледі, екеуміз 1970-ші жылдардың басында Қазақстанда танысқанбыз; Журналист ретінде еңбек жолы басталған Молдованы жатқа біледі. Жетпісінші жылдардың орта шенінде Мәскеуге, «Турист» радиостанциясына жұмысқа орналасқан. Ресейдің қалалары мен ресейлік радиодан жақсы хабардар екендігі күмән тудырмайтын адам.

Сексенінші жылдардың соңында Махониннің тағдырында күрт бетбұрыстар орын алды. Ол ойламаған жерден шенеуніктік лауазым иеленді. Алдымен жергілікті телевидение мен радиохабар тарату бас басқармасы бастығының орынбасарлығына тағайындалды. Сосын КСРО Мемтелерадиокомитет Кадрлар басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына келді. Махонин осы қызметте жүріп талай игілікті істерді жасап үлгерді. Бірнеше жүз адамның жұмыс орындарын сақтап қалуға себепкер болды. Сол кезеңде жаппай қысқарту белең алып, талай өз ісінің кәсіби мамандары көшеде тентіреуге мәжбүр болғаны белгілі. Махонин білікті радио мен телевидение мамандарын қысқартудың қайшысынан аман қалып, жұмыс орындарын сақтауына ықпалын тигізді.

Тоқсаныншы жылдардың басында екеуміздің жолымыз тоғысқан сәтте Махонин шенеунік ретінде берік орныққан адам еді. Мен болмасам, шенеуніктік қызметін одан әрі жалғастыра беретіні анық. Қызмет барысында оған «Останкино» телерадиокомпаниясын мемлекетаралық телерадиокомпанияға айналдыру мәселесі бойынша жиналыстар ұйымдастыру міндеті жүктелді. Бұл мәселенің нәтижесін жоғарыда айтып өткенмін. Дегенмен, Махонинді біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптыру идеясы қатты қызықтырғаны соншалықты, ол бізге жұмысқа келуге ойланбастан келісімін берді. Оның үстіне, бұған дейін талай тәжірибе жинақтағандықтан жаңа жұмысқа толықтай дайын еді.

Өз командамды топтастыра жүріп, мен біз үшін бірінші кезектегі маңызды іс барша құрылтайшы мемлекеттермен арада тұрақты байланыс орнату, жоғарғы лауазымды адамдардың арасында МТРК-ның мүддесін қорғау екендігін жақсы түсіндім. Достастық құрамындағы бірқатар мемлекеттерді құрылтайшыларымыздың қатарына жаңадан қосып, енді біреулерін номиналды құрылтайшылықтан шынайы құрылтайшылыққа айналдыру қажет еді. Оңай жұмыс емес, қыруар уақыт пен біліктілікті, төзімділікті талап етеді, оның үстіне жоғарғы билік саласының тетіктерінен жақсы хабардар болу қажет. Компанияның салмақты негізі, қалыптасқан беделі бар болса жақсы. Ал жаңа құрылып жатқан бізді кім біледі? Сонымен, тәуекелге бел буып, көмек қолын созатын лайықты адамдары сұрастыра бастадым. Лазуткин маған Александр Иванович Беликовқа хабарласуға кеңес берді.

Бір қызығы, біздің компанияға келген адамдардың басым бөлігі өзін-өзі қалыптастырған, біліктіліктерін дәлелдеген жандар. Америкалықтар ондай адамдарды «селф мейд мен» деп атайды. Бәлкім,бұл менің өзім осы тектестердің қатарынан шыққаныма байланысты шағар. Канукова, Махонин, 6 жасында туған ауласында еңбек жолын бастап кеткен Беликовтар «сен тұр, мен атайын» дейтіннің нағыз өздері еді. Беликов түбіт мұрт бозбала кезінде дене шынықтырудан нұсқаушы болып, фабрикадағы өзінен жастары екі есе үлкен жүздеген адамға нұсқау берген. Жастайынан талай жауапкершілікті жұмыстарды атқарып, әбден шыңдалған адам. Сол себепті облыстық пединституттың филологиялық факуьтетін тәмамдағаннан кейін кафедрада қалмай, өз еркімен Якутияға аттанған, сондағы аудандық орта мектепте сабақ берген. Якутияда журналисттік қызметін бастаған, кейін мәскеулік газеттерде жүріп біліктілігін арттырған. Уақыт өте келе журналистика факультетін бітіруге де мүмкіндік тауыпты. Кейінірек КПСС Орталық Комитетіне, одан әрі КСРО Президенті аппаратына қызметке шақырылған адам.

Беликов Брежневтің, Горбачевтің жанына еріп жүріп посткеңестік мемлекеттердің, алысты-жақынды шетелдердің талайына ат шалдырған. Айтпақшы, мемлекет басшыларымен сапар шегіп жүріп талай мәрте қызықты оқиғаларға да тап болыпты. Бірде Брежневпен бірге Ташкенттегі авиациялық зауытқа жолы түседі: Бас хатшыны өз көздерімен көріп қалуға ұмтылған жұрт арнайы металл көпірдің үстіне жиылса керек. Қыруар адамның салмағына шыдамаған көпір құлап кетіп, жұрт тура қадірлі меймандардың үстіне жығылады. Сол оқиғадан талай адам мертікті, Брежневтің иығы сынады. Беликов те сау қалмаған. Брежнев сынған иығы қатты ауырса да, телекамералардың алдында сыр білдірмей, шыдап бағыпты. Осы оқиға туралы ешбір жерде бір ауыз айтылған емес...

КСРО күйрегеннен кейін жұмыссыз қалған Беликов қол қусырып қарап отырған жоқ, жеке ақпараттық агенттік ашты. Табысы да жаман емес. Сол мезетте оған мен хабарластым, жаңадан бастаған ісін тастап, біздің компанияға келуге көндірдім. Компанияның болашағына сенсе керек, ұсынысымызды бірден қабыл алды.

Қолдаушыларды іздеу барысында бұрындары бірге жұмыс істескен адамдарды есіме алдым. Ертеректе Өскеменде журналистік тәжірибем жаңа жинақтала бастаған кезеңде жанымнан табылған Надя Белканова есіме түсті. Надяны тауып алдым.

— Не істеп жүрсің?

— Үйдемін. Немеремді тәрбиелеп жатырмын. Мен қазір әжемін ғой.

— Телевидение ше?

— Қайдағы телевидение? Немеремді бағып-қағып, жөргегін тазалайтын уақыт келді емес пе?

— Ондай әңгімені қой. Орамалыңды таста, пимаңды шеш! Компания құрамыз. Сені «Мир» телевидениесінің директорлығына тағайындаймын.

— Не айтып тұрсың? Менің анам науқастанып жатыр. Үйдегі жұмыстарым басымнан асады.

Ақыры көнді. Арнаның идеологиясын жасауды, одан соң эфирді дайындауды өз қолына алды. Ол «Мир» арнасында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді, компанияның аяғынан тік тұрып кетуіне қолынан келгенше үлес қосты. Қазір Надяның қызы Лена да бізге жұмысқа орналасқан. Көрермендер хаттарына шолу жасайды.

Компания құрылған кезеңнен бастап заңгерлікке Михаил Евгеньевич Суханов келді. Жас заңгер, бізге дейін халықаралық жұмыста тәжірибе жинай қоймаған, бірақ компания жұмысы барысында оны тез меңгеріп алды. Ол халықаралық заңнаманы көп оқыды, үкімет басшыларының шешімдерін дайындауға ат салысты. Бұл арнайы регламент пен хаттаманы талап ететін өте күрделі іс.

Атап айтар болсақ, Cуханов ТМД құрылымдарымен жұмыс істеуді жақсы үйренді. Стокгольмдегі Еуропа соты сияқты, оның тағы бір баламасы Минскіде де бар. ТМД-тағы экономикалық соттың тарихы тереңде болмаса да, «Мир» үшін де, басқалар үшін де көптеген маңызды шараларды атқарды. Мәселен, бізге мемлекетаралық келісім бойынша берілген жеңілдіктер атқарушы құрылымдағы шенеуніктердің біріне ұнамады делік. Олар басқа компаниялар үшін әдеттегі нәрсе болып табыатын салықты бізден де талап етуі мүмкін. Салық алушылар қаражаттың басқа торапқа кетіп жатқанына наразы, әрине. Олардың бұл талаптарының заңдық негізі жоқ, бірақ құқықтық мәдениет біздің табиғатымызға әлі ендеп ене қоймағаны мәлім. Сол себепті, олар да өз несібелерін қарпып қалуға тырысады. Қысқасы, ТМД-ның Экономикалық соты Президенттер қол қойған, халықтардың стратегиялық мүдделеріне тиімді арнайы шешім бар екендігін олардың есіне салады. Яғни, салық суыртпақтағысы келгендер заңның сызығынан аттамауға міндетті.

Экономикалық сот біздің компания мен оның филиалдарының Достастық елдерінің аумағында өмір сүріп жатқан жағдайын қарастырды. «Резидент емес» деп аталатын термин бар. Бұл термин қандай да бір тұлғаның немесе заңды тұлғаның өмір сүруге ерекше жағдайға ие екендігін, ұлттық заңнаманың аясына жатпайтындығын білдіреді. Мәселен, тұлғаның мәртебесі оның ір мемлекеттің аумағында тұрып, сол елдің азаматы болмаса да жұмыс істеуге құқығы бар екендігін айқындайды. Мен бір елдің азаматы бола тұрып, екінші бір елге салық төлеуге міндеттімін бе?

Сот біздің компанияның халықаралық заңды тұлға болып табылатындығы туралы шешім шығарды. Сот осы шешімі арқылы «Мир» компаниясының басқа да халықаралық құрылым сияқты Достастық құрамындағы қандай бір елдің құқығына емес, құрылтайлық жарғыда көрсетілген өзіндік құқығына бағынатындығын бекітті.

Өмір көптеген мәселелер тек қана төрелік сот (арбитражный суд) арқылы шешілетіндігін көрсетті. Компанияның иммунитеті туралы мәселе де солай шешімін тапты. Іс жүзінде бұл бірде-бір биліктің атқарушы органы, мысалға салық инспекциясы компанияның келісімінсіз оның ішкі істеріне араласа алмайтындығын аңғартады. Тексерістердің кез келген түрі компанияның рұқсатымен ғана жүргізіледі. Соған қарамастан, компаниияға ондай келісімге құқық бермейтін жайттар да жиі ұшырасатындығын айта кеткен жөн. Заң тілімен айтқанда, ондай себептер де жетіп-артылады.

Қазіргі таңда бізге аса зор әлеуметтік, саяси жауапкершілік жүктеліп отыр. Сол себепті бізді коммерциялық құрылымдардың қатарынан көргісі келетін органдардың құрсауынан азатпыз. Біз өзімізге құрылтайшы болған жоғарғы мемлекеттік құрылымдарға ғана бағынамыз.

«Мир» құрылғаннан бергі аралықта зулап өте шыққан жылдарға қарап отырып, жұмысты бірге бастаған адамдардың барлығына жуығы әлі күнге дейін компания қабырғасында жүріп жатқандығын айта кеткім келеді. Әрине, кішігірім келіспеушіліктердің орын алып тұруы заңдылық, бірақ мен бір нәрсеге сенімдімін: компанияда жұмыс атқаратын адамдар өз ісіне адал берілгендер, кәсіби мамандар, адал адамдар. Олар ешқашан өздеріне тиесілі емес дүниеге қол сұқпайды, Бюджеттің аз-мұз қаражаты мен коммерциялық табыстарға көз алартпайды. Біз компанияның іргесі қаланған сәтте маңызды іске арналған ақшаның маңызды істен бөлек нәрсеге жұмсалуына жол берілмейтіндігін ашып айтқан болатынбыз. Оны талан-таражға салуға да, жолай біреу-міреудің, бірінші кезекте өзіміздің қалтамызға түсуіне ешқашан жол бермейміз.



Каталог: bitstream -> handle -> 123456789
123456789 -> Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №5 (84) 2011
123456789 -> Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы
123456789 -> Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу
123456789 -> А. Ж. Кунанбаева
123456789 -> Б. О. Джолдошева из Института автоматики и информационных технологий нан кр, г. Бишкек; «Cинтез кибернетических автоматических систем с использованием эталонной модели»
123456789 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет