Лекция 13-14. Оқыту процесінде педагогикалық технологияны қолданудың тиімділігін бағалау
Біз ұсынып отырған деңгейлік саралау технологиясының мәніне үңілсек және сол технологияның басты компоненті болып табылатын төмендегідей бағалау тәсілінің беретін оң әсерлерін ескерсек, аталған технологияның жоғарыда келтірілген 4 шартты қанағаттандыратынын көреміз.
Оқыту технологиясын пайдалану - оқушы ынтасын басатын, объективті емес, жіберген қателіктері үшін жазалауға бағытталған бағалау тәсілін өзгертуді талап етеді. Таным процесі үстінде кез келген тұлғаның белсенділік көрсетуге, әлде бір себептермен қате жіберіп алған жағдайда оны түзетуге құқығы бар болуы тиісті. Қазіргі бағалауда оқушы өз инициативасын, тек өз мүмкіндігін максимум көрсеткішке, яғни “төрт”пен “ беске ” бағалағанда ғана көрсетуге (ал мұндай оқушылар орта есеппен сыныптың 5-10%-ін құрайды) мәжбүр. Әйтпесе, жіберілген әрбір қателігі үшін жазаланады, ал бұл ғалымдардың пайымдауынша “қателесуден қорқу”синдромын қалыптастырады екен.
Оның үстіне бұлайша бағалау білім сапасын дәл сипаттауға мүмкіндік бермейді. Дидактикалық талаптарға сүйенсек, білім сапасы, оның дұрыстығы, толықтылығы, әрекеттілігі, жүйелілігі, сапалылығы және беріктілігі сияқты көрсеткіштермен сипатталады. Бес балдық жүйенің бұл кемшілігін үйлестіру үшін кейбір мұғалімдер оқушы білімін бағалауда -3,+3,-4,+4, т.б. нормадан тыс бағаларды қоюға мәжбүр. Ал бағалаудағы тақырыптық бақылау мен өздік жұмыстың нәтижелерінің жүйелі ескерілмеуі: әр оқушының тақырыпты қалай меңгергенін дәл білуге, соған сәйкес қажетті нұсқау беру, оқушы дамуын үздіксіз қадағалауға (мониторинг) мүмкіндік бермейді. Осыдан келіп, бір тақырыптың “үштігі”, екінші тақырыптың “екілігін” жабады.
Бақылаудың “жазалау” емес, өз бетімен жұмыс істеуге, табысқа жетуге жетелейтін, дамыта оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тәсілі де бар. Мұнда бағалау білім, білік, дағдының қажетті ең төменгі деңгейін меңгеруді бағалаудан басталады. Оның үстіне осы деңгейді меңгеруге қиналған оқушыларға дәстүрлі оқытудағыдай екілік бағасы қойылмайды. Оқушылар ең төменгі деңгейдегі білім көрсеткіші үшін “сыналды” (зачтено), немесе “сыналынбады” (не зачтено) деген “бағалар” алады. “Сыналынбады” бағасының екіліктен айырмашылығы - оқушыға тапсырманы қайталап орындауға, қажетті нұсқау алуына мүмкіндік берілуінде. Төменгі деңгей тапсырмасын орындаған оқушылар әрі қарай өз мүмкіндіктеріне сәйкес нәтижелер көрсетіп, жоғарғы баға алуға құқылы. Мұндай бағалау тәсілі оқу процесін оқушылардың жарысы түрінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Біздің тәжірибеміз бұрын екіліктен көз ашпаған оқушылардың алдымен ”сыналды” бағасын алып, кейін одан да жоғары меңгеру деңгейіне жете алатынын көрсетті. Оқытудың деңгейлік саралау технологиясы жағдайында меңгерудің көп деңгейлілігі білім сапасын жоғарыда көрсетілген компоненттері арқылы дәл сипаттауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл жағдай бес балдық бағалау жүйесін кеңейтуге, көп балдық жүйеге көшуді қажет етеді. Мұндай бағалау обьективті болуымен қатар, әр оқушының даму мониторингін құруға мүмкіндік береді.
Мысал ретінде Атырау облыстық ұлттық гимназиясының 10-шы сынып оқушыларының физикадан “Молекула-кинетикалық теорияның негіздері” модулі мысалында материалды меңгеруін қарастырайық. Модуль мынандай параграфтардан тұрады.
1. Молекула-кинетикалық теорияның негізгі қағидалары.
2. Молекулалар массасы. Зат мөлшері.
Әрбір параграфты зерделеу 10-15 минуттық өздігінен орындалатын жұмысты ұйымдастырудан басталады. Жұмыс нәтижесінде оқушылар өз бетімен қорытынды жасап, анықтамалар мен заңдарды өздігінен тұжырымдауға тырысады. Одан кейін мұғалімдермен бірге өз жауаптарын “жауаптармен” салыстырады, дұрыс жауапқа назар аударылып, жаңа тақырып бойынша анықтамалар мен ережелер жатталады. Алынған ақпаратты бекіту үшін осы тақырыпқа сәйкес мысалдар мен есептер (тренажерлер) шығарады. Ең алдымен бұл жұмыс мұғалім көмегімен ауызша, содан соң сынып дәптерінде жазбаша және тақтада орындалады. Кейін, қалған уақытта, әр деңгейлі тапсырмалармен берілген өздік жұмыс жасалады. Мұнда, әдетте оқушылар “мықтылар,” “орташа,” “әлсіздер” топтарына саралануы табиғи нәрсе.
Өздігінен жұмысты (барлық деңгейлерді) орындап бітірген оқушы әр деңгейді аяқтағаннан кейін өз жауаптарын мұғалімде бар “жауап-кілттермен” салыстырып отырады. Олардың дұрыстығына көзі жеткеннен кейін оқушы бұл тапсырмаларды “+” белгісімен тізімдеменің тиісті графасына белгілейді. Бұл тізімдеме барлық оқушыларға көрнекті болу үшін тақтада және оқушының өзінде де болады. Шарт бойынша бірінші деңгейдің барлық тапсырмаларын толық және дұрыс орындағаны үшін - 5 ұпай, екінші деңгейде - 10 ұпай, үшінші деңгей үшін - 15 ұпай алуға болады.
Оқушы 30 ұпай жинаса, дәстүрлі бағалау жүйесі бойынша “толық беске” ие болады. Мысалға, Орынбасаров Қ. бірінші, екінші деңгейлерді толық орындап, үшінші деңгейдің жарты тапсырмасын бітірді. Өз жұмысы үшін ол 22.5 ұпай жинайды (5+10+7.5=22.5). Ол мектептің “5-” немесе “4+” бағасына сәйкес келеді.
Қате орындалатын немесе біреудің көмегімен орындалған жұмыстың бағасы бірінші деңгейде 0.5-ке, екінші деңгейде -1.0, үшінші деңгейде-1.5-ке төмендейді.
Оқушылардың іс-әрекеті ұпаймен рейтинг жүйесі бойынша бағаланады, кейін дәстүрлі бағаларға ауыстырылады. Оқу жылының басында өзіндік жұмысты толықтай немесе толықтай дерлік орындайтын оқушылар аз болады. Болашақта олардың қатарына мемлекеттік стандарт деңгейінің талаптарын орындайтын, ал эвристикалық және шығармашылық деңгейге алғаш қадам басқандар қосылады деген үміт бар. “Әлсіздер” тобына жататындар - мемлекеттік стандарттың минималді талаптарына ғана сай келетін, тек естігенін қайталап бере алатын және тапсырмаларды үлгі бойынша ғана орындайтын оқушылар. Олар жаңа тақырып бойынша алдымен “есептелінбейді” (егер тіпті бірінші - “үйренушілік” деңгейді меңгермесе де) бағасын алуы да мүмкін. Сабақтан тыс оқуда ол мұғалім көмегімен қалған оқушыларды қуып жетіп, тіпті келесі деңгейдің екі тапсырмасын орындады делік. Оның бағасы
4.5 ұпай (1-ші деңгей үшін)
3 ұпай (2 деңгей - оқушы 2 тапсырма орындады, ал 2-ші деңгейдің әр тапсырмасын мұғалім көмегімен орындағаны үшін 1.5 ұпай беріледі). Қорытынды: оқушы 7.5 ұпай жинады, бұл “3” бағасы.
1. Тақырыптық бақылау жұмысы. Мұнда әрдеңгейлі бақылау жұмыстары барлық тақырыптық тапсырмалардың мазмұндық синтезі көмегімен жасалған, ешбір көмексіз, өз бетімен орындалады. Қосымша А мен Қосымша Ә көрінгендей, бақылау жұмысының бағасы сол тақырыптық өздік жұмыстар бағасынан, әдетте, сәл төмен. Бұл оқытудың педагогикалық технологиясының болжамдарына байланысты кездесетін жай.
Әрдеңгейлік тапсырмалардың әдеттегі тапсырмалардан артықшылығы, ерекшелігі неде?
Деңгейлік саралауда әрбір оқушы, қанша қабілетті болса да, жұмысын жеңіл, бірақ міндетті үйренушілік деңгейден бастайды.
Бұл сыныпқа саралау тапсырмаларын ұсынғанда балаларды жасанды түрде қабілетті және қабілетсіз деп бөлмеу үшін қажет. Барлық оқушы білім мәресін бірдей бастайды. Олардың әрқайсысы дара қабілетіне қарай білім меңгеруде өз шыңына жетуге толық мүмкіндігі бар. Дұрыс орындалған тапсырмалар үшін ұпай жинау құлшындыру шарасы болып табылады.
Әр деңгейдің тапсырмасын орындап болған сайын оқушы “+” белгісімен оны жұмыс дәптерінің соңында берілген бағалаудың дара ведомостісіне жазып отырады. Әрбір тақырып бойынша мұндай ведомості“плюстер кассасы” ретінде тақтада ілулі тұрады. Мұндай тізімдемені толтыру оқушыларға деңгейлік тапсырмаларды орындаудың өзіндік дара жылдамдығын және сыныптастарының жылдамдығын бақылауға мүмкіндік береді. Оларда бұл кезде оқуға мотивация туындап, сайыс рухы оянады.
Педагогикалық технологияны қолдану жағдайында бағалау процесі арнайы “қосу”әдісімен жүргізіледі. Оның негізін мемлекеттік стандарт бағдарламасымен қарастырылатын минималды оқушылық деңгей құрайды. Бұл деңгей тапсырмасын даму деңгейі, қабілеті, дарынына қарамастан барлық оқушылар орындауы қажет. Бірінші деңгейдің барлық тапсырмасын мезгілінде және дұрыс орындағаны үшін “сыналды” қойылады. Орындай алмаса “сыналынбады” қойылады. Оның екіліктен айырмашылығы, оны жою үшін осы бірінші деңгейдің барлық орындалмаған тапсырмалары “сыналынды” таңбасы алынғанша қайта тапсырылуға тиіс.
Алынған ұпайлардың қорытынды саны (әрбір тақырып бойынша) оқушылардың өзімен нүктелер арқылы белгіледі. Осы нүктелерді байланыстырса, белгілі - бір пән бойынша тарау немесе жылдағы үлгерім мониторингін аламыз (Қосымша Ә).
Әрбір оқушының жылдық көрсеткіштері қорытындысы бойынша барлық пәндер бойынша үлгерімінің көрнекі мониторингін дайындауға болады. Ол бойынша оқушының нақты пәнге талғамы анықталады да, оқыту профилін таңдауда көмек көрсетіледі. Міне, осылай, деңгейлік саралауға негізделген педагогикалық технологияны ендіру өздігінен дамитын, өздігінен дұрыс шешім қабылдай алатын тұлғаны, яғни өзін-өзі жарататын іс-әрекетін субьектін қалыптастыруды көздейді.
Ал педагогикалық технологияны мектепке жалпылай ендіру үшін жаңа буын оқулықтарын әзірлеп, басып шығару қажет. Бұл сұхбаттасу оқулықтары, бұл кітаптардан оқушылар білімді өздігінен, бірақ әзірше мұғалімнің басқаруы және бақылауымен алады. Мұндай оқулықтарға сонымен қатар әрдеңгейлік тапсырмалар бар жұмыс дәптерін дайындаған жөн. Сол себепті жаңа педагогикалық технология шағын комплектілі мектептерде қолайлы, республикада білімді жалпы компьютерлендіріп өткізуге де ыңғайлы, себебі жаңа технологиямен жасалған оқу-әдістемелік құралдардың құрылымы мен мазмұны электронды оқулықтардың құрлымы және мазмұнымен үндес.
Біз ұсынған педагогикалық технологияның тиімділігін келесі дидактикалық көрсеткіштер сипаттайды:
-үлгерім деңгейі;
-оқыту сапасы (оқыту сапасын бағалау жаңа квалиметриялық ыңғаймен жүргізілді);
-игеру деңгейі;
-біліктің қалыптасқандығы;
-белсенділік және түрткі.
Біз тәжірибемізде оқушылардың физика пәндерінде шаршап - қажуының себебін зерттедік. Шаршап-шалдығудың негізгі себебі - оқуға қызығушылықтың болмауы, оқу іс-әрекетінің күштеп жүргізілуі. В.А.Сухомлинскийдің пікірінше, сабақта үнемі ой кернеуі жағдаятын жасаудан оқушы қажып, мұндай “тиімді” сабақтардан кейін оқушы үйге шаршап қайтады [79].
Оқушыларға ойлауға, түсінуге, алынған ақпаратты өзара талдауға уақыт беру қажет. Жаңа технологиялар бойынша бұл функцияны әр деңгейлі тапсырмалардан тұратын өздік жұмыстар орындайды.
Дидактиктардың пікірінше сыныптық - сабақтық жүйенің негізгі кемшілігі мектеп білімінің оқушылардың дара қабілетіне икемсіздігінде. Тәжірибеміз көрсеткендей педагогикалық технологияны қолданғанда даралап оқыту мен сыныптық - сабақтық жүйені оңтайлы үйлестіруге болады, мұны қамтамасыз ететін деңгейлік саралау. Оқушылар бір сабақтың өзінде 3-ші, 4-ші деңгейге дейін көтеріле алады.
Іс-тәжірибе көрсеткендей, 1-2 деңгей тапсырмаларын орындағанда бір-бірімен тілдесіп, шешу жолдарын талқылайды.
Жұмыстың жеке формасын топтық түрімен осылай үйлестіру нәтижесінде
- біріншіден, асықпай, өз мүмкіндігіне, қабілетіне қарай деңгейлер сатысымен көтерілуге мүмкіндік алады, себебі келесі деңгейдің әрбір тапсырмасы алдыңғы тапсырманың логикалық сәл қиындатылған түрі болып келіп, оларды бірізділікпен, ынтамен орындайды;
- екіншіден, босқа қалып қоймауға талпыныс, сайыс рухы пайда болады;
- үшіншіден, тапсырма мазмұнындағы қызықты сәттер есебінен жаңа тақырыпқа деген жағымды ішкі мотивация туындайды;
Әрдеңгейлі өздік жұмыс осы тақырыпты зерделеуге арналған барлық оқу уақыты кезеңіне есептелінген. Егер кімде-кім тапсырманың біреуін орындауда қиналса, түсініксіз жайларды фронтальді талқылауды ұсынуға болады. Өздік жұмыс әр оқушыға өзіндік даму динамикасын береді, даму траекториясы төмен деңгейден жоғарғысына бағытталған.
Кез-келген технологияның ұнамды да, ұнамсыз да тұстары болады. Профессор Ж.А.Қараевтың педагогикалық технологиясының оқушы қызметін бағалаудағы келесі тиімді жақтарын атап көрсетуге болады:
мұғалімнің де, оқушының да қызметін жандандырады;
үйренушілік, ізденушілік, шығармашылық деңгейлерінің жалпы оқу іскерлігі (ұйымдастырушылық, зияттандыру, практикалық) қалыптасады;
демократизация, ізгілендіру принциптерінде бағалаудың рейтингі жүйесінің болуы;
оқылған материалдың меңгеру нәтижесі нақты көрінеді. Әр оқушының даму мониторингін құруға болады;
оқушы өзінің білім мониторингісін көру арқылы өзін-өзімен салыстыруға, өзінің жұмыс нәтижелерін көруге үйренеді;
оқушыларда “қателесуден қорқу” синдромы болмай, оларда өздерінің біліміне сенімділігі қалыптасады;
оқушы жолдастарының жұмыс нәтижелерін көре отырып, өзін бағалай алады, жарысқа түседі.
Міне, осылай психологиялық-педагогикалық дерек көздерді және іс-тәжірибелік-педагогикалық жұмысты талдау нәтижелері бойынша мынадай қорытындыларға келуге болады:
1. Деңгейлік саралау негізінде оқу процесін жобалау әдістемелік жүйені жетілдіреді, яғни деңгейге саралап оқытудың педагогикалық технологиясын жасауға мүмкіндік береді.
2. Деңгейлік саралау педагогикалық технологиясын орта мектептің оқу процесіне ендіру білімді ізгілендіру мен демократияландыруды қамтамасыз етеді, оқыту сапасын көтереді, біліктің, белсенділіктің, түрткінің жоғары деңгейлері мен оқу процесін басқарудың тиімділігін қалыптастырады.
3. Саралап оқыту технологиясы негізінде оқу процесін жобалау компьютерлік техника көмегімен электронды оқулық әзірлеу үшін компьютерлік оқыту бағдарламалардың тиімді педагогикалық сценарийлерін жазуға мүмкіндік береді.
4. Деңгейлік саралаудың педагогикалық технологиясы оқушылардың өзіндік танымдық іс-әрекетін құлшындыратын жұмысты бағалауға жаңа ыңғайды әзірлеп ендіруді талап етеді. Бұл жағдайда дәстүрлі бес балдық бағалау жүйесі рейтингілік жүйемен ауыстырылады. Рейтингілік жүйе даму траекториясын үздіксіз және айқын көрсететін оқыту мониторингін түзуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |