Геоэкологияның зерттеу пәні мен өзектілігі Геоэкология – экологиялық заңдылықтардың географиялық құбылыстарда қолданылуына негізделген география мен экологияның пән аралық байланысы ретінде қарастырылады.
Геоэкология немесе ландшафтты экология ХХ ғасырдың 30-40 ж.ж. экологияда (географияда) белгілі геожүйемен шектелген адамды қоршаған ортаны сипаттау мақсатындағы ғылым түрінде қалыптасты. «Геоэкология» терминін 1939 жылы неміс ғалымы, географы Карл Тролль ұсынған. К.Тролль бұл түсінікті тірі ағзаның ландшафтты ортамен өзара әсерлесуі сферасындағы географиялық зерттеулердің приоритетті міндеті ретінде пайдаланды.
Геоэкология Германияда эколог-ландшафттанушылар мектебінде белсенді дами бастаған. Ландшафттық экологиялық көзқарастар: Э.Неефа, Б.Хазе және басқалардың еңбектерінде зерттелді. Геоэкология саласындағы жалпылама жазылған еңбек Л.Байнхауэр мен Х.Вайничко «Забота о ландшафте и охрана природы» (1971) болды.
Геоэкологиялық идеяларды отандық географияда В.Б.Сочава (1971), В.М.Котляков (1987), С.Б.Лавров (1989), В.С.Преображенскийлер (1988, 1992) дамытты.
«Геоэкология» термині Н.Ф.Реймерстің «Табиғатты пайдалану» («Природопользование») (1990) сөздігіне енді. Сонан соң «Экологиялық энциклопедиялық сөздікке» («Экологический энциклопедический словарь») (1999) қосылды. Термин Қазақстан Республикасының ғылыми мамандықтары тізімінің номенклатурасында 25.00.36 - геоэкология деп белгіленді. Бұл геоэкология ғылымының географиялық профилі ретінде тағайындалғанын көрсетеді. 25.00.36 - Геоэкология шифры бойынша ғылыми диссертациялар қорғалады. «Геоэкология» термині «геологиялық экология» орнына да қолданылады.
«Геоэкология» терминін пайдалану географтардың приоритетін ескере отырып, ландшафтты немесе географиялық экология деп тек географиялық ғылымдарда айтылады.
Геоэкологиялық зерттеулер әсіресе ХХ және ХХІ ғасырда ерекше қарқынды дами бастады. Геоэкологиялық ойлар А.Г.Исаченко, Т.А.Демина (1996), Б.В.Виноградов (1998) және т.б. авторлардың еңбектерінде көп келтіріледі.
ЖОО-ның студенттеріне арналған Х.М.Петров (1994), Г.Н.Голубев (1999), Н.Н.Редзевич (2003), Н.Г.Комарова (2003), И.А.Карлович (2005) монографиялары мен оқу құралдары бар. Қазақстан зерттеушілерінен А.В.Чигаркин (1995, 2000, 2003), М.Е.Белгібаевты (2001) атауға болады.
Ғылыми әдебиеттерде геоэкология синонимдері ретінде ландшафтты экология, адам экологиясы, географиялық экология, кейде геоэкологиялық экология түсініктері қолданылады.
Геоэкология ландшафттың және басқа да физико-географиялық аудандастырылған ірі токсономиялық бірліктердің экологиялық жағдайларын оқып-зерттейді. Геоэкологияның міндетіне адамдардың белгілі геожүйемен шектелеген өндірістік еңбегі мен өмір сүру жағдайын оқып-зерттеу жатады. Геоэкология үшін антропогендік әсерлерге ландшафтты табиғи ортаның орнықтылығын оқып-зерттеу маңызды. Антропогендік нақты формаларға қоршаған ортаның жауабы – ландшафттар мен басқа да географиялық жүйелердің толық табиғи қасиеттерімен анықталған. Геоэкологиялық зерттеулердің мақсаты табиғи және антропогендік геожүйелердің қоршаған ортасының экологиялық кеңістіктік аясын және олардың сақталуы немесе қалпына келуін зерттеу. Геоэкология үшін биологиялық жоғары өнімділікті және геожүйенің тұрақтылығын сақтау, ландшафтпен шектелген қоршаған ортаның экологиялық тұрақсыздық құбылысын болдырмау приоритетті болып табылады.
Бұл мақсаттарды іске асыру үшін белгілі геожүйелерде әртүрлі өнеркәсіптік өндірістерді орналастыру мүмкіндіктері мен іс-шараларын жан-жақты экологиялық бағалаулар жүргізу арқылы ұйымдастыру қажет. Геоэкологиялық зерттеулердің ғылыми-практикалық мүмкіндіктері ландшафттармен шектелген табиғи ортаның және табиғи-антропогендік геожүйенің экологиялық тұрақтылығының бұзылуы ықтималдылығын анықтаумен белгіленеді.
2. Геоэкологияның мақсаттары мен міндеттері. Геоэкологияның міндетіне адамдардың белгілі геожүйемен шектелген өндірістік еңбегі мен өмір сүру жағдайын оқып-зерттеу жатады. Геоэкология үшін антропогендік әсерлерге ландшафтты табиғи ортаның орнықтылығын оқып-зерттеу маңызды. Геоэкология жоғары иерархиялық деңгейлердің (биосфераға дейінгі) экожүйесін зерттейтін экология ғылымының бір саласы.
Геоэкологияның қазіргі кездегі алдына қойған міндеттері:
Ландшафтты сауықтыру, яғни табиғи ландшафты әртүрлі аурулардың таралуы нәтижесінде болатын адамның науқастану қауіпін жоюға бағытталған шараларды белгілеу; Аурулардың табиғи ошақтарын зерттеу; Ауру қоздырушы және таратушы түрлердің (микроағзалар, вирустар және т.б.) экологиясын зерттеу және олардан қорғану.
Бүлінген экожүйелерді қалпына келтіру, яғни адамның іс-әрекетінің жағымсыз зардаптарынан ландшафттың бүлінген бөліктерін халық шаруашылығына пайдалануға қайтару. Бүлінген және шаруашылық айналымнан шығып қалған жер алқаптарын шымтезек (торф) өндірілген шұңқырларды, террикондарды (шахтаның жанындағы бос жыныс үйінділер) және пайдалы қазбаларды ашық әдіспен алу кезінде пайда болған үйінділерді рекультивациялау; Мал жаю нәтижесінде пайдалануға жарамай қалған жайылымдарды, эрозияға ұшыраған топырақ жамылғысын, тозған топырақтардың құнарлылығын, антропогенді факторлар әсерінен бүлінген су қоймаларын қалпына келтіруді; бүлінген (ағаштары жаппай кесілген, өртенген т.б.) орман алқаптарына жаңадан ағаштар отырғызуды қолға алу.