Дәріс №7. Сыртқыэкономикалық мәмілелер. Дәрістің мақсаты: Негізгі сұрақтар: Сыртқы экономикалық мәмілелердің жалпы сипаттамасы, түрлері.
Сыртқы экономикалық мәмілелердің коллизиялық ережелері және оларды жою шаралары.
Дәріс мазмұны:Сыртқы экономикалық мәміле – бұл халықаралық жеке құқықтағы ең күрделі, ауқымды және маңызды тақырыптардың бірі болып табылады. Ол кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізіледі және мемлекеттің экономикалық дамуына үлкен үлес қосады. Оның ішіне мемлекеттің сыртқы сауда қызметі, халықаралық инвестициялық, валюталық және қаржы, несие операциялары, өндірістік кооператив және өзге де қызмет түрлері кіреді.
Сыртқы сауда қызметі қазақстандық заңнама бойынша кәсіпкерлік қызмет ретінде танылады және ол халықаралық тауар, қызмет, жұмыс, интеллектуалдық қызмет нәтижелері мен оларға деген меншік құқықтарын алмасу түрінде жүзеге асады.
Сыртқы сауда ретінде ғылыми доктриналарда кемінде бір тарабы шетелдік тұлға болып табылатын және тауарларды шекарадан алып өтуге не әкелуге байланысты мәмілелер танылады.
Сыртқы сауда қызметінің субъектілері ретінде оның қазақстандық және шетелдік қатысушылары танылады.
Сыртқы саудаға тән негізгі белгілер:
тараптардың бірі шетелдік тұлға болуы және басқа мемлекетте орналасуы тиіс;
мәміленің пәні сыртқы саудаға байланысты операциялар болуы тиіс (мүлік жалдау, тауар жеткізу, жүк тасымалдау т.б).
Сыртқы экономикалық мәміле дегеніміз – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында екі мемлекетте орналасқан тұлғалар немесе кәсіпорындар арасында жасалған шарттар болып табылады.