Хх ғасырдың І жартысындағЫ Қазақ зиялыларының жер мәселесі туралы көЗҚарастары мен ұстанымдары



Дата31.01.2018
өлшемі172,04 Kb.
#37190
ХХ ҒАСЫРДЫҢ І ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ МЕН ҰСТАНЫМДАРЫ
Тулбасиева С. Қ. – т.ғ.к., Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Алаш-арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан көне сөз. «Алты алашқа»: қазақ, қырғыз, өзбек, түрікпен, башқұрт, қарақалпақ халықтары кіреді. Бұл халықтардың бұрынғы көшпелі өмірі, тілі, салт-санасы, әдет-ғұрыптары бірыңғай. Қазақтар елге қамқор болған қадірменді адам-дарын «алаштың азаматы» деп атайды. ХХ ғасырдың басында алты алаштың баласының мұң-мұқтажын жоқтап, өздері сол үшін жанын қиған ұлт зиялыларын алаштың азаматтары деп қалай атамасқа. Қазақ қоғамында ХХ ғасырдың басында жер мәселесінен үлкен дау болған емес. Қазақ жерінің тағдыры – ел тағдыры еді. Қазақ жерінің жоқтаушысы болған белгілі ғалым Телжан Шонановтың елді отарлау – жерді отарлау тарихы деп бағалауы шындық болатын [1]. Сондықтан да алаш азаматтарының көтерген өзекті мәселесінің бірі қазақтың өмір сүруінің тіршілік көзі – жер мәселесін әділетті шешу еді.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының алдында тұрған негізгі де, өзекті де проблема – ұлт проблемасы болып, ел болып сақталып қалуы болатын. «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынов №4 санындағы бас мақалада бұл туралы: «Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілік етеді ғой. Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе» деп көрсетті [2]. Қазақты шын теңдікке жеткізетін мәселенің бірін А.Байтұрсынов «Аңдаспаған мәселе турасында» деген мақаласында «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі»[3] деп көрсетіп, жер тағдырының ұлт тағдыры екенін айқындай түседі.

1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейін Троицк қаласында үзбей шығып тұрған «Айқап» журналының ұлттық дәрежеге көтерген мәселесінің бірі – жер мәселесі болды. Оның осы мәселе бойынша қалыптастырған көзқарасына байланысты белгілі ғалым профессор Б.Кенжебаев «Айқапты» прогрессивтік демократтық бағыттағы басылым болды деп әділ байлам жасады[4].

Ғасыр басында жер мәселесін күн тәртібіне қойған басылым «Айқап» журналының бетінде жер мәселесін биік деңгейге көтеріп, оған демократиялық сипат беріп, отаршылдыққа қарсы наразылық рухын жандандырған авторлар Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов болатын. Олар кейін Әлихан Бөкейхановпен қанаттасып, «Қазаққа» ауысқан тұста «Айқаптың» дауысы бәсендеп, ықпалы төмендей түсті. Мұнан кейін «Айқап» журналы алғашқы деңгейінен артық жер мәселесін көтере алмады. «Қазақ» газеті бұл проблеманы Ресейдегі реформаларға байланыстыра, отаршылдық сипатпен біртұтас қарап, оны қазбалай түсті.

«Қазақ» жер мәселесін тереңдете қарады, олар қарашекпенділер қозғалысының қазақ шаруасына, көшіп-қонып келгендерге деген пайдасымен, залалын бірге қарады, ұлтаралық шиеленістерді алға тартты, болашақта қазақ жері эрозияға ұшырап, дағдарыс боларын айтты. Қазақ елінің жерінен айырылып, шөл далаға, тау-тасты бөктерлерге кетіп, шаруасы құлазып, бара жатқанын дәлелдеді, переселен қозғалысын тоқтатуды талап етті. Патша өкіметінің аграрлық саясатына ашықтан-ашық қарсы шықты. Бірақ, бұл аграрлық мәселеге деген біртұтас тұжырымды көзқарас қалыптасқан жоқ еді. «Айқап» журналында ол алғашқы талқыдан өтті, сөйтіп ол осы бүкілхалықтық сипат алған отаршылдыққа қарсы демократиялық оппозицияны «Қазақ» шыққанға дейін бастады. «Қазақ» газеті «Айқап» салған баспалдақтан әрі өтіп, одан әрі өрлей алды, екі басылым осы тұста қазақ зиялы қауымының бөлшектенген жеке қанаттарын бастады.

«Айқап» журналының бірінші санында Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың өкпесі» деген мақаласы басылды. Бұл мақалаға журналдың редакторы М.Сералин кіріспе сөз жазған. Осы мақалада ғасырдың негізгі проблемаларының бірі болған жер мәселесі көтеріледі. өйткені жер мәселесі отарлауға ұшыраған елдің болашағы. Автор қазақ жерінің қазыналық болуы – амалсыздықтан деді. Бірақ сол қазыналық болу нәтижесінде ғана қазақ жері біртұтас. Ал башқұрттар болса жерді «шәй, шекер, шүберектей болмашы нәрсеге сатып» жерін тауысты. «Жерден айырылып, - деп жазады А.Байтұр-сынов, - шаћар-шаћарға тозып, тентіреп кетті, кетпегені кедейліктен жүре алмайды. Тұрған шаћарының көшесін сыпыратын, қорасын тазалайтын, отынын жаратын, боқтығын таситын о ғайри қара жұмысын қылатының бәрі болмаса, көбі естек (башқұрт)» [5].

Ахмет Байтұрсынов қазақтың күнінің, тіршілігінің жермен байланысты екендігіне «шаруа жермен бай, жерден айырылған соң, жұмыс біткені» деп баса көңіл аударады. Қазақстанда капиталистік қоғамға тән элементтер дами бастаған кезде «Амалынды түзет, түземесең ешкімге кінә қойма» деп жерден айырылмау керектігін қатты ескертеді. Ол амал – еңбек. «Еңбексіз егін шықпайды, терлесең терін тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды», - деп қазақ шаруасын еңбекке шақырады.

Ахмет Байтұрсынов өзінің «Тағы да жер жайынан»[6] деген мақаласында патша өкіметі орыс қара шекпенділерін қазақ жеріне орналастырылуы кеңінен жүргізіп жатқан кезде қалай жерді молырақ игеру мәселесіне өз пікірін білдіреді. Патша өкіметі қазақ жерін мемлекеттік деп танып отырған тұста «жердің басы патшалық болғанымен шөбі, суы қазақтігі, қазақ жерді патшалықтан сроксыз арендаға алған қисабында»,- дей келіп, шұрайлы жерлерге егін егуді, қалың қазақ тұтас отырып қалу мүмкіндігін ойластырады.

«Қазақстың Сарыарқа деген жайлары»[7] атты мақалада 1606687 шаршы сахараны 1868ж. Бері қарай, әсіресе ғасыр басынан қарашекпен шаруалар келіп, қазақ жеріне қол салғанын, оған «қайтерсің бұл қарашекпен алды жерді-суды түбімізге жетті. Сорды ғой қанды, алды ғой жанды», - деп, салы суға кеткен сары уайымнан басқа қимыл-әрекет жасамай отырғанына қынжалады. Шаћмардан Әлжанов А.Байтұрсыновтың жер алып, қазақ қала салу керек деген ұсынысына қарсы, патша өкіметіне арнайы делегация жіберіп, келіссөз арқылы жер мәселесін шешуді ұсынады.

Журнал бетінде жарияланған «Қазақ халқы жоғала ма, жоғалмай ма?» [8.48] деген мақалада қазақ жерінде нарықтық экономикасы қалыптасып, ол жаңа өмірге – тиын табуға үйрене бастағаны сөз етіледі. Автор Қостанай уезінің Сарой болысында қазақтардың 1907ж. Жүзден елу екісі мал, егін кәсібі, жиырмасының өнерші, қызметші, он бесінің сәудегер болғандығын тілге тиек етіп, «қазақ жоғала ма, жоқ па» деп сөз бастамай, алаш жөн білсеңізші, кәсіп қылсаңызшы деген наз айтады.

Ахмет Байтұрсынов дискуссияға қосылмайды, қазақ ауылдары жерлерінен қуылып жатқан кезде ол өзінің «Қазақ пайдасындағы жерді алу турасындағы низамдар, бұйрықтар» [9] деген мақаласында патша өкіметінің жер туралы жарлықтарын, заңдарын кеңінен талдап, қазақ шаруасының мұн-мұқтажын қорғайды, елдік заңды біліп, өз орнынан заңсыз қозғалмауына шақырады.

Ресей билеушілері аграрлық дағдарыстан шығу үшін екі жол анықтады. Бірі – жер тарылған жердегі елдің бірсыпырасын кең жерге көшіру; екіншісі – егін шаруашылығын бұрынғы қалпымен жүргізбей, өнерлі (неміс, француз) елдері секілді жаңа тәртіппен жүргізу. Олар бірінші жолды тандады. Қазақ басына күн туды. Патша өкіметі мұжықтарды қазақ сахарасына көшірді. Бейғам жатқан қазақ жері көршілес болып мұжықтар қоныс ала бастаған соң, жер тарылды. Жері тарылған қазақ қалайша күн көрерін білмей дағдарды.

«Айқап» журналының бетінде Алаш қозғалысының белсенді мүшесі болған М.Дулатовтың «Жер мәселесі» атты мақаласы жарық көрді. Автор мақалада қазақ қауымның екіге бөлініп, туыстарына тиісті жерлерді кестіріп алып, қала салғанын, ал екінші жағынан көшпенділік өмірді қалайтындығын айта келіп: «Бір халықтың тұрмысын түп-тамырынан бұзып өзгертуі (көшпенділіктен отырықшылық-қа, отырықшылдықтан көшпенділікке шыққан секілді) оңай іс емес» [10] деп түйіндейді. М.Дулатов бұл мәселені ғылыми жолмен шешуді ұсынады. Ол айналып келгенде қазақты жерсіздендіру – көшпелі өркениетке балта шабу екенін аңғартады.

Автор ең алдымен «Қала болу керек деушілердің пікірі» - деген түйінмен «миллиондай жерсіз мұжықты хүкіметтің қазақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, ата-мекеннен ірге қозғалып қазақтың шаруасының күйзелуі, 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбей, былай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал» деп қорытады.

Сонымен қатар Дулатов жер жүзіндегі қазақтардың ћәммесі біразы ғана болмаса, қала болып отыр. Мал бағып көшіп жүрмегендіктен қырылып қалғаны естілмейді. Қайта бұл күнде көзіміз көріп, ақылымыз жетпей тұрған не түрлі тамаша нәрселерді атарба, телеграмма шығарып тұрған солар. Олар бізден кедей емес, бізден өнерсіз емес, бізден аз емес, бізден күшсіз емес. Бұларды көре тұра, біз қазақтарда қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып өзімізде алдағы жұрттың істегенін істеп солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтың бірі бола аламыз» деп қазақтардың болмысы сақталған күйде, ырын-жырынға түспей өркениеттік жолға түсуді қалайды.

Мұнан кейін «Айқап» журналында Мағжан Жұмабаевтың «Дала, қала» деген мақаласы жарияланды. Даланы идеал қылып, қазақтың даламен кіндігі бір екенін айта келіп, ұлы ақын даланың бір кемшілігін анық көрсетеді: «Оның баласы білімсіз, ойсыз, ішіп-жеу, ойнап-күлу, ұйқтаудан басқаны білмейді. Төрт аяқты малдан аз-ақ ілгері, ол жарты адам» деп сол кездегі қазақы ауылға көңілі толмайды. Қаланың даладан көп кемшілігі бар екен саралап көрсеткен Мағжан оның бір артықшылығы бар екенін естен шығармау керектігін көрсетеді. «Оның баласы білімді, ойлы. Ол таңқаларлық істер істейді. Отты дүние айналған теңізді кезеді. Айшылық жолды алты аттайтын атсыз арба жасайды, қанатсыз көкке ұшып, бұлтқа араласады. Түпсіз теңізге сүңгіп меруерт-маржан шығарады, қысқасы қала баласы асқан адамдар. Естімейтін нәрселері жоқ, қолдарынан бәрі келеді. Қала – ол өнер-білімнің бесігі, анасы. Онда шын бүтін адамдар бар. Онда өнер бар, онда білім бар, онда адамға жан бар.» [11].

Ұлы ақын қазақ халқының болашағы үшін отырықшылыққа көшіп, елді мәдениетке, білімге тарту идеясын ұсынады. «Аз уақытта көп білу жолының басы» деген мақаласында Мағжан ХХ ғасыр «Білім ғасыры» болады деп үміттенеді. Балаларды оқу бәйгесіне қосуды армандайды, онда бәйге алмаса да, бөлініп қалмайтынына кәміл сенеді.

Сонымен бірге «Айқап» бетінде «Қала болушылар» деген мақалада Томск губерниясында Бараба татарларының Стамбулға көшкені, ол жерде тұра алмай азып-тозып қайтып келгені туралы мәлімдеді. Ал Ресейге барған қазақтардың Мачалинск деген жерде қала салып, отырық-шылыққа көшкенін, кәсіпкерлікпен айналысқанын ризашылықпен атап көрсетеді.

«Қазақ» газеті жер мәселесін тереңдете, жан-жақты қарады, біртұтас көзқарас қалыптастырды. Егер М.Дулатов жер мәселесі туралы «Айқап» бетінде жазып, өзінің «Қала болу керек деушілердің» пікіріне қосылса, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов жер туралы комплексті бағдарлама жасады.

Әлихан Бөкейханов өзінің «Жауап хат» деген еңбегін «Қазақ» газетінің бетінде Семей облысы Павлодар уезі Тереңкөл, Мұздыкөл болысы қазақтарының жерін 1891ж. 25 наурызда шыққан «Степное положениенің» 120 бабының қосымшасы бойынша қазақтан артық жерді алып жатқанына наразылық білдіреді. «Бұлай болғанда, - дейді Әлихан Бөкейханов, - әуелі қазақты орнықтыру керек емес пе, қазаққа жер белгілеу керек емес пе? 15-тен жер алсаң жер белгілеймін, қазақ болып отырсаң, жерден күнде көшірем деп, қазақты күнде көшіріп отыр. өстіп жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің патшалық конституциялы емес пе, біздің патша қол астындағы адамның бәріне әділ емес пе? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретін не жазып еді? Бұл жұрт жұмысын, жұрт болып іздемейтін бе еді? Әр жерде әр қайсың аяғын ат басқан баладай шыңғырмай» [12].

Автор жер мәселесі туралы жазғанда «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарының екіге бөлінгендігін мәлімдейді. «Біріміз – дейді ол, - қазаққа жаудан түк те болса олжа, 15-тен жер ал дейміз, біріміз бұған жуыма, түк олжа болып, не болады дейміз». Ал Ә.Бөкейхановтың оппоненті ретінде Рахмет Илиясұлы «Шыңғысхан дүниені алды, артында түк белгі қалған жоқ, Ақсақ-Темір дүниені алмаса да артында Самарқанд, мешіт-медреседей белгі қалды», - деп отырықшылықты өркениетке тірек етеді. Әлихан «жердің көп-азына қарамай, жердің ћауасына қарай адам баласы мал баққан иә егін салған. Жер көп болып, мал бақса, бұл шаруаны қылған жұрт малмен бірге көшіп жүрген. Жер аз болса, жердің ћауасы егінге қолайсыз болса, мал шаруасын ұстап отырып, малды көшіріп қойып, жұрт өзі отырықшы болған», - деп оған қарсы шығады. Мысал ретінде Европада Швейцария жұрты, Түркістан жері, Алтай, Алатау баурайын келтіреді. «Австралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырақ жасық болған соң, Австралия жұрты қой бағып, мал шаруашылығын қылып отыр», - дейді Ә.Бөкей-ханов. Самарқандта жердің бедеріне, климатына қарай сайда егін, тауда мал бағу кәсіптері қатар жүргізіледі. Түркістанда өзен бойындағы қазақтар алма, өрік, жоңышқа егумен айналысады.

Ұлы экономист ғалым Ә.Бөкейханов «Көшпелі деген сөз мал бағатын шаруаны түгел жаппайды. Қала болып мал шаруасын атқаруға болады» деп көрсетеді. Ғалым әңгіме отырықшылыққа шектеліп, қазақ бар жақсы жерінен айырылып, мал шаруашылығынан қол үзіп, егін мәдениетін игермеген кезінде жоқшылыққа кездесетінін барынша түсіндіреді. «15-те отырып, тамақ асырайтын болсаң, 15-тен жер ал, 15-не мал бақпақ болсаң адасқаның, қаңғырғаның», деп мәселені төтесінен қояды.

Сондай-ақ мақалада Ә.Бөкейханов «Көп мақсаты иін тіресіп, тізе қосып, бір жүрсе табылады. Жер дауы–тәмәм 5 миллион қазақ дауы»,-деп отаршыларға қарсы «иін тіресіп, тізе қосып» күресуге шақырады, жер мәселесінің жалпықазақтық бағыт-бағдарын түйіндейді.



Ә.Бөкейханов жер проблемасына тарихи тұрғыдан қарайды. Ол «Қазақ» деген шағын мақалада демографиялық ахуалға көңіл бөледі. Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Закаспий, Сырда-рия, Жетісу, Ферғана, Самарқанд облыстарында және Астрахань губерниясында 1913 жылы 5 миллион 64 мың қазақ болғанын айтады. «Бұл қазақ ћәм қырғыз Шыңғыс заманынан бері, 7 жүз жыл шамасында, жоғарыда аталған 9 облыс жерінде жүріп тұрады» [13] - деп көрсетеді. Ә.Бөкейханов қазақ жерінің ауқымын: «Темір қазықта Жайық ћәм Тобыл, күншығыста Ертіс, оңтүстікте Түркістан таулары, мұның ең биігі Хан тәңірісі, күншығыста Амудария. Осы облыс, бір губернияда 260 миллион десятина шамасында жер бар» – деп көрсетіп қана қоймай-ды, ұлттың меншігін қызғыштай қорғап, Торғай, Ақмола облыстарынан қазақ пайдасындағы жерден ғасыр басында таланып жатқан жерлерді атайды.

«Үшінші дума ћәм қазақ» атты мақалада Ә.Бөкейханов патша өкіметі қазақ жерін талаудың қалай заңдандырғанын баяндайды. Ең алдымен қазақ жері 1891 жылы 25 наурызда «Степное положе-ниенің» 119-бабы бойынша «Көшпелі қазақ отырған жер қазынанікі» деп белгілеуімен тоналған. 160-бабты жетік білетін ғалым екендігін патша саясаткерлерінің айтыс-тартыс арқылы аңғартады. Автор Дума трибунасынан «Қазақтың жерден қысылған белгісі міне: қазақ өзі бөтен жаққа переселен болып көше бастады», - деген Забайкал депутаты Волковтың сөзі арқылы қазақ басына төнген қысыл таян кезеңді суреттейді.

Автор 1908 жылы граф Паленнің Түркістандағы істерді тексергенде жазылған мәліметтері еді деп төмендегі сөздерді келтіреді: «Қазаққа артық жер деп қалдырған тастақ, тақыр, ащы, сортаң жер, осы зорлыққа көніп, мінез шығармай тиыш отырғаны қазақтың дүнияда жоқ момындығы» [14].

Ұлт көсемі Ә.Бөкейханов «Жауап хат» деген мақалада «мемлекет қазақты өзінің баласының бірі қылса, қазақты осы тұрған шаруасын бұзбай орналастырар еді. Сонда қазақ неше жылда эволюция жолымен бірте-бірте отырықшы болар еді…» [15]. Міне мәселенің түп-төркіні, орысша айтқанда, «сөздің тұздығы» осында жатыр. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашы-лығын бұзбау керек, екіншіден, шаруаның тұрмысын эволюциялық жолға салу керек. үшіншіден, шаруа ісіне зорлық-зомбылық жасамау керек. Төртіншіден, қазақ шаруасы да орыс сияқты бір империяның баласы. Оған да орыс шаруаларындай санау керек.

Әлихан «әуелі тұрған жұртты орнықтырып, қалған жерге переселен мұжықтарды еншілес қылу керек емес пе еді?» - деп айтқан Баку депутаты Жағыпаровқа ризалығын білдіреді. Переселен бастығы Глинка Волков пен Жағыпаровқа берген жауабында: «Біз мұжыққа жер бергенде қазақтан артық жерді ғана береміз. Қазақты көшпелі деп есеп қылып, жаңа закон шығарып, жер берсек, мұжыққа артық жер қалмайды. Біздің тұрғын жұртқа жер белгілеп беретін закон жобасын шығара алмай күбежектеп тұрғанымыз осы еді. Көшпелі қазаққа мәңгі ғұмырлық деп жер беруге тіпті керек емес, сол үшін қазаққа мұжықша, мұжықпен бірдей надел жер алсаң береміз деп едік, қазақ шырғаға түскен құстай сұранып, топырлап өз еркімен мұжық болып жер алып жатыр» [16] деп қазақ даласының бөліске түскендігін айқын көрсетеді.

Ә.Бөкейханов жер алып, күн көріс елдің жері суармалы жерде екенін, Солтүстік өлкеде тек мұжықтай еңбекшіл болған күнде ғана күн көре алатынын айтады. Автор отаршылдардың тағы бір қулығын әшкерелейді. «Степное положениенің» 136-бабында «Қазақ жүрген жерден бөтен патшаның адамы ћәм христиан дінінде болмаған адам жер сатып алмасын» деп дінді шаруашылық мәселесімен араластырған патша өкіметінің саясатының шын бейнесін ашып көрсетеді. «Осылай етіп, - дейді Ә.Бөкейханов, - қазақ өз жеріне өзі бөтен патшалықтың кісісімен бірдей болмақ». Басқаша айтқанда, қазақтың жерін «қазақтан басқа сатып алып, мирастап алып, өзінікі қылмақ, жалғыз-ақ бұл жол - қазаққа жоқ», - деп автор қазақ мұңын жеткізеді. «Тарихи әділеттілік үшін атап айту керек, - дейді тарих ғылымының докторы, профессор М.Қойгелдиев, - «Қазақ» газеті Ә.Бөкейханов және оның серіктері қазақ халқынын отырықшылыққа көшуіне емес (кезінде солай түсіндірілді), отырықшы норманың отаршыл мазмұнына , аңқау елді алдауды көздеген астарына қарсы шыққан болатын» [17].

«Айқап» бетінде «Азып-тозып кетпеске не амал бар» деген атпен Жићанша Сейдалиннің мақаласы жарық көреді. Онда автор қазақ «Қазақ жерді айтса жылайды, дінді айтса – жылайды, малды айтса – жылайды, жарқырап-күліп айтатұғын қазақ байғұста ұрлық пен өтірік қалды», - қазақ қоғамының ауруына ем есебінде съезд шақыруды ұсынады. Ә.Бөкейханов «Думаға ћәм советке депутат барса, қазақ жұмысы тәмәм болады деген дәлелсіз қысыр сөз»,-деп,-«болатын бас қосудан қашпаймыз, болмайтын бас қосуға арам тер болмаймын, қазаққа қызмет қылмай қоймамын»,-деп жауап берді. өйткені Бөкейханов патша өкіметінің Думалық саясатының сырын терең түсінді, сондықтан дәмелі болудан қашты.

Қыр баласы (Ә.Бөкейхановтың бүркеніш аты) «Қазақ» бетінен жер туралы көптеген кеңес берді, ашық та, ашынып та жазды. өзінің «Жауап хат» деген оқырмандар сұрағына жазған мақаласында «Ашылып ақыл айтатын халім бар ма? Көкіректе сайрап тұр. Қолымды заман байлап тұр», - деп өкініш те білдірді.

«Төртінші Дума ћәм қазақ» деген мақалада осы өкініштің астарын Думада сөйлеген Қазан депутаты Мақсұловтың сөзі арқылы береді. Дума өз үйін жөндеуге ақша бермек болады. «Сіздер, - деді сонда Мақсұлов, - Думаның үйінің төбесін түзетеміз деп отырсыңдар, әуелі Думаның өз төбесін түзетіндер.» Басқаша айтқанда, Ә.Бөкейханов жер проблемасын билік мәселесіне, бостандық мәселесіне тірегені анық байқалады.

Ә.Бөкейханов жер мәселесін нарыққа байланыстырып та қарайды. Бірде «Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербург базарында сатылады»,-десе, бірде «Жапонияда адам тезегі де ақша»,-дейді. Зайсан түбіндегі Шіліктіні-мал кіндігі деп танып, «Бұл жерде Европаның Альпы деген тауындағы Швейцария жұрты болса, мал шаруашылығы іс қылып, сиыр сауып, мал алып, ірімшік қайнатып, жүні жақсы шұға болатын қой бағып, дүрілдетер еді», - деп тамсанады.

«Қазақ» газетінде жер мәселесінің аясын кеңіткен қайраткер Ахмет Байтұрсынов еді. Оның «Қазақтың» 1914 жылғы 9 қаңтарындағы санында «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау» деген мақаласы жарияланды. Онда патша өкіметінің шоқындыру саясаты сөз етіледі. Ал шоқынған қазақтар орыс қолында малай болғандар, күні үшін христиан дінін оңай қабылдаған жарлылар.

А.Байтұрсынов қазақ жерінің пайдалану жөнінде әртүрлі пікір бар екенін айтады. Шудалы түйе, жабағылы қойдың жері деп профессор Вернер айтса, көктің дымын жерге түсіруге амал тапқанша, қазақ даласы егін жері бола алмайды деп профессор Богданов айтады. Ал Байтұрсынов болса қазақ жеріне мәдениет туын эволюциялық жолмен орнатуды қалайды. «Қазаққа қала болсаң дар мәдени жұрт боласыңдар деп ақыл берушілер, әуелі, қала адамына тиісті кәсіпті үйретіп алып яки ғылым, өнер үйреніп, жаман жерді жақсы жер орнына, аз жерді көп жер орнына тұтынарлық дәрежеге жетіп алып, қала бол десе, оған біз де қол қояр едік», -дейді автор. «Жұрттың тірлік күйде я өлімтік күйде өмір шегуі өзінің жігерінен болады» [18], - деген сөзі парық ұранындай.

А.Байтұрсынов «Андаспаған мәселе турасында» деген мақалада «Қазіргі қазақ мәселерінің ең зоры жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлу болу мәселесі.» деп жер тағдырына терең үңіле түседі.

Қыр баласы «Қазақ ћәм жер мәселесі» деген мақалада патша өкіметі екі түрлі норма белгіледі. Бірі – мал нормасы, екіншісі – егін нормасымен үй басына 45 десятина (3 еркекке) жер, ал мал нормасымен (ат басына 6 десятина) 90 десятина жер алады. Патша өкіметі Щербина экспедициясы кезінде үй басы 24 атқа 144 десятина жер беретін еді, енді ол норманы 12 атқа азайтбақшы. Ә.Бөкейханов патша өкіметінің айла шарғыларының динамикасын, өзгерісін осылай қадағалап, әшкерелейді.

Қыр баласы қазақты эволюциялық жолға шығаруға нақты ат салысқан. Ол «Игілік іс» деген мақаласында кооперативке бірігуге шақырады. «Кооперативті» тура тәржімесін – бірігіп әдіс қылған, бір одақтас, бір қостас, бір оттас, құрдас мүшелердің, қазақша оны автор «Игілік іс» деп атайды. Қыр баласы кооператив пайдасын былай түсіндіреді: «Бар малды атқа шақса, 20 ат болса, осындай байлық қазынасы бар қазақты статистика ғылымы орта шаруалы қазақ үй – шаңырағы дейді. Бай қазақ мұнан жоғары, кедей қазақ мұнан төмен. Төмен қазақ малын шаңыраққа 20 ат есебі мал қазынасы келеді. Бұл 20 ат орта қазақ байлығы ғылым жолының қарауылы. Бұл қарауыл атқаратын қызметі кездеме кездегендегі кез, бидай пұттағандағы пұт қызметі. Нақ мал қазынасы 20 ат болатын қазақ 70%-ақ, бай қазақ–8%, 75% қазақ кедей тонын қиіп жүр. Орта қазыналы қазақ үй басы бір жылда 100 сомға мал, жүн, тері сатады. Киімнің жартысы бір жылда жаңаласа 50-60 сомға пұл, 24 сомға шай, қант алады. Бұл есептен бір жылғы бір үйдің алып-саттығы орысша обороты 174 сом болады. Бір ауылнай қазақ 100 үй болса, бұл ауылдың алып-саттығы 17 мың 400 сом болады. Ана Бөрте қазағы бастаған игілік ісіне ауыл болып кіріссе, 17 мың 400 сом үстінде жүрген пайда халыққа қалады. Және игілік қауымы сатып алған нәрсе абзалырақ болмақ, мал базарда бағасына сатылуға ыңғайлы халық базарға барып, қайтқан шығыны кемиді. Игілік ісі болған бір ауыл халықтың қалтасында аз дегенде 1мың 740 сом қалады. Осы күні бұл ақша жазғытүры жайылып барып, бұта сайын тастаған түйе жүні есебінде, саудагерлердің қалтасына алынып қалып тұр. Игілік ісін саулатып жүргізіп жіберуге таза мінез, білім, шаруа ісіне ұсталық шарт»[18].

Ұйымдасудың тиімділігін көрсетуге тырысқан қазақ зиялыларының «Қазақ» газетінің бетінде «Маслодельная артель», «Уақ қарыз серіктігі», «Уақ қарыз серіктігінің қаулысы», «Ұйымдасу» сияқты мақалалар жарияланды. Оларда қазақ даласына нарықтың ену барысы көрсетілді.

Қыр баласы сериялы «Жауап хат» атты мақаласын «Сауда өнері де мәдениет дәрежесіне құл» деген тезиске бағындырған. Автор онда мал бағудың өнер екендігін дәлелдейді. Қыр баласы қазақ жерінің қайсысы қой өсіруге қолалйы екенін көрсетеді. Қазақ сиыры қазақ жерін жайлағанына 8 мың жл болғанын айтып, одан қалмақ сиырдың өгізі 100 пұт кіре тартады, еті 30 пұт, базарда қазақтың екі-үш өгізі орнына сатылатынын айтады. Қазақтың мал шаруашылығына мамандануын қалайды. Әсіресе, қой өсіруге көңіл бөледі ол. «Қошқарды жақсыдан, ұзын сыйрақ жүндіден салу, тамағын тоқ, қорасын жылы қылу, саулықты екіден артық қоздатпау, қошқар тоқты, бестен асса баласы нашар туады. Қазақ ішінде базарда пұл болатын қой Қарқаралыда, Керей, Төлеңгіт, Бесата, Тобықты – Ақмолада, Тама-Атбасарда, Бағаналы-Балталы-Торғайда, Торғай-Ырғыз қойы» [18.], - деп көрсетеді.

Ә.Бөкейханов әлемдік деңгейдегі экономистік ғылыми жолымен мал өсіруге замана талабына сай жолға салуды насихаттайды. «Мал нормасына ћәм қазақ положениесіне қайту» деген мақалада қыр баласы «Қазақ пен крестьянин – екеуі екі басқа жұрт. Екеуінің қалпы да, салты да, рәсім жолы да басқа. Ћәм біріне-бірін тұтынып келе жатқан шаруасының түрі де жанаспайды», - дей келіп, - «түбінде қазақ мұжықтай бәлкім егінші де болар. Бәлкім мұжық салтына да түсер. Бірақ оған уақыт керек.»,-деп қазақтың малдан қол үзбегенін қалайды.

Қыр баласы өзінің «Астрахань қазағының жері» деген мақаласында «Астрахань жері–қазақ жері», -дейді, ол жерде қазақ 1802 жылы қоныс етті деп қазақ жерін қорғайды. ұзақ жылдар бойғы айтыс-тартыс нәтижесінде «Қазақ» газетінде көтерілген жер проблемасын әділ шешудің жолдары табылғандай болды. «Қазақ» газеті бетінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты қазақ зиялыла-рының жер мәселесі туралы көзқарастары патша өкіметін ойландырмай қоймады.

1 Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. Алматы, 1995.

2 Қазақ Алматы, 1998. 14 бет.

3 Бұл да сонда, -86 бет.

4 Кенжебаев Б. Казахские просветители – демократы начала ХХ века.- Алматы, 1958 – 85 бет. «Айқап» - Алматы,1995 – 66 бет.

5 Смағұлова С.О. Ұлттық интеллигенция жєне ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы аграрлық мєселе. Автореферат, Алматы, 1999. – 28 бет.

6 «Айқап» - Алматы, 1995. 47 бет.

7 Дала уалаятының газеті. — Алматы, 1994. — 815-б.; Айқап. — Алматы, 1995. — 82, 367-б.; Қазақ. — Алматы, 1998. — 557 б.Бұл да сонда - 48 бет.

8 Дулатов М. Государственная дума һәм қазақ // Айқап. — Алматы, 1995. — 63-б, 367-б.;

9 Айқап. — Алматы, 1995. — 96, 367-б.;

10 «Қазақ» – Алматы, 1998. 62 бет.

11 Аппасов С. Білімнің қажеттігі турада. (О необходимости образования киргизов) // Дала уалаятының газеті. — Алматы, 1994. — 459–461-б.Айқап. — Алматы, 1995. — 63, 367-б.;.

12 Журнал : Отан тарихы. №3-4/2000. – 15 бет.

13 «Қазақ». – Алматы, 1998. – 91 бет.

14 Бөкейханов Е. Шығармалары. – Алматы, 1994 - 46 б.

15 Журнал: Ақиқат. №11/1992 - 45 б.

16 Нүрпейісов К.Алаш һәм Алашорда. Алматы: Ататек. 1995. 256б. [№2,153б.]; [№2,27б.].

17 Дулатов М. Государственная дума һәм қазақ // Айқап. — Алматы, 1995. — 63-б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет