Материалдар мен әдістер. Дереккөзі ретінде ұлттық тәлім-тәрбиеге, құқықтық мәдениетке қатысты бірқатар ауыз әдебиеті, тарихи материалдар мен ғылыми еңбектер алынды. Ұлттық тәрбиеге, халық тарапынан берілетін тәлімге, ілім-білімге, тәрбиелік мәні бар тәмсілдерге ерекше назар аударылды. Қазақ халқы ойшылдарының тұжырымдары талданды. Діни тәрбиеге, дәстүрлі құқықтық санаға, ұлттық мәдениет пен әдебиетке, тарих пен этнологияға қатысты қалам тартқан ғалымдардың (Арғынбаев, Зиманов, Аманжолов, Бизақов, Смағұлова, т.б.) еңбектерінде көтерілген материалдар талдаудан өтті. Сондай-ақ көптеген философиялық, педагогикалық, этикалық арнаулы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттер, билер сөзі, исламдық шариат заңдары, бұқаралық ақпарат құралдарының мағлұматтары пайдаланылды.