Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті


Лекция №1 Педагогикалық технология туралы ұғым



бет6/33
Дата23.08.2020
өлшемі324,27 Kb.
#76615
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
Байланысты:
УМК ПРОЕКТИРОВАНИЕ

Лекция №1 Педагогикалық технология туралы ұғым
Оқытудың педагогикалық жүйесін жетілдірудің проблемасы педагогика ғылымының даму барысының барлық кезеңінде өзекті мәселенің бірі болып келеді.

Білім берудегі елеулі бетбұрыстар оқытудың теориясы мен практикасын дамытудың жаңа идеялары анықталған 60-шы жылдардан басталады. Сол кезеңдердегі білім реформасы жалпыға бірдей білім беру мен мазмұнның ғылыми деңгейін жоғарлатуды мақсат етті. Бірақ, жеке тұлғаның қабілеті, бейімділігі, оның қызығушылығы іс жүзінде ескерілмеді.

Мектеп тәжірибесінің нәтижелерінде бұл бағдарламалардың артықшылықтары мен кемшіліктері айқындалды, оны жетілдіре келе 1981-ші жылы орта мектептерге жаңа бағдарлама ендірілді. Бұл кезеңдегі басты жаңалықтар - пән аралық байланыстарға көңіл бөлінуі, оқушылардың білімдері мен біліктіліктеріне қойылатын талаптардың анықталуы, оқу материалының берілуінің нақтылануы, бағалау нормасының енгізілуі, оқытудың техникалық құралдары дамып, оларды оқытуда қолданудың әдістемесінің дамуы болды.

Мысалы, оқытудың мазмұны мен әдістемесінде жаңа тенденция - білімді іргелі теориялар негізінде генерализациялау арқылы жеке пәндер курсын жеңілдетуге бағытталуы пайда болды.

80-ші жылдарда оқыту мақсатындағы пәндік білім мен біліктілікті қалыптастыру, оқушылардың ақыл-ойын дамытуға бағытталған әдістемелік зерттеулер жүргізілді. Сондықтан бұл кезең өз пікірі бар, өз бетімен ой тұжырымдай алатын, ғылыми мәселелерді әлеуметтік және жеке тұлғалық маңызы бар мәселелермен байланыстыра ұғынуға қабілетті адам тәрбиелеуге бағытталуымен сипатталды.

Жалпы 70-90-шы жылдар аралығында бұрынғы социалистік достастық елдерінің еш бірінде жаңа сападағы білім мазмұны жасалмады. Мұның дамытушылық, процессуалдық аспектілері жетілдірілмей, жаңа ақпараттар беретін материалдармен толықтырылып отырылды. Білім мазмұнын қайта құрудағы мұндай бір жақты іс-әрекеттер ондағы кемшіліктерді тереңдете түсті.

80-ші жылдардың өзінде ғылымның идеялық мазмұны мен оқу пәнінің арасындағы алшақтық пайда болды. Іргелі теорияларды оқытуға көп көңіл бөлініп, эксперимент жүргізуге, есеп шығаруға, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, біліктілік пен дағдыны бекітуге, ғылымның өзекті мәселелерін талқылауға уақыт жетіспеді. Сонымен бірге пән аралық байланыстар, оқу материалының мазмұнын саралау ойдағыдай шешілмеді.

90-шы жылдардан бастап бұрынғы Одақтың ыдырап, егеменді елдердің нарықты экономикасы мен демократиялық даму жолына түсу себепті орта мектептің өмірі мен жұмыстарында көптеген өзгерістер болды.

Біріншіден, жоғарғы және орта мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарын демократияландыру мен ізгілендіру үрдісі басталды.

Екіншіден, жалпы білім беретін орта мектеппен қоса әртүрлі мектептер: гимназия, лицей, әртүрлі пәндерді тереңдетіп оқитын мектептер пайда болды.

Үшіншіден, мұғалім білім стандарты шеңберінде бағдарлама мен оқулықты өзі таңдауға және өзінің авторлық бағдарламасымен де жұмыс істеуіне құқылы.

Төртіншіден, базалық білім беру негізгі мектепте аяқталып (1 және 9 сыныптар), жоғарғы сыныптарда (10 және 11 сынып) кәсіптік-бағдарлы білім беру жүзеге асырылатын тұжырымдамалық негіз жасалды.

Осыған орай қазіргі қоғамда болып жатқан күрделі өзгерістер білім мазмұнын дамытуға жаңа тұрғыдан қарап, педагогика ғылымының парадигмасын, әдіснамасын қайта қарастыруды талап етеді.

Мектеп курсының мазмұнын жаңа тұжырымдамалық негізде қайта құру қажеттігі, мектептік білімнің жаңа стандарттары мен деңгейлерін анықтау, ең алдымен, негізгі үш қоғамдық әлеуметтік факторға байланысты туындап отыр.

Біріншіден, барлық адамзат қоғамының жаңа ғасырдың алғы шебіне, яғни ғылыми техникалық прогресс пен өркениетті даму дәуіріне бет бұру кезеңіндегі өндірісті технологияландырудың жоғары деңгейі мектеп пәндерінің мазмұнына бүтіндей жаңа талаптар қойып отыр.

Екіншіден, әр ел өзінің дамуының өтпелі кезеңінде өз мектебіне ерекше әлеуметтік тапсырыс қояды, оны орындау, өз кезегінде, білім мазмұнын сапалық тұрғыда жаңартуды талап етеді.

Үшіншіден, мектепте қоғам алдына нақты талаптар қояды: мемлекеттің білім саясатының толық егемендігін айқындайтын, демократияландыру және ізгілендіру принципі негізінде оқытудың өзіндік оқу әдістемелік жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.

Сонда кез-келген біртұтас жүйенің өз дамуы барысында, дамудың тиімді жолдарын іздеп, түрлі өзгерістер, реформалар жасап отыратыны тәрізді білім беру жүйесі де өз даму тарихында жоғарыда айтып өткендей, ұдайы реформалар жасаумен келе жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі реформа - білім жүйесінің тек қондырмалық элементтерін ғана емес, оның базистік негізін, яғни әдіснаманы, парадигманы қозғайтын, оның барлық аспектілерін (нормативті-құқықтық, мазмұнды-әдістемелік, басқару-қаражаттық т.б.) тұтас алып, жүйелі өзгертуді талап ететін реформа. Әрине, қай реформаның да түпкі мақсаты - жоғарыда айтылғандай, жүйеннің тиімділігін арттыру. Ал, білім беру жүйесі тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі - білім сапасы. Өкінішке орай соңғы 30-40 жыл кезеңінде жасалған реформалардың бірде-біреуі білім сапасын елеулі жақсартуға әсер ете алмады. Тіпті жыл өткен сайын мектептегі білім сапасы төмендейтін үрдіс пайда болып, соған байланысты білім жүйесінің басқа деңгейлерінің де сапалық көрсеткіштері нашарлай бастады.

Қазіргі мектептердің оқу сапасы жағынан төмен нәтиже көрсетуіне байланысты оқытудың педагогикалық технологияларын жасап, іс-тәжірибеге енгізудің басты қажеттілігі туындап отыр. Ал, мектептегі білім сапасының төмендеуінің себептеріне келетін болсақ, оның көп жақты және кешенді түрде шешуді қажет ететін проблема екенін көреміз. Біздің пайымдауымызша мұның бастыларына мыналар жатады:


  1. Оқу жүктемесінің қалыпты нормадан асып кетуі;

  2. Оқушы ынтасын жоятын бағалаудың дәстүрлі формасының пайдаланылуы, оқулықтың және сабақтың “орта” оқушыға арналуы;

3) Мұғалімнің шеберлігінің төмендігі;

4) Оқу процесін басқарудың тиімді әдістерінің жоқтығы;

5) Оқу материалын толық игеруге қол жеткізетін әдістемелер мен оқыту технологияларының пайдаланылмауы т.б.

Демек, мектептерге дәстүрлі әдістер мен тәсілдерден гөрі тиімділігі жоғары, жаңа сападағы дидактикалық құрал қажет. Дүние жүзі педагог-ғалымдардың пайымдауынша мұндай құрал болып оқытудың педагогикалық технологиясы табылады. Педагогикалық технологияның кәдуілгі әдістемеден басты айырмашылығы - оқыту процесінің нәтижелі болуына кепілдік беруі. Әрине оқу процесін, оқытудың әдістемелік жүйесін (мақсат, мазмұн, әдіс, түр, құрал) технологиялық негізде жобалағанда озық әдістер мен тәсілдер жобаның компоненттері ретінде оған кіреді. Сонымен қатар педагогикалық технология оқушының ынтасын, өз бетімен танымдық жұмыс жасау дағдыларын қалыптастырып, дамытуға тиісті.

Осы себепті де ЮНЕСКО дамыған елдерде “нәтиже беруге бағытталған мектеп” моделін енгізуді ұсынып отыр. Cоған байланысты, бұл еңбекте оқытудың педагогикалық жүйесін жетілдіру үшін деңгейлік саралап оқыту педагогикалық технологиясын оқу процесіне енгізу мәселесі қарастырылады.

Аталып өткен қайта құрудың негізгі қағидалары оқытудың педагогикалық жүйесін өзгертуді қажет ететіндігін көрсетеді. Педагогикалық жүйе дегеніміз әдістемелік жүйемен сәйкесті дидактикалық процесстердің жиынтығы.

Қазақстан Республикасы жоғарғы білім беру мемлекеттік стандартының тұжырымдамасында да айқын көрсетілгендей, қоғамымыздың жаңа әлеументтік тапсырыстары, өз кезегінде оқу бағдарламаларын өзгертуді, оқытудың жаңа технологияларын енгізуді көздейді.

Енді, технология ұғымына қысқаша тоқталамыз. Оқыту процесін технологияландыру туралы пікірді осыдан 400 жыл бұрын Я.А.Коменский айтқан, яғни оның пікірінше оқыту “технологиялық” болуы қажет. Оның мағынасы - нені үйретсе де, нені оқытса да оқу процесі табыссыз болмауы керек. Мұндай оқыту механизмін Я.А.Коменский “дидактикалық машина” деп атады. Технологияға мақсат қою, осы мақсатқа жетудің құралдарын іздестіру, бұл құралдарды қолданудың ережелерін табу маңызды болды. Соған байланысты, мақсат - құрал - оның қолдану ережелері - нәтиже модулі шықты. Бұның өзі - білім берудегі кез -келген технологияның өзегі.

АҚШ-та үстіміздегі ғасырдың 30-шы жылдарында техникалық құралдарды пайдаланып оқыта бастағанда “білім берудегі технология” термині пайда болды. Бұл оқу процесінде техниканы пайдалануға байланысты туындады.

60-шы жылдарда америкалық және батыс Европалық білім берудегі реформаларға байланысты “оқу процесінде межеленген білім нәтижесіне қалай жетуге болады” мағынасын беретін “педагогикалық технология” термині пайда болды. Ал дидактикалық технологияның мәселелері біздің заманымыздың екінші жартысында техника мен технологияның қарқынды дамуы нәтижесінде пайда болды. Оқыту технологиясы, яғни кеңірек айтқанда педагогикалық технология ақпаратты өңдеу, сақтау, беру әдістері мен құралдарының табыстарына байланысты дамудың барлық мүмкіндіктеріне ие бола алатын әлеуметтік технологияның маңызды компоненті болып табылады.

Педагогикалық технология ұғымының қалыптасуы мен дамуының барысында педагогикалық технология ұғымының мәні түрліше қарастырылады. Педагогикалық технология мәселесіне арналған П.Я.Гальперин, Т.Т.Галиев, В.В.Давыдов, В.М.Кларин т.б. ғалымдардың еңбектерінде оқыту технологиясын техникалық құралдардың көмегімен оқыту деген ұғынудан бастап педагогикалық технологияны ғылыми тұрғыдан ұғынуға дейін түрліше пікірлер айтылған .

Оқыту технологиясы - оқыту мазмұнын жүзеге асыру жолындағы алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін қамтамасыз ететін оқытудың әдіс, құрал және түрлерінің жүйесі болып табылады. Оқыту технологиясында мазмұн, әдіс және құралдардың өзара байланысы мен себептілігі жатыр, соған байланысты қажетті мазмұнды, тиімді әдістер мен құралдарды бағдарлама мен қойылған педагогикалық міндетке сәйкес іріктей білу мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне байланысты. Берілген анықтамалардан “технология” - technе - өнер, шеберлік және logos - ғылым, заң, яғни технология дегеніміз - шеберлік (өнер) туралы ғылым екенін білуге болады .

Жалпы оқытудың педагогикалық технологиялары ұғымы педагогика ғылымына 1970 жылдардан бастап ене бастады. Кейбір әдебиеттерде оқыту процесін технологияландыруды оған технологиялық құралдарды пайдаланумен байланыстыратын көзқарастар да айтылады. Төменде талданатын “педагогикалық технология” ұғымның мәнінен көретініміз мұның бір жақты, алғашқы, үстіртін пікірден туғандығы.

Қазіргі пайдалынып жүрген мағынадағыдай педагогикалық технология ұғымы 1970 жылдардан бастап бихевиористік, необихевиористік тұжырымдардан бастау алатын, ”толық меңгеру” теориясына негізделген, жоғарыда атап өткендей нәтиже алуға бағытталған АҚШ және батыс Европа елдерінде практикаға ене бастаған меңгеру технологияларына байланысты пайда болды.

Осы жылдары шетелдерде біршама қолға алынған бағдарлы оқыту мәселесі де педагогикалық технологиялар теориясының қалыптасып, дамуына үлкен ықпал етті.

Кеңес Одағында педагогикалық технологиялар тақырыбына арналған алғашқы зерттеу жұмысы ретінде академик В.П.Беспальконың “Слагаемые педагогической технологии” (1989ж.) еңбегін атауға болады .

Бұл жұмыстан кейінгі маңызды зеттеулер қатарына И.В.Клариннің, В.М.Монаховтың , Г.К.Селевкованың, Т.И.Шамова мен Т.И.Давыденконың, т.б.еңбектерін жатқызуға болады. 1990 жылдардың орта шенінен бастап бұл ұғым педагогика курсының оқулықтарына да ене бастады.

Алайда бұл әдебиеттерде келтірілген педагогикалық технологиялар ұғымына берілген анықтамалардың жалпы негізі бір болғанмен кейбір айырмашылықтары да бар екенін көруге болады. Енді соларға талдау жасайық.

Б.Т.Лихачев педагогикалық технологияға мынадай анықтама береді. Педагогикалық технология дегеніміз оқыту әдістері - психологиялық-педагогикалық тәсілдер мен құралдарының жиынтығы. Ол педагогикалық процесті тиімді ұйымдастыру құралы .

“Педагогикалық технология дегеніміз мұғалім мен оқушыға ыңғайлы (комфорт) жағдай жасай отыра оқу процесін жобалау, ұйымдастыру мен өткізуге арналған біріккен, жан-жақты ойластырылған педагогикалық қызметтің моделі”,-дейді В.М.Монахов.

“Білім беру технологиясы деп мұғалім мен оқушыға ыңғайлы (комфорт) жағдай жасай отыра нәтиже алуға бағытталған оқу процесін жобалауға, ұйымдастыруға, бағыттауға және түзету енгізуге арналған олардың біріккен қызметінің процесстік жүйесін айтады” (Т.И.Шамова, Т.И.Давыденко).

“Педагогикалық технология- білім беру формаларын оңтайландыруға бағытталған техникалық және адам ресурстарын және олардың байланыстарын ескере отырып, білімді игеру мен оқыту процесін анықтау, қолдану және жасауға арналған жүйелі тәсіл”(ЮНЕСКО).

Білім беру саласындағы “технология” ұғымы өндірістік процестердегі технология ұғымының басты қасиеттерін осы саланы жетілдіру үшін пайдалану ұмтылысынан туындағаны анық.

Өндірістік процестердегі технология деп, қолданғанда алдын-ала көздеген нәтижеге жеткізетін, белгілі бір сапалық және сандық деңгейлердегі өнім (продукция) алуға кепілдік беретін, ғылыми негізделген алгоритмдер, әдістер мен құралдардың жүйесін айтады. (И.П.Подласый, Педагогика, 2000ж).

Оқу процесі оқушылардың денсаулығына зиян келтірмеуі үшін Ресей ғылымдары М.М.Поташник, А.М.Моисеев, т.б. оқушының денсаулығын қорғайтын оқыту технологияларын енгізуді ұсынды. Мұндай технологиялар 4 шартты қанағаттандыруға тиісті деп атап көрсетеді:


  1. Оқушының жеке бас ерекшелері (интелектік, мотивациялық, эмоциялық, т.б.) ескерілу, оқу материалын қабылдау сипатының темпераменттік еске сақтау қабілетінің ескерілуі.

  2. Оқу материалын меңгеру кезінде жүйкеге күш түсіретін интелектуалдық, эмоциялық әсерлерден аулақ болу, оқушының уақытты аз жұмсап, тиімді нәтижелер алуына жағдай жасау.

  3. Сабақты сынып ұжымына жайлы моральдық-психологиялық климат жағдайында өтуін қамтамасыз етіп, дөрекі қатынастарға жол бермеу.

  4. Оқу процесінде оқушы денсаулығына зиян келтірмейтін тәсілдерді қолданумен қатар, оларды өзін-өзі қорғауға үйрету.

Педагогика ғылымына, яғни “интеллектуальдық өндіріс” саласына өндірістік технологияның көзделген мақсатқа жетуге кепілдік беретін қасиеті аса қажет, өйткені өкінішке орай, оқу процесінде нәтиже алуға нақты қол жеткізетін, оны объективті бағалауға мүмкіндік беретін тәсілдер жоққа тән, педагогикалық экспромттар басым. Ендеше педагогикалық технология ұғымының өзегі болып берілген білімді толық игеруге, жалпы білім сапасын көтеруге кепілдік беретін, ғылыми негізделген алгоритмдер, әдістер мен құралдардың жүйесі табылуы тиіс. Әрине, мұндағы өнім - білім сапасы, оны өз бетімен игерген оқушы болса, алгоритмнің басты бөлігі болып оқушының өз бетімен меңгеруіне бағытталған білім мазмұны қарастырылуы қажет. Педагогикадағы технология “объектісі” тірі организм (оқушы) болғандықтан мұнда ынта (мотив), белсенділік, білім, білік, дағды, өзін-өзі басқару т.б. тәрізді дидактикалық, психологиялық, физиологиялық, кибернетикалық факторларды ескеруге тура келетіні түсінікті.

Осы айтылғандарды ескере отырып, жоғарыда берілген анықтамаларды талдай келе, біз академик В.П.Беспалько берген “педагогикалық технология деп практикада жүзеге асырылатын педагогикалық жүйенің жобасын атайды” деген анықтаманы мейлінше толық деп есептейміз. Бұл анықтаманы толықтырып тұрған педагогикалық жүйені жобалауға қойылатын мына шарттардың жиынтығы:

а) педагогикалық технология оқытудағы педагогикалық экспромттарды жоюы қажет. Оқу процесінің нәтижелі болуына 100% кепілдік беруі қажет;

ә) оқушының өз бетімен жасайтын оқу танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу тәрбие процесінің жобасына негізделуі қажет;

б) оқу мақсатын диагностикалық нәтиже беретін жолмен анықтап, оның меңгерілу сапасын дәл тексеріп бағалауды қажет етеді;

в) дидактикалық процестің толықтығы қамтамасыз етілуі тиіс.

Сондықтан біз өз зерттеу жұмысымызда оқудың педагогикалық технологиясына академик В.П.Беспалько берген анықтаманы және оның басты қасиеттерін пайдаландық.

Біз жоғарыда бұрынғы Кеңес Одағындағы, қазіргі ТМД елдеріндегі білім беру технологияларын зерттеген ғалымдардың еңбектерін атадық. Қазақстандық педагог ғалымдардың ішінде оқытудың педагогикалық технологиясына арналған алғашқы зерттеу жұмысы ретінде профессор Ж.А.Қараевтың “Компьютерлік оқыту технологиясын пайдалану жағдайында оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру” атты докторлық диссертациясын (1995ж) атауға болады .

Жүйелік тәсілін қолдану технологиясын зерттеуге арналған Т.Т.Галиевтің докторлық диссертациясы да (2002ж), педагогика ғылымының осы жаңа бағытын дамытуға арналған іргелі еңбектердің бірі. Осы технология тұжырымдарына сүйене отырып, З.А.Құттықожанова 2000 жылы жоғарғы сыныпқа арналған “Семья өмірінің этикасы мен психологиясы” пәнін оқыту әдістемесін жетілдіруге бағытталған кандидаттық диссертация қорғады [17].

М.Р.Көпжасарованың “Дифференциация как условие разноуровневой подготовки учащихся основной школы”(2001ж) атты кандидаттық диссертациясында Ж.А.Қараев пен Т.Т.Галиевтің технологияларына салыстырмалы талдау жасалып, олардың дидактикалық тиімділігі бірнеше параметрлер бойынша дәлелденіп, көрсетіледі.

С.К.Исламгулованың кандидаттық диссертациясы оқу процесін технологиялық негізде жобалаудың дидактикалық шарттарын зерттеуге арналған (2002ж). Мұнда зерттеу объектісі ретінде академик В.И.Монаховтың модульдік технологиясы алынған. Зерттеудің практикалық құндылығы химия пәнін оқыту әдістемесін жетілдірумен негізделген.

Осы бағыттағы зерттеу жұмысына Н.Х.Шадиеваның “Қазақ мектебінің 5-сыныбында лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту әдістемесі” (2003ж) атты кандидаттық диссертациясын жатқызуға болады. Жұмыс профессор Ж.А.Қараевтың технологиясын қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіруге пайдаланауға арналған.

Қорғалған ғылыми жұмыстардың ішінде біз Ж.У.Кобдикованың 2000 жылы қорғалған “Педагогическая технология как средство модернизации методической системы обучения в средней школе (на примере математики 5-6 классов)” атты кандидаттық диссертациясына айрықша тоқталамыз. Өйткені біздің жұмысымызда қарастырылып отырған диссертацияда қарастырылған кейбір мәселелері тереңірек, кеңірек зерттелді.

Ж.У.Кобдикованың диссертациялық жұмысында педагогикалық технология орта мектептегі әдістемелік жүйені жетілдірудің құралы ретінде қарастырылған. Жұмыстың әдістемелік, практикалық құндылығы 5-6 сыныптардағы математика курсының негізінде дәлелденген.

Ұсынылып отырған еңбектің аталған еңбектен басты айырмашылығы мынада. Біріншіден, оқу процесінің жобалау объектісі мейлінше кең, тұтас қарастырылады. Педагогикалық жүйенің оқытудың әдістемелік жүйесінен әлдеқайда кең екені, әдістемелік жүйенің оның басты құрамды бөлігі екені белгілі. Әдістемелік жүйеге оқытудың мақсаты, мазмұны, әдістері, формалары мен құралдары кірсе, педагогикалық жүйеге бұған қосымша ынта туғызу (мотив), танымдық қызмет және меңгеру процесін басқару мәселелері де кіреді. Жоғарыда аталып өткендей педагогикалық технология дегеніміз педагогикалық жүйенің практикада жүзеге асырылатын жобасы (проект) болғандықтан біздің зерттеуіміз оны құрып, пайдалану үшін тек әдістемелік жүйені ғана емес, тұтастай педагогикалық жүйені де технологиялық талаптар тұрғысынан қарап жетілдірудің қажет екенін көрсетті.

Осы орайда берілген педагогикалық жүйенің жобасы (яғни туындысы) бола тұра педагогикалық технология неліктен оны жетілдіруді талап етеді деген сұраққа қысқаша тоқталайық. Біз жоғарыда педагогикалық технологияның В.П.Беспалько ұсынған анықтаманы пайдаланатынымызды дәлелдеп, ескерттік. Бұл анықтамаға қосымша педагогикалық жүйе жобасына қойылатын 4 басты дидактикалық шарттарды келтірдік. Міне осы шарттардың орындалуы - әдістемелік жүйеге, бағалау жүйесі мен тәсілдеріне, меңгеру процесін басқару мәелелеріне жеке тұлғалық-қызметтік (личностно-деятельностная) парадигма тұрғысынан жаңа талаптар қояды. Біздің зерттеулеріміз бұл талаптарды қазіргі реформа талаптарымен мейлінше үндес екенін көрсетті. Ал бұл шарттар орындалмаса, демек, осы шарттар негізінде педагогикалық жүйе жетілдірілмесе оқыту процесінде педагогикалық технологияны құрып, пайдалану мүмкін емес.

Жоғарыда аталып өткендей, мектепте оқыту технологиясы оқыту процесіне қажетті психологиялық - педагогикалық іс-әрекеттердің жүйелі кешені - әдіс, тәсіл, амал, дидактикалық талап ретінде пайдаланылады. Ол оқушылардың тәртібіне, оқуға ынтасына, іс-әрекетіне игі әсер етеді және сонымен бірге, мұғалімдердің педагогикалық іс-тәжірибесінің нәтижелігінің тиімділігін қамтамасыз ететін оқу-тәрбие процесінің құрамдас бөлігі болып табылады. Жоғарыда келтірілген түсініктерден, оқыту технологиясы дегеніміз педагогикалық тәжірибеде оқыту мен тәрбиенің нақты көзделген мақсатына қол жеткізу жолындағы тұтас дидактикалық жүйе құрайтын амалдар мен іс-әрекеттер тізбегі екенін көреміз.

Қазіргі таңда білім беру ісін реформалау “ізгілендіру парадигмасы” негізінде білім берудің мазмұнды-әдістемелік негізін жүйелі өзгертуін ғана емес, сонымен бірге логикалық-әдістемелік негізді жаңартуды анықтауды, педагогикалық жүйенің жаңа парадигмасын жетілдіруді қажет етеді.

Қорыта келгенде оқытудың педагогикалық жүйесін жетілдіру технологиялық процесс арқылы жүзеге асырылуды тиіс. Бұл технологиялық процесті іс жүзінде “теориялық биік деңгейде” жоғарыдан құрып беру мүмкін емес. Білім беру мазмұнының педагогикалық теориясын оқу процесі барысында, мұғалімнің күнделікті сабақ беруге дайындығы кезінде, оқытуға қажетті тақырыптың мамұнын анықтап құруда технологиялық процеспен ұштастыру табиғи қажеттілік болып табылады. Яғни, оқу процесінің тиімділігі мен сапасы мұғалімнің әдістемелік дайындығы және сабақ жүргізу тәсілдері мен амалдарына тікелей байланысты.

Білім сапасы оқытудың әдістемелік жүйесіне, оны оқушының тану өрісін кеңейтуде, шығармашылық қабілетін дамытуға, өз бетінше жұмыс істеуін жоғарлатуға, жалпы және салалық білімін қалыптастыруға, пән аралық байланыстарды іске асыруға байланысты.

Білім беру жүйесін жаңартуда және жетілдіруде алдымен жаңа негізде әдістемелік жүйені құру, содан соң дидактикалық процесті ескере отырып, педагогикалық жүйені технологиялық негізде құрған дұрыс деп есептейміз. Мұндай жүйелілік тәжірибеде барлық жаңа инновациялық идеялардың жүзеге асуына кепілдік беретін саралап оқытудың педагогикалық түзу технологиясын құруға мүмкіндік береді.

Оқытудың педагогикалық жүйесін жетілдірудің қазіргі жағдайын талдай келе, оның алғы шартты ретінде - оқытудың әдістемелік жүйесін салалап оқыту технологиясы талаптары негізінде жаңартуды ұсынамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет