Жұмыстың жалпы сипаттамасы Тіл-тілдің сөз байлығы әрқашан мағына байлығымен астасып, тығыз байланыста болатыны белгілі. Сондықтан да лексикалық жүйенің дамуы жаңа сөздердің, терминдердің пайда болуы, өзге тілден енген лексикалық бірліктердің көлемі негізінде ғана жүзеге аспай, ол тілде бұрыннан бар сөздердің семантикасының дамуы, әр түрлі үстеме мағыналардың пайда болуы, тілдік бірліктердің ассоциативті-бейнелі әлеуетінің жүзеге асуы негізінде де көрініс табады. Ал тіл көріктігінің, сөз мағынасы өрісінің кеңейіп, жетілуі, әсіресе, көркем шығарма тілінен байқалатыны сөзсіз. Бұл тұрғыда қазақ халқының өмірінде өшпес із қалдырған тарихи оқиғаларды, халқының тіршілігін, мәдениетін, дүниетанымын бейнелеуімен, ана тіліміздің мол мүмкіншілігін айқындай түсуімен, тілдің тарихи даму барысын көрсете білуімен ерекшеленетін ақын-жыраулар поэзиясының тілі айрықша болып табылады. Сондықтан да қазақ көркем сөз дәстүрін жалғастырып, әдеби тілге жаңа образдар мен жеке сөздерді әкелген Махамбет ақынның асыл мұрасын танып-білу тіл тарихы үшін, жаңа сапаға жаңғырып жатқан ұлттық сана үшін де өте маңызды.
«Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан» (З.Қабдолов); «Махамбет шығармашылығы – тілі мен көркемдік стилі жағынан өзіне дейінгілерден де, өзімен тұстастарынан да, өзінен кейінгілерден де, тіпті тақырыптас, жанрлас ақын-жыраулардың өлең-толғауларынан да көрінеу оқшауланып тұрған дүние. Бұл оқшаулық тек тілдік-стильдік ерекшеліктерінде ғана емес, суреткерлік дағдыларынан, өзгелерде жоқ сонылығынан, белгілі бір поэтикалық мектепті барынша жаратып, екінші бір шығармашылық бағыттың көшбастары болғандығынан көрінеді…» (Р.Сыздықова), - деп жоғары бағаланған Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің көркемдік, тілдік ерекшеліктері, дәстүрлі жыраулық поэзиямен сабақтастығы т.б. біршама зерттеліп келді (Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ә.Құрышжанов, Қ.Мұқаметқанов, Б.Шалабай т.б.). Бұл тұрғыда ақын мұрасын лингвистикалық жағынан зерттеген Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ғ.Әнес, Ш.Ниятованың еңбектерін айрықша атап өтуге болады.
Ғалым Қ.Өмірәлиев «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» атты еңбегінің бесінші тарауын Махамбет Өтемісұлының шығармашылығына арнайды. Ол ақын поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысын, Махамбет тілінің лексикасын (ономастикалық, қару-жарақ атауларының, туыстық қатынас пен әкімшілік жүйеге қатысты ұғымдардың, өзге тілдерден енген кірме сөздердің қолданысы, сөздердің ұшырасу жиілігі), ақын өлеңдеріндегі сөздердің стильдік-мағыналық қолданысын, Махамбет поэзиясының синтаксистік жүйесін т.б. сипаттайды. Ал «Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысы», «Махамбет поэзиясындағы философиялық-психологиялық параллелизм» атты мақалаларында ақынның шығармашылығына халық ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясының үлкен әсері болғанын нақты мысалдар арқылы көрсете келе, қажетті жерінде бұрынғы жыраулар сөзін қайталап отырғанын дәстүрлі жалғастық, мұралану ретінде тану қажеттілігіне назар аудартып, Махамбеттің бірқатар өлеңі өзіне дейінгі философиялық және философиялық-психологиялық әдіспен жасалғанымен, өзінің лексикасы жағынан да, ұйқастық түрі жағынан да қазақ поэзиясында жаңа сападағы көркем дүниелер ретінде танылады.
Профессор Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегінің бесінші тарауында Махамбет өлеңдерінің тіліне тоқталып, ақын тіліндегі көне сөздер, әдеби-көркемдеу тәсілдері, Махамбеттің өзіндік тың образдары жөнінде сөз қозғаса, «Махамбет өлеңдерін оқығанда», «Махамбеттің әр сөзін түсініп оқысақ», «Хатқа түскен сөз тағдыры» атты мақалалары мен «Сөздер сөйлейді», «Көркем тексті лингвистикалық талдау» сияқты еңбектерінде суреткер шығармаларында молынан кездесетін мағынасы күңгірт тартқан сөздердің әуелгі мағыналарын ашып, түп-төркінін жан-жақты талдайды.
Ғалым Ғ.Әнес «Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы» атты кандидаттық диссертациясында жұмыстың негізгі мақсатына орай «автор – мәтін – қабылдаушы» тізбесі бойынша Махамбет өлеңдеріне тілдік тұрғыдан ғылыми сипаттама береді. Ол әр жылдағы басылымдарды бір-бірімен салыстыра келе, канондық мәтіннен ауытқулардың пайда болу себебін, мәтінтанудағы автордың рөлі мен қызметін, Махамбет өлеңдеріне тән ерекше мәтінтүзуші белгілерді айқындау деген сияқты мәселелер төңірегінде зерттеу жүргізеді.
Зерттеуші Ш.Ниятова «Махамбеттің тілдік тұлғасы» атты кандидаттық диссертациясында Махамбеттің тілдік тұлғасын лингвокогнитивтік және прагматикалық тұрғыдан сипаттай келе, оның өзіндік ерекшеліктерін, шығармалары арқылы түзілген көркемдік әлемін ғаламның тілдік бейнесімен байланыстыра айшықтайды. Ол ақын өлеңдеріндегі этномәдени мазмұны күшті, концептуалдық әлеуеті аса жоғары тілдік бірліктерді тезаурус тәсілімен талдап, ондағы өзек қызметін атқаратын концептілердің этноэйдемдік сипатын айқындайды.
Бұл зерттеу жұмысында қажетіне қарай жоғарыда көрсетілген ғалымдар еңбектерінің тілдік деректерін және алдыңғы буын ғалымдар тарапынан ұсынылған бірқатар теориялық тұжырымдарды, нақты айтқанда, тілдік тәсіл-тұлғаларды, жеке тілдік элементтерді жалаң алып қарамай, «жалпы көркем контекспен, басқа да әр алуан бейнелеу құралдарымен» (Е.Жанпейісов) байланыстыру, «өлең тіліндегі жеке сөздің поэтикалық қызметімен қатар, оның информативтік қызметтерін, яғни өлеңнің мазмұны мен оның тілдік көрінісі арасындағы сәйкестікті анықтау», «шығарманың мазмұнымен, идеясымен» байланыста қарастыру (Р.Сыздықова), «бейнеленетін болмысқа автор қатынасының сипатын ескеру», «ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену» (Б.Шалабай) деген сияқты басқа да құнды пікірлерді басшылыққа ала отырып, Махамбет ақынның көркем шығарма тілі лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, тіл мен таным, тіл мен ұлттық мәдениет сабақтастығы, тіл мен тарихи орта сабақтастығы тұрғысынан қарастырылмақ.