Шығарма лексикасы жалпыға бірдей түсінікті. Автор тарихи сөздік қорымызды байыту үшін кірме сөздерді пайдаланған, атап айтсақ, орыс тілінен енген кірме сөздер «операция», «стол» , араб-парсы тілдерінен енген «қиял», «әйел» секілді сөздер. Сонымен қатар ол басты кейіпкердің ауруы жайында нақты да толық ақпарат беру үшін мағынасы түрақты әрі айқын терминдер мен кәсіби сөздерді қолданған(«нейрохирургия», «талшық-нерв» - медицина). Ұлттық тілдің байып, дамуы үшін, оның жаңа мағыналы сөздермен толықтырылып отыруы үшін неологизмдердің маңызы зор, сол себепті автор өз шығарамасында жаңа сөздер жайлы да ұмытпаған, мәселен, «қатерлі ісік» сөзі бұрын «рак» деген атаумен аталынған т.б. Шығарма көркем әдебиет стилінде жазылғандақтан, автор тұрпайы сөздерді басқа атаумен алмастырып, сыпайылап жеткізген, яғни эвфемизмдерді көптеп қолданған, мысалы «өлді» деген сөзді «ажал аузында, қайғылы қазаға ұшырады» деген сөздермен алмастырған. Мәтінге көркемділік, образдылық беру үшін автор «қас қылғандай»,«тіс жарып»,«жұмған аузын ашпау»,«айдарынан жел еседі» сынды тұрақты тіркестерді молынан пайдаланған. Мәтінде бір рет берілген сөзді қайталамау үшін және бір ұғымды түрлі белгілермен жан-жақты сипаттау үшін синонимдер молынан кездеседі (шүбә келтірмеу, иманындай сену; демеп, жігерлендіріп т.б.). Заттың не құбылыстың ерекше белгілерін басқа заттармен салыстыра отырып сипаттау үшін автор теңеулерді шебер қолдана білген, мысалы «қапасқа түскен құс тәрізді» - мұнда автор ауруханада төрт қабырғаға қамалып өмір сүрудің қаншалықты қиын екенін жеткізіп отыр және осы сияқты «иленген терідей», «құдды дозақ отынан өтіп келгендей», «көк семсердің жүзіндей» теңеулері қолданылған. Сипатталып отырған заттардың айрықша қасиеттерін көрсету мақсатында автор теңеулерден бөлек эпитеттерді(айқындау) де пайдаланған, нақтырақ айтар болсақ, «сұрқия сырқат», «жәудіреген мөлдір жанар», «қанатты қиял», «қатал үкім», «нұрлы шуақ». Хикаятта ең көп кездесетін көркемдегіш құралдардың бірі – құбылту(троп), себебі автор зат атауын бұрма мағынасында қолдану арқасында шындықты бейнелеп,әдеби тілдің әсемдігін ғана емес, әсерлігін де көрсеткісі келді. Шынында да қолданылған құбылтулар мәтінді әсерлі жеткізуде үлкен рөл ойнап тұр: затты өзіне ұқсас басқа затқа балау, яғни метафора – «өмір-өзен»; сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуы – «ойға малтығып», «сананың көзі»; жансыз заттарды жандандыру, яғни кейіптеу – «зердем оянып», «үрей сабасына түсе бастады» т.б.