Ғазали ғибыраттары (Еркiн пайымдаулар)



бет9/26
Дата15.12.2016
өлшемі15,47 Mb.
#3874
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26

18.07.08. Арханғай аймағы.

Цэцэрлік – түпкі мағынасы шешекті, орманды дегенді білдіреді.

Цэцэрліктегі мұражайда Таспар қағанның тұғыртасын, ескерткішін көрдік. Оның үш жағында манихей, соғда жазуы бар. Құлпытас Тайқар (Тайхр) өзенінің бойында, Тайқартастан төмен, тұмсық жартастың жанынан алынған. Тасбақаның үстінде тұр (№13, 14 суреттер). Сонда үш кеңістікті білдіретін бұғытас та бар (№15 сурет).

Содан көгілдір таудан асып, көк өзекті басып Тайқар (Тайхр) өзенінің шығыс оңтүстік жағасында тұрған Тайқар тасқа келдік. Төрт бұрышты, айналасы ашық, Ақсуаттағы Бөрітостаған сияқты биік жартас. Сонда ғана бала кезде жаттаған:

Әй, Тайқар бай, дегенде, әй, Тайқарбай,

Қойыңды тайқар тасқа жәй Тайқар бай.

Тайқар байлар дегенің толып жатыр,

Әй, Тайқарбай дегенің қай тайқар бай, –

деген «Ана тіліндегі» жаңылтпаш есімізге түсті. Меңдігүлдің жады тың жас емес пе, бізден оза тез айтып шықты.

Демек, тайқар тас дегеніміз – жазықтың ортасында оқшау тұрған алып жартас. Мүмкін Қайрақтас десе де болар. Биіктігі жиырма, ені елу метрдің мөлшерінде. Тайқартастың бетінде осыдан жиырма жыл бұрын 31 түркі жазуы, одан басқа да араб, парсы, қытай, монғол, соғды қарпімен жазылған жүзден астам жазу болыпты (№№ 17 – 23 суреттер). Ол жазулар ойылып емес, қара сырмен жазылыпты. Әлі өшпеген. Таңбаларына дейін ап-анық. Қандай құпи қоспасы бар екені Тәңірге ғана анық. Соларды монғолы бар, орысы бар, кім еріксе, сол тастағы көне жазулардың үстіне түрлі ақ. Көк, қызыл майлы бояумен өз аттарын, мекемелердің аттарын (Иркутск.профсоюзная организация.1976 г.», «Советск. сторительный трест №3) жазып, бұрынғы мәтінді өшіріп тастапты. Оған аризол бояуын баттастыра жағып, атын мәңгілікке қалдырғысы келген бүгінгінің еркешоралары қосылыпты...

Тайқар таста қазір беті боялып, мәтіні бұзылмаған үш-төрт қана түркі жазуы қалыпты. Өзге жазулардың да жетісіп тұраны шамалы. Күтім, күтім және күтім керек... Мұндағы үлкен жаңалық Қаржаубай бұдан көмескіленген мына мәтіннің сөздерін жартастың бетін сумен дымқылдап отырып оқып шықты. Таңертеңнен бері мүжәзі келмей, Қартқожа құсап шытынап жүрген Сартқожаның құрыс-тұрысы содан кейін барып жазылды.
Бірінші жазудың мәтіні:
«Білге хан елінде хан жарлығын бітірдім... шур елшімен... табар... құтлық болсын».
Қаржаубай: (Жас кезімде табандап отыра алмадым. Жазуды оқудың сәті енді түсті. «Табар» - көне түркі тілінде, бүгінгі товар дегенді білдіреді. Мына мәтінге қарағанда Білге қаған өзіне келген елшілерді осы арада қабылдаған. Келіссөз жүргізген. Соған орай бітікші хан жарлығын жазып бітірген. Ол бітімді тойлаған. Мынау соның құрметіне жазылған,- деді.

Демек, бұл Тайқартас – көк түрік қағанатының орда тасы болғанын танытады. Сондай-ақ Білге қағанның және қағанаттың күнделікті өмірінен мағлұмат береді.


Басында бұл мәтіннен: (Бұқабашыдан келіп, тоңа тасқа кеп...күзедім...сұлу...» - деген сөздер құралып келе жатыр еді, ол нұсқадан Қаржаубай тез бас тартты. Нақтыланған мәтіні деп бізге мына сөздерді жаздырды:

Екінші жазудың мәтіні:



«Тоңа тасқа келіп, біз күзеп қайттық...

Иүзілік қыз – тардуш / тардуш қызы ең сұлу қыз/.
Үшінші жазу:

«Иер мен құт бір».
Қаржаубайды ғылымдағы ашқан жаңалығымен құттықтап, арқа-жарқа бодық та қалдық. Бұрын сан рет келгенімен; дәл осы жолғыдай табандап оқудың сәті түспепті. Хайролла екеуміз біраз «мүйіздеп» алып, шын қуанышымызды білдірдік. Осы үш жазудың мәтінінің оқылуы біз үшін бүкіл ғылыми экспедицияның барып-келу мақсатын ақтайтын еді.

Тек қана Тайқартастың қазақша мағынасын тауып қайтудың өзі қаншама олжа десеңізші. Қазақтың бір сөзі тірілді. Ал ол сөз көне түркі дәуірінен тамыр тартып тұрғанының өзі қандай жарасымды үйлестік десеңші.

Содан Тайқар өзенін сәл өрлеп, Тамыр өзенінен өттік.

Көгілдір тау – көк жазық, көгілдір тау – көк өзек, көгілдір тау – төр жайлаулатып отырып, Қызылтастың асуынан асқан соң тостаған сияқты дөңгеленген жазыққа кеп бел жаздық. Шыбынсыз жаз дегенінң осы-ақ шығар.Жусан мен шешектің иісі самалмен мұрын қытықтайды. Тұщындырады. Бауыры ақ үй, ақтылы қой, сауырлы сарлық, үйірлі жылқы. Тып-тыныш. Аспанға қарап жатып: мынау дүниеден жауынгер монғолдар, солармен қоса біздің де жігерлі аталарымыз дүркіреп өтіпті. Сол ұлы дүбір шуылдан мың жыл бойы дем алған ұрпақ енді-енді ес жиып, қозғалысқа түсе бастаған екен. Енді бір жүз жылдан соң тура осы араның қалай жаңғырғанын көрсе‑ау! Оған дейін мына жер аттары өзгеріп кететін шығар – деген ойды арқалап, Эк Мойнағты – көне түркіше Иек Мойнақты, монғолша Эгин даваны асып, Тасты өзеніне келдік.

Тастының тұмсығынан 27 бұтақты Мықан ағашын (монғолша – Сетер ағашын) көрдік (№24 сурет). Бұл ағаштың құдіреті керемет-ақ. Менің мәңгілік өмір ағашы – Мықан ағашын зерттеп жүргенімді білетін Қаржаубай мына Сетер ағашқа әдейі алып келіпті. Жанашырлығына рахмет. Шындығында да монғол мен қазақтың аталас екеніне Бәйтерекке – Сетер ағашқа байланған қадаларды (жыртыстарды) тағы да бір иланасың. Бұл ағаштың нысаналық мағынасы арнай зерттеудің арқауы болғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймын.

Содан түнделетіп Теркен хатун көліне келдік. Теркен хатун керей ханы Уаң ханның қызы, Сангүңнің қарындасы. Шыңғыс ханның ұлы Угедейдің қатыны (ханымы). Бүкіл Еуропаны шулатып, шоқынған ел бар екен дегізіп, керей мен найман несториан дінін ұстапты дегізіп жүрген қатын осы Теркен. Ол Үгедей өлген соң 4 жыл империя басқарған.

Таудың ішінде ирелеңдеп отырып, асулы-еңісті өрлей-құлдилай жүрдік. Асуды аса қалғанда алдымыздан Айдың сәулесімен шағыла ай маңдайы жарық етіп айдын көл мен ақ шағалалы киіз үйлер шыға келді.

Теркен көлін – Ор тау, Кіші тау, Ұлы тау, Тарбағатай тауы қоршап тұр екен. Иә, жершіл қазақ жердің атауын да өзімен бірге ала кетіпті. Осыдан сегіз жүз жыл – мың жыл бұрынғы ата-баба мекені тілекті де, жүректі де жылытып сала берді.

Көлдің арғы бетінде Ел-Етміш Білге Тұрайын қағанның құрметіне орнатылған Теркен ескерткіші бар. Ол 759 жылы өлген, 760 жылы қойылған. Қаржаубайдың мағлұматы бойынша осы қағанға арналған үш жазба ескерткіш бар. Оның біріншісі 751 жылы жазылған Тэс жазуы. Екіншісі 753 жылы жазылған Теркен жазуы. Үшіншісі Жыланды су жазуы. Алғашқы екі мәтінде: «Әлім елі, шекті ел, беріш елі, Ай таз, ақ таз», – деген сөздер бар екен. Хайролланың көңілін аулау үшін айтылса да, біз шын деп қабылдадық. Ылайым, рас болғай.

Ертең жанартаудан пайда болған жер асты үңгірлерін, күйгентасты, қазаншұңқырды – кратерді көрмекпіз. Қаржаудың аллергиясы ұстап, танауы пысылдап, алқымы қабынып, абынды да қалды.

Тарих туралы түнгі әңгімеден түйетін бір түйінді пікір, әуелі де андас ағайын найман мен керейдің еншісі 753 жылы осы Қанғай үстіртінде бөлініпті. Марқұз бен Таян ханның тарихи тағдырын екшеп көріп ем, сол кезеңге орайласып, кіндігі байланады екен. Ал бұл енші бөлісудің өзі дербес әфсана.
19.02.2008. Теркен қатын көлі
Бұл күні Теркен көлін көрдік. Жағасы толы үйілген күйген тас. Суы мөлдір. Шағала ұшып-қонып жүр. Соған қарағанда балық болуы мүмкін. Жапон, ішкі монғол саяхатшыларын кездестірдік. Киіз үйге қондық. Жапон тілін оқитын студент қыздар қызмет етті. Темір пешке от жағып, жылы жаттық. Қаржаудың демікпесі ұстады. Соған қарамастан ол бар бейілімен әпкесінің көлінің кереметтерімен таныстырды.

Өшкен қазаншұңқырларды, апандарды араладық. Қазаншұңқырдың басына ентігіп әзер шықтық. Биік екен (№25 сурет).

Қазаншұңқырдан қарағанда бүкіл бір өзек кратер екен. Бетіне қарағай өсіпті (№26 сурет).

Хайролла Қабжалелов екеуміз биік шоқыдан тік түстік. Беті күл. Асты топырақ. Аяғың балтырыңа дейін кіріп кетеді. Мұндай өлермен болармыз ба! Сизифтің белге шығарған тасынан біздің кратер шоқыдан түсуіміздің азабы қиын болған шығар. Хайролланың денесі жеңіл, таутеке құсап тастан-тасқа секіріп, алшысынан тік түседі. Аннан бір, мыннан бір көрініп жүріп, елден бұрын етекке түсті. Бірақ, мен де өлермендікпен еңіске түскенімде оны «қараторының әдемісі» дегізген сұрқын көріп, оның таутекелігіне күдіктене қарадым.

Содан жолда қымыз сатып тұрған үш жасар Цэлмэг сайхан деген қыз балаға қайтарда әдейі жолығып, суретке түсіріп алдық. Бізге ұнағаны жасына қарамай біз ұмытқан ескі әдепті ұстанып, құрмет көрсеткені. Бойында ерекше бір табиғи қарапайымдылық пен бейуаз аңғалдық бар. Әлі өркениеттің ысына шалынбаған. Өзімнің жабайы балалығым есіме түсті. Менің де жол шетінде ертеңімді күтіп тұрған сәби шағым жүрегімді шымырлатып өтті...Қайтар жолда қайрыла соққанымз да сол шығар. Хайролла мен Қаржаубайда да қай бір жетіскен балалық тағдыр болды дейсің. Бірі тайға, бірі тақайға мініп өскен-ақ шығар.

Кешке Ханүй өзенінің бойындағы бұлақ басына қондық. Қой сойдық. Атқа міндік. Қонақасы бердік. Шатырға жаттық.



20.07.2008. Ханүй – ҚайырқанЭрдэнеті
Ертесінде Ханүй жазығындағы ғұндардың обасын араладық. Осынау аңғарлы жазықтан осыдан жиырма бес жыл бұрын Қаржау 256 қорған санапты. Бұл – ұлы қоныс екен. Ежелгі грек, қытай, ассирия жазбаларындағы Кир мен Дарииге, Ескендір Зұлқарнайынға көшпелілердің: «Сен мықты болсаң біздің ата‑бабаларымыздың әруағы жатқан қасиетті әруақтар қорымына тисіп көр. Міне, сонда сазайыңды тартқызамыз», – дегендегі «ұлы әруақтар көмбесі» осы-ақ болар.

Ені бес жүз, ұзындығы бір шақырымдай төрт бұрышты таспен қоршалған майдан. Батысында есігі бар.Оң қанатта 15-20 қорым бір сызықтың бойына тізілген. Содан кейін тура сол тәртіппен қатар-қатар қойылған көмбелер солтүстіктегі бұрышқа тіреледі. Содан кейінгі аралық ашық. Қақпаның босағасынан басталған тас белдеу қорымның ортасындағы төбеленіп тұрған ұлы қорымды жанай өтіп келесі басына барып тіреледі. Қақпаның тура қарама-қарсысында ұлы қорым. Кірер босасағасы оңтүстік жағында. Қорымның солтүстік қанатын белтасты сызық бойлап өтеді де қорымның шығысындағы белдеуге түйіседі. Шығыс бетіндегі қорымдар солтүстікегі қорымдарға ұласады. Шығыс солтүстігі, ұлы қорымның алды ашық. Ортасындағы ұлы қорымнан дүниенің төрт бұрышы түгел көрінеді. Шаршықорымның шығыс солтүстік бұрышына биіктігі үш-үш жарым метрлік бұғытастар андағайлап тұр (№32 сызба). Ханүй жазығындағы екі жүз елуден астам «ұлы көмбенің» барлығы да осындай бір мәнерде тұрғызылған. Әрине, үлкенді-кішілі болып келеді .

Бұл аңғарлы жазық көне түркілердің көктемгі, күзгі ұлы сауындарын өткізетін рәсім даласы болса керек. Ұлы шайқас өтті деп те жорамалдауға болар. Бірақ ақылға салсаң, сондай қырғынды шайқастан соң дәл осындай ойластырылған «әулиелер көмбесін» тұрғызуға жаугершіліктен кейін мүмкін бе? Бұл сан жылдар бойы тәртіппен, байыппен салынған көмбелер және Қаржаубай айтқандай, екі жүз елуден астам қорым екені нақтыланса, ондай құрылысты бір мезетте тұрғызу да мүмкін емес.

Әрбір үлкен көмбелердің оңтүстігінде шағын көл бар. Бұл осы қорымдарды тұрғызу барысында қазылған шұңқырдың орыны болса керек. Оны кейін құрылысқа су көзі ретінде пайдаланғаны анық. Ханүй өзені бес шақырымдай жерде Орхон мен Селенгіге қосылу үшін жыландай бұраңдап, көгілдір түспен иіріле шұбатыла созылып барады. Арғы беттегі Ханжүй тауларындағы жартастарда монғолдың бітік жазулары қашалған. Бұл енді Шыңғы ханның дәуіріне қатысты тарих, яғни, найманның Таян ханының хатшысы Тататұнға негізін салған дәстүрлі жазу мәдениетінің үлгілері басталады.


«Әулие қорымдардың» бұрышындағы сынтастар мен бұғытастардың салтанаты ерекше. Андыздай бойын созып тұр. Дені жерге шынтақтап, ұзынынан сұлап жатыр. Қазба жұмыстарының ізі аңғарылады (№ 27-31 суреттер). Бірақ та мрнғол архэологтары заттық мұраларға назар салып, оның түркі тарихына қатысты тарихи салыстыруларға немқұрайлы қарайтын сияқты. Мүмкін кеңестік идеология олардың да мысын басқандықтан да шығар. Олардың тынысы енді-енді ашылып, Жапония, Германия, Қытай, Франция ғалымдарымен үйірлесе бастапты. Қазақстандықтар да бүйірден қосылды. Ал бұл ескерткіштің сырын Қаржаубайдан артық білетіндері кем де кем сияқты. Бұл да біз үшін үлкн басымдылық. Тек соны ұқсатып пайдалана алсақ жарайды. Әй, қайдам...Көне түркі қарпінің сұлбасын танымайтын түркі жазбасының «мамандары» оның үстінен домалақ арыз «домалатып», орыс тілінің маманына түркітануды басқартып қойған соң, не жорық. Әйтеуір, жосынсыз іске жора көп, жөнге жүрер дос қайда?

Осынау бір үндістердің, жоқ, Тоқырауынның бойындағы Беказы – Дәндібай әулиеқорымынан еш айырмасы жоқ. Шарбақтастарды қиыстыруы да, орналастыруы да бірдей. Мұндай ұқсастықтар кездейсоқ емес. Бұл екіт арасы бес мың шақырымды қамтитын кеңістіктегі қорымдардың өзара егіздесіп жатуы, сол дәуірде көшпелілер әлемінде отақ қорымдық сәулеттің дәстүрлі үлгісі қалыптасқандығын айғақтайды. тас қорғанын еске салатын табиғи ұлы ескерткішке таңдана-таңдана жолға аттандық.

Алдымызда ұлы, иә, ұлы екінші көк түрк қағанатының негізін қалаған Ел-Етміш қағанның төре жайлауы...Жер мен ел жөнін жөргеп жүрген Қаржаубай бізді ...атты елді мекенге алып келді. Таулы үстірттегі көк жазық, көгілдір белдеулер, құрғақ ауа. Бұл үйірілсе лезде суытады, сәл ғана күн көзі көрінсе ысып сала береді. Қанғай үстіртіндегі күн сәулесі өткір. Қазақтың: «Жаман қатынның тілі ащы, Бұлттан шыққан күн ащы»,– дейтініндегі ащы күн.

Эрдэнемандалды басып, Ханүй мен Ханжүй өзенінің тоқырауынындағы Қайырханға талтүсте жеттік. Шағын ауылдың шетіндегі пұтхананаға ат басын тіредік. Оңаша, қараусыз қалған тақуажай ма, әйтеуір, күтімсіздікпен күн кешіп тұрған құжыра екен. Биік шарбақпен қоршалыпты. Қақапасын қисынымен ашып ішке кірдік. Ауланың ортасында ұзынынан сұлап Ел-Етміш қағанның (Құтлық Елтеріс қағанның), қағанның ғана емес, барша түрк жұртының береке-бірлігінің киетасы жатыр. Ол осыдан 60 шақырымдай, Ханүй мен Хұни өзенінің тоқырауынындағы Шивэтіұлан (Қызылқорған) жотасының үстінде 682 жылы қойылған. Мұнда екінші түрк қағанатын құрған 55 тайпаның таңбасы қашалып жазылған. Қағанаттың қайта орда тігуінің құрметіне орнатылған. Бұл таңбалы тастың қасында төрт құбыладан күзетіп тұрған төрт қасқырдың, қошқардың, он адамның мүсіні тұрғызылыпты. Мына тас содан әкелініпті. Жоғалмасын, бүлдірмесін, пұтханада тұрса қолды болмас деген сияқты. Менің ойымша, осы тастарды орыстың біркезбе ғалымы әкетәп бара жатып, қолға түсіп қалған соң, амалсыз тастап кеткен сияқты көрінді де тұрды. Енді оны орынына кім апарып қойсын!.. Сергек денелі, қағылез Хайролла алдымызды орап бірімізден бұрын барды да, ұзына бойынан етпетінен түсіп киетасты құшақтай жығылды. Тасты сүйіп жатыр (№ 33 сурет).

Тастың бетінен еріннің емес, көз жасының табы білінеді. «Алаштатып» ұрандап, қазақтың тоқсан томдық ру шежіресін шығарып жатқан жанкешті ғалымның тайпа, ру таңбаларына тағзым етуі бізді де шіміркендіре иіте бастап еді, бір кезде ...

...көзінің жасы тез кеуіп кетті ме, кім білсін, орнынан атып тұрып мені жетектей жөнелді. Қалың таңбалы көктастың үстіне бізді де ұзынымыздан сұлата жатқызып, тасты сүйгізіп, бір кақытта: «Көзіңді аш!», – деді. Аштық: «Не көрдің?», – деді жаналғыштап. Қарадым...Тура маңдайымның алдында, жаңағы 56 таңбасының бас таңбасы болып «Ұ» таңбасы ойылыпты. Бұл екінші түрк қағанатын құрушы, оған ұйытқы болған басты ел – осы тайпа деген үкім. Иә, бойым шымырлап, ең алдымен басыма: «Түрк қағанатының мұрагері қазақтар екенін дәлелдейтін нақты заттай айғақ қой мына таңба. Табылғаны қандай керемет болды. Бұрын жорта жорамалдасақ, енді нақты дәлелге жүгінетін болдық қой», – деген ой миымда найзағайдай жарқылдап өтті.

Хайролла сияқты емінтал да, Қаржаубай сияқты қайыңбез де емеспін, дегенмен де ешкіталдай иіліп қалдым-ау деймін.

Соны аңғара қойған екі біз екі жағымнан сұққылап, мені шаныша жөнелді. Сонда ғана көктасқа қашалған 56 таңбаның ішіндегі Бас таңба (Ұ) – найман таңбасы екенін түйсіндім. Алдында алшын мен шектінің, ақ таздың таңбасын тауып арқаланып, «қараторының әдемісі» боп көрініп жүрген «таңбашы» Хайролланың қабағына қарадым. Күліп тұр, бірақ жетіскен шүлен күлкі емес. Енді екеулеп Қаржаубайды қаржалауға көштік. Тарихшы Меңдігүл мен Нұржан екеуі арғынның көз, дулаттың шөміш таңбасын ажыратып жатты.

Бұл көктас қазақ тарихының Бас оқулығы. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы бұл таңбаларды түптеп, тектеп, түбегейлі тұжырым ұсынатынына сенемін. Өйткені олар дайындап жатқан 90 том шежіренің бастау көзі осы пұтхананың ішінде жатқан көктастағы таңбалар. Біздің тарихымыздың Бас әліппесіне көз мейіріңді сала жүр, пұт құдайы – деген тілеумен тағы да ілгері аттанып кеттік. (Айтпақшы, Ел-Етміш қағанның бас мүсіні – Еуразия университетінің «Жаз тарихы» мұражайында).

Содан Мойыншор қағанға орнатқан тас жазуға бет алдық. Қос төбені шыр айналып шықтық. Көк жазықтың ортасында, шалғынды, күжірейген төмпешікте тұр екен. Екі тас жазуы бар. Бақатасы да сақталыпты. Мұндағы мәтіндер толық оқылмаған. Қаржаубай жазуды бұрын қалыпқа түсіріп, қаттап, хатқа тізіп алыпты. Енді аумағы мен айналасын бейнетаспаға жазды (№35 – 37 суреттер).

Күн қораланып келе жақандықтан да, беталысымыздағы Орхон мен Бұлғын қалалары асудың арғы бетінде болғандықтан да жолға асығыс қамдандық.

Өкініштісі, Ханүй мен Ханжүй өзенінің қиылысында, шағыр шоқының үстінде Ел-етміш қағанның қорымы қалды көз ұшында. Қарай-қарай көз талып, ойлай-ойлай өзек талып, бабаларымыздың «бастыны идіріп, тізеліні бүктіріп, елін – қағанды ел еткен», бөрілі байрақты ілген көк жайлаудың сүретін көңілімізге түсірүге тырыстық. Қазір де сол көк мұнар көзімді жұмсам жанарымды қамайды. Алыстан фотоға, бейнетаспаға алып ек, бұлыңғырдың арасындағы бұлдыр бояу ғана болып жайылып кетіпті.

Сайханға қаруыта жетіп, жотаның жолын қуып Орхонға бет алғамыз. Онсыз да таулы үстіртте жүрміз, бірақ үстірттен де биік асу бар. Адасып жүріп жол тауып, аңғар-аңғар асудан құлдилап, қаба-қаба шаң жұтып, түнделетіп, түн ортасында Эрденетке жеттік.

Қонақ үйге кіріп келгенде бірімізді-біріміз танымастай боп шаңға көмілгенімізді білдік. Үсті-басымызға шаң емес, құм құйылған екен екен. «Қараторының әдемісі» Хайролла қызылторыланып, ағы да қызыл, торысы да қызыл, тортасы айырылып шыға келіпті. Қоңыр құбақандау біз де бабымызға кеп шыжғырылыпппыз. Бірден себезгіге ұмтылдық...

Өндірісті, алтынды, мырышты, «жұмысшы табына» сүйенген қала екен. Мамандарының дені кеңестік орыстар болыпты. Қазір мұнда жетекші инженерлер мен жұмысшылар қазақ екен. Мен «өзі құжыр-құжыр, өлеңі бұжыр-бұжыр» деген ...ақын да осында тұрады екен. Даяшы монғол бозбаланың елі қоңырат екен. Іздесек әркімнің туысы табылатын. Тек Хайролла ғана үмітсіз пенде кейпінде. Неғұрлым солтүстікке қарай жылжыса, соғұрлым оның да мүмкіндігі зор. Тым құрығанда Барабыдаласына іліккен соң естектердің етегінен ұстайды ғой. Деп өзіңді-өзің желпігендей боласың. Бірақ діңкеңді құртқан ұзақ жолда бір ұрттам ыстық, қою, қызыл шай мен ұйқыдан артық дос табыла қояр деймісің.

Бұл ғылыми-іздестіру экспедициясының соңғы түні. Ертең бе, ертең, Монғолияның көмір астанасы Дархан арқылы Ұланбатырға бет бұрамыз. Дашилен арқылы тура жолға түссек деген де ұсыныс болды. Менің төбе шашым тік тұрды. Былтырғы азап-тозағым есіме түсті.


21.07.08. Эрдэнет–Ұланбатыр.
Ертеңінде Эрденеттің мұражайына бардық. Онда Ел-Етміш қағанның басынан алынған адам мен бөрінің, тағы да бір біз білмейтін күш иесінің – тарбығаның мүсін тастары тұрды (№38–39 суреттер). Бәрі де үш жерінен үзілген. Музейден бүкіл монғол тарихын Мықан ағашының бейнесінде суреттеген ескеркіштің үлгісін көрдім. Үш әлемді бейнелеген үш сатылы Мықан ағашының саясындағы жауынгерлердің мүсіндері шаршытақталанып жасалған, Мықан ағашы шаңырақ арқылы қосылған. Бұл мәңгілік елдіктің, мәңгілік өмірдің, мәңгілік рухтың белгісі(№ 40 сурет) .

Дархан арқылы Ұланбатырға жеттік. Түнде «Марко Полоға» бардық. Кәдімгі орыстың ожарлау, можантопай күтімі екен. Орын ауыстыруға тура келді.


22.07.2008. Ақот
Күндіз Тоныкөктің Ақоттағы жазу ескеркішіне бардық (№41-44 суреттер). Былтырғыдан көрі шаңдауытқан сияқты көрінді. Күзетші монғол шал орынында екен. Түркінің намысын күзеткен осы адамға қандац сыйлық жасаса да орынды-ау.

Жолда Шыңғыс ханның алып ескерткішіне соға қайттық. Былтыр салынып жатыр еді. Биыл бітіруге таяп қалыпты. Өзі жолдың шетіндегі төбеде. Биіктігі 60 метр. Алып тұлға аспаннан атпен түсіп келе жатқандай. Асты киіз үй сияқты дөңгелек ресторан. Бұл ел бұрынғы империясына ұмтылып келеді (№45 сурет).

Кештетіп Байқоңырға – Байхонгорға Қаржау, Еркебұлан үшеуміз ұшақпен ұшып кеттік.

Қараторының әдемілері – Хайролла, Меңдігүл, Нұржан, Әсемғазылар Баянөлгейлетіп Алматыға ертең ұшады.

Байқоңыр Құба Алтайдың астанасы сияқты, шөлдің шүмегінде тұрған қала...Былтырғы шыжғырған күн мен қаталатқан шөл көз алдымнан көшіп өтті. Бармасқа болмайды. Монғолияға келуіміздің басты мақсатының бірі сол сапар. Бізді үлкен жаңалық күтіп тұруға тиісті.
23.07.2008. Байқоңыр – Галуты – Шандымын

Бұл ерекше күн болды. Машина жалдап Галуты сұмының Көпкөл ойпатындағы Шандымын Тасырқайындағы көне түркі ескерткішіне келдік. Бізді алып жүрген жолаушы – Баты, ұлы Теміркүлік. Биыл археология факультетіне түсіпті. Алғашқы тәжірбиесін жақсы бастаған сияқты.

Жол бағытына қарасақ Қанғай үстіртінің оңтүстік бүйірінен шаншыла кіріп бара жатқандай екенбіз. Сол арада картаға қарадым. Былтыр мен биыл бүкіл Монғолияны шаршылай шарлап жүрген жеріміздің барлығы екі ендік пен бойлықтың арасы екен. Қанғайдың сілемі мен аңғарын қузап, шыр айналып, көліктің жолын қуып жүре берген екенбіз. Ал мұны көшпелілердің көш жолына түсіретін болсақ, асуды асып Теркен қатынға, қиғаштай қиып Орхонға, шығысқа жүріп Тоныкөкке барады екенбіз. Әрнине, мың шақырымның шеңберінде. Ал бұл қыстауы, көктемесі, жайлауы, күзеуі бөлек-бөлек орналасқан ел үшін азапты сапар емес. Кәдімгі өмір жолы.

Былтырғы алтын кенішінің маңынан бүйірлей өттік. Шандымын деген «үштікті» білдіреді екен. Үш қараш, Үш биік, Үш Мерке деген сияқты. Жөн сұрап жүріп жөнімізді таптық. Осы ескерткішті тапқан шопанның үйінен дәм таттық. Ақырында Шандымынға да келдік. Тостағандай тоспа көл бар екен. Аққу мен қаз ұшып-қонып жүр. Мұны кейінгі кезде Көпкөл деп атапты. Бәрі де бұлақтан жиылып, көл болған тоспалар.

Шандымынымыз, Шандымын десе – Шандымын – Үш шоқы екен. Қазақтар мұндайды әдетте Үшбиік деп атайды. Үш шоқының алдындағы Тасырқайдағы (монғолша да солай) ескерткішке де келдік (№46 сурет).

Бізден бұрын ежелгі танысымыз, археология профессоры Байыр Дөвгой қазып кеткен екен. Шарбақтастар қиынды-жиынды боп ретсіз жатыр(№ 47 сурет)...

Тағы да таң қалмасқа болмайды, ұзындығы үш, ені бір жарым метрдей керегелі шарбақтастағы оюлар құазақтың тұскиізінің оюынан айнымайды-ау, айнымайды(№48-50 суреттер) .

Ал Пазырықтағы тұс алашаның тас көшірмесі десе де болады мұны. Егерде Баянөлгейдегі жеңгелеріміз бен келіндеріміздің, құдашаларымыздың биыл басқан сырмағы мен тұскілемін әкеп, Тасырқайдағы керегетастың бетіне баса қойса, бірінің оюын бірі басып шыға келетіні кәміл. Қаржау екеуміз шарбақтастарды шыр айналып жүргенде пәдіретші Еркебұлан, жолшы Батал, және оның биыл ғана археология факультетіне түскен баласы Теміркүлік үшеуі казды (№ 52 сурет).

Таңертең Байқоңыр аймақтық мұражайына барып, Қаржау тиісті рұқсатын алған. Мұражайдың алдындағы арыстанның мүсініне қызыға қарағамыз. Алайда бала көтеріп тұрған әйелдің мүсінін көргенде әлгі қызығушылық су сепкендей басылды (53 сурет). Өйткені, әлемдегі 20 мыңға тарта көне түркі балбалдарының денін білетін Қаржаубайдың өзі де басын шайқап кеткен. Өйткені ол да бала құшақтаған әйелдің мүсінін тұңғыш рет көріпті. Тағы да бір салауатты еркектің мүсіні қатарласа тұрған. Міне, сол мүсіндер осы Тасырқайдағы мына шарбақтастардың басынан алынып, мұражайға апарып қойылған екен. Демек, біз қазып жатқан көр емес, көр болса да, бұрынғы көрлерден мазмұны өзгеше болуы тиіс...еді.

Шындығында да, бұл көр емес, бөгі дініндегілер орнатқан ғибадатхана екен. Күннің көзі жуасыған кешкі тымықта жазуы бар керегетас та табылды. Үлкен оюлы шарбақтастың бір шетіне тізілген екі жарым жол жазу екен(№ 54сурет).

Ой, қуанғанымыз-ай! Мұндай ұлы жаңалықтың ашылуына тұңғыш рет куә болуым.Қаржаубай көрге түсіп, қалам қарындашын алып, тасқа басымен кіріп кетті. Бөгет жасамас үшін күнделіктің осы беттерін толтырдым.
Айтса – айтқандай, бұл бір ұлы іс болды. Бір кезде Қаржаубай: «Тә! Ал жаз!», – деді. Жаздым.
«Ізгілік шор сегіз қасиетке ие болды. (Сол үшін) тастан еб (барық, ғибадатхана) орнаттық».
Керегетастың бір бұрышы сынған. Онда:

«Құтты болсын» - деген сөз жазылуы мүмкін, – деді қарындашын құлағына іліп тұрып.

Қ.Сартқожаның айтуынша бұл: екінші түрік қағанаты құлап, біріккен қағанат басталғанда жасалған барық. Себебі: ол кезде мүсін тас қойылмаған. Будда дінін ұстанғандар кейіннен балбал тастарды: басыңды кестім – деп мүсіннің мойынынан қиған, беліңді үздім – деп белін үзген. Сөйтіп бір мүсін үшке бөлінген. Байқоңырдағы еркек пен әйел мүсінінің де бастары жоқ.

Ал осы сегіз қасиет не?

Мұның сырын ашу келешектің ісі. Ізгілік Шор кім? Мүмкін әулие деген сөз шығар. Бізге қалған қазіргі жұмыс: ескерткіш Байқоңыр аймағының Галуты сұмының Көпкөл ойпатындағы Шандымын тасырқайынан табылды.

йынқонғар аймағы Галуты сұмның жеріндегі Көпкөл ойпатының Шандымын Тасырқайынан табылды. Онда көне түркше:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет