03.08.2007 ж.
Орман елінің ішіне де ендік. Ұлан-Уде түн жамылып артта қалды Орхон енденіп Селенгі атанды. Байкалды таулы орман қоршаған, жан-жақтан андағайлаған бұлақтар жамырап кеп құйылып жатыр. Толқынға 5-6 метр қалғанда суға су тікелей қосылмай, тасқа сіңіп барып қосылады екен. Қалың қайың, қарағай, шілік ұйысып тұр.
Байкалдың Қолтығын – Колтучная деп атайды екен. Қолтықтан жоғарылап, екі тескен таудан өткеннен соң поезд жолы биікке көтеріледі екен. Міне, сол кездегі Байкалды көрсеңіз есіңізден танасыз. Қарсы алдыңда қос белбеулі бұлтты беліне белдік етіп орап алған қос қатпарлы тау. Төменде айдыны жарқыраған тұнық Байкал. Жиегі аспанмен сіңісіп кеткен. Ал, оң-солың орман, орман және орман... Тауды иықтап барып өзенді бойлап құлдилады. Әр қолтықта - үй. Омарта, саябақ, деревня, демалыс орны, қарағай кесушілер. Бұндағыларға Мәскеудің керегі де жоқ сияқты. Орман жамылған үйлер...
Таза ауадан тұншығып өлуге болады.
Содан төмендеп түс ауа жазыққа түстік. Орман, үй және картоп егілген алаң. Мал, шабылған шөп дегендер көрінбейді.
Батысқа қарай батқан күнді куып келеміз. Иркутскіні ұйықтап өткізіппіз. Евтушенко туған Зима станциясынан өттік. Енді түнделетіп бір вагонда Әмина және бір голланд үшеуміз ғана. Ағылшындар Иркутскіде түсіп қалыпты
04.08.2007 ж.
Тәңертең Красноярскіден өттік. Қызыл жар десе – қызыл жар екен. Ойлы, қыратты жерге орналасыпты. Мұнда қуатты өнеркәсіп пен теміржол торабы өктем екені көзге басылады. Әр қыраттың қойнауында шоғыр-шоғыр үйлер. Қыста қара түтін буып тұратыны байқалады. Таңертеңгілік болған соң ба жүргінші аз... Жер жазық тартты. Орман аралас жазық. Шөп ұйысып біткен, мал көрінбейді. Аздаған шөмеле кездеседі. Бірді-екілі сиыр ұстайтын болса керек.
Ауа сыз, жер дымқыл... Біз орманды көрмей жүріппіз. Әуеліде орманды жердің жұмағындай көріп едік, енді жалыға бастадық. Тіпті жүйкеге тигендей. Шағын алаңқай кездессе қуанып, жазыққа көз қиығы түскенде көңіл көк жиегі де кеңіп сала береді.
Жол бойында және қала маңында салтанатты үйлер жоқ. Сол орыстың хуторындағыдай үйлер. Қуыршақтай саяжайлар. Адамдар жайлы айтудың реті жоқ. Вокзалдарда екі-екіден қол ұстасқан қыздар. Олардың көзі келгендерде. Дәметіп өмір сүретін сияқты. Топты ұлдар, саяқ жігіттер. Олардың аңдығаны саяқ шыққандар сияқты. Жазыққа түскенде қарағайдан қайың, терек басым.
Бұлт. Жұқа, ашық бұлттың арасынан жұмсақ күн сәулесі түсіп тұр.
Маринск. Тоқтадық. Кәдімгі Аякөз сияқты қала.
Кузбасс. Мені таңқалдырғаны ойға орналасқан қаланың ортасында арасы үш-төрт шақырымдай қос биік шоқының орналасқандығы. Оған қарап, Барабы татарлары – Қосбас, Құзбас деп, орыстар - Кузбасс деп атап кеткен бе деген ой келеді. Шындығы солай! Бұл да болса жаңалық! Көмірдің иісі мұрынды бітейді.
Орман. Орманды өртеп бітірмесең, жағып бітіре алмайтының анық.
Кемерово – жолда қалды. Мұның Құзбас-Кузбасс сияқты Кемер деген сөзден шыққаны анық. Барлак – Барлаг – Барабы лагері шығар.
Иня Восточная –Ине болуы мүмкін.
Құлында - Құлынды, Новосибисркі – Құлынды поезді бар екен. Бір кездегі ұлы көшпенділердің көктеуде бие құлындататын даласы. Ертістің солтүстік беті. Енді аты қалып, затынан айырылған. Онда бие қазақтың құлындамайды. Қашырлы, Маралды, Қоянды даласы Құлындымен ұштасады.
Новосибирь – аса үлкен қала. Поезд үлкен үш даңғылын кесіп өтеді екен. Мәскеуге жақындаған сайын үйлер түзеліп, құрылыс басталып, жондана, ажарлана бастайды. Енесай өзені қаланың ортасын жарып өтеді. Арнасы кең, жайылыңқы.
Барабы орманды даласы - кез-келген жазушы үшін бір көруге татымды да тартымды жазық. Берісі жиырма сегіз - отыз екінші жылдары қазақ паналаған жер. Арысы – Көшімхан қолға түскен, Ермақтың қалдығы елін шапқан жер. Одан әрі Қозы көрпеш Баян сұлу аңызының шығу тегі, Барабы, Мың су (Минусинск) татарлары, хахастар жеке бір түлкен тақырып. Хахастардың қымызын ішіп, қыздары мен сөйлесудің сәті қашан түсер десеңші... Оларды Новосибирскінің вокзалынан көрдім. Бірақ жөн сұрауды әдепсіздікке баладым.
Талай табиғат суретін көрдім. Бірақ Барабы жазығындағыдай батыс пен шығыс көкжиектің ортасын теп-тегіс етіп сызғандай дөңгелете көмкерген бұлтты және орманды даланы екі бірдей кемпірқосақ көмкергенін көргенім осы. Ғажап. Көшпелі тарих есіңе түскенде ішің дыз ете қалып, шымырлайды. Қозы көрпештің аңсаған хахас пен тоба ұрпақтары (ол туралы дастан бар) әлі де бар мекен. Бес жүз-жеті жүз әскермен Байкалды басып өтіп, Амурға жеткен Хабаров осыншама жерді Ресейдің картасына түсіріп, иемдене салған. Соңынан тіміскіленіп «миссионер әкейлер» жетті. Жиырма бес-елу жылдың ішінде шоқынып шыға келді.
Қазақ тарихшылары бұл бетті - Барабы татарлары мен хахастың, тобаның арасындағы арғынды, қыпшақты, алшынды, керейітті, уақты, шектіні, қоңыратты, найманды, телелерді мүлдем ұмытты. Бұл халықтың этностарын зерттеу – хұндардан үйсіндерді ажыратып алудан әлде қайда жеңіл. Әрі тарихшыларша айтқанда «диссертабельді тақырып».
Орманды жазық. Құйқалы жер. Шағырмақ бұлтты аспан. Жанайы өтіп бара жатқан Қазақстан жаққа қарай беремін. Аспаны биік, түсі жылы, бұлты сергек сияқты. Күндіз қазақ даласы үш жүз елу – бес жүз шақырымдай еді. Қазір үш жүзден кеміп барады.
Ол жақта орман сирек, шым аз, шөп тамыры сұйық, су кілкіп жердің бетіне шығып жатқан жоқ...
Күнді қуып батысқа беттеп барамын. Қарғат станциясы - ? Дала - орманды кеудесінен итеріп, кеңіп барады.
Сапар басында жүріс барысы шұғыл болып күнделікті толықтап жазудың оңтайы келмеп еді. Пойызда екі қонып, үшінші күні зеріккендей болған сәтте, өткен күндерді еске түсіріп, тлықтыра жаңғыртып қойғым келді.
05.08.07 ж.
Бұл бір қайырлы сапар болды. Ең қуаныштысы елмен, жермен, бала-шағамен аман көріскеніміз. 10 мың шақырымдай жол жүріп, Орта Азияны адақтап өтіппіз. Екі мың жылдық тарихты санада шайқаппыз. Мұның қандай жеміс берерін кім білсін. Омбыға түнгі сағат үште түстік. Бір алаяқ қазақ таксисі кездесіп, бүкіл жолдың жақсы әсеріне көлеңке түсіргені. Қазақ десең - өзіңе тиеді – деген сол. Онсызда қағылған қалтаның түбін үптеп кетті. Ит екен. 5 тамыз күні Көкшетаулатып, Астанаға табынымыз тиді. Күнікейімді құшақтап, иіскеп, ойнап бір мауқым басылып қалды. Алда Алматы бар...
Тәмәт-тамам.
ТАЙҚАР ТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА
(Монғолия жеріндегі ғылыми экспедицияның күнделігі)
11-12.06.2008 жыл. Алматы – Өскемен – Баянөлгей
Монғолия ғылыми-зерттеу экспедициясының толықтырылған құрамына Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің түркітану орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы мен аға ғылыми қызметкер Жантегін Қаржаубайұлы, тарих институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Жұмаш Жетібаев, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті, профессор Хайролла Қабжалелов және ғылыми қызметкерлері Меңдігүл мен Нұржан, режиссер Әсемғазы, оператор Еркебұлан, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Т.Жұртбай кірді. Алдыңғы жылы осы бағыттағы ғылыми-іздестіру экспедицияның күнделігі жарияланғанда «Түркістан» газетінің оқырмандары жақсы қабылдап, көптеген ой саларлық хаттар жазып, пікір білдіріп еді. Сондықтан да, сол іздестіру жұмысының жалғасы болып табылатын 2008 жылғы экспедиция күнделігін тағы да сол ойлы оқырманның назарына ұсынуды парыз деп санадым.
Алматыдан ұшып Өскеменге бір қонып, Баянөлгейге келдік. Бұл жолы сапардың жөні былтырғыдан басқа болды. Бірден ғылыми-іздестіру жұмысының нәтижесінен хабар алып, суретімен таныстық. Баянөлгейдің аэропортынан түсе қалғанда Жантегін мен Жұмаш қарсы алды. Жаңалық соларда екен. Экспедицияның мүшесі болып табылатын бізден 15 күн бұрын келген олар – ҚР ҰҒА Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Жұмаш Жетібаев пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркітану орталығының аға ғылыми қызметкері Жантегін Қаржаубайұлы – Бес Боғда тауының баурайындағы Шивэті Хаиырхан тауының күнгей беткейінен жартас бетіне қашалып салынған 1000-нан астам сурет пен үш қатар көне түрік жазуын тауып, олардың сызба көшірмесін алыпты және фотоға түсіріпті. Айтуларынша: таңбалар түскен таудың биіктігі 3500 метрден жоғары. Ауа-райы өте қатал, үнемі ызғар соғып тұрады. Қар бар. Су 60о шамасында қайнайды. Тамақ піспейді. Жегендері шикі күріш пен макарон болыпты. Өңдері тотығып, еріндері қабарып кетіпті. Жантегін жас емес пе, екі-үш күннің ішінде түлеп қалыпты. Ал Жұмаштың қабарған, үсінген, ісінген беті мен саусақтары.
Шиветі жотасында тұратын халық негізінен – тывалықтар (бізше тобалар) екен. Олар осыдан жүз елу жыл бұрын иен жерге қоныстанып, тұрақтап қалыпты. Екі тіл туыс болғандықтан да тобалар қазақ тіліне судай. Қарлы жотадағы жасаңға тасқаяқты қрып қойып, біздің жігіттер суықтан сақылдап тұрғанда, олар тарсылдатып сақалатып жатады екен. Шетелден саяхатшылар көп келеді екен. Соларды атпен қыдыртып, тау аралатып, нәпақасын қайратын көрінеді.
Қуаныштысы: Жұмаш пен Жантегіннің ашқан ғылыми жаңалықтары болды. Бірден олардың түсірген бейнетастасын, суреттерін, сызбаларын көрдік. Табиғаты суық, жаздың екі айында ғана аттар тайғанақтамай шыға алатын аңғарлы жотаға ғалымдар ат ізін салып үлгермепті. Сондықтан да мұндай биіктіктегі петроглифтер бұрын зерттелмеген. Петроглифтер негізінен қола, сақ және көне түріктердікі. Мыңнан асқан тастағы суреттер мен таңбалар түркология әлеміндегі жаңалық болып табылады.
Ондағы жалпақ көк тастағы суретте қола дәуіріндегі адамдардың саятшылығы, аңшылығы, тағылар әлемі таңбаланыпты (№1 сурет).
Жауынгерлердің ереуіл аттың жал-құйрығын түйіп, жаратып мініп, жортуылға кетіп бара жатқан бейнесі де қанық ойлып, анық көрінеді (№2 сурет).
Соның ішінде ерекше көз тартатыны әрі көшпелілердің, оның ішінде түркі жұртының күймені өзге отырықшы елден бұрын игергенін танытатын күйменің кескіні (№3 сурет). Күйменің шатыры, дөңгелегі, белтемірі, әшекей-үшекейі сондай қанық шымқай түске боялған. Дайын тұрған этнографиялық жоба. Қиналмай қалпына келтіруге болады. Бұрын арбаның петроглифтері кездескен, бірақ мынадай анық түсірілген күйменің бейнесі сирек.
Таңбалы суреттердің ішіндегі ерекшесі де, айдындысы да да аттың өз көлемімен бірдей етіп ойылған салт атты адамның суреті (№4 сурет). Кейінгі заманның бір қуақысы басына «Қобылан» деп жазыпты. Зады сарлық қайырып жүріп сызған, қазақ мектебінде оқыған тывалық көк түйнектердің бірі болар. Шындығында да Қобыланды десе – жегендей алып сурет. Оның қасында бойымен түскен Жұмаш пен Жантегіннің келбеті пәкене көрінеді.
Ал үш қатар етіп жазылған, екі түрлі мәнерде тасқа түске бәдізделген жазудың әлі ашылған жоқ. Қазір ол жазудың сыры зерттеліп, мына суреттердің тарихи сипаттамасы анықталып жатыр. Жаңалық та, жария ету де Қаржаудың құзырында.
Баянөлгейдің орталығындағы түркі жазуы бар тасты кезінде Қаржаубай Халық құрылтайының депутаты болып тұрғанда солтүстіктегі Ховскөл аймағы жағынан ыннан алып келіпті. Оратсына сызат түскен. Жазуы әлі оқылмапты. Біз Қаржаубайға қарадық. Ол кейін дегендей ишара жасады (№5 сурет).
15.07.08 Ұланбатыр
Ұланбатырда бір күн еру боп, пұтхананы, Толы өзенінің бойындағы монғолдың ақ ордасын, ондағы Таян ханның, керей мен қоңырат ордасын араладық. Демократтар өртеген партияның қызыл үйінің өртеңін көрдік. Ертең Құла шордың ескерткіш жазуына бет алмақпыз.
16.07.08. Ұланбатыр – Огиии көлі.
Ұланбатырдың жолы әлі жөнделмепті. Лұннан Арвайхер жолы арқылы Эрдене Сант ауылына келдік. Одан Құла-шор ескерткішіне бет бұрдық. Жетпіс шақырымның мөлшерінде оңтүстік батысқа қарай жріп отырып Ихе-көшетіне (Үлкен ұстын) бардық. Айналасы 60 шақырымдай таулы, шоқылы, түйе тасты, қой тасты (Арқат тауы сияқты) жал-жал ғажайып сеңгірлер. Көкжиекті көгілдір таулар көмкерген көкорай өлкеқжарғылынты ойпаты деп аталады. Солтүстігінде – Батхан (Бату хан) Арунге, Шығыс оңтүстікте – Он үй (киіз үйге ұқсаған он дөңгелек шоқыға байланысты аталған) шоқысы мен Дурун тауы мұнартады, қыбаладағы Қаған – Хан тауын тура кесіп өтсеңіз ар жағы Орхон өңірі, яғни, Қарақорым. Бұл ойпат сол ордаға тиесілі өріс сияқты. Бату ханның есіміне ие болуы да сондықтан. Ақ жарғылынтының айырында аңның неше түрі жыртылып-айырылады екен. Өйткені бұл табиғат қорығы боп есептеледі. Ортасын қақ жарып Жарғылынты өзенінің жылғасы кесіп өтеді. Жусан иісі бұрқырап, мұрныңды жарады. Бетегелі, шымқай, құмды жазық. Құла шордың ескерткіші тұрған жан-жағы таумен қоршалған жатаған кезең – Ташубел (көлденең жазық, еңіс бел) деп аталады. Бізше айқанда, Қызбел.
Көкжиектегі таулардың басы тігілген үй, орнатылған мұнара, иірілген ұршық сияқты.
Кеудеңді керген таза ауа, алыста мұнартқан көгілдір таулардың тұскиізі сияқты көк жазықтың өзегін тілген жолмен Батқан (Бату хан) тауын оңға алып, Долон қыратына бет бұрдық. Қырат етегінде мен бұрын көрмеген Хұн дәуіріндегі обалар, қорымдар шоғыр-шоғыр боп кездесті. Таң қалғаным, олар олтүстігінде төрт бұрыштан көлемдене, қабаттана береді.
Қорымдар туралы аңыздары мен әфсаналар оқиғасы «Дулыға» атты екі кітапта баяндалған еді.
Құла шордың ескерткіші тура көк жазықтың тең ортасындағы белесте Ташу бел – асу белесте орналасқан. Айнала түгел алақандағыдай көрінеді. Долон қыратының бұлақ басының барлығы отар-отар қой. Құлашордың да басында ешкілер ойнақтап, қойлар үйездеп жатыр екен. Тастағы жазулардың беті құстардың саңғырығымен айғыздалған. Қоршаған оюлы керегетастары мүжіліп, қираған. Жерге көмілген тұсын есептемегенде биіктігі екі жарым метрдей болады.Жазулары танып-танымастай күйде. Айналасындағы балбалдар, қойтастар, барқының орыны күтімсіздің күйін кешіп тұр (5 сурет).
Ғылыми экспедицияның мүшелері Меңдігүл, Әсемғазы мен Нұржан, Еркебұлан суретке түсіріп, мүсіндердің көлемін өлшеп, сызбаларын жасап қарбаласты (№7 сурет) Қаржаубай, Хайрулла үшеуміз ескерткіш пен жазуды айналдырдық. Тарихты еске алдық.
Екінші түркі қағанатының соңғы қолбасшысы, соңғы жауынгері, соңғы шайқаста жеті рет шабуылға кірген, ең соңында жетінші аты оққа ұшқанда жаяу соғысқан, сөйтіп, Білге қағанның қатыны, Тоныкөктің қызы Бүбібегімді қорғаған Құлашордың қолынан қаза тапқан дұшпандарының санына қарай қойылған балбал тастар таудың шығыс оңтүстігіндегі көктұмсыққа барып бір-ақ тіреледі. Демек тегіннен тегін шор атанбаған. Бұл оқиғаны біз «Дулыға» атты әфсанамызда жазған болатынбыз. Енді сол Құлашордың барығын көзбен көрдік. Сол соңғы айқасқа түскенде Құлашордың жасы жетпістің ішінде болатын. Өйткені ол Ел-етміш қағанның тұсында атқа қонып, Қапағанмен, Тоныкөкпен, Білге қағанмен, Күлтегінмен, Иоллығтегінмен үзеңгі қағыстырып, ең соңында өзі орнатысқан қағанаттың соңғы жауынгері боп қаза тапты. Қаржаубайдың таңбаларды ажырата отырып тарихи дәлеліне жүгінсек, бұл наймандардың қағаны екен.Ал наймандардың екінші түрік қағанатын құрған басты тайпаның бірі екендігіне кейіннен Ханүй бойындағы Ел-Етміш қағанның ескерткіш тасынан анық көзіміз жетті. Шіркін, Құлашордың құлпытасын қоршауға алдыратын бір ұрпағы табылар ма екен?- деп айтқан кезімізде, Қаржаубайдың:»Шіркін-ай! Шіркін-ай!» - деген жан дауысын естідік. Мүмкін...шығып қалар. Әй, қайдам. Осы тозып тұрған құлпытастың осы тозған күйінше тозаласы шығып бітпесіне кім кеіл. Бәріміз де соңғы ойдың жетегімен көлікке беттедік.
Жолшы (монғолша – жүргізуші) Ақ тасты тауды, құйқалы жонды, қойтасты өзекті, селеулі белді аралатып, асу арқылы үйіне алып келді. Самса, қаймақ, шәй іштік. Әке-шесімен, балаларымен сөйлестік. Бәйге ат ұстайды екен. «Қырық жасымда мінген атымды әлі ұмытпаймын», - деді жолшы Ганбатырдың әкесі. Өзі бөржігеннің ішінде Хан тайпасынан екен. Бұрынғы егіншілер көрінеді. Бұл аймақты қияттың бөржіген тайпасы қоныстайтын көрінеді. Соңғы жылдары моңғолдар өзінің тегін руымен атауды заңдастырыпты. Бұл тұқымды таза сақтаудың шарасы әрі халықты оятудың амалы. Сол орайда кейбір сырт тайпалар, мысалы, найман, қоңырат, керей, уақтың бұтақтары осы бөржігеннің құрамына сіңіп кетуді қалайтын сияқты. Ақ қарға сияқты көрінгісі келмейді. Тәубә, біздің «қаратілділер» ана тілін білмесе білмесін, руын жатқа соғады және соларың қара қазақтан көрі, руға жүйрік әрі қатаң ұстанады. Өйткені олар үшін бұл – бар-жоғы ұтымды бизнес қана.
Жолда Қарақорымды – Шыңғысханның әйгілі астанасын жанай өттік. Ертең күндіз келіп, асықпай араламақпыз.Қазір оның орынында будданың атақты пұтханасы ғана қалған (№8 сурет). Оның тарихы өткен жылғы күнделікте толық баяндалған. Тек пұтхананың сыртында қазақтың күйеу баласы, соңғы керей ханы Уаң ханның қызын алған Шыңғыс ордасының бас ханы Угедейдің хан тағының қасында орнатқан сынтасының тұғыры – алып тасбақаны суретке түсірдік. Аулақта, жалғыз, бір кезде әлемді тітіркендірген Шыңғыс хан ордасының бақыты мен қаісіретінің куәсіндей боп Қарақорымның орынын үнсіз күзетіп тұр (№9 сурет).
Содан Қарақорым – Қошо-цайдам арқылы Огии көліне қоналқаға жеттік. Түнде бір кездері Күлтегін мен Білге қағанның ордасы қонған Огии көлінің жағасындағы самсаған ақ ордалардың біріне белімізді суыттық. Киіз үй. Түнемел. Жақсы демалдық. Бұл арада Орхон өзені екі айрық боп бөлініп, бір көлге құяды, бір арнасы солтүстікке бет алып, Селеңгімен түйісіп, Байкалға барып құяды.
18. 07. 08. Цэцэрлік қаласы. Архангай аймағының орталығы.
Огиинұр көліне суға түстік. Содан кейін Қощо Цайдамға келдік. Күлтегін жазу ескеткішінің түріктер жасаған көшірмесі бұрынғы түпнұсқаның орынына қойылыпты. Тибет архитектурасы үлгісінде төртбұрыштап қамал тұрғызыпты. Қаншама игілікті іс көрінгенімен, бұл қамқорлыққа көңіліміз толмады. Барықтың орыны алқам-салқам, жиынтықсыз. Кеңес кезіндегі құрылыстың орыны сияқты. Еш бір тұғыртастар, қойтастар, балбалдар, тәубетастар орынына қойылмаған. Күлтегін мен Білге қағанның ескерткіштерінің қотарылып алынған заттарының бәрі мұражайдың қоймасының іші-сыртында үюлі тұр. Шарбақтастар жерде жатыр. Аңғал-саңғал. Ескерткіштің жазуын қопсытып, бүлдіріп алған соң өздерінше есесін толтырған түрі. Алайда көңілсіздің көлгірсуі көрініп-ақ тұр. Әйтеуір, пәлесі қазаққа қалмағанына тәубә дейсің. Ейде енжарлықтың да осындайда пайдасы бар. Күлтегіннің Бас балбалы – шығысында. Білге қағанның ұстыны да сол күйді кешіп тұр. Қорғанның ішінде сиыр жүр.
Сарайда Күлтегін мен Білге қаған ұстынының түпнұсқасы тас бақасыз тұрғызылыпты. Тасбақа жарылған соң қоймаған. Жарығына қада іліпті (№11 сурет). Менің ойымша, осы Күлтегін мен Білге қағанның барықтарын қалпына келтіру ісі толық аяқталмаған не ықылассыздық танытқан. Бұлай жалғаса беретін болса, онда түбінда ЮНЕСКО арқылы қозғау салу керек шығар.
Қойтастар, мүсінтастар сарайдың ішіне қаз-қатар тізіле жатқызылыпты.
Шарбақтастар аулада ағашқа тіреліп ашық тұр (№12 сурет).
Бұл – күтімсіздіктің белгісі.
Шығысты бетке алған, Қаржаубайдың есебі бойынша 200-ге жуық жерге сіңіп кеткен балбал тастар тізбегі кәдімгі көлге – қақ көліне барып тіреледі. Бұл арада Күлтегіннен бұрын да 7-8 ғибадатхана болған. Олардың шарбақтастары, қорғаны сақталған. №1, №2-ші деп нөмірленген. Күлтегіннің тасында: «Бұл жер – бұрыннан киелі жер еді. Енді мұның қасиеті бұрыннан да артты» - деп жазылған.
Өгии көлінің жанындағы Шидіңқут – Қышқала Күлтегіндегі «Мағы қорғаны». Архитектуралық ерекшелігі, орналасуы – байырғы түркі қалаларына, соның ішінде Ордабалыққа ұқсас, одан көрі көлемі сәл кіші. Білге мен Күлтегін қағанаттың ордасына ие боп кіргенше осында тұрған. Қазір Монғолияда түрік дәуірінің 6 қаласының орыны сақталған.
Ордабалық
Мағы қорған – Қышқала.
Өтүкен балық – Ақсарай
Тоғул балық – Толы (Тулы) өзенінің жағасында. Ұланбатырға таяу жерде орналасқан.
Езгенті қадазы – бүгінгі Қарақота қаласы. Ол Гобидің сыртындағы Қарақота шаһары. Кейін Х-ХІ ғ. кезінде Ішкі Монғолияға (қытайға) өткен.
Екінші көк түрк қағанатының тұсында Қапаған, Білге, Тоныкөк бар әскерін жиып Қытайға шабуылға кеткенде, қарлұқтар Мағы қорғанына – Қышқалаға шабуыл жасайды. Оны қорғанда қарауыл жасағын басқарып қалған бозоғлан Күлтегін қорғап қалды. Қарлұқтардың қолын тас-талқан еткен. Бұл оның алғашқы қолбасылық ерліктерінің бірі.
Сондай-ақ Таңғыттарда – Тибетте де Қорақота деген қала бар. Киселев пен Прежевальский «Таңқұттың Қара қаласы» - деп жазған. Бұл қаланаың орынынан тибет, монғол, түрік тілінде жазбалар табылған.
Байбалық – Селеті өзенінің жағасында, көне ұғырлардың астанасы,
Қатынбалық қала.
Көне түрктер Селеті, Орхон, Толы өзендерінің бойына егін салған. Ордаға ұшыр төлеген. Ұшырды арға аталарымыз «берілі», яғни, берілген түсім деп атаған. Көне түркі жазбаларында: «Берілін бермеген қағанат тұрғыны бауыздалады», - деп жазылған.
Тосын бір ескерткіш, ол Қарқорымнның оңтүстік иегіндегі бөкселене жұмырланған, Амсай - Эркенгудің Белсайы деген сидам шаттың ауызындағы «Эркүни белік эриктін – Еркектің бел тәні» деп аталатын тас ұстын. Атына затын сай етіп қырнаған. Қазақша майда тілмен айтқанда «Ұрпақсай». Анайы эротикалық, еркін махаббатты дәріптейтін манихей дәуірінің-ақ сынтасы сияқты көрінгенімен: бұл сынтас ХІІІ-ХІV ғасырларда қойылған. Нысаналық тұспалы – ұрпақ таратушы қасиетті мүше дегенді ұстанатын Будда дініне тән. Ол тұста монғолияда үш дін: будда, христиан, ислам діні қатар өркендеген. Келген адамдар өздерінің діні бағытында миссионерлік саясат жүргізген. Ең соңында пұтқа табынушылық өзге діндерді ысырып шығарған – деп түсіндірді. Алайда бұл сынтаста қалайда манихей дәуіріндегі еркін неке кезеңінің «еркіндігі» бейнеленген сияқты көрінді де тұрды. Шығыс Түркістандағы Құтыби тауының Қызылтас сілеміндегі алып жартастағы атақты «Жалаңбұттар» сурет галереясын еске салады.
ХХ ғасырдың басына дейін бүкіл Еуропа іздеу салған Қарақорым шаһарының күлтөбеге айналған атшаптырым аумақты алып жатқан сілемі ғана қалған. Цэцэрлік – түпкі мағынасы шешекті, орманды дегенді білдіреді.
Сол бір құдіретті күндердің белгісіндей болып Угедей ханның тұсында мәңгілік биліктің кепілі ретінде қаған сарайының алдына орнатылған алып бақатастың мүсіні тұр. Жан-жағын сортаң сорған алабота мен бұта басқан. Бақатастың ұстынына Шыңғыс ханның әмірімен найман хандығының хатшысы Тататұнға абыз ойлап тапқан қаған әліпбимен жазылған мәтінтас қазір Ердэнегудің ішіне қойылған. Тастағы жазу шамамен 1346-1256 жылдардың арасында қашалған. Эрдэнегу – қазіргі замандағы ең үлкен пұт қалашығы. Монғол қағандығы құлаған соң көне Қарақорымның орнына салынған пұт мінәжатханасы. Қазір оның астыңғы қабатынан орданың хан сарайының сілемі табылып отыр (№ 8 суретті қараңыз).
Ордабалық – алғашқы түркі қағанаты тұсында салына бастаған сұңғатты өркениеттің көзі. Аэротүсірімнің анықтауы бойынша 30 шаршы шақырымды алып жатыр. Қанаттас қалалардың жал-жал болып күдірейген шилеуітті, бұталы сілемдері күдірейіп көзге басылады. Қорғанның оңтүстігінде 9 мұнара, оның үшеуі бұзылған. Алтауының орыны бар. Биіктігі – 18 метр болған екен. Төбесіне тоғыз оқ айғырдың кекілін кесіп, байтақтың байрағының сырығына іліп, тұғырға 9 ту тіккен. Солтүстігіндегі 9 мұнараға 9 байрақ тігілген.
Қамалдың солтүстік шығысы (Орхон өзені жағы) сыңсыған орман, бақ болған. Қазір соның барлығы шым басқан түбір мен томар, тағы да түбір мен томар.
Хан мұнарасы қаланың ортасында әлі күнге дейін атой шақырып тұр. Мұны пұттың міәжатханасы деген болжам басым. Алайда түркі дәуірінде пұтқа табыну дәстүрі жоқ. Тәңірге табынған. Демек, бұл рәсімдік құрылым болса, онда пұттың емес, мықтың үйінің орыны. Біздің ойымызша бұл – атой майданы. Бұл мұнарадан әскери шеру өткізетін майданның ізі қазір де білеулене білінеді.
Қорғанның шығыс оңтүстік бұрышы биік, мүжіліп, шилеуіттенсе де, біршама тың сақталған.Бұл – қарауылдардың орыны болуы мүмкін. Түбінде қақпа бар. Қазынаның орыны болуы мүмкін.
Ордабалық қаласын 841 жылы солтүстіктегі – қырғыз, оңтүстіктегі – шато тайпасы қосылып шапқан. Елшілер арқылы өзара байланысып, тұтқиылдан шабуылдаған. Қаланы жермен жексен етіп бұзып, өртеп жіберген. Тасқа қашалып жазылған мәтіндер мен ескерткіштерді қиратқан. Олардың біразы қазірде сол орнында жатыр. Қағанаттың бектері мен шораларының бірі – Наньшанға; екіншісі – Дунхуанға, үшіншісі – Турфанға, төртіншісі – Алтай арқылы Жетісуға, бесіншісі – Құландыға бас сауғалап кеткен. Соның ішінде Шыңғыс ханға өз еркімен мойынсынған Арсалан ұғырларға сіңді.
Түнделетіп Арханғай – Өр Қанғай үстіртіне көтерілдік. Бұл көк түркілердің жаз жайлауы мен күз күзегі. Асулы, жартасты, орманды, бетегелі беткей екен. Түн ортасында Цэцэрлікке – Шешектіге келдік. Мұндағы музейде – Таспар қағанға арналған Бұғыты ескерткіші қойылған. Тамир өзеніңі бойынан алынған. Таспар қаған – 571-582 жылдары қағандық еткен. Қала Цэцэрлік тауының шығыс қолтығына орналасқан. Өзінше бір тас орманның ортасындағы қолатты қойнау.
Достарыңызбен бөлісу: |