Лекция 2-3. Оқытудың әдістемелік жүйесін жаңарту -педагогикалық жүйені жетілдірудің негізгі шарты
Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, білім саласындағы мемлекеттік саясатты негізге ала отырып, білім беру ісін жаңартудың негізгі принциптері анықталды. Бұл принциптерге: білім сапасын ізгілендіру, демократияландыру және т.б. жатады.
Білім беруді демократияландыру проблемасы білім беру жүйесінің әртүрлі деңгейлерінде шешіледі. Біріншіден, демократияландыру - қазіргі білім беру ісінің дамуының жалпы стратегиясын дайындау үшін басты идея ретінде қарастырылады. Екіншіден, демократияландыру мектепті және басқа да білім мекемелерін басқаруды дамытудың бағытын анықтайды. Үшіншіден, демократияландыру - мұғалімдер мен оқушылардың шынайы және тиімді өзара шығармашылдық қарым - қатынасы орнауына жағдай жасайды.
Демократиялық қоғамның өктемшіл қоғамнан ерекшелігі сол, қоғамдық өмірге еркін, тәуелсіз тұлғаның қатысуын көздейді. Алайда тәуелсіздік негізіне талғау еркіндігі мен жеке жауапкершілік арақатынасы жататынын ұмытпаған жөн. Ол өркениетті азаматтық қоғамға тән шынайы еркін тұлғаның өзін-өзі анықтауға қабілеттілігін көздейді. Тәуелсіздік дегеніміз - хұқықтарды пайдалана білумен қатар, міндеттерді атқару, өзіне артылған жауапкершілікті сезіну.
Республикамыздың және шет елдердің білім беру ісін реформалаудың тұжырымдамалық идеяларын, нормативті-хұқықтық негіздерін талдау нәтижесінде оқушыға қатысты мектептегі білім беру ісін демократияландырудың келесі көріністерін анықтауға болады:
- оқушы (немесе оның ата-анасы) мектеп типін, білім мазмұнын, оның ұйымдастыру формаларын, бағдарлы (профильдік) білімнің бағыттарын таңдауға хұқылы;
- оқушы оқу іс-әрекетінің субъектісі ретінде қарастырылады, яғни ол - оқу процесіне оны жоспарлауға, нәтижелерін бағалауға белсене қатысушы;
- оқушыға дамудың жеке траекториясы, қарқыны, оқыту ортасы беріледі. Шәкірттің қабілеті мен бейімділігіне қарай “білімді сәйкес деңгейде” алуға мүмкіндігі болады;
- оқу процесінде оқушының белсенділігі, өз бетімен танымдық қызмет жасауы, ынталандырылуы қамтамасыз етіледі;
- оқу процесін, мектеп өмірін басқару оқушының қатысуымен ұйымдастырылады;
Қазіргі мектептегі реформалау контекстінде “ізгілендіру” ұғымы білім үрдісіне оқушының жаңа ұстанымымен, ”мұғалім-оқушы” өзара әрекеттесуінің жаңа жүйесімен сипатталады. Мұндағы басты қағида - тұлғаның өзіндік құндылығын, оның дамуға хұқын мойындап, оның шығармашылдығына, өз бетімен даму, алдына қойған мақсатын жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасау.
Білім беруді ізгілендіру келесі шарттармен сипатталады:
- оқыту мақсаты өз бетімен жүзеге асыратын, өзін-өзі бағдарлайтын тұлғаның өзіндік қызметі мен даму процесі ретінде жүргізіледі;
- оқыту процесі сыртқы мотивациямен оңтайлы үйлестірілген ішкі мотивацияға, тұлғаның басқалармен толыққанды қарым-қатынасқа түсу қажеттілігіне негізделген;
- тұлғаның дамуы біртұтас; тән, эстетикалық даму бірлігінде, яғни, сана, сезім, рух, дене бірлігінде өтеді;
- оқыту оқушылардың өзіндік іс-әрекеті мен тәжірибесіне сүйене отырып өткізіледі, оқу сипаты мен әдістері әркім үшін дара - өзгеше;
- оқыту ұлттық және жалпы адамзат құндылықтарына, оқушылардың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін толықтай ескеруге негізделген;
Оқу процесіне жаңа педагогикалық технологияны енгізу қажеттілігін негіздей отырып, қазіргі дәстүрлі мектепте мұғалімнің қолы неге жетпейтінін (неге жетпей жүргенін) анықтап көрейік:
Жаңа тақырыпты өткенде мұғалім әрбір оқушыны тексере алмайды, оның материалды дұрыс түсінгенін, үй тапсырмасын орындағанда қандай қиындықтарға кезігетінін байқауға мүмкіндігі жоқ. Зерделенетін материал бойынша оқушылар білімі мен ептілігінің жайы туралы толық ақпарат алмайды.
Мұғалімнің әрбір оқушыны тексеріп шығуға мүмкіндігі бар, кері байланыс үзілмейді деп болжасақ та, сабақ кезінде мұғалім барлық оқушымен жеке жұмыс жасап, қателерін түзетуге мүмкіндігі жоқ.
Орта мектептің негізгі міндеті - оқушыларға білім беру арқылы белгілі бір даму жолына бағыттау ғана емес, сонымен қатар мектеп түлектерін мектептен кейінгі білімді өз бетімен игеруге дағдыландыру. Ал, біздің оқушылардың көпшілігінде он бір жыл ішінде кітаппен өз бетімен жұмыс істеу қабілеті қалыптаспаған. Оның себебі тереңде жатыр: біздің білім жүйемізде мұғалім жаңа тақырыпты (қай пәнді алсақ та) бәрі, тіпті нашар оқитын оқушылар да түсінетіндей етіп, егжейлі-тегжейлі түсіндіріп шығады. Яғни, мәтінді зерделеудің барлық қиындықтары “алынып”, оқушылар әрекетінің дербестігі жойылады, оқушыға дайын нәтиже ұсынылады.
Қазіргі кезде оқушылардың шығармашылығын дамыту жөнінде олардың белгілі бір пәндерге қызығушылығын қанағаттандыру жөнінде көп айтылып, жазылып жүр. Факультативтер енгізіліп жатыр, бірақ олардың тиімділігі төмен. Себебі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін білім негізін құрайтын бағдарламалық материал игерілгеннен кейін ғана дамытуға болады. Яғни базалық негіз қалыптастыру ойдағыдай емес.
Дәстүрлі оқытуда мұғалімдердің көпшілігі репродуктивті ойлау мен репродуктивті оқыту әдісін ұстанады. Өз сабақтарында ішінара проблемалық оқытуды қолданса да, ол өте төмен деңгейде өткізіліп, қабілетті оқушылардың ғылымға, шығармашылыққа деген талпынысын қанағаттандыра алмайды. Оқыту негізінен орташа оқитын оқушылар жағдайына бейімделіп, қабілетті шәкірттер мүддесіне елеулі нұқсан келтіреді.
5. Дәстүрлі оқытуда пән мұғалімдері еңбек тәртібі мен сабақ үлгерімін өз сабағында ғана қадағалап, оқушылардың басқа сабақтарда өзін қалай ұстайтынын, сабақтан тыс уақыттағы тәртібі қандай - бұл сұрақтар төңірегінде ойланбайды. Яғни, тәрбие процесі оқыту процесінен жігі ажыратылып, бөлек қарастырылады.
Дәстүрлі оқытуда педагогтардың оқыту және тәрбиелеу мүмкіндіктері шектелген, өйткені:
Біріншіден, мұғалім әрбір оқушыны жеке зерделенетін тақырыптар бойынша тексере алмайды.
Екіншіден, мұғалімнің әрбір оқушыны әрбір өтілген тақырып бойынша тексеріп үлгерсе де, оның оқушылар біліміндегі ақауларын түзеуге, жоюға уақыты жетпейді.
Үшіншіден, мұғалім барлық оқушыларын өздігінен оқулықпен жұмыс істеуге, өз бетімен білім алуға үйрете алмайды.
Төртіншіден, мұғалім өз сабақтарында өзінің пәні бойынша оқушылардың қызығушылығын ескеріп, қабілетіне сәйкес танымдық жұмыс ұйымдастыра алмайды.
Бесіншіден, дәстүрлі оқытуда мұғалімнің тәрбиелеу мүмкіндіктері де шектеулі.
Алтыншыдан, ең бастысы, мұғалім оқушылардың берілген материалды түгелдей (100%) меңгеруіне кепілдік бере алмайды. Ал ”Білім беру туралы” заңның 41 бабының талаптарына сәйкес мұғалім міндетті түрде оқушылардың мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес білім деңгейін көрсетуін қамтамасыз етуі тиіс.
Білім берудің алдындағы шешімін күтіп тұрған басты мәселелер, ғалымдардың пікірінше оқушыларды дамыта оқыту, яғни оқушыны оқу әрекетіне қалыптастыру, олардың оқуға ынтасын ояту, қызығушылығын арттыру. Дәстүрлі әдістің негізін сыныптық - сабақ жүйесі ретінде Я.А.Коменский салса, педагогикалық жаңа әдістер 50-60-шы жылдарда, бұрынғы отандық педагогикада пайда болып, осы заманғы В.В.Давыдов, Л.С.Выготский, С.Л.Рубинштейн, Л.В.Занков тағы да басқалардың идеяларына жалғасты. М.Н.Скаткин оқушыларға өз беттерімен танымдық міндеттерді шештіруді сабақ мазмұнында берілетін материалдарды проблемалық мәселе ретінде ұсынуды дұрыс, яғни сабақта берілетін білім мазмұнын жан-жақты ашу үшін оқушыларға тек соңғы нәтиже ғана айтылып қоймай, оның қалай жүзеге асыратын жолдары түсіндірілуі тиіс деп, есептейді. Ғалым-дидактик В.В.Давыдов бала психикасын дамыта оқытудың тиімді шешімін алға қоя отырып, оқушылардың теориялық түсініктерін қалыптастыру мүмкіндігін айтады. Ол дамыта оқыту қағидасын бүтін жүйе ретінде қарастыруды ұсынады. Оның құрылымы төмендегідей.
Оқу қызметі оқу мақсаты мен міндеттерінен, оқыту әдістерінен тұрады. Оқыту әрекетіне оқу операциалары (ұғымдарды түсіну), оқуды игеру, бақылау, оқылатын материалдарды меңгеру дәрежесі, ал қабылдау әрекетіне дағдылар мен біліктер жатады.
Сондай-ақ біздің ұсынып отырған технологиямыз да дамыта оқытуды көздейді. Оның ерекшелігі - оқу әрекетінің негізгі себебі танымдық-қызығушылық болып табылады. Үйлесімділік идеясы әдістеменің ұтымды және сезімдік, ұжымдық және жеке, ақпараттық және проблемалық, өзбетімен және ізденгіштік, компьютерді оқу процесінде қолдану сияқты әдістерін үйлестіруді талап етеді.
Егер дәстүрлі оқытуда басты рөл мұғалімге берілсе, енді оқу процесіндегі белсенді рөл оқушыға ауысады, оны оқытпайды, ол өз бетімен ізденіп, танымдық іс-әрекет негізінде нәтижеге жетеді. Білім беру ісін ізгілендіру жағдайында саралап оқыту оқушының өзінің қажеттілігін қанағаттандыруға және таңдап алған оқу бағытында табыстарға жетуіне мол мүмкіндігі бар. Мұғалімнің назары негізінен әрбір оқушының жеке-дара мүмкіндіктері мен мүдделерін анықтауға аударылады. Оқушының іс-әрекеті көптеген тұлғалық және мінез-құлықтық параметрлерімен (іс-әрекетік сипаттама, зияттық даму, тіл мәдениеті, дербестік, бастама, жауапкершілік және т.б.) өлшенеді. Әрбір оқушының дамуы басқа оқушымен емес, өзімен салыстырылады. Оқушыны өз нәтижелерін бағалауға тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Баға қате жібергені үшін жазалау құралынан табыстарды ынталандыру құралына, оқушылардың қажеттіліктері мен мүдделерін құлшындыру құралына айналады.
Біз жоғарда оқытудың педагогикалық жүйесін өзгертуге әкелетін мектептегі білім беруді қайта құрудың негізгі принциптерін анықтадық.
Cоған байланысты біртұтас педагогикалық жүйе деп, жеке адамды қалыптастырудағы ұйымдастырылған, белгілі мақсатқа бағытталған, алдын-ала ойластырылған педагогикалық ықпалды жүргізу үшін қажетті өзара байланысты ортаның, әдістердің және дидактикалық процестердің белгілі бір жиынтығын айтамыз.
Жоғарыда аталып өткендей, педагогикалық жүйенің құрамды бөлігіне оқытудың әдістемелік жүйесі жатады. Әдістемелік жүйе деп, біз оқытудың мақсат, мазмұн, әдіс, түр және құралдарының кешенді бірлігін түсінеміз .
Әдістемелік жүйенің негізгі құрамды бөлігі - оқыту мақсаты болып табылады. Педагогика ғылымында оқыту мен тәрбиенің мақсатын жеке басты қалыптастырудағы ақырғы нәтиже деп, түсіну алынған. Оқыту мақсаты және мақсатты жоспарлау білім беру стандарты мәселесімен тығыз байланысты. Осы орайда, технологияландырылған білім берудің мақсаттарының ерекшеліктері 1-кестеде көрсетілген.
1-кесте. Білім берудегі мақсат
Дәстүрлі оқыту жағдайында
|
Педагогикалық технология жағдайында
|
Кеңес дәуірінде білім берудің мақсаты жан-жақты, гармоникалық дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болғандықтан, ол:
-ғылым негіздерін игеру мен тек дайын білім жүйесін еске сақтауды қалыптастыруды;
-ғылыми-материалистік дүниетаным негіздерін қалыптастыруды;
-адамзаттың жарқын болашағы үшін, коммунизм идеясына берілген, партияның нұсқауымен жүретін ұрпақ тәрбиелеуді көздеді.
Кеңестік дәуірде мақсатты оқушының танымдық қызметі нәтижесі ретінде сипаттаған, диагностикалық нақты түрде қою мәселесі жеткілікті дәрежеде зерттелінбеді.
Сонымен, дәстүрлі оқытудың мақсатының сипаты-қасиеті алдын-ала анықталған тұлғаны тәрбиелеу. Ал оның (мақсаттың) мазмұны тұлғаны дамытуға емес білім, біліктілік, дағдыны (ЗУН) меңгеруге бағытталған.
|
Қазіргі білім берудің мақсаты- тұлғаны өз бетімен білім алуын, өздігінен қалыптасуы мен өз бетімен шешім қабылдауды тиімді қамтамасыз ету үшін оның өзіне және қоғамға қажетті қабілетін дамытуға жағдай туғызу. Бұл жағдай оқушының:
-белсенділігі мен саналығын қалыптастыруды;
-психикалық, физиологиялық және антропологиялық даму заңдылықтарын жалпы адамгершілік қасиеттерімен үйлесімді сәйкестендірілуін;
-әлеументтік құнды белсенділігін дамытуды;
- көкейтесті даму аймағынан
“жақын араға даму аймағына көшу” процесін қамтамасыз етуді көздейді.
Мақсатты диагностикалық қою немесе операциональді түрде беру, яғни қойылған мақсаттың алынған нәтижеге сәйкестілігін өлшей алатын механизмді пайдаланудың жолы жүзеге асады.
Сонымен, педагогикалық технология жағдайындағы оқытудың мақсаты өздігінен даму бағдарын анықтап, дамитын және өздігінен дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін-өзі жетілдіріп өсіруші-өзін-өзі тәрбиелеуші тұлға қалыптастыру болып табылады.
|
Оқытудың педагогикалық технологиясы әдістемелік жүйенің басты компоненті - мақсатты диагностикалық, нақты түрде қоюды талап етеді. Мақсатты бұлайша қою дегеніміз-мұғалім дәл өлшей, бағалай алатын, оқушының іс-әрекетінің (танымдық қызметінің) нәтижесі түрінде анықтау. Өкінішке орай, кеңестік дәуірде мақсатты диагностикалық нақты түрде қою мәселесі жеткілікті дәрежеде зерттелінбеді. Мақсатты диагностикалық қою немесе операциональды түрде беру - қойылған мақсаттың алынған нәтижеге сәйкестілігін өлшей алатын механизм немесе тәсілдің бар болуын талап етеді.
Ендіше, қойылған мақсат мақсатты өлшеуге, бағалауға болатындығы оқушының танымдық қызметінің нәтижесі ретінде анықтау, танымдық қызметтің түрлерін қарастыруды қажет етеді.
Мақсатты өлшеуге, бағалауға болатындығы оқушының танымдық қызметінің нәтижесі ретінде анықтау, танымдық қызметтің түрлерін қарастыруды қажет етеді. Өйткені танымдық қызметтің түріне орай алынған нәтижеде (мақсатта) сәйкесті сипатталады. Педагогика оқулықтарынан танымдық қызметтің репродуктивті, продуктивті түрлері бар екендігі белгілі. Репродуктивті танымдық қызмет дегеніміз - шығармашылықты қажет етпейтін берілген нұсқауға сай әрекеттер арқылы орындалатын танымдық қызмет. Репродуктивті танымдық қызмет нәтижесінде репродуктивті білім меңгерілетіні белгілі. Оның сипаты, фактілерді, ұғымдарды, ережелерді, анықтамаларды білу, сөйтіп “үлгі” бойынша тапсырмаларды орындау, қайталап айтып беру, әңгімелесу.
Ал, продуктивті (өнімді) танымдық қызмет деп, алынған білімді стандартты емес (өзгертілген жағдаят) үшін, ізденісте, шығармашылық іс-әрекеттер нәтижесінде қолдана білуді, сөйтіп білімді өз бетімен алуды айтады. Продуктивті танымдық қызмет нәтижесінде игерілген білімді зерттеушілер екі деңгейге бөледі: конструктивті және шығармашылық деңгейлер. Конструктивті игеру деңгейі оқушының стандартты емес жағдаяттарда алған білімін қолдана білуімен, эвристикалық - әңгімеге араласа алуымен, алған білімін жалпылай алуымен сипатталады. Танымдық қызметтің бұл түрлері өзара байланыста және бағынышты (иерархиялық) сипатта болады. Танымдық қызметтің бұл үлкен екі тобының иерархиясынан шыға отырып, академик В.П.Беспалько білімді меңгеру нәтижесі мынандай төрт иерархия түрінде сипаттағаны белгілі [10]:
1.Үйренушілік - репродуктивті іс-әрекет деңгейі. Оқушы есеп құрылымындағы мақсат, жағдаят және оны шешу іс-қимылдарының сәйкестігі туралы қорытынды жасауы керек. Тани білу іс-әрекеті.
2. Алгоритмдік - екі компонентті - мақсат, жағдаят - берілген есептерді қарастырады. Оқушы есепті шешерде бұрыннан меңгерген іс-қимылдарын өздігінен жаңғыртып, қолдана білуі қажет.
3. Эвристикалық - өнімді іс-әрекетінің бірінші деңгейі. Бұл деңгей есебінде мақсат ғана берілген. Оқушы жағдаятты дәлдеп, оны шешу үшін амалдарды таңдап алуы қажет.
4. Шығармашылық деңгей - өнімді іс-әрекетінің ең күрделі деңгейі. Оқушы өзі мақсат қылып, өзі оны тұжырымдайды, нақтылайды, оны орындауға жеткізетін жағдаят пен амалдарды іздестіреді.
Білімді меңгерудің (игеру) мұндай иерархиясы - мақсат қоюдың да сәйкесті иерархиясын құруды талап етеді. Шығармашылық меңгеру деңгейі оқушының өз бетімен іздене білуі, мақсатты өзі қойып, нәтижеге жету әдіс-тәсілін өзі тауып, пайдалана білуімен, зерттеу нәтижесін жүйелеп жалпылай білуімен сипатталады.
Оқыту мақсатының иерархиясы немесе мақсаттар таксономиясы мәселелерін зерттеу кеңестік дәуір кезеңінде шет елдің ғалымдар үлесінде болды. Әсіресе, американдық ғалым Б.С.Блумның мақсаттар таксономиясы кеңінен танылған болды. Б.С.Блумның таксономиясы танымдық сферамен қоса, эмоциялық сфераны да қамтиды және интеллектуалды қызметтің барлық категориясын қамтуды тырысты. Білімді меңгеру кезеңінде Б.С.Блум таксономиясы мақсат қоюдың мынадай алты деңгей тізбегін ұсынады [26]:
Білу (знание);
Түсіну (понимание);
Қолдану (применение);
Анализ және синтез;
Бағалау (оценка);
Б.С.Блум таксономиясының мақсатын көрсете отырып, оның кемшіліктерін де атауға болады. Мысалы “түсіну’’ үшін “анализ бен синтездің’’ қажет екені ’’Қолдану’’ деңгейі олардан кейін келетіні көрініп тұр. Сондықтан, кейбір әдебиеттерде Б.С.Блум таксономиясын мына тізбекте беруді ұсынады:
Ақпарат (информация);
Анализ және синтез;
Түсіну;
Қолдану;
Бағалау;
Мақсатты деңгейлер тізбегі түрінде қою арқылы зерттелмесе де, кеңес педагогикасының ғалымдары (В.В.Краевский, И.Я.Лернер, М.К.Скаткин) білімді меңгеру деңгейлерінің төмендегідей тізбегін ұсынады:
І деңгей - білу (еске сақтау, қайталап айту);
ІІ деңгей - түсіну (түсіндіру, баяндау, интерпритация);
ІІІ деңгей - қолдану(үлгі бойынша, өзгерген жағдаяттарда);
ІV деңгей - жалпылау және жүйелеу (бүтіннен бөліп шығару, жаңалығы бар, бүтінді алу үшін элементтердің комбинациясын жасау, жалпылау); ІV деңгейді - білімді игерудің шығармашылық деңгейі деп те атайды.
Дидактикалық зерттеулер және іс-тәжірибе нәтижелері мақсаттың деңгейлер тізбек (иерархия) түрінде берілуі - оқу процесінде мұғалім назарын басты нәрсеге аударуға, нәтижені дәл бағалауға, оқу процесін тиімді басқаруға қол жеткізетіндігін көрсетті.
Мақсаттың деңгейлер тізбегі ретінде дәл қойылуы мен нәтиженің игеру деңгейлері тізбек ретінде берілуін мақсатқа сәйкес нәтиже алынған жағдаятты үздіксіз бақылауды, керек болған жағдайда түзету енгізу арқылы нәтиже алуды тиімді қадағалауға қол жеткізді. Осы пайымдауларға сүйене отырып, профессор Ж.А.Қараев анықтаған білімді меңгеру деңгейлері мен мотивтің, белсенділіктің және білім сапасының арасындағы байланысты төмендегідей толықтырдық (сурет1).
Сонымен аталған зерттеу жұмыстарын талдай келе біз төмендегідей мақсаттардың деңгейлік тізбегін (иерархиясын) анықтадық.
Білу - ақпарат алу, алған білімді стандартты жағдаяттарда қолдану, қайталап айта білу.
Түсіну - білімді ішінара өзгерген жағдаяттарда қолдана білу.
Қолдану - білімді ішінара ізденіс - зерттеу жүргізуге қолдана білу, өз ісін бағалай және қажетті түзету енгізе білуі.
Жалпылау, жүйелеу, шығармашылық.
Мұнда білімді меңгеру деңгейлерінің ынталандыру, белсенділік, іскерлік және білім сапасы деңгейлерімен өзара байланысы көрсетілген. Мұндағы : Мі - мақсаттар иерархиясы, aі - меңгеру деңгейі, Т - уақыт. Мұндай деңгей бойынша жалпы оқу іскерлігін (интеллектуалдық, ұйымдастырушылық, практикалық және т.б.) түрлерін тіркеуге болады. 1-суретте көрсетілгендей эвристикалық
деңгейден бастап барлық білім сапасы компоненттері қамтылады. Бұдан егер оқу төменгі деңгейден жоғары қарай бағытталған траектория бойынша ұйымдастырылса, онда ол дамыта оқыту іске асып, іскерлік, түрткі, белсенділік, білім сапасы және ойлау дамитынын көреміз. Алғашқы екі деңгейге эмпирикалық, ал қалған екеуіне ойлаудың теориялық деңгейі сәйкес келеді. Оқу процесін деңгейлік саралау жағдайында ұйымдастыру үшін деңгейдің талаптарына сәйкес әр тақырып бойынша өздік жұмыстар мен бақылау жұмыстарына арналған деңгейлік тапсырмалар жасақталынады.
Үйренушілік деңгейі “міндетті минимумды” ал қалған деңгейлер оқушының жеке сұранысына байланысты білімді, дағдыны, іскерлікті сәйкесінше таңдап алу мүмкіншілігін береді.
Сөйтіп оқу процесін деңгейлік саралау негізінде ұйымдастыру мазмұнды жекелеп оқытуды қамтамасыз етеді және үйренушінің маңызды даму деңгейімен қатар дамытудың жақын аймақтарын да қамтиды. Мұндай оқыту әр үйренушіге төменнен жоғары қарай даму траекториясына ұмтылатын өзінің даму сатысын қамтамасыз етеді. Дәстүрлі әдістеме үшін, әдетте, оқытылатын тақырыптың тиімділігі шектеулі болып, білім игерудің дәстүрлі процесінің аяқталмаушылығы т.б. орын алып келсе, технологияда оқытудың түпкі нәтижесі кепілдендіріледі: ол арнайы жасаған өзіндік тексеру жұмысы - болжау түрінде беріледі. Ескерте кететін бір нәрсе, мұғалімнің кәсіби іс-әрекетінде көп жылдар бойы іс-жүзінде қалыптасқан дәстүрлі педагогикалық іс-әрекеттің технологиялық іс-қимылдар мен құрал жабдықтардың жаңа игерілген инновациялық құралдарының ұштасуы қалыптасып отыр.
Біздің оқыту үлгімізде оқыту технологиясының негізгі талаптарын қанағаттандыратынын төмендегі түрде көрсетеміз.
Мақсат4 - Дидактикалық процесс4 - нәтиже4
Мақсат3 - Дидактикалық процесс3 - нәтиже3
Мақсат2 - Дидактикалық процесс2 - нәтиже2
Мақсат1 - Дидактикалық процесс1 - нәтиже1
Мұнда оқыту мақсаты меңгеру деңгейі бойынша шағын мақсаттарға (иерархиялық) және деңгейіне сәйкес дидактикалық процестерге бөлінген. Біздің тәжірибе көрсеткендей, аталған технологияны қолданғанда бірінші деңгейдегі шағын мақсаттар 100%-ке жүзеге асады. Ал инновациялық мектептерде 100%-тік көрсеткіш екінші, не үшінші деңгейлерде орындалады.
Мұндай нәтижелік деңгейлік тапсырмалардың күрделілігіне қарай қатаң бірізділігіне (тану, ұқсастыру, жеке ізденіс, шығармашылық), оқудың ішкі және сыртқы мотивациясының үйлесімді байланысуына, сонымен бірге оқытудың педагогикалық технологиясын қолдану жағдайындағы оқушылардың қызметін бағалаудағы яғни баға оқушының қателігін жазалау болмай, өздігінен дамуына жағдай жасауға, дем беруге қызмет ететіндігіне кепілдік береді. Деңгейлік шағын мақсаттан сәйкесті нәтижелерге “түйіндес болғандықтан” деңгейлік саралау оқыту мақсатының диагностикалық құрылымын керек етеді. Диагностикалық мақсат жоғарыда айтылғандай қою мұғалім өлшей, бағалай алатындай оқушы іс-әрекетін көрінген нәтижелер арқылы анықтауды білдіреді. Бұл технология өлшеуіштері деңгейлік тапсырмалар мазмұнының өзінде баяндалған. Оқушы белгілі меңгеру деңгейінің нәтижесін білгеннен кейін келесі мақсат деңгейін жүзеге асыруға құқы бар. Берілген технологияда бағалар дұрыстығы әр түрлі деңгейдегі тақырыптық бақылау жұмысы арқылы қамтамасыз етіледі, оқушының дамуын үздіксіз бақылауды және бір тақырып “екілігін” басқа тақырып “үштігімен” жабуға жібермейді. Бұл жағдайда білім сапалылығы, бағалау әділдігі байқалады. Деңгейлік саралау негізіндегі оқыту технологиясында дидактикалық процесстің тұтастығы қамтамасыз етіледі. Жоғарыда айтылып кеткендей мұнда дидактикалық процестің мотивациялық компоненті қамсыздандырылып және оқыту процесінде оқушылардың танымдық процесі Тқ=әбн +оә+бә+тә формуласымен анықталып толықтай жүзеге асады. Мұндағы Тқ-танымдық қызмет, әбн-әрекеттердің бағдарлы негізі, оә-орындаушы әрекет, бә-бақылау іс-әрекеті, тә-түзету іс-әрекеті.
Қажетті мақсатқа жеткенді бақылау үшін қажетті өлшеуіштер мен бағалау әдістерін білу керек. Осы жағдайлардан шыға отырып, оқыту мақсатының төмендегідей тұжырымдамасын ұсынамыз.
Қазіргі кездегі білім берудің мақсаты (түпкі мақсат) - жеке бастың өзіне және қоғамға қажетті бейімділігін, әлеуметтік бағалы белсенділігін дамыту, сонымен бірге өз бетімен білім, өздігінен қалыптасуын тиімді қамтамассыз ету. Сонда білім беруді ізгілендіру және демократияландыру жеке бастың өзін-өзі дамытуын, өздігінен жеке шешім ала білуді қалыптастыруды көздейді.
Білім беруді ізгілендіру, демократияландыру принциптері білім мазмұнының құрылымына, оны іріктеп алудың дәстүрлі талаптарына сәйкесті өзгерістер енгізуді талап етеді. Қазіргі білім беру мазмұнын анықтауда пайдаланып отырған критерийлерді төмендегідей критерийлермен толықтыруды ұсынамыз:
-білім мазмұны хабарлама, фактологиялық сипаттан оқушының белсенді даму құралына айналуы керек, яғни оқушыны ойлау іс-әрекетінің әдістерін қолдануына, қалыптастыруына ынталандыру керек;
- оқыту мазмұнының құрылымы С1-А-С2 (алғашқы синтездеу-анализдеу, жалпылау) формуласымен анықталатын танымдық құрылым процесіне сәйкес келуі керек. Бұл формула әр тақырыптың, әр тараудың, курстың құрылымын сонымен бірге мектептегі білім берудің мазмұндық құрылымын анықтауға негіз болады;
Достарыңызбен бөлісу: |