Модульдік оқыту технологиясы (М.М.Жанпейісова)
Модуль дегеніміз-міндетті түрде оқушының білімі мен біліктерін тексеру элементі бар оқу материалының логикалық аяқталған бөлімі. Модульды құрастырудың негізіне пәннің жұмыс бағдарламасы алынады. Ол көбінесе пәннің тақырыптарына немесе өзара байланысты тақырыптар блогына сәйкес келеді. Бірақ, тақырыптан айырмашылығы – модульде: тапсырма, жұмыс, оқушылардың сабаққа қатысуы, оқушылардың старттық, аралық және қорытынды білім деңгей – бәрі өлшеніп, бағаланып отырады.
Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу циклы ретінде үш құрамды бөліктен тұрады: кіріспе, сөйлесу және қорытынды.
Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Бұдан соң мұғалім осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (1-12 минут ішінде)сызба, кесте, т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді.
Тақырып мазмұнына (тұтас тақырып немесе тарау бойынша) “өсу” бағытымен-қарапайымнан күрделіге, репродуктивтік тапсырмалардан шығармашылық сипаттағы тапсырмаларға, зерттеушілік қызмет элементтеріне қарай бірнеше рет қайта оралып отыру әр оқушыға оқу материалымен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамытуға мүмкіндік береді. Сөйлесу(әңгімелесу) бөлімінде танымдық процесс негізінен, сыныпты 2-6 адамнан шағын топтарға бөлу арқылы белсенді әрекет етуіне сәйкестендіріп құрылады. Оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру және әр түрлі сабақ формаларын (топтық, топтық-жеке және жұппен жұмыс, диспуттар, пікірталастар т.б) қолдану-оқытудың міндетті шарты болып табылады. Сөйлесу бөлімінде алғашында оқу материалын қайта жаңғырту және қарапайым білік пен дағдыларды қалыптастыру мақсатында, кейіннен-алынған білімді талдау, бекіту және бағалау мақсатында оқытудың белсенді формалары қолданылады. 3,4-ші сабақтардан бастап оқушыларға стандарт талаптарына сай сараланған тапсырмалар беріледі.
ІІІ-ші деңгей-білім стандарттарының талаптарына сай қарапайым білім мен түсініктер деңгейіндегі тапсырмалар (“жеңілдетілген” стандарт), ІІ-ші деңгей-стандарт талаптарына сай алған білімдерін талдау және қолдану деңгейіндегі тапсырмалар (“стандартты”), І-ші деңгей тапсырмалары дарындылықтың екі түріне-интеллектуалды және креативті дарынды балаларға арналған шығармашылық пен ізденушілік сипаттағы тапсырмалар (“стандарттан жоғары”).
Оқушылар кез — келген деңгейдегі тапсырмаларды өздері таңдайды. Тапсырмаларды қарапайымнан күрделіге қарай кезең — кезеңімен орындау міндетті емес. Оқушы тапсырманы өзінің орындай алу шамасына қарай таңдауға ерікті. Жеңілдетілген деңгей тапсырмаларын орындау білім деңгейі төмен оқушыға кейіннен жоғарырақ деңгей тапсырмаларына көшуге мүмкіндік береді. Тапсырмаларын оқу модулінің орта кезеңінен-ақ орындап болған оқушылар, қалауы бойынша, мұғалімге көмекші бола алады. Олар — кеңесшілер, жүргізушілер, т.б. ролдерді атқара алады.
Сөйлесу бөлімі сабақтарының ұйымдастырылу формасы бойынша әр оқушы өзінің қалай және немен шұғылдануы тиіс, сабақ барысында не істеуі керек екенін біледі, өйткені мұғалім балаларды сабақтың ережелерімен немесе оның құрылысымен және жүру барысымен алдын ала таныстырады.
Оқу бөлімінің қорытынды бөлімі – бақылау. Егер сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында оқушылардың бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми көздерді пайдалануы құпталынып келсе, енді қорытынды бөлімде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдысын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс.
Оқушы білімін бақылаудың формалары ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе диктант оқу пәнінің ерекшелігіне орай қолданып, оқу модулінің осы бөлімінде беріледі.
Модуль оқушыда өз бетімен еңбектену, оқу-танымдық процесті басқара алу икемділігінің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен, жоғарыда аталғандарды жүйелей отырып, модульдік оқыту технологиясы құрылымының нұсқасы мынадай:
Балаларды оқу мақсаттарымен таныстыру.
Сыныпты мазмұны жақын тақырыптар тобы немесе тарау бойынша жасалған жалпы модульмен таныстыру.
Мұғалімнің оқу материалын қысқаша баяндауы (белгілер жүйесі-сызбалар, кестелер, т.б. негізінде)
Өзара сөйлесу негізінде оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастыру және әрбір оқушының қызмет нәтижесіе әр сабақтабағалап отыру.
Жалпы тақырыпқа, тарауға (“өсу” бағытымен) 4-7 рет қайта оралу негізінде оқу материалын оқып-үйрену.
Тұтас тақырып бойынша тестілеу.
Тақырып бойынша қалыпты сынақ (өзіндік жұмыс, бақылау жұмысы, т.б.).
Модульдік оқытудың өзегі – оқу модулі.
Ол:
ақпараттардың аяқталған блогынан;
оқушы іс-әрекеті бағдарламасынан;
бағдарламаны табысты жүзеге асыру бойынша берілген мұғалімнің нұсқауларынан тұрады.
Модульдік оқыту білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдісі мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді.
Модульдік оқытудың басқа жүйелерінен ерекшелігі мен айырмашылығы:
1. Оқу мазмұнының меңгерілуі қойылған мақсатқа сәйкес жүзеге асатын жекеленген кешендер түрінде ұсынылады. Мақсат оқушы үшін қойылып, онда тек оқылатын мазмұн көлемі ғана көрсетіліп қоймай, оны меңгеру деңгейі де анықталады. Сонымен қатар оқушы мұғалімнен жұмыс істеудің тиімді жолдары көрсетілген жазбаша нұсқау алады.
2. Мұғалімнің оқушылармен қарым — қатынас түрі өзгереді. Ол модульдер арқылы, басқарушы мен бағынушы арасындағы жеке қарым-қатынас процесі арқылы жүзеге асады.
3. Оқушы көп уақыт өз бетінше жұмыс атқарады, ол мақсат қоюға, өзін жоспарлауға, өзін ұйымдастыруға, өзін бағалауға үйренеді.
Модульдік оқытудың ерекшеліктері:
1. Модульдік оқытудың мақсаты оқушының өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін дамыту, оқу материалын өңдеудің жекелеген тәсілдері арқылы жұмыс істей білуге үйрету.
2. Модульдік оқыту іс-әрекет принципіне негізделген; оқушының кейде ғана емес, жүйелі түрде белсенді іс-әрекеті болғанда ғана білім мазмұны саналы меңгеріледі.
Сондықтан, мұғалім тапсырмаларды дайындағанда оқушыларды оқу мақсатына бағыттайды, оның қабылдауына жағдай жасайды, балалардың өзін — өзі бақылау және бағалау жүйесін анықтайды, сол арқылы өзін — өзі басқаратын рефлексивті оқыту процесін қамтамасыз етеді.
3. Модульдік технология дамыта оқыту идеясына негізделген:
Егер оқушы тапсырманы мұғалімнің немесе сыныптастарының көмегімен орындайтын болса, онда ол өзінің жақын даму аймағында деп есептеледі. Бұл баланың психикалық функциясының жетілуіне септігін тигізеді, өйткені ол бүгін басқалардың көмегімен орындаған тапсырмаларды ертең өзі орындай алады, яғни бір цикл аяқталады да, оқушы актуальды даму аймағына енеді. Осылай жаңа деңгейде келесі цикл бастау алады.
Модульдік оқытуда бұл цикл мұғалімнің оқушыға беретін көмегінің мөлшері мен мазмұнын саралап, оқу әрекетінің әр түрлі формада ұйымдастырылуы арқылы жүзеге асырылады.
4. Модульдік технология негізінде бағдарламалы оқыту алынған.
Бағдарламалы оқытудың мынадай белгілері: іс-әрекеттегі нақтылық логика, белсенділік және оқушының өзінше жұмыс істеу мүмкіндігі, жеке жұмыстың қарқыны, нәтижелерді салыстыру, өзін-өзі бақылау мен өзара бақылау – модульдік оқытуға да тән.
5. Модульдік технологияның қарқындылығы, интенсивтілігі оқыту процесін оңтайландыруды, яғни аз күш, аз уақыт, аз құрал жұмсай отырып жоғары нәтижеге жетуді талап етеді.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қараев Жауынбай Амантұрұлының деңгейлеп оқыту педагогикалық технологиясының мақсаты – жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру. Балалардың таным қабілеттеріне сай төрт деңгейлік тапсырмалар даярлауда жеке тұлғаны жаңалыққа ұмтылуға итермелейтін жаңа қабілеттерін ашуға болатындығы ескеріледі.
Ж.Қараев деңгейлік тапсырмаларда:
1- жаңа өтілген тақырыпты қайталап, пысықтау, ереже жаттау
2- ойлау қабілетін жетілдіру
3- танымдық іздену (эвристикалық)
4- ұғым, түсінік, қиялын тәжірибеде қолдану талаптарын қояды.
Жеке тұлғаның біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру және білім деңгейін айқындауда деңгейлік тапсырмалар барлық білімгерлерге ұсынылады. Олар жұмыла іске кіріскенде, мұғалім үлгерімі төмендерге дербес, жекелей көмек бере алады. Бірінші деңгейдің “міндетті”, “оқушылық” жұмысын жаппай орындау мемлекеттік стандартқа сай жүргізіледі. Әр деңгейлік тапсырма бойынша ұпай саны белгіленіп, рейтингтік жүйемен жинақталып, мониторинг бойынша бағаланады. Жоғары деңгейлік тапсырмаларды дұрыс орындаса, ұпай санының артуынан көтеріңкі баға алуына мүмкіндік беріледі, дамытаоқыту жүзеге асады.
Деңгейлік тапсырмалар даярлауда:
1. Меңгерген білімді қайталау, пысықтау, тақырыптың өмірмен байланыстылығы
2. Тұлғаның ойлау қабілетін дамытуға танымдық ойындар: сөзжұмбақтар, басқатырғылар, өзгертпесөз, сөзөрім және т.б. пайдалану
3. Танымдық қабілеттерін дамытатын ойын элементтерін енгізу, диаграмма, графиктер, тірек сызбалар сызу, ой қорыту
4. Ұғым, түсінік, қиял, ой еңбегіне негізделген өзіндік жұмыс, реферат, баяндама т.б. назарда болуы тиіс.
Бұл технологияның ерекшелігі: әр тұлға өз бетінше жұмыс жүргізуге дағыдыланады. Тапсырманың күрделену деңгейіне сәйкес ойлау қабілеті артады, жасқаншақтықтан арылады. Білім берудің жаңа мазмұны тұлғаның білімін, білігін, дағдысын емес, оның білім алу арқылы дамуына ерекше көңіл бөлуді талап етеді.
Ж.Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясындағы төрт деңгейлік тапсырмаларды барлық оқушылардың толық орындауы талап етіледі. Әр деңгейдегі тапсырманың орындалуына қарай ұпаймен белгілеп, рейтингтік жүйемен есептеледі де, мониторинг бойынша баға қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |