ТАУАРЛАРДЫҢ (ЖҰМЫСТАРДЫҢ, КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ) СӘЙКЕСТІГІН РАСТАУ ЖӘНЕ ЖАРНАМА 16-бап. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар 1. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың түрлері: 1) денсаулық сақтау ұйымдарын аккредиттеу стандарттары; 2) денсаулық сақтау саласындағы операциялық рәсімдер стандарттары; 3) медициналық және фармацевтикалық білім беру стандарттары; 4) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы стандарттар; 5) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттары; 6) денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру стандарттары. 2. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі. Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 211-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
17-бап. Денсаулық сақтау саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің)сәйкестігін растау Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сәйкестігін растау олардың адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін айқындау мақсатында жүргізіледі және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 211-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.