Гетеростилия. Кейбір өсімдіктердің бір даналарында ұзын мойынды гүлдер, екіншісінде қысқа мойынды гүлдер жетіледі. Сол сияқты тозаңқаптары да бірінде төмен, екіншісінде жоғары, ал үшіншісінде аналық аузы деңгейінде орналасуы мүмкін. Бұл құбылыс гетеростилия немесе әр түрлі мойындылық деп аталады.
Ұрықтану.
Бұған дейін айтылғанындай, аналық аузына түскен тозаң өсе бастайды. Тозаңның интинамен қоршалған құрам бөлігі экзина порасы арқылы сыртқа қарай жылжи келе тозаң түтігін түзеді.
Тозаңдану мен ұрықтануға қажетті уақыт әр өсімдіктерде әрқалай. Мысалы, кейбір емендерде 12-14 ай, қандағашта 3-4 ай, орхидейлерде бірнеше апта. Өсімдіктердің басым көпшілігінде бұл кезең 1-2 тәуліктен аспайды, қараотта 3-4 сағат, шытырлақта 1 сағаттан кем, ал көк сағызда 15-45 минутқа созылады. Тозаң түтігінің өсуіне температура ауытқушылығы әсер етеді. Мысалы, сасық мендуана 33°С кезінде тозаң түгігінің өсуі 11°С кезіндегіден 3 есе тез жүргендігі белгілі.
Тозаң түтігі жатынға жеткеннен кейін өзінің өсуін жалғастырып, тұқым бүршігіне бағытталады және тозаң саңылауы арқылы нуцеллусқа, одан ұрық қалтасына енеді. Бұл тозаң түтігінің тұқым бүршігіне енетін әдеттегі жолы, ол порогамия деп аталады. Тозаң түтігінің тұқым бүршігіне енуінің басқа да жолдары бар. Тозаң түтігінің халаза арқылы енуі халазагамия (орман жаңғақ), қайың, қандағаш), ал интегумент арқылы енуі мезогамия (қараағаш) деп аталады. Ұрық қалтасының қабықшасы тозаң түтігімен жанасқан жерде ериді, сөйтіп тозаң түтігі ұрық қалтасына енеді де, жұмыртқа жасушасына бағытталып өседі. Тозаң түтігі ұшының қабықшасы жарылып, одан 2 спермий шығады. Спермидің біреуі жұмыртқа жасушасымен, екіншісі ұрық қалтасының орталық ядросымен қосылады. Сөйтіп ұрық қалтасына енген екі спермий қосарынан ұрықтануды іске асырады. Қосарынан ұрықтану ашық тұқымды өсімдіктерде кездеспейді, тек жабық тұқымды өсімдіктерге тән (4-сурет).
4-сурет. Қосарынан ұрықтанудың сызбанұсқасы:
1-аналық аузы, 2-аналық мойны, 3-жатын, 4-тұқым бүршігі, 5-ұрық қалтасы, 6-жұмыртқа аппараты, 7-антиподтар, 8-полярлық екі ядро, 9-аналық аузында өсе бастаған тозаң, 10-тозаң түтігі, 11-тозаңқап, 12-аталық жіпшесі, 13-күлте, 14-тостағанша
Ұрықтанған жұмыртқа жасушасынан диплоидты зигота, ал диплоидты орталық ядродан триплоидты (триплофаза) жасуша қалыптасады.
Тозаң түтікшесінің вегетативті ядросы және цитоплазмасы ұрық қалтасының цитолпзамасына сіңіп кетеді. Дами келе зиготадан тұқымның ұрығы (диплоидты), ал триплоидты жасушадан эндосперм (триплоидты) пайда болады. Тұқым бүршігінен тұқым жетіледі.
Қосарынан ұрықтануды 1898 жылы орман лалагүлінің эмбриогенезін зерттеу барысыңда орыс ботанигі С. Г. Навашин ашты. Бұл XIX ғасырдағы табиғаттану ғылымдары саласында ең ірі жаңалықтардың бірі деп жоғары бағаланған. Қосарынан ұрықтанудың биологиялық маңызы зор. Өйткені триплоидты эңдосперм ұрықты қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етумен қатар ата-аналарының тұқым қуалаушылық қасиеттерін беріп, оны нығайта түседі. Егер ашық тұқымдыларда тұқымның эндоспермі аналық гаметофиттің вегатативті гаплоидты ұлпасы ретінде ұрықтануға дейін пайда болса, керісінше жабық тұқымдыларда эндосперм ұрықтанудан кейін пайда болады және ол триплоидты. Жабық тұқымды өсімдіктердің қосарынан ұрықтануының артықшылығы келешек ұрпақтың жоғары тіршілік сапасына ие болуында. Жабық тұқымды өсімдіктердің даму циклі жүгерінің мысалында берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |