Геосаясат – күшті елдердің көкпар тартысы
Сейілбек Мұсатаев,
Саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры
Халықаралық қатынастардың өрбуі арнайы әзірленіп, жалпы мойындалатын халықаралық құқықтың нормаларына негізделсе, геосаясат деген күрделі құбылыс қағазға жазылып, мөрмен бекітілмейтін заңдылықтар арқылы жүзеге асады. Халықаралық құқықтың атасы саналатын Гуго Гроций мұны табиғи заңдылықтар деп атаған. Бейнелеп айтсақ, бұл физикадағы жалпылық әсері бар тартылыс пен тебіліс заңдары сияқты. Геосаясаттағы тартылыс пен кері кетуге арқау болатын басты күш – ұлттық мүдде. АҚШ, Еуро Одақ, Жапония, Қытай, Үндістан, Араб елдері, Ресей сияқты алыптардың ұлттық мүдде үшін күресі қазіргі заманғы геосаясатта өзара тартысу мен тебісуді туындатып отыр. Мұндай алып елдердің біреуінің күшеюі немесе ниетінің өзгеруі ғаламдық геосаясаттағы күш пен арасалмақты өзгертіп, алпауыттардың арасындағы тартылыс пен тебілістің жаңаша сипат алуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде осы алыптардың төңірегіндегі әлсіз елдерге оң немесе теріс әсерін тигізіп жатады. Кейбір әлжуаз елдер осындай тартылыстың күшеюінен алып көршісіне жұтылып кетсе, енді бірі екі алыптың ортасындағы тартыстан екіге айырылып кетуі де көп кездеседі. Қазақы тілмен айтсақ, «Екі түйенің ортасында шыбын өледі» дегеннің кері келеді.
Соңғы жылдары Ресейдің саяси ниеті өзгергені анық байқалып, солтүстік көршіміздің империялық пиғыл таныта бастауынан еуразиялық кеңістіктегі геосаясаттың бет-бейнесі өзгеріп отыр. В. Путин 2000 жылы билік басына келгенде «Ресей – энергетикалық супердержава», «Тізірлеген Ресейді тік тұрғызамыз», «Тоқсаныншы жылдардың хаосынан Ресейді тәртіп пен тұрақтылыққа жеткіземіз» дегендей ұрандармен саясат сахнасына шыққаны есімізде. Ол кезеңде Ельциндік жүйеден есеңгіреген қоғам серпіліп, қатаң саясатты қуана қуаттады. Уақыт өте келе, мұндай ұрандар ескірді, уәденің орындалмауы биліктің беделін төмендетті. Ал, жаңа қалыптаса бастаған ресейлік орта тап өкілдері саясатқа белсенді қатысып, жағдайды түзеуге құлық таныта бастады. Яғни, В. Путинге деген халықтың сенімі дағдарысқа ұшырады. Осындай жағдайда халықты баурап алатын тың идея, жаңа ұран қажет болды. Бұл – «Медведев-Путин» саяси тандемінен кейін В.Путиннің қайтадан президенттік сайлауға шығар алдында айтқан «Ресейдің жетекшілігіндегі Еуразиялық Одақ құру» ұраны болды. Содан бері В. Путин еуропалық интеграция моделін посткеңестік кеңістікке көшіруге тырысып бағуда. Алайда, мұндай жобаның бағы әзірге баянсыз болып тұр, себебі, Еуропа Одағы өзара теңдік ұстанымында интеграцияланған, ал, путиндік жобада ықпалдасушы серіктестерден Ресейдің айқын басымдылығы байқалады. Басқасын айтпағанда, территориясының көлемі, халқының саны, тілі мен ділі, экономикалық әлеуеті мен әскери күш-қуаты жағынан анық басымдығы бар Ресей Федерациясы көшбасшыға айналып шыға келеді. Мұның барлығы Еуразиялық Одаққа мүше болып кіргісі келетін елдерді ойландырып, белгілі бір деңгейде тежейді. Соған қарамастан, Ресей күшті геосаяси гравитациялық тартылыс күшін туындатып, өзі ықпал ете алатын Украина, Армения, Қырғызстан сияқты посткеңестік елдерді төңірегіне топтастыруға күш салуда. Белоруссия мен Қазақстанды мүшелікке тарту арқылы құрылған Кедендік Одақты бірте-бірте Еуразиялық Одаққа айналдырудың астарында осындай геосаяси мүдде жатқаны соңғы кездері анық байқалып отыр. Ресейдің мұндай пиғылды толық жүзеге асыруына, әзірге, Еуро Одақ, АҚШ пен Қытай тарапынан болатын тартылыс-тебіліс күштері өзінің кері әсерін тигізіп отыр.
Былтыр күзде Белорусь Республикасының астанасы Минскіде өткен саммитте «Кеден Одағына Армения кіреді, одан кейін Қырғызстан, сосын Украина кіруге ынталы», тіптен, «Үндістан мен Түркия да кірмекші-мыс» деген әңгімелер айтылғаны есімізде. Бірақ, іс жүзінде бұл аталған мемлекеттердің халқы Кеден Одағына кіруге қарсы екенін әлемдік қауымдастық кейінірек біле бастады. Украинада «Евромайдан» деген атпен белгілі болған халық наразылығы өте қатты болды, украиндықтардың талабы – Украина Евро Одаққа кіруі тиіс, ал, Кеден Одағына кіруіне ол елдің халқы үзілді-кесілді қарсы. 2013 жылдың 28-29 қарашасында Вильнюс қаласында өтеді деп белгіленген Еуропалық Одақтың Шығыс серіктестігі саммитіне бірнеше күн қалғанда Украина премьер-министрі Н.Я. Азаров Еуропалық Одақпен ықпалдасу туралы келісімді дайындауды тоқтатамыз, бұл Украинаға тиімсіз деп ресми мәлімдеді. Бұл мәлімдеменің астарында Ресейдің қас-қабағына жалтақтап қарау байқалады. Біріншіден, Ресей мен Украина арасында шекараны «жабу» жиі орын алады: мұнай-газ өнімдерінің бағасын көтеру немесе энергетикалық ресурстарды Ресейден Украинаға жеткізудің деңгейін күрт төмендету, украиндық тауарларға шектеу қою т.б. Яғни, Ресей Украинаға ықпал етудің экономикалық тетіктеріне ие. Екіншіден, Украина Евроинтеграцияға дайындалып жатқанда В.Путин мен В. Януковичтің жоғары деңгейдегі кездесу өтіп, Ресей Украинаға бас тарта алмайтындай қызық ұсыныстар жасады. «Аргументы и факты» газетінің тәптіштеп жазғанына сүйенсек, Ресейдің әл-ауқат қорынан Украинаға 15 млрд доллар қаржылық көмек бөлінбек, бұл негізінен украиндық еврооблигацияларды сатып алу арқылы жүзеге аспақ (Толық оқысаңыз: Откуда Россия взяла 15 млрд долларов для экономики Украины? http://www.aif.ru/dontknows/topic/1068293 және 15 миллиардов и газовый бонус. Почему Россия спасает Украину от дефолта http://www.aif.ru/money/economy/1067775). Сондай-ақ, Ресей Украинаға сатылатын газдың бағасын мың текше метріне 400 АҚШ доллардан 268,5 долларға дейін төмендететін болды. Сол екі арада, «Российская газета» ресейлік банктердің Украина атом энергетикасын дамытуға 6 млрд АҚШ доллары көлемінде «демеушілік» жасайтынын мәлімдеп, жер-жаһанға жар салып үлгерді (Россия выделит Украине 6 млрд долларов на атомную энергетику http://www.rg.ru/2014/01/10/sredstva-site-anons.html). Бұған дейін Ресей тарапынан экономикалық қыспақты талай рет көрген Украина билігі ойда-жоқта орыстардан табатын «мол олжаны» көргенде, Европаға қарай басқан қадамынан жаңылып, кібіртіктеді де қалды… Бірақ, қарапайым украиндықтарға мұндай «оңай олжа» ұнай қоймады. Олар Ресейдің жәйден-жәй көмек беріп отырмағанын, алмақтың да салмағы бар екенін жақсы түсінеді. Осылайша, «Украина Президенті В.Янукович Ресейдің ыңғайына жығылды, демократияны шектеп, дамуымызды тежеді» деген мыңдаған наразы халық украиндық оппозициялық саясаткерлер Арсений Яценюк, Виталий Кличко (УДАР), Олег Тягнибок («Свобода»), Арсений Яценюк (Батькивщина) бастауымен «Евромайданға» шықты. 2013 жылдың 21 қарашасында Киевтің орталығы – Майдан Незалежности (Тәуелсіздік алаңы) алаңында басталған наразылық акциясы Жаңа Жыл мен Рождество мерекелерінен кейін қайта жалғасты. Киевтен басталған «Евромайдан» тез арада Украинаның бүкіл қалаларына таралды. Шетелдердегі украиндар да «Евромайданға» өздерінің қолдауын білдіруде. Ресейдің экономикалық шоқпарынан зәрезап болған Украина билігі әскер мен полицияны барынша пайдаланып, қарсылық акциясын басуға ниеттенгенімен, қарулы қақтығыста мыңдаған адам жарақаттанса да, түрлі-түсті «майданға» үйренген украиндықтарды алған бетінен қайтару қиын. Тіптен, ереуілшілер Киев қаласының әкімшілігін, түрлі мемлекеттік ғимараттарды басып алып, президент әкімшілігіне шабуыл жасауға дейін барды. Евроинтеграцияны қолдаушылар Украинаның Кеден Одағына қосылуына қарсылық ретінде мезгілі шектелмеген қарсылық көрсететінін жариялап, Кеден Одағына кіруді – Ресейдің боданына айналумен тең деп түсінеді. Ал, Ресейдің Украинаға қатысты өзіндік геосаяси мүдделері де, экс-президент В. Ющенко кезінен бері жиналып қалған өкпе-назы мен шешілмеген мәселелері баршылық. Белоруссияның Кеден Одағында екенін ескерсек, енді, Украинаны икемдеу арқылы Ресей Балтық жағалауынан Қара теңізге дейінгі аралықты толық бақылауға алуына мүмкіндік туады. Украинаны өз дегеніне көндірсе Ресейдің Европаға геосаяси ықпалы арта түсері сөзсіз. Мұны еуропалықтар да сезіп, біліп отыр. Сондықтан да, Ресейге қарсылық танытатын «Евромайданды» батыс елдері қолдап, тіптен, Европарламент пен АҚШ В.Янукович бастаған украиндық биліктің еуропалық интеграцияға қарсы әрекетін сынға алып, наразылықтарын білдірді. Ал, ресейлік БАҚ болса керісінше, «Евромайданға» қатысушыларды айыптап жатыр. Сөйтіп, Украина жерінде тоқайласқан алыптардың геосаяси мүдделері жаңаша ақпараттық соғысқа арқау болуда. Күшті елдердің геосаяси таласынан Украина Батыс және Шығыс бөліктерге ыдырап кету қаупі де жоқ емес. Осылайша, Батыс елдері мен Ресейдің тартысына түскен Украина көкпардағы көк серкенің күйін кешіп отыр.
Ресейдің ықпалы жүретін елдің бірі – Армения. Өйткені, Таулы Карабах мәселесі армения-әзірбайжан қарым-қатынасын шиеленістіретін жазылмас іріңді жара іспетті. ХХ ғасыр басындағы армяндарды геноцидке ұшыратып, қырып-жойды деп Түркияға айып таққандықтан, армян-түрік қатынастары да жетісіп тұрған жоқ. Кезінде Осман империясын құрған Түркия бұрыннан-ақ мықты ел, ал, Әзірбайжан болса, тәуелсіздік жылдарында айтарлықтай күшейді. Каспий жағалауын мекендеген Әзірбайжан жеріне құдай мұнайды аямай-ақ берген. Араздасқан көршілерінің экономикалық күш-қуаты артқан сайын, әлжуаз Армения арқа сүйер тірек іздеуде. Амал жоқ, армяндар орыстарға кіріптар болып, Ресейдің «қамқорлығына» мәжбүр болып отыр. Ресей Президенті В. Путин Арменияға көмек жасайтынын, атап айтсақ, арзандатылған бағамен қару-жарақ жеткізіп, газдың 1 мың текше метрін $189 және мұнайды 35% баж салығынсыз беретінін gazeta.ru мәлімдеді. Орыстар армян әскери әуе күштерін жарақтандыруға, атом электр станциясын салуға да көмектесетін болды. Әйтпесе, Кеден Одағымен ортақ шекарасы жоқ, экономикасы әлсіз, табиғи ресурстары жұтаң, инфрақұрылымы мешеу, халқы аз болғандықтан тұтынушы нарығы да шамалы Армения бәсекелестікке негізделген таза экономикалық мүддені көздеп отыр деп айту қиын. Сонда, Ресей үшін Арменияны Кеден Одағына тартудан қандай пайда бар? Бұл жерде пайдадан бұрын, геосаяси мүдде туралы айтқан жөн сияқты. Әзірбайжан билігі мұнайды Батысқа қарай транспорттауда Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы Ресейден тәуелсіз жолды тауып алған. Еркін алыс беріске негізделген экономикасы дербестікке ие болуда, көршісі Түркиямен және батыс елдерімен де ынтымақтастығы жақсы. Мұның бәрі Ресейге ұнамайды, сол үшін Армения жеріне аяқ тіреп, бұл аймақты бақылауға алуды көздейді. Салыстырып айтсақ, Таяу Шығыста АҚШ үшін Израиль қандай маңызды болса, Ресей үшін де Армения сондай геосаяси маңызға ие. Ресей Түркия мен Әзірбайжанның арасына Арменияны сынадай етіп қағуды көздейді. Бірақ, Серж Саргсян президенттік ететін Армения билігінің Кеден Одағына қосыламыз деген мәлімдемесі армян халқының қатты наразылығын туындатып отыр. Бұл шешімге қарсылық ретінде азаматтық ұстанымдарын білдіру мақсатында Армения астанасы Ереванда мыңдаған адам қатысқан үлкен митинг өтті. Митингті ұйымдастырушы – Армения президенттігіне үміткер кандидат болған Паруйр Айрикян армяндар евроинтеграцияны қолдайтынын айтты. Оның бастамасы қоғамдық қолдауға ие болып, «Абыройлы отан» азаматтық бастама ұйымы, «Мұра» оппозициялық партиясы, Армен Мартиросян және Давид Санасарян сияқты қоғам қайраткерлері бастаған мыңдаған еревандықтардың қарсылық шеруіне ұласты. В.Путиннің Ереванға жасаған соңғы ресми сапарына да армяндар ашық қарсылық танытты.
Кеден Одағына кірмекші болып отырған Қырғызстан 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастағанда оның толық мүшесіне айналады екен. Бұлай деп сәуегейлікпен айтқан – Ресей президентінің кеңесшісі – Сергей Глазьев. Дегенмен, мұндай маңызды саяси шешімді қабылдау Қырғызстанға оңай болып отырған жоқ. Бір жағынан қырғыздар 1998 жылғы 20 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіріп алған. Яғни, қырғыз ағайындар 15 жыл бойы ДСҰ қызығын көріп, нанын жеді, артықшылығы мен пайдасын көрді. Осы жерде: «Олай болса, Қырғызстан Кеден Одағына несіне кірмек?» деген сұрақ туындары сөзсіз. Оның сыры мынада болса керек. Қырғыз экономикасы негізінен Қытайдың тауарларын рээкспорттаумен (импортты үшінші елдерге қайта экспорттау, қазақша айтсақ, алып-сату) пайда табатыны баршамызға мәлім (Қазақстанға – «Дордой» көтерме базары, Өзбекстан мен Тәжікстанға – «Қарасу» көтерме базары арқылы). Кеден Одағы құрылғалы қырғыз шекарасына «құлып» салынды. Оштағы қырғыз-өзбек арасындағы қантөгіспен аяқталған жанжалдан соң Өзбекстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы да нашар. Қырғыз-тәжік шекарасында даулы мәселелер баршылық, тіптен, шекарашылары ара-тұра бір-біріне қару кезеніп, өзара оқ атысып та қояды. Мысалы, биылғы қаңтарда Тәжікстанның Соғды облысы Исфара ауданымен шекараласатын Қырғызстанның Баткен облысы Баткен ауданында екі елдің шекарашылары арасында қарулы қақтығыс орын алды. Қайта-қайта мақпал төңкерістер жасап, президенттерін қуып жіберетін қырғыз ағайындардың жағдайы онсыз да мәз емес еді. Жығылғанға жұдырықтай болған қосымша қиын жағдайлардан рээкспорттық сауда дағдарысқа ұшырап, Қырғызстан экономикасы дағдарысқа ұрынып тұр. Енді, айыр қалпақты көршіміз орын алған қиындықтан шығудың жолдарын қарастыруда. Сондай жолдың бірі – Кеден Одағына кіріп, «үлкен ағалардың» қамқорлығын көру. 2013 жылғы 19 қарашада Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесінде Қырғызстанның Кеден Одағына кіруінің «жол картасы» мақұлданды. Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариевтің айтуынша, «жол картасы» бұл ел үшін маңызды бес мәселені қамтиды: республика кәсіпкерлерін қолдайтын арнайы қор құру, еңбекті көп қажет ететін өндірістерді дамытуға тәжірибелік көмек беру, «Дордой» және «Қарасу» көтерме базарларына қолдау көрсету, еңбек мигранттарын қорғау туралы жеке келісім жасау, Қырғызстанның сыртқы шекараларын жарақтандыруға көмек көрсетілуі. Ең бастысы – Қырғыздар Кеден Одағына кіргені үшін оның мүшелерінен $1,2-1,6 млрд. қайтарымсыз көмек алады екен (тағы да сол, негізінен Ресей тарапынан). Алайда, билік қолдағанымен, Қырғызстанның ішіндегі бірқатар саяси күштер де Кеден Одағына кіруге қарсылықтарын білдіріп, саяси шерулер өткізіп те үлгерді. Қырғызстан Президенті А. Атамбаев Кедендік Одаққа Кремль ұсынған жағдаймен кіруден бас тартты. «Біз Қырғызстан азаматтарының мүддесіне жауапты жолмен барамыз» деді. Ол Қырғызстанның ұсынылған ынтымақтасу нұсқасына баламаның аздығы бола тұра, Ресей, Белорусь және Қазақстан одағына тек қана «Бішкек талабы орындалған жағдайда ғана» қосылатындығын атап өтіпті. Аbai kz сайтында жазылғандай, Қырғызстан президентінің сөзі Кремльдің бұрынғы КСРО елдерін Кедендік Одаққа кіруге мәжбүрлейтін бопсаға көнбейтіні жөніндегі алғашқы ашық мәлімдеме болды. Бұған дейін Украина мен Армения президенттері Мәскеу тарапынан қысымның барлығы турасында әдеппен ғана жоққа шығарып келген. Қырғыз Президенті А. Атамбаев болса, баспасөз мәслихатында: «Сіздер мені әлі күнге дейін неғып білмейсіздер? Елге зиянды не нәрсеге де мені «жаншу» – мүмкін емес. Біз Кедендік Одаққа, егер, біздің талап ескерілгенде ғана енетін боламыз. Ал, Атамбаевты бопсалау мүмкін емес, мен шынығып болған адаммын. Біздің таңдауымыз аздау, бірақ, тек қана қырғызстандықтарды қанағаттандыратын әрі біздің мүддемізді қорғайтын жолмен ғана жүреміз», – деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының (ҚХР) төрағасы Си Цзиньпин Бішкекке жасаған ресми сапарында «Ұлы Жібек жолын» жаңғыртатынын айтып, бұл жобадан Қырғызстанның құр алақан қалмайтынын аңғартты. Қырғыздың жері арқылы Қытай автожолдар мен газ құбырларын тартуға мүдделі. Басқасын айтпағанда, қытай-қырғыз арасында жасалған 9 түрлі келісім-шарттың ғана құны 3 млрд. АҚШ долларынан асып отыр. Кеден Одағына кірсе, Қырғызстанның Қытаймен қарым-қатынастары қалай болары беймәлім. Кірмеске амалы тағы жоқ. Осылайша, Қырғызстанның не істерін білмей дал болып отырғаны, ал, Кеден Одағы болса, экономикалық бетпердені киген Ресейдің империялық амбициясын қанағаттандырудың құралына айналып бара жатқаны байқалады.
Түйіндеп айтар болсақ, геосаясатқа қатысушы алып мемлекеттер бір-бірімен тартысып-тебіссе, олардың арасындағы әлсіз мемлекеттер жұтылып, зардап шегері ақиқат. Оның ақиқаттығын тарих дәлелдеген және бұл үрдіс өзінің жалғасын әлі де тауып келеді. Сол сияқты, Қазақстан да геосаясаттың құрбаны болып кетпей ме? Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алғанымен, халқының саны аз, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіргенімен, шын мәнісінде, әлсіз тұстары өте көп. Олай болса, Қазақстан алып елдердің өзара тартысу күшіне төтеп бере ала ма? Көкпар тарту үшін мінген аттың белі мықты, көкпаршының өзі күшті болуы шарт. Кеден Одағы ауқымында көкпар тартамыз деп жүріп, өзіміз додаға түсіп қалмайық… Қазақтың елі мен жері де геосаяси мүдделері күшті, империялық дәмелері зор күшті елдердің арасындағы талас-тартысқа арқау болып отырған жоқ па? Біздің көтеріп отырған мәселеміз – көзі қарақты, көкірегі ояу қазақстандық патриот оқырмандарға ой салу. Зиялы қауым өкілдерін ұлттық мүддемізді қорғауға бағытталған ғылыми зерттеулер мен ақпараттық талдау жұмыстарын жандандыруға шақыру. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең кеш болып жүрмесін.
Достарыңызбен бөлісу: |