Хойт амурсана: негізгі деректер мен зерттеулер



Дата11.01.2017
өлшемі173,19 Kb.
#7001
ХОЙТ АМУРСАНА: НЕГІЗГІ ДЕРЕКТЕР МЕН ЗЕРТТЕУЛЕР
Сайфулмаликова С.С.тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы. E-mail:Sabrasha@mail.ru

Мұхажанова Қ. М.Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
Мақалада авторлар әр түрлі деректер мен зерттеулер негізінде Жоңғар хандығының соңғы билеушісі Амурсана туралы қарастырған. Амурсананың қазақ-жоңғар, қазақ- орыс, қазақ-қытай қарым-қатынасындағы орны және Қалдан Церен қайтыс болғаннан кейінгі Жоңғар хандығының ішкі саяси жағдайы көрсетілген. 1755-1758 жылғы манчжурларға қарсы Чингунчава, Амурсананың күресі мен Амурсанаға қатысты халықтың жадындағы миф-аңыздар талданады. Амурсанаға қатысты деректердің пікір қайшылықтары көрсетіледі

Түйін сөздер: Жоңғар, Амурсана, қарым-қатынас, Абылай, манжурлар
Жоңғар хандығы моңғолдардың ірі полиэтникалық соңғы мемлекеті болды және Орталық Азия-дағы түркі этносаяси қауымдастықтығының тарихында өзіндік орнын қалдырды. Хандық Ресей, Цин алпауыттарымен тең дәрежеде саясат жүргізгенімен, кейін тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті. Жойылуының бір себебі ішкі билік үшін күрестен басталды, алғаш құрылған мемлекетте билік басында чорос тайпалары тұрған жүйе сақталынса, 1745 жылғы Қалдан Цереннің қазасынан соң, бұл құрылым әлсірей бастады. Жоңғар мемлекетінің тарихында билікке келген барлық қоңтайшылар чорос тайпаларынан ғана болды, өзін мемлекеттің билеушісі жариялаған Амурсана хойт тайпасынан болатын.

Амурсана Жоңғар хандығының тарихында соңғы қоңтайшысы ретінде және бурят, ойрат, урянхай, қалмақ, тибет халықтарының жадында 1755-1758 жылдардағы манчужурларға қарсы күрестегі көтерілістің басшысы, батыр ретінде қалды.

Жоңғар хандығының соңғы билеушісі Амурсанаға қатысты зерттеулерді бірнеше топтарда жинас-тыруға болады. Біріншісі, ХІХ ғасырдағы орыс ғалымдарының зерттеулерінде Амурсанаға қатысты сұрақтар Жоңғар хандығының тарихымен байланысты еңбектерде қарастырылады. Амурсана жөнін-дегі алғашқы мәліметтер генерал-майор Тевкелев, Н. Я. Бичурин (Иакинф),А. Ш.Уәлиханов еңбекте-рінде кездеседі. Келесі мәліметтер Монғолияға қатысты А.Н.Потанин Б. Я. Владимирцов, М. Позд-неев, Г.Е.Грум-Гржимайло, Н.Ф.Катановтың еңбектерінде бар.Кеңестік дәуір тарихнамасында А.В.Бурдуков, Ш.Б. Чимитдоржиев, И.Я.Златкин, В.А. Моисеев, В.С.Кузнецов зерттеулерінде Амур-сана Жоңғар хандығы тарихымен байланысты қарастырылады.Моңғол тарихшысы Н.Ишжамц Амур-сананы 1755-1758 көтерілістің басшыларының бірі ретінде жаңа қырынан танытты.

Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында Амурсанаға қатысты мәселе Ж.Қ. Касымбаев, Р.Б. Сулейме-нов, В.А. Моисеев, К.Хафизова, С.А. Едилханова және т.б. зерттеулерде қарастырылады. «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде шығарылған қытай, моңғол деректерінде Амурсанаға қатысты жаңа деректер жарияланды. Р.Темирғалиевтің зерттеулері Жоңғар хандығына қатысты сұрақтарда қазақ-жоңғар мәселесіне қайта қызығушылықты оятты деп ойлаймын.Амурсанаға қатысты зерттеушілер көп жазды және бұл пікірлер қарама-қайшылыққа толы. Алғашқы қарама-қайшы пікірдің бірі оның тегіне қатысты.

И.Я.Златкин Амурсананың тегі жөнінде былай деп жазды: «Дауаци Батыр қоңтайшының тікелей ұрпағы ретінде хандық билікке келуге тікелей құқы болғанымен, бірақ Амурсананың мұндай құқы болмады. Ол хойт («цаган туг хойт» - «әйгілі ақ хойт») тайпасынан болатын, өз қол астындағы 5 мың түтінге билік етті. Амурсананың әкесі Уйзен Хошучи Қалдан Церенның (1727-1745) қызына үйленген болатын, осы некеден 1722 жылы Амурсана дүниеге келді[1, 437-б]. Амурсананың тегіне қатысты мәліметтер Ш. Уәлиханов, Р.С.Кузнецов, В.А.Моисеев зерттеулерінде де кездеседі.

Ш. Уәлиханов айлакер, билікқұмар Амурсана Галдан Бошохтудың (1671-1697) әпкесі Хухомор ханымнын баласы деп жазды [2, 300-б] Р.С. Кузнецов Амурсананың анасы Ботлык болатын, оның бірінші күйеуі хошоут Даньчжуй Ладзан ханның баласы еді, оны Цеван Рабдан тірідей өртеп жібере-ді. Жесір қалған Ботлык Вэйчжен Хэшоциге тұрмысқа шығады. Тұрмыстағы өмірі ауыр болғандық-тан, Ботлык ерте босанып Амурсана дүниеге келді деп көрсетеді[3, 175-б].

«Сибирский Вестник» жинағында да Амурсананың өміріне қатысты мәліметтер келтіріледі. Дерек бойынша тибеттіктердің байлығына қызыққан Қалдан Церен Тибет ханы Лацзанды өзіне бағындыр-мақшы болады. Қызын Лацзанның ұлына беріп, оларды Ілеге қоныстандырып, кейін Тибет ханынан жер талап етеді. Лацзан Қалданның әрекетін Далай Ламаға хабарлайды, лама Жоңғар қоңтайшы-сының бұл әрекетін қолдамады. [4,105-б]. Ашуланған Қалдан Цэрен Бұхар жері арқылы үлкен Тибетке өтпекші болады, оған Шаяр қаласының билеушісі жол көрсетуге уәде береді. Лабнордан өтудің қиындығына байланысты Қалдан Церен өзінің күйеу баласы Лацзанның ұлын өлтірді, ал қызының аяғы ауыр болатын. Галдан Церен ұл туылса өлтіретін болып, ал қыз туылса тірі қалдыруға өзіне уәде береді. Қыз туылып, кейін одан Амурсана дүниеге келді- деп көрсетіледі [4,106-бет].

Г.Н.Потаниннің Монғолияға қатысты деректерінде Амурсанаға байланысты бірнеше аңыз баянда-лады: Мысалы, Телеуттердің ханы Ойрат болды. Ойраттың үлкен ұлының аты Темирсана, келесі баласы Амурсана, үшінші баласы Шона батыр-деп көрсетіледі[5,667-б]

Р.С. Кузнецов Амурсананытүлкі сияқты өте қу, ешқашан қылыштың астына өз басын қоймайтын деп жазса, [3, 175-б] Ш. Уәлиханов айлакер, билікқұмар -деп бағалады[2, 300-б].

Амурсанаға қатысты зерттеулердегі әр түрлі баяндалатын оқиға, Даваци мен Амурсананың Лама Доржыға қарсылығы мен Жоңғарияны тастап кету оқиғаларындағы олардың қайда бармақшы болған-дығы туралы мәселе. Мысалы, Г.Н.Потанин; «1751 жылы Дауаци мен Амурсана Жоңғар хандығынан бөлінген соң, олардың соңынан Чавдар басқарған хан әскері аттанды [6,133-б]. Қуғыншылар мен Даваци, Амурсана арасындағы шайқас Қара Ертістегі Қоқанақай өзені бойында болды. Осыдан соң Дауаци мен Амурсана солтүстікке, Оңтүстік Алтайға, Нарын өзеніне қарай қашты. Міне осы жердегі үлкен шайқастан кейін, олар аз ғана әскерімен қазақ даласына бас сауғалады-деп жазады [6,133-б]. Ш.Уәлиханов жазбаларында бұл оқиға былай баяндалады: Амурсана, Дебачи (Даваци-С.С.) және Цеган ханның баласымен бірігеді. Жас ханзада өзін Амурсананың інісімін деп хабарлады. Дебачиге бағынышты 13 мың түтін, Амурсанада-1000 түтін, ханзадада-500 түтін болды. Олар Нор-Зайсанға дейін 7 күн жүрді, Амурсананың бауыры нойан Чавдар 4 мың әскерімен олардың соңынан қуғынға шықты. Қашқындар соғыса отырып Ертістен өтіп, Нарынға тоқтады. Осы жерде Амурсана орыс тұтқындарын босатып өзі Ресей бодандығын қабылдауға ниет етті. Келесі күні Чавдармен болған шайқас бір тәулікке созылды. Қашқындар 100 адамымен урянхайларға қашқанымен,олардан 17 адам қалды. Олар 2 тұтқын, 30 жылқыны қолға түсіріп Ертістен қазақтарға өтті. Қашқындардың ұлысы, отбасы, нойандары талан-таражға түсті. Чавдар орыс тұтқындарын босатып, барлығына Амурсананы кінәлады, Дебачидің (Дауаци-С.С) оны тыңдағанына қатты қынжылды- деп көрсетеді [7, 326-б].

Р.Темирғалиев Лама Доржыға қарсы шыққандардың саны 15 мың түтін болды. Олар Цин импе-риясының территориясына қашпақшы болды. Амурсананың туған бауыры Чавдар Лама Доржына қолдады, қашқындардың соңынан қуғынға түсіп, талқандалған ұлыстар бұрынғы көшіне қайтып келді. Бүлікті ұйымдастырушылардың бірнешеуі ғана аман қалып, Қытайға жол жабық болғандықтан Дауаци мен оның серіктері Абылай сұлтанға қашуға мәжбүр болды. Жолда урянхайлықтардың табын жылқысын айдап, күздің соңында абақты-керей руының көштеріне келді. Осы жерден Дауаци Абылай сұлтанға арнайы адамдарын келісімге жіберді, мақсаты Еділ қалмақтарына өту үшін өз көштерінен өтуге мүмкіндік туғыздыру[8,200-б]. В.А. Моисеев Даваци мен Амурсананың алғашқы бағыты Цин империясы болды, Лама Доржының Ресейге аттандырған сауда керуенін тонады-деп көрсетеді[9,210-б].

Жоғарыдағы оқиғалардың баяндалуында Даваци мен Амурсананың Лама Доржыдан кету оқиғасы бір болғанымен, бірақ мақсаттарында әр түрлі бағыт көрсетіледі.Ш.Уәлихановтың зерттеулерінде Амурсананың алғашқы мақсаты Ресей бодандығын қабылдау болса, В.А.Моисеев, Р.Темиргалиевте алғашқы бағыт Қытай, яғни бұл жүзеге аспаған соң Орта жүз жеріне келіп осы жерден Еділ қалмақтарына кету болатын деген пікірлер айтылады.

Жоңғарларға Абылай қазақ ұлыстарынан билік ұсынды Давациге-бәсентейін, Амурсанаға-уақ-керей, Банджурға–найманды. Бұл жоспарды керей батырлары Қайып пен Қожаберген қолдамады, олар Давациді өз пайдаларына пайдаланбақшы болды-деп көрсетеді Р.Темирғалиев [22,202-б]. Ал, В.А. Моисеев оларды Абылай Ордасындағы старшин Қайыпқа тоқтады- деп жазса, [9, 211-б], ал Ш.Уәлиханов Девачи (Даваци-С.С), Амурсана, Бонджурларды уақ-керей болысындағы Имер батыр-дың болысында болды-деп көрсетеді[7, 326-б].

Екі ноянның Жоңғариядан кетуі Ресейді де бей-жай қалдырмады, олар барынша Даваци, Амурсана жөнінде мәлеметтер жинауға тырысты. Осы тұрғыдан алғанда Ресейдің әрекетіне қатысты 1752 жылғы оқиғаның күәгері болған Тобыл дворяны Алексей Плотниковтың мәліметтері де қызықты. Ол осы оқиға туралы былай жазады: Жоңғарияға ойрат тілін үйрену үшін аттандым. Лама-Доржының бас ордасында болған кезде қоңтайшының бұйрығымен қашқан Даваци, Амурсана, Банжурды кері қайтару мақсатында Орта жүздегі қазақтарға жорық ұйымдастырылды. Сонымен бірге Лама-Доржы қашқындарды кері қайтарту талабын қойған арнайы елшілік аттандырды. Абылай сұлтан бұл талапты орындамады. 1752 жылы 9 қыркүйекте Лама-Доржы қазақтарға қарсы аттану жөнінде бұйрық береді. Әрбір ноян зайсанның өз әскері болуға тиісті болды». 1752 жылы 8 желтоқсанда Нарын өзенінің бойында тұрған ойрат зайсаны Духарға келді, міне осы 9 желтоқсанда түнде қашқан нояндардың мәліметі туралы хабар келді- деп жазады[ 10, 4-б].

Жоңғар хандығы тарихын қараған зерттеушілер Даваци мен Амурсананың Орта жүзге келуі, Лама Доржының бұған қарсылығы, Орта жүз хандығының өз ішіндегі саяси жағдайдың шиеленісуін жан-жақты талдап көрсетеді. Мысалы, Р.Темиргалиев: «1752 көктемде Лама Доржыдан Малай Сарыға елшілер келді. Елшіліктің мақсаты Даваци мен Амурсана жөнінде дерек алу болатын. Малай Сары жоңғар елшілерін жақсы қабылдады, ол Ламы Доржының қарсыластарын беру қажет дегенді ұстанды, оны Абылаймен бірге жоңғардың тұтқынында болған Жапек батыр да қолдады. Малайсары мен Жапек өз балаларын керейдің батыры Қайыпқа аттандыра отырып, қашқындарды кері қайтаруын талап етті және Даваци, Амурсана, Банджурға Лама Доржы тарапынан рақымгершілік жариялағанын жеткізді-деп көрсетеді[8,203-б]-. Осы кездегі Орта жүздегі саяси жағдайды да В.А. Моисеев жан-жақты талдайды: «Даваци, Амурсананы кері қайтару мәселесі Кіші, Орта жүз қазақтары қатысқан арнайы сьезде қаралды.Бұл мәселені шешуде Абылай шешуші роль атқарды. Лама Доржіге елшілік аттандыра отырып, олардың қазақтар арасына өз еріктерімен келгенін хабарлады. Даваци мен Амурсана өздері жөнінде келісімнің басталғандығын білген соң, жасырын түрде Еділ қалмақтарына қашу жоспарын құра бастады[9, 212-б].

Қашқындарды Жоңғарияға қайтару туралы қазақ ақсүйектерінің пікірі екіге бөлінді. Орта жүз ханы Әбілмәмбет, Малайсары және бірнеше старшындар Жоңғариямен жаңадан соғыс басталып кету қаупінен қорқып, нояндарды Лама Доржыға қайтару керек деген пікірде болды. Ал жиналысқа қаты-сушылардың көбісі, яғни 70 адам Абылай сұлтанның сөзін құптады. Олар Жапек батыр, Бөгенбай батыр, Ералы сұлтан және т.б. Даваци мен Амурсананы жоңғар ханына қайтаруға болмайды деген бағытты ұстанды [9,214-б, ]. Бұған себепші болған бір жағынан Абылай сұлтанның жоңғар ханды-ғында тұтқында болғандағы Амурсана, Дауацимен орнатқан достық қарым-қатынасы болса, екінші жағынан негізгі себеп ретінде қазақ билеушілерінің ойрат хан тағына өз адамын қойғысы келгендігі болатын. [9,215-б]. Жоңғар хандығында таққа талас болғандықтан қазақ феодалдары ерекше белсен-ділік танытты -деп бағалайды И.Я.Златкин.

Даваци, Амурсана қазақтардың өздерін Лама Доржыға бермейтіндігіне көз жеткізгеннен кейін, Даваци мен оны қолдаушылар Жоңғар қоңтайшысынан өздерінен тартып алынған жерді, ұлыстарды, мал-мүлікті кері қайтаруына талап етті.Жоңғарияда Давацидің билікке келуін қазақтардың және Ресей, Қытайдың да қолдайтындығы жөнінде қауесет тарады[9, 212-б].

1752 жылы жаздың соңына дейін Даваци, Амурсананың жанына қашып келуші ойраттардың саны 200-ге жетті.. Қазақ ақсүйектерінің осы нояндарды Лама Доржыға бермеу шешімі қабылданғаннан кейін,Жоңғар қоңтайшысы қазақтарға қарсы әскер жіберді. Жоңғар әскеріне қарсы шығу үшін Дауаци мен Амурсанаға қазақ әскерлері қосылды [9, 217-б].

Давациге қатысты мәселеге байланысты Лама Доржы Абылайға үшінші рет елшілік жіберіп және Давацийдің туған бауыры Емамхулиді өзіне тарта бастады. Лама Доржыға қарсы Жоңғарияда қарсы-лық күшейе бастады. Даваци, Амурсананы қолдаушы адамдардың саны 150 жетті. Қазақтардың және жоңғарлар феодалдарының қолдауын сезінген Даваци өзінің алғашқы Еділ қалмақтарына кету жоспа-рын өзгертті. Даваци қазақ сұлтандары мен старшиндарынан әскер беруге және Жоңғарияға енуге үгіттеді[9,213-214-б]..

Дауаци, Амурсана, Банчжур қазақ даласында 1 жылдай тұрды- деп көрсетеді Бичурин[11, 56-б]. Жоңғар нойандарының Абылайды паналауы Ресейді бей-жай қалдырмады. 1752 жылы 31 тамызда И. Неплюев пен генерал Тевкелевке Дауаци мен Амурсананы Орынборға шақыру туралы тапсырма бері-леді [11, 435]. Жарлықта ойрат хандығындағы саяси жағдай және бұған Ресей өкіметінің қатынасы жөнінде айтылады. Міне, осы мақсатпен Неплюев пен Тевкелев 1752 жылы қыркүйекте капитан Яковлевті арнайы аттандырады.А.Яковлев А.И.Тевкелевтің нұсқауы бойынша әрекет ете отырып, Даваци, Амурсанамен жеке кездесуі керек болатын[9,218-б].

Абылай сұлтан А.Яковлевті қуана қарсы ала отырып, оған 1751 жылдың күзінде оның ордасында Дауаци 17 серіктерімен және ағайынды Амурсана мен Банчжур болғандығын айтты, бірақ олардың кері қайтып кеткенін өкінішпен жеткізді.И.Н.Неплюев, В.Н.Витевский Абылайдың позициясына Жоңғарларға ықпалын жоғалтып алмау үшін және Ресейдің бұл іске араласуы Орта жүздің тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деген көзқарасты ұстанды- деп бағалады[9,218-б]
Амурсана мен Даваци арасындағы байланыстың кейін текетіреске айналуының себептерін зерт-теушілер екі жағдаймен байланыстырады. Амурсана мен Давациды біріктірген, байланыстырған не болды деген сұраққа: екі ноянның жерлері Тарбағатайға жапсарлас жатты- деп көрсетеді И.Я.Злат-кин[10, 437]. Екеуінің көршілес жатуын Потанин де көрсетеді: «1751 жылы Жоңғарияны Лама Доржы билеп тұрғанда Даваци Тарбағайдағы барлық қалмақтарды басқарды. Оның жайлауы Тарба-ғатайда, қыстауы Темірсор, ал Емел өзенінің бойында егістігі болатын. 1750 жылы Давацидің Орда-сында болған Мяникин де, 1748 жылы наурызда Темірсорда басқа қалмақ нояны Амурсана да көшіп жүрді» деген пікір келтіреді[5,133-б].В,С, Кузнецов Дауаци мен Амурсана арасындағы шиеленістің басталуын жермен байланыстырады. Амурсана Дауациден өзіне Қаракөл, Қан, Телес, Таутелес болыстарын беруді талап етті- деп көрсетеді [3, 19-б].И.Я.Златкин Дауаци Амурсанаға Гурбон-Иодон жерін беруі тиіс болған-деп жазды[10, 437-б]

Даваци мен Амурсана арасында текетірес басталғанда Абылай сұлтан Амурсананы қолдады. Жоңғар вахмистрі С.Мякининге ойрат Лазун Санчиков былай деп жазды: «1754 жылы сәуірде 1700 адамнан құралған қазақ әскері тосыннан Давацидің Қаратал маңындағы қонысына келіп, 10 мың адамнан құралған әскерімен шайқасты. Шайқаста қазақтар жеңіліп, Амурсананың келіп қосылуын күтпестен кері қайтты[9,227-б ].

Мұрағат қорларына негізделген И.Я. Златкин зерттеулерінде Амурсана Давациді өздігімен жеңе алмайтынын білгеннен кейін Абылайдан көмек сұрады. Орта жүз сұлтанынан 4 мың жылқы, 10 мың қой алып, орнына бұхар кілемдері, қару-жарақ және Дауаци ұлысынан тұтқынға түскен адамдарды қайтарды[10, 440-б]. Амурсана Абылайға бұның төлемі ретінде Бұхар кілемі, қару-жарақ және Дава-цидан қолға түскен тұтқындарды жібереді-деп көрсетеді [3, 56-б].Амурсана Абылай сұлтанға Дауа-циді Боротал өзені бойында күтуге ұсыныс қойды, Орта жүз сұлтаны бұл ұсынысты қабылдады [10, 440-б].

В.А. Моисеев «1752 жылғы қазақ-жоңғар соғысының негізгі себебінің бірі, Абылай басқарып тұрған қазақ феодалдары мен Төле бидің жоңғар хандығына алдымен Дауациді, кейіннен Амурса-наны келтіріп, ойраттар жаулап алған жерлерді қайтарып, бұрыннан келе жатқан жауды әлсірету бол-ған. Патша үкіметінің қазақтарды бұл райынан қайтару әрекеттері сәтсіз болды-деп жазды[9, 229-б].

Амурсана мен Абылайдың 1754 жылы көктемде жеңіліс табуы ары қарай болатын жағдайға әсер еткен болу керек. «Егер олар жеңгенде Амурсана таққа келер еді- деп көрсетеді В.А. Моисеев [9,227-б], Амурсананың ұсынысы бойынша қазақтар Қалмық-Толағай, Хабарги-Базар өзеніндегі, Эмильге және Хамар-Дабан деген жоңғар ұлыстарына шабуыл жасайды. Сол жерлердің тұрғылықты халқы вахмитр С.Мякининге былай деп шағымданды: «Амурсананың рұқсатымен қазақтар әйелдер мен балаларды және мал-мүлкімен бірге бәрін, түк қалдырмай алып кетіп отырды» [9,228-б]

Р. Темиргалиев Амурсана мен Дауацидың арасына от салған қазақ сұлтаны Абылай деп көрсетеді. Абылай жоңғар хандығының басына келгендерді тек уақытша адамдар деп қабылдап, екі жақты позиция ұстанды. Бірде Дауациға, бірде Амурсанаға құпия түрде қолдау көрсетті. Оның мұндай ойын біліп қойған Дауаци, енді Абылай хан мен Амурсанаға қарсы соғыс ашты. Абылай ханның Жоңғар-ларға қарсы тоқтаусыз жүргізген шабуылдарынан, хандық күйреу алдында тұрды. Ал, Абылай сұлтанның бұл қылықтарына Амурсана көзін жұмып, немқұрайлы қараумен келді. Тек жоңғар ханды-ғының жойылып кету қаупі туғанда Амурсана Қытайдан барып көмек сұрауға мәжбүр болды. Осы кезге дейін жағдайды тек қана бақылаушы ретінде қарап отырған қытай оны құшақ жая қарсы алады. Тіпті, Амурсанаға циньван (І князь) титулын берді- деп көрсетеді[8,212- б].Әрине, Темірғалиевтің көзқарастарынан Жоңғар мемлекетінің жойылуында Амурсана емес керісінше Абылайдың қатысы болды деген пікір басымырақ көрсетіледі.

Дауаци қазақ әскерлерін жеңіп, 8 мың адамды талқандады. Осыдан кейін Абылай сұлтан Жоңға-рияға қайта еніп, бірнеше тұрақтарды талқандады. Осы кезеңде Дауаци мен Абылай сұлтан арасында келіссөздер басталып, бейбітшілікен аяқталды. Бұл күрес 1753 жылдың қысында Амурсана мен Абылай сұлтан қолдаған Давацидің жеңісімен аяқталды.

Дауаци зайсандардың көмегімен Амурсананы өзінің жанынан ығыстырып тастады. Осыдан кейін Амурсана Баньчжур-Нахче және Дурбот Номохен және қазақтардың көмегімен Чорос ханына тиесілі Эмил көштерін талқандады. Ертістің жағалауындағы егіншілікпен айналысты. Дауаци оны бағын-дыру үшін 3 рет әскер жіберді. Барлығы да нәтижесіз аяқталғаннан кейін, өзі 30 мың атты әскермен аттанды. Амурсана оған қарсылық көрсете алмағандықтан Дурбот Тайцзи Номохен және Хошоу Тайцзи Баньчжурмен бірге 20 мың түтінді алып, Қытай бодандығын қабылдады[5, 56-б].


Абылай тағы шабуылға дайындалып жатқанда, Дауациден жеңілген аз ғана әскерімен Амурсана Цинь империясына қашып кетеді. Ол туралы Халхаға барған Селенгинс курьері С.Фролов 1754 жылдың соңында былай деп хабарлайды: «тамыз айында Қоңтайшы жерінен Қытай еліне Амурсана бастаған 200 мыңдай ерлер мен әйелдер өтті. Оларды Пекинге алып кетті» дейді[9,228-б].

Қазақстандық ғалымдар Амурсананың қазақтармен байланысы, яғни Абылай сұлтанмен байла-нысына көбірек көңіл бөлсе, керісінше қалмақ, бурят, моңғол тарихшылары Амурсананың 1755-1758 жылдардағы манчужурларға қарсы роліне кеңінен тоқталады. Мысалы, монгол тарихшысы Н.Иш-жамцтың «Монголын ард тумний 1755-1758 оны Тусгаар тогтнолын зэвсэгт тэмцэл» еңбегінде Амурсанаға қатысты ашылмаған мәселенің бір қыры, яғни Амурсананың моңғол батыры Чингун-жавпен біріге отырып 1755 жылы антиманжурлық көтеріліске қатысуын талдайды. Н.Ишжамцтың еңбегінде солтүстік монғол князі Чингунжава мен батысмонғол князі Амурсана біріге отырып халық-ты көтеріліске шақырған. Көтерілісті басу үшін манчжурлар Халха мен Батыс Монғолияға әскер әкеледі. Көтеріліс 1755-1758 жылдар аралығында жүрді.Алайда тұтас бір басшылықтың болмауынан оларды біртіндеп жойды. 1757 жылы көктемде көтеріліс басшысы Чингунчаваны тұтқынға алды. 1757 жылы 30 маусымда Амурсана 2500 адамымен 17 күн шайқасты, алайда маньчжур әскері басымырақ болатын. Жеңілген Амурсана Ресейден көмек алу үшін қашты. 1758 жылы манчжурлар монғолдарды аяусыз жазалады. Монғолияның батыс бөлігі Жоңғар жері өлі аймаққа айналды. 1755-1758 жылғы көтерілістің негізгі қозғаушы күші монғол халқы- деп көрсетеді Н.Ишжамц[12,29-б].

Халық көтерілістің жеңілуін көтеріліс басшыларының бірі болған Юй-Джан-Джиннің сатқынды-ғымен байланыстырады деп жазады Б.Я. Владимирцов, яғни қытай ханшайымына үйленген ол достарына сатқандық жасады[14,48-б].

Амурсана қатысты мәселенің бірі ол туралы қалмақ, бурят, моңғол, урянхай халықтарының арасында мифтік әңгіменің кеңінен таралуы, бұл жөнінде Г.Н. Потанин, Б.Я.Владимирцов, А.М.Позд-неев, Н.Ф.Катановтар жазды.

XIX ғасырдың 70-жылдарында Монғолияның солтүстік-батыс бөлігін аралаған Г.Н. Потанин Амурсана мен Чингунжаве жөнінде 20 варианттағы әңгіме жазып алған. Г.Н. Потанин қағазға түсір-ген дархаттардың аңызы бойынша Шадарван, Амурсана, Уйжанвин орыс жеріне өтпекші болып келіседі. Шадарван шыққанда оған Уйжанвин тарапынан сатқындық болатыны туралы жөнінде хабарлайды, бұған иланбаған ол көтеріліске дайындық жұмысын жүргізе береді. Пекинге барған сапарында Уйжанвин императорға Амурсана және Шадарвана тарапынан сатқындық болатынын хабарлайды [14, 3-б ].

1908 жылы Монғолияның батыс аймағында саяхаттаған Б.Я. Владимирцов халық ауыз әдебиетінде Амурсана жөнінде аңыз-әңгімелердің көптігіне назар аударды. Ол былай деп жазды; Жоңғария талқандалғаннан кейін Амурсана бір ғажайыппен аман қалып Ресейге өткен, қазір сонда тұрады. Ол елге оралып ойрат тайпаларын бірікітіріп, Қытайды талқандап, бұрынғы дорбон-ойрат патшалығын қайта қалпына келтіреді. Кез-келген жаңа бір адамды Амурсанадан келген хабаршы немесе, оның өзіне балап қарайды. Дербет көшінде Б.Я. Владимирцовтің Ресейден келгені жөнінде естіген бір жас жігіт келіп одан Амурсана туралы сұраған[14,49-б].

1889-1892 жылы Алтай мен Саянда саяхаттаған Н.Ф.Катанов «Урянхайлықтардың Амурсана туралы естеліктерді жақсы айтатындығын байқаған. Амурсананы Алтайлық қалмақтар, төлеуіттер де жақсы білген. Олар оны ойраттардың бас қолбасшысы және өздерін қорғаушы деп санаған. Моңғо-лиядағы халықтың жадында Амурсана туралы естеліктердің және аңыздардың көп таралуының сыры неде деген сұрақ туады? Б.Я.Владимирцов Амурсананың тұрақсыздығына жалпы барлық әрекетте-ріне халық кешіріммен қараған. Олардың жадында оның Маньчжур Қытайлармен күресі жақсы есте сақталынған. Сондықтан да, олар Амурсананы тәуелсіздік жолындағы ең соңғы күрескер ретінде және ойрат тайпасының тәуелсіздігі үшін күрескен батыр ретінде ғана таниды-деп көрсетеді[14,50-б].

1892 жылы Монғолияны аралаған А.М.Поздневтен де жергілікті тұрғындар Амурсананың неме-ресін көрмедің бе деген сауал қойған. А.М.Позднев былай деп жазады: Халхи Амарбаясгалант монастырының писары Дамбижанцанды кездестірмедің бе, ол Амурсананың Темірсан деген бала-сынан туған немересі, моңғолдарды Қытай езгісінен құтқару үшін солтүстіктен әскермен келемін деген, мүмкін оның жорыққа дайындалып жатқандығы жөнінде естідің бе деп сұрайды. 1755 жылы қайтыс болған Амурсанананың осы кезде немересі 30-да болуы мүмкін емес қой деген әңгімемді, Йондон-бичечи құлақ сала тыңдағанымен, бірақ ол Амурсанананың ұрпағы бәрібір келеді деген сенімде болды. Олардың сеніміне қарсы тұра алмадым. Дамбижанцанды әр станция халқы қуана қарсы алып жатқанын дәлелдеумен болды. Олардың маған Амурсананың немересі деп дәлелдемекші болған адамының Астрахан губерниясы Малодербет ұлысының қалмағы Ургаға келгеннен кейін консулдықтың Ресейге кері аттандырған тұтқыны жөнінде екенін түсіндім.-деп жазады[14,67-б].

Жалпы Амурсанаға қатысты әңгімелер, яғни оның халықты манжур езгісінен құтқарады деген хикая өзінің жалғасын ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырда да өзінің жалғасын тапты. Олар халықтың жадындағы Амурсанаға деген сүйіспеншілігін пайдаланды, оның атын жамылып әрекет етті, мұның нақты дәлелі «Өрікті көл оқиғасы»

«Жалама айдаған жылдар» және Өрікті көл оқиғасы. 1860 жылы Астрахан уезінде туылған қалмақ Да лама Дамбийжанцан 1910 жылы Монғолиядағы көтеріліске қатысты. 1911 жылы тамыз айының 20-күні Қобда қаласын манчжур-қытайлықтардан азат ету үшін болған шайқаста басшылық жасаған-дардың бірі. Көрсеткен ерлігі үшін Богда ханнан «дочшин ноян хутагт» «Айбарлы нойан» лауазы-мына ие болады. Батыс монғолиялықтардың арасында ол әулие және Өлеттің әйгілі Амурсанасының мұрагері» деген аңыз әңгіме тараған[16,107-б]. Амурсана монғол тарихында «Өлеттің Амурсанасы» деп аталады. 1919 жылы Колчак армиясының атаманы Сатунин де өзін ойраттың ханы Амурсанамын деп жариялап Бийскіге қарсы жорық ұйымдастырған. Жалпы тарихта мұндай оқиғалар жетерлік.



Қорыта келе айтарымыз, Амурсана тарихы Жоңғар мемлекетінің соңғы тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруінің соңғы беттерін көрсеткен тарих болды. Амурсана Жоңғар хандығының тарихындағы ерекше тұлғаға айналды Оған берілген мадақтаулар мен бағаның өзі қарама-қайшылыққа толы, бірақ халықтың жадында ол батыр, ержүрек тұлға.Монғолияда Амурсанаға арналып қойылған ескерткіш те бар.
1 Златкин И.Я. История Джунгарского ханства. М.: Наука,1983.-333 стр

2 Чокан Валиханов О западном Крае в Китайской империй// Собрание сочинение.-Т.2.-Изд.,-полиз., кор., «Алатау».-2010.

3 Кузнецов, В.С. Амурсана.- 1980 Издание: Новосибирск: Наука.- 175 с

4 О возмущениях бывших в Джунгарии и Малой Бухари. // Сибирский Вестник. Ч.3.Кн 18.-1823.- С.101-144

5 Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии. Материалы этнографии. Выпуск 4.-СПБ.-1883. – Стр. 1083

6 Потанин Г.Н. Исследования и материалы. Поездка по восточному Тарбагатаю летом 1864 года Карла Струве и Григория Потанина. История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веках. Том 7. –Алматы «Дайк-Пресс» 2006. 594-с.

7 Чокан Валиханов О хонтайше// Собрание сочинение.-Т.2.-Изд.,-полиз., кор., «Алатау».-2010.

8 Темиргалиев Р. Эпоха последних батыров (1680-1780).-Астана.-2009.-289 с

9 Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (17-18 вв.). Алма-Ата: Гылым.-1991. -237 с

10Златкин И.Я Русские архивные материалы об Амурсане//vostlit.info›Texts/Dokumenty/Mongol/ Arch… Amursana

11 Бичурин Н.Я. (Иакинф) Историческое обозрение ойратов или калмыков с ХY столетия до настоящего времени.- СПб.,-1834.

12 Н.Ишжамц. Монголын ард ттмний 1755-1758 оны тусгаар тоггнолын зэвсэгт тэмцэл. (Амарсанаа, Чингунжав нарьш бослого). (Вооруженная борьба монгольского народа за независимости под руководством Чингунжава и Амурсана. Восстание в 1755-1758 гг., Монголии). - УБ., 1962.

13 ВладимирцовБ.Я. Монгольские сказания об Амурсане // Восточные записки. Т.1. —Л., 1927:Монгольские легенды об Амурсане, «Зап. Ин-та Живых восточн. языков», т. I, 1927;. Поездка к кобдоским дэрбэтам летом 1908 г., «Известия Имп. русского географического общества», т. XLVI, 1910, вып. VIII-Х, СПб., 1911, стр. 325.

14 Чимитдоржиев Ш.Б. Взаимоотношения Монголии и Средней Азии в XVII–XVIII вв. М.,- 1979.

15 Позднеев А.М. К истории зюнгорских калмыков.- СПб., -1887. -15 стр

16 Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. Деректемелер мен мұрағаттық құжаттар. – 3 Т. –Алматы. «Дайк-Пресс» .-2006. -174 б.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет