Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы


-бап. Иондаушы сәуленің әсеріне ұшыраған азаматтарға



бет10/26
Дата31.12.2019
өлшемі404,27 Kb.
#54975
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   26

112-бап. Иондаушы сәуленің әсеріне ұшыраған азаматтарға
медициналық көмек көрсету
      1. Иондаушы сәуленің әсеріне ұшыраған азаматтарға медициналық көмекті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алады.
      2. Иондаушы сәуленің әсеріне ұшыраған азаматтардан қан мен тін алу, оларды сақтау және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
113-бап. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық
көмек көрсету
      Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган және ішкі істер, әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс уәкілетті органдары белгілейтін тәртіппен көрсетіледі.
20-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы жекелеген қатынастарды
реттеу
114-бап. Хирургиялық араласу, қан құю және диагностиканың
инвазиялық әдістерін қолдану тәртібі
      1. Хирургиялық араласу, қан құю, диагностиканың инвазиялық әдістері науқастардың жазбаша келісімімен қолданылады.
      Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, психикасы бұзылудан (аурулардан) зардап шегетін науқастарға, он сегіз жасқа толмаған адамдарға хирургиялық араласу, қан құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жасалады.
      2. Медицина қызметкерлері тіршілік сақтау айғақтары бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және оны тоқтату осы адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне байланысты мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.
      3. Хирургиялық араласуды, қанды және оның препараттарын құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдануды кідірту науқастың өміріне қауіп төндіретін, ал науқастың немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайда, дәрігер немесе консилиум науқасты немесе оның заңды өкілдерін қолданылған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.
115-бап. Биологиялық өлімді анықтау. Өмірге дем беріп тұрған
аппаратураны тоқтатудың жағдайлары
      1. Биологиялық өлімді медициналық қызметкер мынадай белгілердің жиынтығы негізінде растайды:
      1) жүрек қызметінің тоқтауы;
      2) тыныс алудың тоқтауы;
      3) орталық жүйке жүйесі жұмысының тоқтауы.
      2. Өмірге дем беру жөніндегі жасанды шаралар тек қана:
      1) биологиялық елім расталған;
      2) маман дәрігерлердің консилиумы бас миының біржола семуін тіркеген кезде, жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің бірауызды жазбаша келісімі болған кезде тоқтатылуы мүмкін.
116-бап. Эвтаназия
      Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.
117-бап. Анатомиялық сый
      1. Анатомиялық сый - іс-әрекетке қабілетті адам тиісінше ресімдеген өсиеті арқылы жүзеге асыратын, өз денесінің бөліктерін, органдарын және тіндерін тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де жазбаша өкім жасау арқылы өз еркімен құрбандыққа беруі.
      2. Анатомиялық сый туралы деректер жария етуге жатпайды.
      3. Өсиет етілген органдар мен тіндерден басқа, табылған күннен бастап қырық бес күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.
      4. Анатомиялық сый биомедициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.
      5. Анатомиялық сыйды денсаулық сақтау ұйымдарына жасау мен берудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5-бөлім. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
саласындағы қызмет және қоғамдық денсаулықты сақтау
21-тарау. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
саласындағы қызмет
118-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесі
      Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі мемлекеттік органдар, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары кіретін бірыңғай жүйе болып табылады.
      1. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, оның тиісті аумақтардағы, көліктегі және көліктегі аумақтық бөлімшелері;
      2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері жатады.
      2. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке кіретін ұйымдар:
      1) республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станция;
      2) Мемлекеттік шекарада, аумақтарда, көлікте, сондай-ақ мемлекеттің лауазымды тұлғаларының қатысуымен ресми іс-шаралар өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттік ұйым;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық ғылыми-зерттеу ұйымдары;
      4) обаға қарсы мемлекеттік мекемелер болып табылады.
119-бап. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық нормалау
      1. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық нормалау: нормативтік құқықтық актілердің негіздемесі бойынша бірыңғай
      талаптарды әзірлеуді және олардың әзірленуін бақылауды;
      нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді (қайта әзірлеуді), сараптауды, бекіту мен жариялауды;
      нормативтік құқықтық актілерді зерделеуді, қолдану практикасын қорытындылауды, қолданылуын бақылауды;
      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің бірыңғай деректер банкін түзу мен жүргізуді;
      санитарлық-эпидемиологиялық нормалау мемлекеттік жүйесінің құжаттарын жалпыға бірдей қабылданған халықаралық талаптарымен үйлесімді етуді қамтиды.
      2. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалау мемлекеттік жүйесінің құжаттары санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқамалар, әдістемелер, бұйрықтар, регламенттер, ережелер мен стандарттар болып табылады.
      3. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалау мемлекеттік жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен бекіту тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      4. Санитарлық ережелер - оларды сақтамау адамның өмірі немесе денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ аурулардың пайда болуы мен таралуына қатер төндіретін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды (оның ішінде тіршілік ету факторларының, кәсіпкерлік және өзге де қызметтің, өнімдер, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығының өлшемдері) белгілейтін халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер болып табылады.
      5. Гигиеналық норматив - адам үшін оның қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы тұрғысынан алғанда, зерттеулерде белгіленген белгілі бір тіршілік ету ортасын сипаттайтын көрсеткіштің жол берілетін ең жоғары немесе ең төменгі сапалық және (немесе) сапалық шамасы.
      6. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер, гигиеналық нормативтер Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық жеке және заңды тұлғалар орындауы үшін міндетті.
      7. Мемлекеттік органдар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелеріне қатысты өздерінің нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу мен бекіту кезінде оларды халықтың санитарлық- эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісуге міндетті.
      8. Нормативтік-техникалық сипаттағы санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
120-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
      Санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер:
      1) өндірістік, қоғамдық, тұрғын үй және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, көлік құралдарын күтіп ұстау мен пайдалануға;
      2) құрылыс салуға жер учаскесін таңдауға;
      3) объектілерді ұстауға, пайдалануға, жобалауға, салуға және пайдалануға беруге;
      4) өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерге;
      5) шаруашылық-тұрмыстық және гигиеналық мақсаттағы тауарларға және оларды өндіру технологияларына;
      6) тамақ өнімдеріне, оларды өндіруге, тасымалдауға, сақтауға және сатуға, кәдеге жарату және жоюға;
      7) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін өнімдерге;
      8) халықтың арнаулы, емдік-профилактикалық, балалар тағамын, диеталық және қоғамдық тамақтануын ұйымдастыруға;
      9) химиялық заттарды, биологиялық және дәрі-дәрмек заттары мен материалдарын қолдануға;
      10) су көздеріне (шаруашылық-ауыз су үшін су жинау орындарында) шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына;
      11) қалалық және селолық елді мекендердегі, өнеркәсіп ұйымдары аумақтарындағы атмосфералық ауаға, өндірістік, тұрғын үйдің және басқа да үй-жайлардың ауасына;
      12) топырақ пен оның қауіпсіздігіне, қалалық және селолық елді мекендердің, өнеркәсіп алаңдарының аумақтарын күтіп-ұстауға;
      13) өндіріс пен тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, зарарсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;
      14) еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету арнайы және емдеу-профилактикалық тамақтану жағдайларына;
      15) биологиялық заттармен, биологиялық және микробиологиялық организмдермен және олардың токсиндерімен жұмыс істеу жағдайларына;
      16) адамға әсер етудің физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына;
      17) халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу, оқыту және өндірістік практика жағдайларына;
      18) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;
      19) радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
      20) жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыруға, шикізаттың жаңа түрлеріне, технологиялық жабдықтар мен процестерге, құрал-саймандарға, азық-түлік шикізаты мен тамақ өнімдеріне, құрылыс материалдарына, ион сәулелерінің көздеріне, ыдысқа, химиялық, биологиялық және дәрі-дәрмек заттарына, орайтын және полимерлік материалдарға, парфюмерлік-косметикалық, полиграфиялық өнім мен кеңінен тұтынылатын басқа да тауарларға әзірленетін нормативтік-техникалық құжаттамаға (стандарттарға, техникалық шарттарға, рецептілерге);
      21) дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық құралдарды, жабдықтарды, материалдарды әзірлеуді, сынауды, дайындауды, өндіруді, сақтауды, тасымалдауды, сатуды, қолдануды, дезинфекция қызметі объектілерін ұстау мен пайдалануды қамтитын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру және жүзеге асыру, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен қауіпсіздігін бақылау;
      22) медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилизациялау мен дезинфекциялауды жүргізу шарттарына;
      23) дәрілік заттардың өнеркәсіптік өндірісінің жағдайларына;
      24) тамақ өнімдерін йод, темір мен микроэлементтер қосылыстарымен байытатын тұзды йодтауға;
      25) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды қолдану мен пайдалануға және олардың жол берілетін шекті шоғырлануына;
      26) оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитарлық қорғауды жүзеге асыру жөніндегі санитарлық-індетке қарсы (профилактикалық) іс-шараларды, шектеу іс-шараларын енгізу, оның ішінде жұқпалы және паразитарлық аурулармен науқастарға қатысты карантиндік іс-шараларды енгізу, медициналық қарауды жүргізу, халықты профилактикалық егу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге;
      27) шикізатты сақтау және қайта өңдеуге;
      28) объектілерді кәріздеуге, жарықтандыруға, вентиляциялауға және сумен қамтамасыз етуге:
      29) жүктерді, улы заттарды тасымалдау мен сақтауға;
      30) жолаушылар мен жүктерді тасымалдау шарттарына;
      31) объектілерді жоюға, консервациялауға, бейінін қайта өзгертуге;
      32) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитарлық- эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
121-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг
      1. Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг халықтың
денсаулығы мен тіршілік ету ортасының жай-күйін бақылаудың, оларға
талдау жасаудың, бағалау мен болжам жасаудың, сондай-ақ халықтың
денсаулығының жай-күйі мен тіршілік ету ортасы факторлары әсері
арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды анықтаудың мемлекеттік
жүйесі болып табылады.
      2. Санитарлық-эпидемиологиялық мониторингті санитарлық- эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
122-бап. Жұқпалы, паразиттік аурулар таралуының және халықтың
улануының алдын алу
      1. Жұқпалы, паразиттік аурулар мен уланулардың пайда болуының және таралуының алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарында көзделген санитарлық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитарлық қорғауды, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуді, өндірістік бақылау жасауды жүзеге асыру, жұқпалы және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты шараларды жүзеге асыру, азаматтарды медициналық қарауды, профилактикалық егулерді, гигиеналық тәрбие беру мен оқытуды жүргізу жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.
      2. Санитарлық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар аумақтарды дамыту және өзге де өңірлік бағдарламаларға енгізілуге тиіс.
      3. Жұқпалы, паразиттік аурулармен ауыратын науқастар мен жұқпалы, паразиттік аурулармен ауырады деп күдік туғызатын адамдар және бактерия таратушылар оқшауландырылуға және емделуге тиіс, олармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық қадағалауға алынады және қажет болған кезде оқшауландырылады және емделеді.
      4. Айналасындағылар үшін қауіп төндіретін созылмалы жұқпалы, паразиттік аурулармен ауыратын науқастар мен созылмалы бактерия таратушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан уақытша шеттетілуі тиіс.
123-бап. Қазақстан Республикасының аумақтарын санитарлық
қорғау
      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде халық денсаулығына қауіп төндіретін жолаушыларға, экипаждарға, поезд бригадаларына, көлік құралдарына, жүктерге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жасау жүзеге асырылуға тиіс.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитарлық-карантиндік пункттерде) санитарлық- карантиндік бақылауды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында әкелінуіне тыйым салынатын қауіпті жүктер мен тауарларды, сондай-ақ оларға қатысты жұқпалы аурулардың немесе жаппай жұқпалы емес аурулар мен уланулардың пайда болуы мен таралу қаупін төндіреді деп белгіленген жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол берілмейді.
124-бап. Жұқпалы аурулар эпидемиясы пайда болу қаупі төнген
жағдайда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізудің
шарттары
      1. Жұқпалы және паразиттік аурулардың әкеліну және таралу қаупі болған жағдайда осы Кодекске сәйкес уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және тиісті аумақтарда шектеу іс-шараларын, оның ішінде кәсіпкерліктің және (немесе) өзге шаруашылық қызметтің және халық тіршілігінің айрықша жағдайларымен карантин енгізеді.
      2. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайда орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру жөніндегі жедел басшылық жасау індетке қарсы республикалық және аумақтық төтенше комиссияларға жүктеледі.
      3. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин жекелеген объектілерде тиісті аумақтың (көліктегі) бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің немесе оның орынбасарларының, сондай-ақ ведомстволық объектілерде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері басшыларының шешімімен енгізіледі (тоқтатылады).
      4. Шектеу іс-шараларын, соның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібін және пайда болуы мен таралу қаупі болған кезде шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізілетін жұқпалы аурулар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
125-бап. Жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулар мен улану
оқиғаларын тіркеу және тексеру
      1. Жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулар мен уланулардың барлық оқиғаларын, олардың анықталу орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдары тіркеуге алуға, Қазақстан Республикасы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мемлекеттік органдары мен ұйымдары мемлекеттік есепке алу мен есептілік жүргізуге тиіс. Аталған аурулар мен улану оқиғаларының мемлекеттік есебін жүргізу тәртібін, сондай-ақ олар бойынша есеп беруді жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулардың және адамдардың улану оқиғаларына тексеру жүргізуге тиіс.
126-бап. Дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық
іс-шаралар
      1. Жұқпалы және паразиттік аурулардың пайда болуының,
таралуының алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерлер, жеке және заңды
тұлғалар өз қаражаты есебінен эпидемиологиялық көрсеткіштер мен
Қазақстан Республикасы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық
қызметі лауазымды адамдарының ұйғарымдары, қаулылары бойынша өз
қаражаты есебінен жұқпалы және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын
жоюға (дезинфекциялық), жәндіктерді, басқа буын аяқтыларды жоюға
(дезинсекциялық) және кеміргіштерді жоюға (дератизациялық)
бағытталған іс-шаралар жүргізуге міндетті.
      2. Төтенше эпидемия жағдайлары пайда болған кезде мемлекеттік
санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының ұсынуы бойынша
облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы
органдарының шешімімен бюджет қаражаты есебінен кезектен тыс
міндетті дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық іс-
шаралар жүргізіледі.
      3. Ошақтық дезинфекцияны медициналық ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі ұйымдары жүргізеді.
22-тарау. Қоғамдық денсаулықты сақтау
127-бап. Аурулар профилактикасының мақсаты мен түрлері
      1. Профилактиканың мақсаты аурулардың туындауы немесе өршуінің, сондай-ақ олардың зардаптары мен асқынуының алдын алу болып табылады.
      2. Профилактика бастапқы, қайталама және жалғаспалы болып бөлінеді.
      Бастапқы профилактика (жаппай және жеке) аурулардың туындауының алдын алу мақсатында тіршілік ету үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
      Қайталама профилактика аурулардың алдыңғы кезеңдерде өршуінің және олардың салдарларының алдын алуға бағытталған.
      Жалғаспалы профилактика өршіген асқынуды, органдар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған.
128-бап. Салауатты өмір салтын насихаттау
      Салауатты өмір салтын насихаттау салауатты өмір салтын қалыптастыруды, ақпараттық қамтамасыз ету жолымен ұтымды тамақтану және аурулардың профилактикасын, тұрмыс салтымен байланысты денсаулық сақтау әрі аурулардың алдын алу мәселелерінде халықты гигиеналық оқыту және тәрбиелеуді қамтиды.
      Салауатты өмір салтын насихаттауды денсаулық сақтау субъектілері денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның үйлестіруімен және әдістемелік басшылығымен басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен қамтамасыз етеді.
129-бап. Медициналық қарау
      1. Медициналық қарауды өткізудің басты мақсаты денсаулықты қалыптастыруға әрі нығайтуға, аурулардың алдын алуға, анықтауға және таралуының алдын алуға, оның ішінде кәсіби аурулардың, уланулардың, жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған уақтылы медициналық тексерулерді жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ қандай да бір ұйымдар қызметкерлерінің, қандай да бір шаруашылық және (немесе) өндірістік қызметті жүзеге асыратын адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Медициналық қарау міндетті және профилактикалық болып табылады.
      3. Міндетті медициналық қарау алдын ала және мерзімдік болып бөлінеді.
      Міндетті алдын ала медициналық қараулар кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік, аурулардың алдын алу және жұқпалы әрі паразитарлық аурулардың таралуының алдын алу мақсатында жұмысқа кіру немесе оқуға түсу кезінде жүргізіледі.
      Мерзімдік міндетті медициналық қараулар жұмыс істеушілер денсаулығы жай-күйін динамикалық бақылауды, аурулардың бастапқы нышандарын уақтылы анықтау, жалпы, кәсіби аурулардың алдын алу және жұқпалы әрі паразитарлық аурулардың таралуының алдын алу мақсатында жүргізіледі.
      Міндетті медициналық қараулар өткізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесін, сондай-ақ осы қарауларды өткізудің тәртібі мен кезеңділігін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы қараулардан өтуге тиіс қызметкерлердің мерзімдік міндетті медициналық қараулардан уақтылы өтуін қамтамасыз етеді.
      4. Профилактикалық медициналық қараулар жаппай және іріктелген болып бөлінеді.
      Жаппай медициналық қараулар ауруларды ертерек анықтау және аурулардың өршуінің, олардың туындауына әсер ететін қатер факторларының алдын алу, халықтың денсаулығын қалыптастыру әрі нығайту мақсатында халықтың нысаналы топтарына жаппай әдіспен жүргізіледі.
      Іріктеп медициналық қарау белгілі бір аурудан зардап шегетін немесе қатер тобына жататын азаматтардың ауруларын емдеу әрі оларды қалыпқа келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын динамикалық бақылау мақсатында жүргізіледі.
      Профилактикалық медициналық қарауға жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарауды өткізудің тәртібі мен кезеңділігін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган олардың тиімділігі, қауіпсіздігі және экономикалық орындылығы туралы дәлелденген ғылыми деректер негізінде белгілейді.
      Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесіне сәйкес осы қараудан өтуге тиіс адамдардың профилактикалық медициналық қараудан өтуі үшін жағдай жасайды.
      Өндірістік және шаруашылық қызметтегі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар алдын ала немесе мерзімдік медициналық қараулардан өтпеген немесе денсаулығының жай-күйі бойынша жарамсыз деп танылған адамдарды жұмысқа жібермейді.
      5. Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізудің тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      6. Міндетті және профилактикалық медициналық қараудың уақтылы өткізілуі мен олардан етуді халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында, медициналық қызмет көрсету саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар және еңбек жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік инспекторлары бақылайды.
130-бап. Профилактикалық егулерді жүргізу
      1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егу алуға міндетті.
      2. Профилактикалық егулер жүргізілетін аурулар тізбесін, тәртібін, оларды жүргізу мерзімдерін және жоспарлы түрде егілуі тиіс халық топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      3. Профилактикалық препараттарды (иммунологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) сақтау, тасымалдау және пайдалану денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет