11. Түбір морфема мен қосымша морфеманың ерекшеліктерін саралаңыз. Түбір мен негіздің басты ерекшеліктеріне мысал келтіріңіз. Себебін түсіндіріңіз.
Түбір морфема – сөздің әрі қарай бөлшектенуге келмейтін ең
түпкі негізі. Түбір морфема сөздің негізгі лексикалық мағынасын
білдіреді. Түбір морфема болмаса, қосымша морфеманың бірде-бірі
немесе бірнешесі қосылып келсе де мағыналы сөзді жасай алмайды.
Түбір морфема жеке тұрып та семантикалық жағынан да, қызметі
жағынан да дербес сөз бола алады. Мұндайда түбір морфема мен
сөздің мағынасы бірдей болып шығады. Мысалы: бас, тіл, жол, кел
деген сөздер осындай сипатқа ие. Ал бастық, тілші, жолаушы,
келісім түрінде келетін болса, онда құрамында түбір морфемасы да,
қосымша морфемасы да бар сөздер болып шығады. Бұл сөздерде
түбір морфема мен сөздердің мағынасы бірдей емес.
Түбір морфема дара түрде де (жол, көр, ал...), қосымшалы түрде
(басшы, қолтық, баспа), қайталанып та (тау-тау...), басқа түбір
морфемалармен бірігіп келіп те (белбау, басқұр...), тіркесіп келіп те
(қара сұр, он екі), жұмсала береді. Сондай-ақ, қайталанып,
қосарланып, бірігіп, тіркесіп келген морфемаларға қажетінше
қосымша морфемалар да жалғана алады. Мысалы: қап-қаптан, қора-
қопсыдан, он екісін т.б.
Қосымша морфемалар деп түбір морфемаларға қосылып, оған
қосымша мағыналар үстейтін морфемаларды айтамыз. Мысалы: аш -
түбір морфема, ал ашты деп айтсақ, оған өткен шақ мағынасы
үстемеленіп тұр, аштық десек, өткен шақтық мағынамен қатар,
қимылды бірнеше субьекті істегені туралы көптік, I жақтан істелінгені туралы жақтық мағына үстемеленіп тұр. Бұлар қосымша
морфемалар.
Қосымша морфемаларда мағыналық дербестік те, тұлғалық
дербестік те болмайды. Сондықтан, олар түбір морфемасыз, өз
алдына, дербес жұмсала алмайды. Бірақ, түбір морфемаға үстеме
мағына жамайды.
Қосымша морфеманың өз алдына дербес қолданыла
алмайтындығы, тек түбірге тіркестіріліп жұмсалатындығы қосымша
морфеманың дыбыстық жағынан тұрақсыз екендігін, яғни өзі
жалғанатын түбірдің ыңғайына қарай өзгеріп, үндесіп
отыратындығын да көрсетеді. Мысалы: -ты, -ті, -ды, -ді, -лы, -лі
жұрнақтары айналып келгенде бір-ақ қосымша морфема – лы–ның
варианттары ғана. Сонымен бірге, түбір морфема мен қосымша морфемаың
арасында айырмашылықтар бар: - түбір морфемада дербес лексикалық мағына болады да,
қосымша морфемада ондай мағына болмайды, тек жалпы мағына
болады;
- қосымша морфеманың абстракталы (жалпы) мағынасы түбір
морфемамен тіркескенде ғана анықталады;
- түбір морфеманың саны қосымша морфемаға қарағанда
әлдеқайда көп болады.