Қорытынды: Коннотация – күрделі де кешенді құбылыс. Бұл, біріншіден, коннотацияның әртүрлі ғылым саласының (лингвистика, логика, прагматика, психология, семиотика т.б.) объектісі ретінде танылуымен сипатталса, екіншіден, лингвистика тұрғысынан алғанда оның нақты анықтамасының қалыптаспауы, коннотация микрокомпоненттерінің құрамына қатысты ортақ пікірдің болмауы және коннотацияның зерттелуі лингвистика-стилистикалық шеңбермен шектелмей, әлеуметтік-саяси, тарихи, этнографиялық, мәдени сипаттағы ақпаратпен тығыз байланыста қарастырылуы осыны дәлелдейді.
Зерттеу барысында эмоционалдылық, экспрессивтілік және бағалауышты семалардың семантикалық ерекшеліктері екі түрлі тұрғыдан, яғни денотация және коннотация аспектілерінде қарастырылуы қажет (Трипольская Т., Шаховский В.И.) деген пікірді басшылыққа алып, шартты түрде олардың мынадай айырма-белгілерін көрсетуге тырыстық:
А) Денотация аспектісі деңгейінде экспрессивтілік, эмоционалдылық және бағалауышты сема бір-бірінен тәуелсіз компоненттер ретінде танылады. Аталмыш семаларды қамтыған сөздердің тағы бір ерекшелігі – бұл олардың өн бойына дарыған экспрессивті, эмоционалды және бағалауышты семалардың коммуникацияға түсу барысында (ситуацияда, мәнмәтінде) және коммуникацияға түспеген жағдайда да (тілдік жүйе тұрғысынан қарастырғанда) айқын аңғарылуы.
Ә) Коннотацияға ең алдымен бейнелілік тән. Бұл тұрғыда коннотаттық компонент мағынасына тең келетін бейнелілік, эмоционалдылық, экспрессивтілік және бағалауышты сема бір-бірінен бөлінбес, ұласып жатқан кешенді құбылыс болып танылады. Коннотативті сөздің ішкі формасында берілген бейне денотаттан алынады. Сондықтан да коннотативті компонент мағынасына тең келетін сөздің денотаты айқын аңғарылып, сол арқылы уәждену керек. Коннотаттық компонент мағынасы негізінен коммуникация (мәнмәтін, ситуация) барысында жүзеге асады.
Коннотация сипаттауыштық, бейнелеуіштік, эстетикалық, коммуникативті-прагматикалық т.б. қызметтерімен ерекшелене келе, сөйлеуші тарапынан берілген ойдың барынша нақты, ықшам, психологиялық жағынан әсерлі болуын қамтамасыз етеді. Осыған орай сөздің мәнерлілігін, көркемділігін күшейту, айтар ойдың ерекше әсерлігін, эстетикалық жағын арттыру, объективті шындық дүниедегі затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіру мақсатымен коннотативті үстеме мағына мазмұнын жамылған сөзқолданыстар, көркем бейнелер Махамбет поэзиясында кеңінен көрініс табатыны анықталды. Олар ақын тілінде біріншілік коннотативті сема (К1) (әртүрлі сөйленімдік бейнелер (речевые образы) негізіндегі сөзқолданыстар, қаламгер қолтаңбасына тән өзіндік сөз-символдар мен окказионалды бейнелер, жалпыхалықтық сипат алған сөз-символдар, метафоризацияланған атаулар т.б.), екіншілік коннотативті сема (К2) (тіл жүйесінде орын алған тарихи өзгерістерге орай денотаттық семамен логикалық байланысын жоғалтқан семалар мен денотаттық семаның дамуы нәтижесінде емес, белгілі бір кезеңдегі салт-дәстүрдің орын алуына байланысты пайда болған коннотаттық семалар) және үшіншілік коннотативті сема (К3) (тұрақты фразеологиялық бірліктер, идиомалар) мағыналарын танытатын тілдік бірліктер негізінде жүзеге асатыны нақты дәйектелді.
Махамбет тілінде әр түрлі семантикалық деривация процесінің нәтижесін көрсететін сөздер молынан кездеседі. Олардың бірқатары жекелеген семалардың мәнмәтін негізінде жүзеге асуын көрсетсе, енді бірі тілдік (интралингвистикалық) және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторларға байланысты өзгеріске ұшыраған сөз мағынасының көрінісін танытады.
Астарлы мәтін (подтекст) кез келген көркем шығарма аясынан табылып, шығарма идеясымен, негізгі айтылмақ оймен ұштасып жататыны белгілі. Бұл тұрғыда Махамбет өлеңдеріндегі астарлы ойдың өрбіп, ұласуына көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің қолданылуы ұтымды да әсерлі болып келетіні айқын көрінеді.
Коммуниканттардың жете өзара түсінісуі, сөйлем мазмұнын дұрыс қабылдауы белгілі бір жағдайларға тәуелді болып келеді. Прагматикалық теория бойынша ондай шарттардың бірі – бұл сөйлеуші мен тыңдаушының сөйлем мазмұнын түсінуге қажетті белгілі бір ортақ білім қорының, аялық білімнің болуы. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді. Махамбеттің тарихи көркем шығармаларын зерттеу соны толық дәлелдейді.
Махамбет поэзиясында қолданыс тапқан коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер көркем мәтін ішінде белгілі бір эстетикалық, стилистикалық жүк арқалап қана қоймай, белгілі бір ұлттың дүниетанымы мен мәдениеті, тарихы мен қоғамдық өмірі, болмысы мен эстетикалық талғамы жөнінен мол мағлұмат бере алатын мәдени коннотациялар да болып табылады.