76-бап. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету кепілдігі
1. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
1) медициналық көмекке тең қол жеткізуге;
2) медициналық көмектің сапасына;
3) дәрілік қамтамасыз етудің сапасына;
4) дәрілік заттардың қолжетімділігіне, тиімділігі мен қауіпсіздігіне;
5) аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру бойынша іс-шаралар жүргізуге;
6) репродуктивтілікті таңдау еркіндігіне, репродуктивтік денсаулықты сақтауға және репродуктивтік құқықтарын сақтауға;
7) санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылыққа кепілдік береді.
3. Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қандай да бір аурулары мен жай-күйлерінің болуына орай кемсітушілік пен стигматизацияның кез келген нысандарынан қорғауға кепілдік береді.
77-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге;
3) дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауға;
4) пациент стационар жағдайында емделуде болған жағдайда емдік тамақ алуға;
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен қосымша медициналық көмекке;
6) ақылы негізде медициналық және өзге де көрсетілетін қызметтерді алуға;
7) көрсетілімдер болған кезде бюджет қаражаты есебінен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде медициналық көмек алуға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды алуға және олардың берілуіне;
9) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурудың профилактикасы, оны диагностикалау, емдеу және медициналық оңалту әдістері, клиникалық зерттеулер, мекендеу ортасының жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар, дұрыс тамақтану мен тағамдық өнімдердің қауіпсіздігі туралы анық ақпаратты өтеусіз және тұрақты түрде алуға;
10) мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сараптама ұйымдарынан және дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
11) медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтердің қорғалуына;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өз құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына;
14) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
15) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы жоғары тұрған органдарға өтінішхат беруге;
16) донор ретінде әрекет ету мүмкіндігі туралы ерікті түрде ерік білдіруге;
17) қайтыс болғаннан кейін осы Кодексте айқындалған тәртіппен трансплантаттау мақсатында өздерінен тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) алуға келісу не алудан бас тарту туралы ерік білдіруге;
18) емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға;
19) бірлесіп төлеуге;
20) жазылмайтын созылмалы ауруларды емдеу кезінде ауырсынуды басатын ем алуға;
21) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты, оның ішінде медициналық зерттеп-қарау нәтижелері, диагнозы туралы және аурудың болжамы, медициналық көмек көрсету әдістері, олармен байланысты тәуекел, медициналық араласудың ықтимал түрлері, оның салдарлары мен медициналық көмек көрсету нәтижелері туралы мәліметтерді қолжетімді нысанда алуға;
22) аурулардың профилактикасы туралы ақпаратты қоса алғанда, денсаулықты сақтауға ықпал ететін немесе оларға жағымсыз әсер ететін факторлар, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық, қоршаған ортаның жай-күйі, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам денсаулығы үшін ықтимал қауіптілігі, тамақтанудың ұтымды нормалары, өнімнің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы анық және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар;
23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
2. Әйелдердің отбасын жоспарлау және өз денсаулығын сақтау мақсатында ана болу туралы мәселені шешуге және қаламаған жүктіліктің алдын алудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) репродуктивтік жастағы әйелдерге медициналық қарап-тексерулерді жүргізумен, оларды динамикалық байқаумен және сауықтырумен;
2) әйелдердің репродуктивтік денсаулығына және науқас баланы күтіп-бағу бойынша стационарға түскен кезде баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдері бойынша емдеумен қамтамасыз етіледі.
78-бап. Балалардың құқықтары
1. Осы Кодекстің 77-бабында көзделген құқықтардан бөлек, әрбір баланың:
1) денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі заманғы және тиімді көрсетілетін қызметтері мен ауруларды емдеу және денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;
2) денсаулықты сақтау саласында білім алуға;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерге және динамикалық байқауға, емделуге, дәрілік қамтамасыз етілуге, сауықтырылуға және вакцина алуға;
4) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде медициналық көмек көрсетілуіне;
5) өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне және денсаулық жағдайына сәйкес келетін және оған қолайсыз факторлардың әсерін болғызбайтын жағдайларда санитариялық-гигиеналық ағартуға, оқуға және еңбек етуге;
6) оқуға түсу және жұмысқа орналасу кезінде бекітілген жері бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық құжаттаманы тегін негізде алуға;
7) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты өзіне қолжетімді нысанда алуға;
8) саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтану туралы, темекі шегудің, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудың зияны туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
9) репродуктивтік денсаулықты сақтау туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
10) паллиативтік медициналық көмек алуға құқығы бар.
2. Ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүргізілетін хирургиялық араласуларды, жүктілікті жасанды үзуді қоспағанда, он алты жастағы және одан асқан кәмелетке толмағандардың профилактикалық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілуіне хабардар етілген келісуге немесе одан бас тартуға құқығы бар.
3. Стационар жағдайында бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж естияр жастағы науқас балаларды емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын өзге адамға медициналық ұйымда онымен бірге болу мүмкіндігі беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріледі.
Бір жасқа дейінгі баласын емізетін ана медициналық ұйымда баланы күтіп-бағу үшін болған бүкіл кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
4. Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж естияр жастағы науқас балаларды амбулаториялық және стационарды алмастыратын жағдайларда емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын өзге адамға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріле отырып, онымен бірге болу мүмкіндігі беріледі.
5. Мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындаған тәртіппен үздіксіз білім алуға құқығы бар.
Балаларға медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары ойындар, демалыс және тәрбие жұмысын жүргізу үшін жағдайлар жасайды.
6. Мүмкіндіктері шектеулі, АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлерінде және өзге де денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында болуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған аналардан туған балалардың белгіленген тамақтану нормаларына сәйкес, бейімделген тегін сүт қоспаларын алуға құқығы бар.
7. Балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымға орналастыруға медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
8. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үш жасты қоса алғанда, осы жасқа толғанға дейін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік медициналық ұйымдарда бола алады.
79-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары мен отбасының ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы құқықтары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) репродуктивтілікті еркін таңдауға;
2) репродуктивтік денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді алуға;
3) өзінің репродуктивтік денсаулық жағдайы туралы анық және толық ақпарат алуға;
4) бедеуліктен, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген репродуктивтіліктің қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге;
5) қаламаған жүктілікті болғызбауға;
6) ана болу қауіпсіздігіне;
7) жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлығына;
8) контрацепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға;
9) хирургиялық стерилизациялауға;
10) жүктілікті жасанды үзуге;
11) өздерінің репродуктивтік құқықтарының қорғалуына;
12) балалардың санына және олардың некеде немесе некесіз туу уақытына, туу арасындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті аралықтарға қатысты шешімді еркін қабылдауға;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыныстық жасушаларды, репродуктивтік ағзалардың тіндерін, эмбриондарды сақтауға құқылы.
2. Азаматтар өздерінің репродуктивтік құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
3. Азаматтардың медициналық көрсетілімдер бойынша отбасын жоспарлау, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың болуы мәселелері бойынша, отбасы-неке қатынастарының медициналық-психологиялық аспектілері бойынша консультацияларға, сондай-ақ ұрпағындағы ықтимал тұқым қуалаушылық және туа біткен аурулардың алдын алу мақсатында медициналық ұйымдарда медициналық-генетикалық және басқа да консультациялар мен зерттеп-қарауларға құқығы бар.
4. Жедел босандыру жағдайларын қоспағанда, әйелдің денсаулық жағдайы ескеріле отырып, оның келісімі болған кезде, босандыру ұйымдарында тиісті жағдайлар (жеке босану залдары) болған және әкесінің немесе отбасының өзге мүшесінің инфекциялық аурулары болмаған кезде баланың әкесіне немесе отбасының өзге мүшесіне бала туған кезде қатысу құқығы беріледі. Мұндай құқықты іске асыру өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
5. АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының басқа азаматтарымен тең дәрежеде балаларды асырап алуға құқығы бар.
6. АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосалқы репродуктивтік әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар.
80-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері
Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға ортақ жауаптылықта болуға;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын орындауға;
5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы аурулар бар болған кезде оларды басқару бағдарламаларына қатысуға, ауру мен оны емдеу әдістері, ықтимал тәуекелдер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;
6) медицина қызметкерлеріне өз организмінің жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;
7) өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығын сақтау бойынша сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша зерттеп-қараудан және емделуден өтуге, медициналық персоналды айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық және өзге де ауруларының өздерінде бар екендігі туралы хабардар етуге;
8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
АИТВ инфекциясын қоспағанда, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.
81-бап. Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасында мемлекет ана болуды қорғайды және көтермелейді.
2. Азаматтардың емшек сүтімен тамақтандыруды қолдауға, оның ішінде емшек сүтімен тамақтандыруды қорғауға және насихаттауға құқығы бар:
1) жүкті және бала емізетін әйелдердің құқықтарын қорғау емшек сүтімен тамақтандыруға дайындау және оны іске асыру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған (жүктілікке және босануға байланысты демалыс, жас сәби балаларды тамақтандыруға арналған қосымша жұмыс үзілістері, толық емес жұмыс уақыты, медициналық ұйымдарда кезектен тыс қызмет көрсету, ана мен бала бөлмелерінің көрсетілетін қызметтерін пайдалану және басқасы);
2) алты айға дейінгі балаларды тек қана емшек сүтімен тамақтандырудың және екі жасқа дейін және одан ұзақ дұрыс қосымша тағаммен бірге емшек сүтімен тамақтандыруды жалғастырудың артықшылықтары туралы халыққа ақпарат беруді қамтиды.
3. Жүкті әйелдердің:
1) жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін, оның ішінде шарананың тірі тууы мен өлі тууының халықаралық өлшемшарттарында айқындалатын мерзімінен бұрын босану кезінде Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, денсаулығын сақтауға және көмекке;
2) жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін медициналық көмекке;
3) зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуларды кешіктіру әйел мен баланың (шарананың) өміріне қауіп төндіретін, зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешімді дәрігер немесе консилиум қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, жүктілік кезеңінде өздерінің немесе заңды өкілінің келісімімен ғана зерттеп-қаралуға, емделуге және медициналық араласуға;
4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты режимінің, жүктілікке және босануға байланысты демалыстың, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыстың және жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың еңбек жағдайларының сақталуына;
5) бала емізетін аналарға (ата-аналарға) білікті қолдау көрсетілуіне, лактация мәселелері, тек қана емшек сүтімен тамақтандыру және қосымша тамақтандыру әдістемесі бойынша оқытылған медицина қызметкерлерінің консультациялары берілуіне;
6) балаға достық ниеттегі медициналық ұйымдар іске асыратын, емшек сүтімен тамақтандыру практикасын қолдауға;
7) жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақтала отырып, жүктілікке байланысты он екі аптаға дейін зерттеп-қаралуға және медициналық есепке қоюға жұмыс берушінің уақыт беруіне;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де кепілдіктер мен көтермелеулерге құқығы бар.
4. Жүкті әйелдер:
1) жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін бекітілген жері бойынша жүктілікке байланысты медициналық есепке тұруға;
2) жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін дәрігердің ұсынымдарын орындауға міндетті.
5. Егер әйел жүктілік үшін қарсы көрсетілімдер болған кезде жүктілікті жоспарласа, онда ол әйелдің өзі мен шарананың денсаулығына жүктілік кезінде және босанғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күнге дейін болатын барлық тәуекел үшін жауаптылықты толығымен өзіне алады.
82-бап. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың жұмыскерлердің денсаулығын сақтау жөніндегі міндеттері
1. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өздері жүзеге асыратын қызметке сәйкес:
1) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың актілерін орындауға;
3) орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау және халыққа өткізу, кәдеге жарату және жою кезінде оның қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге;
4) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
5) жаппай және топтық инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар пайда болған жағдайларда, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қатер төндіретін авариялық жағдайлар, өндірістің тоқтауы туралы, технологиялық процестердің бұзылуы туралы уақтылы ақпарат беруге;
6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жанама әсерлері анықталған жағдайда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органға уақтылы ақпарат беруге;
7) халықтың декреттелген тобына жататын жұмыскерлерді гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге;
8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдарына өздерінің құзыретіне сәйкес зертханалық зерттеулер жүргізу үшін өнімнің, шикізаттың, тауарлардың, өндірістік ортаның сынамаларын іріктеуді жүргізу мүмкіндігін ұсынуға;
9) медициналық қарап-тексеруден, гигиеналық оқытудан өткенін куәландыратын құжаты жоқ адамдарды жұмысқа жібермеуге, сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырғандарды қоспағанда, денсаулық сақтау субъектілері анықтаған, инфекциялық, паразиттік аурулармен ауыратын науқастарды және инфекциялық, паразиттік аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушыларды, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдері бар адамдарды жұмыстан шеттетуге;
10) тауарлардың, өнімдердің, шикізаттың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмеуі анықталған кезде оларды өткізуге жол бермеуге, сондай-ақ оларды пайдалану немесе кәдеге жарату мүмкіндігі туралы шешім қабылдауға;
11) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мәселелеріне қатысты есепке алу және есептілік құжаттамасын тексеруге ұсынуға;
12) кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет халықтың өміріне немесе денсаулығына қатер төндірген жағдайда, оларды тоқтата тұруға;
13) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың объектілерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің сақталуы тұрғысынан тексеру мақсатында оларға кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
14) эпидемиологиялық көрсетілімдер және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдарының нұсқамалары, қаулылары бойынша өз қаражаты есебінен дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуге;
15) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар төлеуге міндетті.
2. Жұмыс беруші жұмыскерлер арасында денсаулықты нығайту және аурулардың профилактикасы үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
83-бап. Қандастардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Қандастардың, босқындардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей алуға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, баспана іздеген адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген қандастар, босқындар және баспана іздеген адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттерді атқарады.
13-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Достарыңызбен бөлісу: |