1.2 Халықаралық жүзу федерациясы Халықаралық жүзу федерациясы (ФИНА) 1908 жылы құрылған. 1991
жылы оның құрамына 128 ел кірді. Олимпиялық ойындар 1896 жылдан,
дүниежүз. чемпионаттар 1973 жылдан, еур. чемпионаттар 1926 жылдан
өткізіледі. Дене шынықтырудың бір түрі ретінде Жүзумен адамдар ежелгі
дәуірден бастап айналыса бастаған. Біздің жыл санауымыздың басында
Римде суы жылытылатын 50x20, 100x50 метрлік үй ішіндегі бассейндер
салынған. 16 ғасырдың басында жүзу спорттық сипат алды. Алғашқы жарыс
1515 жылы Венецияда өткізілді. КСРО-ның 1947 жылы Халықаралық жүзу
федерациясына мүше болуы, 1952 жылдан бастап Олимпия ойындарына
қатысуы жүзу спортының Кеңес Одағында, оның ішінде Қазақстанда да
жедел дамуына ықпал етті. Қазақстанда жүзу спортының дамуы Алматыда
Дене тәрбиесі институтының (қазіргі Қазақ мемлекеттік спорт және туризм
академиясы) ашылуымен тікелей байланысты болды. Оның түлектері 1946
жылы Бүкілодақтық жоғары оқу орындары арасындағы жарысқа қатысты.
1947 жылы алғаш рет жүзуден республикалық біріншілік ұйымдастырылып
(Тастақ тоғанында), оған Алматы, Атырау, Орал қалалары жүзгіштері
қатысты. Сол жылы Қазақстан тұңғыш рет КСРО біріншілігінде бәсекеге
түсті. 1948 жылы Алматыдағы Мәдениет және демалыс саябағында
студенттердің күшімен 27 метрлік ашық бассейн жасалды, онда екінші
республикалық біріншілік өтті. Ю.Кабин, В.Минаев, Б.Елқондиевтер бірнеше
рет Қазақстанның чемпионы атанды. Құрамына қазақстандық Г.Николаев
енген КСРО жүзгіштері 16-Олимпия ойындарында (Мельбурн, 1956) 4x200
метрлік эстафетада Кеңес Одағына алғашқы қола медальді әкелді. 1957 жылы
Қарағандыда тұңғыш жабық бассейн іске қосылды. Тәуелсіз Қазақстан
дербес қатысқан Барселонада өткен 25-Олимпия ойындарына (1992) 7
жүзгіш, ал Сиднейде өткен 27-Олимпияға (2000) 8 жүзгіш қосты. Олардың
бәрі дерлік Азия құрлығының үздіктері аталды. Жүзу адам ағзасына тигізетін
пайдалы әсері жағынан басқа спортқа қарағанда ерекше орын алады.