ЫбырайАлтынсарин (1841-1889) дүниетанымы қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, озық орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов секілді Ы.Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен, ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниетанымдық ерекше пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл - ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!» (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18-бет), «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. «Мұсылманшылдықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, «мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұдан Алтынсариннің дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз.
А.Құнанбаев(1845-1904) қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл ұлағатты мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл. Оның шығармашылық мұрасы өлең, дастан, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай - қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай - өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді.
Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын дедік. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» (А.Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет), - дейді.
Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. «Мен» және «менікі» деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша «мен» - ақын, жан, «менікі» - адам денесі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты - ақыл дейді.
Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдар бейнесін көруге болады.