Қолданбалысоциология – социология ғылымының бір саласы. Ол ғылыми теорияға сүйене отырып, әр түрлі тарихи жағдайлардағы әлеум. заңдардың өмір сүру түрлері мен механизмдерін зерттейді. Мұнда нақтылы іс-тәжірибелік ұсыныстардың ерекше маңызы бар. Осыған байланысты Қолданбалы социология әлеуметтік технология, әлеумттік гигиена, әлеуметтік терапия секілді ғылым салаларымен ұштасады. Қолданбалы социология мынадай әлеуметтік-тәжірибелік міндеттерді шешуге қатысады:
әлеуметтік-экономиканы және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырудың ықтимал нәтижелері мен кезеңдерін және шаруашылық механизмді, әлеуметтік қамтамасыз етуді жетілдірумен, мәдениеттің дамуымен, жалақы мен кірісті мемл. реттеумен, еңбек қызметін ынталандырумен, т.б. байланысты әлеуметтік саясат саласындағы бағдарламалар мен шараларды дайындау, талдау және бағалау;
әлеуметтік жоспарлау және жобалау үшін кешенді шаруашылық және әлеуметтік басымдылықтарды тұжырымдаудың өлшемі ретінде әлеуметтік көрсеткіштер жүйесін жасау және сол бойынша түрлі аймақтарда, шаруашылық салаларында және әлеуметтік қауымдастықтардағы даму бағыттарын талдау;
жекелеген аймақтарда, салаларда, ұйымдар мен ұжымдарда туындайтын тәжірибелік әлеум. мәселелерді шешу жолдарын зерттеу. Қолданбалы социологияда қандайда бір мәселені шешу кезінде әр түрлі әлеум. топтардың қызығушылығы мен белсенділігін анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Оның тиімділігі әлеум. тапсырыспен айқындалатын зерттеу нысанына байланысты. Қолданбалы социологияны дамытуда оның іргелі социол. зерттеулермен байланысының тереңдеуі, әлеум. сынақ әдісін тиімді пайдалану, әлеум. ақпарат банкін құру, сондай-ақ арнаулы социолог мамандарды даярлаумен қамтамасыз етудің маңызы зор.