Г. Е. Сабденова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, доцент, т.ғ. к., Қазақстан, Алматы А. Н. Усерова



бет6/10
Дата04.10.2020
өлшемі41,66 Kb.
#64023
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Нәтижесі. Дәстүрлі қазақ қоғамы әрқашан «баланы жастан» тәрбиелеуге ұмтылды. Оның бойына ертеден-ақ ақ пен қара, ақылды мен ақымақ, жақсы мен жаман, шындық пен өтірік, күшті мен әлсіз, ысырап және обал мен сауап секілді қарама-қарсы категорияларды сіңдіріп, жақсылыққа жетелеуге тырысып отырды. Осындай наным-сенімдерді зердесіне ұялатқан ата-бабаларымыз ғаламды басқарушы ғаламат күш бар. Ол – Тәңірі деп ұққан. Жүрсе-тұрса Тәңірісін есінен шығармай, одан күш-қуат беруді тілеген. Өмір бар жерде өлім барын көзімен көріп, өлгендерді қастерлеген. Оларды аруаққа айналдырып, Тәңірі мен адамдар арасындағы тілеуқор ретінде қараған. Барлық жақсылық та, жамандық та отбасынан басталатынына көздері жетіп, тәлім-тәрбие басын отбасынан бастаған. Тәрбие басы – бесіктен деген қағиданы нық ұстанған. Әлбетте, басқаға тәлім-тәрбие беру үшін оған өзі лайықты болуы керек. «Бүкіл әлемнің белгілі бір заңдылықтарымен өмір сүретінін қазіргі заман ғылымы жан-жақты дәлелдеп отырғаны мәлім... Соның ішінде бұл заңдылықтар адамзаттың жан дүниесі мен рухани ішкі өмірін де қамтиды» [2, 3 б.]. Сондықтан да, егер адам қате ұстанымды дұрыс деп қабылдаса, онда сол ұстанымға сай істері де қате, нәтижесі де теріс болады. Сол үшін тәлім-тәрбие о баста дұрыс жол мен ұстанымға сәйкес берілгені жөн деген тәмсіл халық арасында кеңінен таралған.

Қазақ қоғамы табиғатты аялау, еркіндікті сезіну, адамды сыйлау, намысын сақтау, адамдық қасиетін жоғалтпау, сөзде тұру, қонақжайлық көрсету, уәдеге берік болуы сынды қасиеттерді ұрпақтан ұрпаққа сіңдіріп отырды. Мысалы, Н.Л.Зеланд (1833-1902) қазақ халқының тұрмысы мен әдет-ғұрып заңдарын зерттеп, өзінің «Қырғыздар» деген этнологиялық очеркінде: «…Жүйке салауаттылығы адамның иманды, өнегелілік бейнесінен де жақсы көрінеді. Жаны жайсаң адам өзгелерге де іш тартады. Қазақ ниетімен ақ көңіл; ол сондай-ақ қастерлі қасиеттерге адал, басқаның қайғы-қасиетіне ортақтас, қонақжай, күйзелген, күйінген кезде салауатты және төзімді. Қазақтардың әдептілік тәлім-тәрбиесінің бастаулары көпшілік ұйғарымдарынан, тәжірибе қорытындыларынан тұрады. Атап айтқанда, не нәрсе болса көз жеткізу, иландыру, шындық пен әділдіктен, ақиқаттан айнымау, берген антына берік болу, аманатқа борышта болмау; ар-ождан тазалығын сақтау, ақыл-ойлы, парасатты болу, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, қарым-қатынасынан, көзқарасынан ғибрат исі шығып тұру, үлкендерді тыңдау, құрметтеу, достық пен татулықты сақтау, т.б. Қатыгездік пен кекшілдік қазақтар арасында кездеспейді десе де болады» [3, 235 б.] – деп жазып қалдырған.

Ал В.И.Даль: «Қазақ жеріне өттің екен, әмияныңды қалтаңа салып қой. Жылтыратып тиын санап отырғаның бұл елдің (қазақтардың – авт.) әдет-ғұрпына ерсі, намысына тиеді» дейді. Мұны белгілі этнолог әрі тарихшы Х.А.Арғынбаев [4, 68 б.] нақтылай түседі де, қазақтардың қонақжайлығын бұрын-соңды қазақ арасында болған саяхатшылар, ғалымдар және қызмет бабымен келген орыс әкімдері түгелдей бірауыздан жоғары бағалағандығын, олардың ұлттың қонақжайлылығы оның тамаша қасиеттерінің бірі деп есептегендігін жазады.

Қазақ халқының құқықтық әлемін терең білетін заңғар ғалым С.З. Зиманов адамгершілік пен құндылықтарға толы ұлы дала демократиясының институттары негізінен әділ сот пен шешендік ділмарлықтан тұрып, өзін-өзі басқару еркіндігін сақтағанын айта отырып, оны үш фактормен түсіндіреді.

Бірінші фактор – Орталық Азияны мекендеген тұрғындардың басым бөлігі үшін ортағасырлық тарихи жағдайда өмір сүрудің бірден-бір негізін құраған мал шаруашылығын дамытуға барлық жағынан қолайлы болып келген, халқы сирек қоныстанған ірі табиғи кеңістіктің болуы...

Екінші фактор – осы ұлан-ғайыр жерде еркін психологияға ие көшпелілер бірлестіктерінің өмір сүруі. Оның қайнар көзі мен негізін мыналар құрады: а) көшпелі өмір үрдісі еркіндігі мен оның дәстүрлі мәдениетін қызу қолдаушылар; ә) ғұн, қыпшақ, монғол және темуридтер империясы қол астындағылардан түрлі себептермен бөлінген қоныс аударушылар...; б) жайылымдық – көшпелі жерлерді және өзін-өзі басқару еркіндігін іздеушілер...

Үшінші фактор – қыпшақ даласы деп аталатын кең байтақ аймақ көшпелі өркениет пен еркін көшпелілердің көп жағдайларда жалпы адам құндылықтарымен үндес мәдениетін бойына сіңірді. Қоғамда «Сөз құдіреті» мен «Әділ Сот құдіреті» өмірлік күшке ие болды [5, 19-20 бб.]. Міне, осылайша кең байтақ қазақ жері еркіндік пен бостандық аясында өзара теңдік, өзін-өзі басқару, әділдік, адамгершілік, имандылық негізінде қалыптасып, дамыды. Қоғамды реттеуші нормалар басты тұтқаға айналып, өмір болмысының барлық тармақтарын реттеді. Бұл еркін, азат өмір сүрушілерге қолайлы да ыңғайлы болды.

«Түркі елінің ежелгі тарихы біздің заманымыздан бұрынғы III ғасырдан, ертедегі һундар империясының құрылу кезеңінен басталады да, біздің заманымыздың IX ғасырын қамтиды... Демек, біздің заманымыздан бұрынғы


III ғасыр мен бергі IX ғасыр арасындағы һундар, түркілер дәуірі – біздің рухани қазыналарымыз, түркі жұртының мәдениет тарихының деректі көздері» [6, 3 б.]. Бұл аталған дәуірдегі өмір сүрген тайпа-рулар қазіргі Қазақстан аумағы мен Орта Азияда, Алтайда тіршілік жасағаны мәлім.

«Талай ауыр кезеңді, қиын-қыстау заманды бастан кешіріп, тағдыр тауқыметімен тоз-тоз болып, иелік еткен жерінен айырылып қалған түркі тайпаларының рухани болмысы мен халықтық сана-сезімінің жұқара бастаған кезі, игі дәстүрінен көз жазып қала жаздаған тұсы, бір халық ретінде қалыптасудың аз-ақ алдында тұрған жұрттардың бөлек ұлыс болып, ажырап кеткен кезі аз болған жоқ» [7, 5 б.]. Дегенмен, көшпелі тұрмыспен тіршілік еткен ата-бабаларымыз өзінің бастапқы болмысын жоғалтпады.

Сондықтан да қазақ қоғамында сот функциясы реттеушілік, біріктірушілік, қорғаушылық, басқарушылық, адамгершілік қызметтерді атқарды. Нәтижеде заң да, билік те, қоғамдық болмыс пен өнегеліктің қайнар көзі де, рухани құндылық та болып, қоғам үшін қызмет атқарды. Әрине, қоғамның бір қалыпты тұрмыс-тіршілік етуі басында құқықтық ереже-қағидалар тұрары даусыз. Бірақ, бір ғана құқық, заң немесе сот жүйесіне ғана бәрін телу дұрыс болмас еді. Адамға байланысты көп мәселелерді анықтағанымыз жөн. Соның бірі салауаттылық, яғни адамның ішкі дүниесімен сәйкестілігі. Өйткені адам үшін оның өзі және өмір сүруі ең негізгі нәрсе болып табылады. Қазақтың ұлы ақыны А. Құнанбаев «ақыл, қайрат, жүрекке» ерекше мән береді [8, 128 б.]. Осы үшеуі нәтижесінде адамның психикасы жетіледі. Мұны терең түсінген ата-бабаларымыз адамның іс-әрекетіне ерекше мән берген. Баланы шыр етіп, жарық дүниеге келген күннен бастап тәрбиелеуге, баланың іс-әрекетінің саналылығы мен мақсаттылығына ден қойған.

Дағды мен әдетті адам өміріне енгізіп, қалыптастырғанда, оның пайдалы жағына көңіл бөлген. Ол ұқыптылық, қажымастық, шыдамдылық, сөзге түсінушілік дағдылары. Олар жиі қайталану барысында әдетке айналады. Мысалы, күнде ұйқыдан тұрғанда бет-қолды жуу, тамақ ішер алдында қол жуу, пайдаланған құрал-саймандарын орнына қою, т.б. Осылайша тәрбиеленген адам қоғамға үйлесімді болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал текке айтылмаған. Әрбір отбасы өзі ұшырған ұрпақтарын «сегіз қырлы, бір сырлы» етуге тырысқан. Жақсы қылықтарды бойына үйіп, жаман қылықтардан сақтандырған. Міне, осылардан қазақ халқының қағида-ережелері бастау алып, құқықтарын құраған. Мұны Асан қайғы секілді Ұлы даланың ұлы тұлғаларының өсиеттерінен, нақыл сөздерінен де көреміз [9, 24-29 бб.].

Жалпы алғанда, қазақ қоғамындағы тәлім-тәрбие отбасынан басталып, оны бүкіл қоғам болып қолдап-қуаттап, барлығы бірге тер төккен. Кез келген адам жаман іс-әрекетті көрсе, өре түрегеліп, отты өшіргендей оны өшіруге тырысқан. Өзгелері келіп оған жәрдемдескен. Өйткені, қоғам ішінде жаман іс-әрекет нышан алса, өртше қаулайтынын бәрі де ұққан. Сол үшін ата-ана, аға-жеңгелерден бастап ауыл ақсақалдары, жырау-ақындары, батырлары, билері, ел басшылары оны болдырмауға атсалысқан.

Қалыңмал мөлшерінде шек болмаған. Қалыңмал алған жақ қызға міндетті түрде жасау берген. Жасау кейде берілген қалыңмалдан да асып түскен. Бұл әрине, екі тараптың өзара сыйластығына байланысты болған. Той қыз ауылында өткен. Мұндағы мақсат қызды өз ауылында сыннан өткізу, тәлім-тәрбиесі мен пәктігін анықтау болып табылады. Қыздың абыройсыз болуы дау-таласқа, тіпті құдалықтың үзілуіне әкеліп соғатын. Сондықтан да қазақ қыздарының абыройсыз болуы тіпті болмаған десек те болады. Өйткені, «Қызға қырық үйден тыю» деп, қыз ата-анасының ғана емес, бүкіл руластарының бақылауында болып, тәлім-тәрбиелі болуға тырысқан. Тәлім-тәрбие мазмұны мен мәні өте терең әрі бүкіл руластарына тиісті болғандықтан, қыз санасынан бекем орын алған.

Ислам дінімен бірге неке қию, жұптасу қағида-ережелері мұсылмандық шариат заңымен жүргізілген. Қыз ұзатылып, барар жеріне келгеннен кейін, келген елімен таныстыру рәсіміне арнап той өткізілген. Ол «Беташар тойы» деп аталады. Осы тойда кімнің кім екені таныстырылып, қыз келген жеріне қанығады. Келін күйеуінің етжақын туыстарын, үлкендердің атын атамай, әдемі аттармен атау, көрегендігін көрсету тәлім-тәрбиесінің қаншалықты екенін көрсеткен.

Қазақ қоғамында мұра мен мұрагерлік адамгершілік тұрғыдан ежелден-ақ шешілгендіктен, мұра мен мұрагерлікке таласу, дау-дамайлар мүлдем кездеспеген. Оны «енші беру» институты атқарған [10, 69 б.].

«Әмеңгерлік», «көп әйел алу» секілді институттар қазақ қоғамының өз қажетсінулерінен туындаған әрі қоғамдық жүйеге кері әсер етпеген. Қайта жұмыс күшін молайтып, ұрпақ өсіруге, бітімгершілік пен ағайындастыққа ұйтқы бола алған.

Бала асырап алу қазақ қоғамында мүлдем басқаша, адамгершілік сипатында болған. Қазақтар өзге руларға асырап алуға жетім балаларды мүлдем бермеген. Ал, өзінің етжақыны баласыз болса, онда жас нәрестені етегіне салып, бала етіп алуға берген. Қазақ халқы жас нәрестені жақын абысындары болмаса, өзгелерге оны емізуге де рұқсат бермеген. Қан, сүт тазалығын сақтаған. Әрине, баланы өзге ру асырап алса, бала өзге руға айналып кетуі мүмкін. Қазақтар рулық дәстүрді мейлінше сақтаған.

Қыз алып қашу, зорлап үйлену деген қазақ қоғамына мүлдем жат. Өз ықтиярынсыз қызға ешкім үйленбеген. Қыз алып қашу некен-саяқ кездесіп, ол даулы болған. Ал, зорлап үйлену, зорлау ауыр қылмыс саналып, қатаң жазаланған.

Азаматтық және қылмыстық құқықтардың басты мақсаты тәлім-тәрбиеге негізделген. Кез келген дау-дамай, қылмыстық іс-әрекеттер жариялы түрде, куәлер қатыстырылып шешілген. Жиналған халыққа бұл сот процестерінің тәлім-тәрбиелік мәні зор болған. Бір ғана мысал, ата-анасын ренжіткен баланы қара сиырға теріс мінгізіп, бетіне күйе, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдырған. Әрине, мұны көргендер бетіне түкіріп, ұрып-соғып, азаптаған. Өзгелерге мұны сабақ етіп, ата-анасына қарсы шықпайтындай үлгі болған.

Азаматтық және қылмыстық істерді қарау заңдылық пен әділ сот шеңберінде жүргізіліп, қоғамдық ой мен ұлттық сананы биікке көтеріп, халық тағдырының арашасы, қорғаушысы, тәлімгері рөлін атқарды. Сот шешімдері адамгершілік пен әділеттікті құрады. Бұл көшпелі қазақ қоғамының болмысынан берік орын алды. Әрине, бұл жетістік тәлім-тәрбие бастауларын дұрыс таңдап, оның механизмдерін сәтті қолдана білулерінде жатыр. Сондықтан да ру ішіндегі және руаралық байланыстарды, мемлекеттік басқару қатынастарында шыншылдық, әділдік және адалдық секілді моральдық құндылықтарды тәрбиелеп, бекітуге ерекше көңіл бөлінді.

Тәлім-тәрбие қоғамдық идеологияның дәрежесіне ие болып, қоғамдағы игіліктің, құқықтық тәртіп пен бейбітшіліктің күшіне айналды. Тәлім-тәрбие дұрыс жолға қойылмаса, қабылданған заңдар да, күштеп-мәжбүрлеу де ешнәрсе бермейді. Сол себепті де қазақ халқының тәлім-тәрбиесінің бастаулары нағыз шынайы қайнар көздерден басталып, оны бүкіл қоғам, басқару жүйелері, сот билігі қолдап, тәлім-тәрбие тағылымдары өнегеліктің қайнар көзіне, рухани құндылықтарға айналды. Оны көп болып қолдап-қуаттады.

Қазақ тәлім-тәрбиелерінің моральдық-құқықтық бастамасы халықтың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қағидасынан бастау алып, бауырластыққа, кешірімділікке, логикалық заңдылыққа сүйенді. Осының нәтижесінде әр түрлі мемлекеттер мен халықтардың аралас-құраластығына қарамай, өзіне тән сипаттары мен мәнін жоғалтпады. Рас, өзге халықтар мен идеологиялық әсерлерді ысырып тастамай, қазақи тәлім-тәрбие олардың ең әдемі мәйектерін өзіне қабыстыра білді. Оны біз исламдық сипаттарды өз бойына әдемі сіңіре алғанынан көре аламыз. Исламдық сипатқа ие болған сан алуан нормалар мен институттар қазақи әдет-ғұрып заң, нормаларымен қайшылықсыз, қатар өмір сүре алды. Сондықтан да кез келген құқықтық нормалар өгейсімей, халық көкейіне нық орнығып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Қайта исламдық сипаттар құқық нормаларын құлпыртып, мәнін тереңдете түсті.

Құқықтық нормалар өзінің мазмұны мен мәні жағынан қоғам ішіндегі тәлім-тәрбиенің дұрыс жолға қойылуына түрткі болып, маңызды рөл атқарды. Кез келген құқықтық нормалар тәлім-тәрбиені нысана етіп, сонымен ұштастырыла жүргізілді. Мейлі отбасына немесе азаматтық және қылмыстық дау-дамайларға ғана емес, әлеуметтік немесе экономикалық, не болмаса ел басқару мен ел тыныштығы мәселелері де алдымен ел іші тыныштығы, отбасы беріктігі, адам құқығы мен бостандығы, адам мен адамның, адам мен қоғамның қатынасының бұзылмауы басты орынға қойылды. Бұл ханның да, қарашаның да тірегі болды. Бүкіл қазаққа негізделген заң реттеушілік рөлінен алдын тәлім-тәрбие тағылымдарына айналды. Осыдан барып мемлекеттік жүйе тұрақталып, ел бірлігі артты, ынтымағы күшейді, ұлттық сана толыса түсті. Ұлттық сананың бастауында тәлім-тәрбие жатты десек артық айтпағанымыз.

Әлбетте, ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауы отбасы мен оның институттарынан басталары даусыз. Отбасындағы басты институттар: некелесу, құда болу, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік, қыз алып қашу, енші беру, мұра мен мұрагерлік, бала асырап алу, қара шаңырақ, т.б. және осылардан туындайтын барымта, дау-дамайлар екендігін жоғарыда айтқан едік. Бұл институттардың көпшілігі ежелгі дәуірлерден қалыптасып, әр заманның өз кезеңінде өзгерістерге душар болып, алайда бастапқы мәні мен мазмұнын сақтап отырған. Әйел адам тұрмыс құрып, некелескеннен соң барған елінен кетпеген. Бұл – өте дұрыс тағылым. Өйткені, қыз «жатжұрттық», барған жерінде тұрақтап, ұрпақ өсіруге, өз елінің тәлім-тәрбие тағылымдарын өзге жұртқа сіңіру, өз тәртіптілігін көрсете отырып, екі руды жақындастырып, бауырлас ету міндеттеледі. Сол үшін қыз балаға жауапкершілік пен қасиетті парыздар, ұрпақ өсіру артылады.

Ежелден-ақ қыз балаға өз отбасы, руы тарапынан тәлім-тәрбие барынша мол беріліп, ертеңгі күні жұртқа күлкі болмау жағы кең қарастырылған. Қыз бала адамдық қасиеттерді барынша бойына сіңіріп, әдептілік қағидаларын жастайынан меңгерген. Барған жерінде ұялмай өмір тіршілігіне араласып кете алатын болған. Қызға құда түсіп, қыздың ризалығын, еркін біліп, содан соң ғана қалыңмал жайлы сөз қозғаған. Қыз ризалығынсыз құда түсу мүлдем болмаған.

Кешегі кеңестік қызыл империя кезінде кеңестік идеология жоғарыда айтылған жайларды теріс аударып, мүлдем басқаша етіп көрсетті. Қазақ қызын малға сатты, шалдарға берді, тауар ретінде қарады, құқықтарын аяққа басты, көрген күндері күн болмады дегендей қара күйе жағып, шындықты бұрмалады. Қай заманда болмасын қазақ халқы қыздарын әлпештеген, елдің көркі санаған. Ешкім де қызын бақытсыз болсын демеген. Өздері жетік білетін, тәлім-тәрбиесі мол елге беруге тырысқан. Сондықтан да қазақ қоғамында отбасы бүлінбеген, ажыраспаған.

Ықылым заманалардан келе жатқан тәжірибе бойынша қоғам ішіндегі тұрақтылық пен ауызбірлік, өзара сыйластық өте жоғары болу дәрежесі – тәлім-тәрбие арқылы қол жеткізген құқықтық мәдениеттің жоғары дәрежеде болуы. Бұл мәселе қазіргі кезде де өз маңызын жоғалтқаны жоқ. Әрине, жоғары дәрежелі құқықтық мәдениетке құқықтық тәлім-тәрбиені дұрыс жолға қою арқылы ғана жетуге болады. Мұны қазақ қоғамы терең түсінген. Баланың шыр етіп жарық көрген кезінен басталған тәлім-тәрбие желісі адам көз жұмғанша әсте тоқтатылмай, үздіксіз жүргізіліп отырған.

Тәлім-тәрбиенің кең ұғымдағы және тар ұғымдағы концепциялары – бұлардың алға қойған мақсаты тәлім-тәрбиенің жемісті болуы. Тәлім-тәрбие құқықтық тәрбиесіз шикі болары хақ. Өйткені, тәлім-тәрбиенің негізгі мақсаты қоғамдық қатынастарды, олар арасындағы құқықтық қатынастарды бұзбау ғой. Сол үшін қоғам мүшелерінің құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетіне жетілдіру үшін субъектілерді, объектілерді, оның механизмдерін ойластырып, былайша айтқанда, тәлім-тәрбиенің құқықтық жүйесінен жан-жақты болуына ерекше мән берген. Мұндайда оның құқықтық ережелерінің адамның құқықтық санасына мәжбүрлемей көз жеткізу арқылы сіңіру көзделген. Әсіресе, жастайынан тәлім-тәрбие арқылы бойларына сіңірілген қағида-ережелердің мықтылығы баланы жастайынан тәртіптілікке баулуға дағдыландырған.

Жалпы алғанда, қазақ тұрмысының кез келгені тәлім-тәрбиемен ұштастырыла жүргізілген. Мал бағу, еңбек ету, ойын-сауық, әңгіме-дүкен баршасында тәлім-тәрбие маңызды орын алған. Бұл тәлім-тәрбие жемісті болуы жақтары барынша қараластырылып, үйлестірілген. Ақсақал-абыздар, билер, жыраулар өз үлгі-өсиет, нақыл сөздерін, айтыскер ақындар өз жырларын тәлім-тәрбиеге негіздеп айтып отырған. Сондағы мақсат – қоғам ішінде тәртіпке нұқсан келтіретін іс-әрекеттерді болдырмау. Сол үшін де жасөспірімдер түні бойы ақсүйек ойнап, алтыбақан тепсе де арамдыққа бармаған. Өйткені, саналарына әбден сіңген «Қыз ауылында той өтіп, қыз пәктігі тексеріледі» деген қағида бар. Оны бұзу ауыр қылмыс әрі тек өзіне ғана емес, бүкіл руластарына тағылатын қылмыс болатынын баршасы білген. Сөйтіп, кез келген құқық бұзушылықтың салдары көпке кесірін тигізетінін әрі жауапсыз қалдырылмайтынын түсінген.

Қазақ халқының тәлім-тәрбиесі сөйлеген сөз, жүріс-тұрыс, іс-әрекетпен бағаланған. Тәлім-тәрбие жұмысына бүкіл қоғам араласып, оның қадағалануы баршаға жүктелген. Қазіргі кезде бұл желінің үзіліп қалғаны тіпті өкінішті. Заң емес, көп қорқытатынын, терең батыратынын естен әсте шығаруға болмайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет