Байланысты: ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДІҢ ТҮРЛЕРІ МЕН ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДІҢ ТҮРЛЕРІ МЕН ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Ғылыми стиль – стилисканың күрделі түрлерінің бірі. Өйткені ондағы тілдік элементтердің ерекшелігі тілдің барлық салаларымен тығыз байланысты болып келеді. Ғылыми мәтін құрылымы мазмұны мен мақсатына орай жанрлық түрлерге жіктеледі.
Әуелі жанр ұғымының өзіне тоқтала кетелік. Бұл терминнің қолданылатын саласы көп. Содан болар, бұл ұғымға берілетін анықтамалар да негізінен жалпы сипатта болып келеді. Жанр дегенде ең алдымен кез келген әдеби шығарманың өзіндік белгілері, сипаты бар түрлері еске түседі. Қазақ филологиясында бұл ұғымының лингвистикадан гөрі әдебиеттануда қойылысы басым. Көп уақыт бойы осы ғылым саласының еншісіне бөлініп келді. Әдебиеттануда шығарманың жанры, яғни кейіпі дегеніміз бірыңғай және біркелкі қиысқан өзгеше сипаттардың, ерекше образ жүйесінің, айрықша композиция құрылысының, лайық тіл оралымының, белгілі ыргақ, интонацияның т.б. нақты бірлігі” [1, 8-б] деп түсіндіріледі. 3. Ахметов жанрды “әдеби нұсқаларды тегіне, түр-түсіне қарай ажыратып бөлу негізінде” қалыптасатын ұғым деп санайды [2, 90-б.]. Жанр терминіне фольклортану тұрғысынан С.Қасқабасов былайша анықтама береді: Жанр дегеніміз — оқиғаны, идеялы шығармаға айналдырудың әдісі, жолы, құралы” [3, 17-6.]. Ғылыми проза синтаксисін зерттеуші С.Әлісжанов жанр ұғымының лингвистикада аз кездесуінің себебін прагматикалық бірлік ретінде қарастырылмауынан деп түсіндіреді .[4, 63-б.].
Орыс тіл білімінде ғылыми мәтінді жанрлық түрлерге ажырату жөніндегі көзқарастар бір арнаға тоғыспайды. Жанрлық топтастыру әрбір зерттеушінің қандай принциптерді негізге алатынына байланысты жасалып жүр. Мәселен, Т.Н. Мальчевская осы орайда мына мәселелерге назар аударады: мазмұндау тәсілдері, мазмұнның нақтылығы мен абстрактілігі, мазмұндаудың ықшамдығы мен кеңдігі толықтығы, жинақтау деңгейлері, интеллектуалдық ақпараттың мақсаты мен міндеттері [5,106 б.]. Н.М.Разинкина жанрға қатысты үш факторды келтіреді. Олар: 1) құрылым формасы; 2) ақпараттың сипаты; 3) ақпараттың эмоционалдық бояуы. Осы факторларға сүйене отырып, ғылыми прозаның мынадай түрлерін ажыратады: 1) монография; 2) журнал мақалалары; 3) рецензия; 4) оқулық (оқу құралы); 5) лекция; 6) баяндама; 7)ақпараттық хабарлар (конференция, симпозиум, конгресс.т.б. туралы); 8) жарыссөз; 9) анықтамалық материалдар [6, 85-б.].
М.Сералиев жанр табиғатын белгілі бір функционалдық стильдің шағын түрлерімен бірлікте алып қарастыра келе таза ғылыми шағын стиль, оқулық-гылыми шагын стиль және көпшілікке гылыми шагын стиль деп бөледі [7,96-б.]. Мұндай ғылыми тұжырымдар мәтіндерді әртүрлі белгілері бойынша жіктеуге мүмкіндік береді. Олар: 1) шығарманың көлемі; 2) мәтіндегі баяндау типтері; 3) мәтіннің кімге арналғандығы (адресат сипаты). Қазіргі зерттеулерде мәтін көлеміне орай бірнеше түрлері ажыратылады: ірі топ (монография, оқулық, лекциялар курсы т.т.), орта топ (баяндама, мақала, лекция т.т.), кіші топ (баяндама тезистері, аннотация, резюме, рецензия т.т.).
Сөз болған негізгі белгілерімен қоса қайсыбір қосымша белгілерді де көрсете кеткен жөн. Айталық, ғылыми шығармаларды мазмұн деңгейіне қарай анықтамалық журналдық, монографиялық, мемуарлық, ақпараттық,әдебиет деп бөлушілік осындай белгінің қатарына жатса керек. Сондай-ақ ғылыми мәтінде коннотациялық бағыттың қаншалықты дәрежеде орын алуына байланысты туындының кейбір топтарға ажыратылуын жанама сипаты бар белгілерге қосамыз. Бұл айтылғандарды мына кесте арқылы беруге болады:
Монографиялық жанр коммуникативтік жағынан болсын құрылымдық жағынан болсын ғылыми тілдің ең бір күрделі жанры болып табылады. Оның жанр ретінде мынадай белгілері анықталады:
- монографияның тақырыбы пәндік ғылымның өзекті мәселесін қарастыруды көрсетеді;
- мазмұндық күрделілігі жағынан сөйлесімнің иллокутивті күші бір ғылыми саланың (пәннің) дамуына, едәуір үлес қосады;
- құрылымы жағынан монография кіріспеден, зерттеудің негізгі тұжырымдарынан, тақырыпқа қатысы бар барлық мәселелер бірізділікпен
қарастырылатын бірнеше тараулардан немесе бөлімдерден, зерттеудің қол жеткізген нәтижелерін баяндайтын қорытындыдан тұрады [8, 57-б.].
Ғылыми тілдің ең бір дамыған және еркін жанры – ғылыми мақала. Мақаланың еркіндік сипаты онда қамтылатын материал мазмұнының құрылымынан, мәтіннің логикалық ұйымдасу, коммуникативтік мүшеленуі тәртібінен, тақырыпты тандаудан көрінеді. Е.С. Троянская мақаланың жеті түрін көрсетеді: деректерді ықшам баяндау, ғылыми нәтижелерді кең баяндау, ғылыми-әдістемелік мақала, тарихи-ғылыми мақала, теориялық мақала, пікірталастық мақала, жарнамалық мақалалар [9,115-б.].
Ю.А. Васильев мақала мазмұнының теориялық, практикалық және ақпараттық бағдарын ескере отырып, оларды негізінен мынадай түрлерге бөледі: теориялық, әдістемелік және техникалық [10,92-б]. Ал Р.С.Аликаев ғылыми мақалалардың аталған барлық түрлерін екіге бөліп қарайды: ақпараттық және концептуалдық [11,82-б].
Қазақ тілінде оқу-ғылыми шағын стилі жақсы дамыған. Ғылыми стильдің бұл түрінің негізгі жанрлары — оқулық, оқу құралдары, оқу мақалалары. Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланыста, өйткені прагматикалық максаттары ортақ. Олардың басты бағдарлары оқу процесінің немесе оқу коммуникациясының мақсаты “үйретумен” (оқытумен) байланысты. Бұл жалпы мақсат өз кезегінде көптеген шағын міндеттерді құрайды: ақпаратты жеткізу мен бекіту, игеру, яғни қабылдаушыны оқу процесінің белгілі бір әрекетіне тарту, қабылдауды неғұрлым жеңілдету.
Оқу әдебиеттеріндегі мазмұнның композициялық мүшеленуі автор ойының қозғалысына және негізгі мақсаттың көрініс табуына (шешілуіне) байланысты. Автор қалай болғанда да оқулықта баяндалатын мазмұн материалының қабылдауға неғұрлым қолайлы болғанын қалайды және соған жету мақсатын өзіне қояды.
Оқулықтың өн бойында белгілі бір ғылыми ақпарат қарапайым тілмен баяндалып отырады. Автор “ақпараттың берілуін” тыңдаушылардың оны қалай қабылдайтынына, ал “ақпараттың игерілуін” тындаушылардың оны қалай түсінетініне қарап түзеді. Автордың коммуникативтік бағдарына сәйкес мәтінде субъективті’ модальділік элементтері де кездесіп отырады. Олар автордың сөйлеу тақырыбына деген жеке қатынасы болып табылады. Айталық, “Сіз — қазақ дейтін ұлы халықтың ұрпагысыз!”, “Сіз де сондай болыңыз, өсіп-жетіп толыңыз!” тәрізді; көтеріңкі үнмен айтылатын лепті сөйлемдер ғылыми ақпараттың берілуіне қатыссыз, автордың мәтіндегі субъективті қатынасы деуге болады.
Қазіргі кезде әртүрлі сала, мамандықтар бойынша шығып жатқан оқулықтар, оқу құралдары баршылық. Алайда солардың қайсыбірінде жанрлық ерекшеліктер композициялық түзілім көбіне-көп ескеріле бермейді. Сондай-ақ, монографиялық үрдісте жазылған еңбектер оқу құралдары, құрылымы жағынан оқу құралдары сипатындағы, әдебиеттер монография делініп жүреді. Ғылыми тіл мәдениетіне қатысты бұл мәселелерді өз алдына бөлек, әңгіменің жүгі ретінде қарай отырып, оқу әдебиеттерінің композициялық құрылымы жөнінде мынаны айтқан жөн. Әдетте оқулықтар мен оқу құралдарының сыртқы композициясы дәстүрлі схема бойынша құрылады: кіріспе, мен негізгі бөлім, негізгі бөлімнің тараулары, параграфтары, олар бойынша жасалатын қорытындылар. Оқулық құрылымының курс бағдарламасы бойынша кұрылуы жеткіліксіз, ол белгілі бір пәннің ұғымдарын жүйелі түрде бейнелеп қарастыру керек, сонда ғана ғылыми пәннің жалпы сұлбасы танылады. Оқулықтың әрбір бөлімі, тарауы өзіне мына элементтерді қосады: 1) нысанның сипаттамасы; 2) нысанның қасиеттерін мысалдар арқылы түсіндіру, негізгі қызметтерін айту, жаңа білімді логикалық тәсілмен анықтау; 3) тақырыпқа қатысты ұғымдарды талдау, салыстыру, салғастыру, сондай-ақ бағалау арқылы жинақтау.
Сонымен, бұл тармақты қорыта келгенде, ғылыми тілді жанрлық тұрғыдан саралау өзінің мақсат-мүддесіне қарай тілден тыс факторлардың қатарынан саналады. Қарым-қатынастың белгілі бір аясындағы әрбір мәтін функционалдық стильдің бір түріне жататындығымен сипатталады және сол стильдің мазмұндық-құрылымдық белгілерінен туындайтын өзіне тән тілдік құралдармен рәсімделеді. Мұндай өзіндік тілдік құралдар стилистикалық нормалар жүйесін құрайды. Бұл стилистикалық нормалар жүйесінен уәжді ауытқу саналы түрде жүзеге асады, автор мақсатты ауытқу арқылы оқырмандармен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді, мәтіннің жоғары деңгейдегі ақпараттылығына жетуді мақсат етеді.
Жанр ұғымының лингвистикалық мәні оның сөйленісті ұйымдастыратын прагматикалық категория екендігінен көрінеді. Жанрлық ұйымдасу, сол арқылы туындайтын стилистикалық біртектілік белгілі бір мәтінді біртұтас қабылдаудың қажет талабы болып табылады. Бір қарағанда, жанр мен функционалдық стиль ұғымдары ұқсас болып көрінуі мүмкін, алайда бұл екеуі бір нәрсе емес, көптеген жақтары арқылы олар ажыратылады. Айталық, стильді таңдау қарым-қатынас аясына байланысты болса, ал жанр – қарым-қатынас ситуациясына байланысты жүзеге асады.
Ғылыми тілдің жанрлары басқа жанрлық құрылымдардан, мысалы, құжаттық жанр түрлерінен ерекшеленіп тұрады. Кұжаттарда әрбір сөз, сөйлем ешқандай ауыспалы мәнсіз тура мағынасында жұмсалатын болса, оларға қарағанда ғылыми тіл жанрлары босаңдау келетіні рас, соңғысы өзінің құрамына көптеген тілдік нұсқаларды (оппозициялық құрылымдарды, синонимияны т.б.) енгізуі мүмкін. Сонымен ғылыми тіл жанрларының да қолданылу дәстүріне сәйкес өзіндік талаптары болады.
Читать далее Less Список литературы 1. Жанр сипаты. - Алматы: Ғылым, 1971. 2. Ахметов З. Жанр // Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. - Алматы: Ана тілі, 1996. 3. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым,1984. 4. Әлісжанов С. Ғылыми прозаның синтаксисі. – Алматы, 2007. 5. Мальчевская Т.Н. Специфика научных текстов и принципы их классификации (на материале биологические текстов) // особенности: Методические пособие. Ч.І. - М.: Всесоюзный центр переводов, 1984. 6. Разинкина Н.М. Некоторые общие проблемы изучения функциональнога стиля// Особенности стиля научного изложения. - М., 1976. 7. Серғалиев М. Стилистика негіздері: Оқулық. - Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2006. 8. Биологиядан типтік бағдарламалар (№37жинақ). Алматы: РБК, 1996. 9. Троянская Е.С. Жанры и жанровые разновидности научного стиля. - М.: Наука, 1989. 10. Васильев Ю.А. Семантика-синтаксическая характеристика речевого жанра научной статьи. - М., 1979. 11. Аликаев Р.С. Язык науки как обьект лингвистического описания.-М.: 1998.
Загрузить публикацию 22.38Kb