Жәкеңнің Бекболат батыр көтерілісі туралы шығарған дауылды «Ұран» күйін
соқтыра жөнелдім. Бәрі сілтідей тынып, тыңдай қалыпты, күй біте «ау, бәрекелді,
тағы да тарт» десті. Енді Тәттімбет, Құрманғазы күйлерін, Жәкеңнің «Ой, дүние-
ай» күйін тартып бердім. Ұйып тыңдаған ұлы ақын мен күйді тартып болғанда,
үнсіз ғана қолын созып, домбыраны маған бер дегендей ишара қылды. Домбыраны
Жәкең қолына алып, айналдырып, аударып-төңкеріп, әрі-бері қарап отырып:
«Домбыраң шешен екен» деп жай ғана шегін қағып байқады, бірақ күй тартпады.
Ақын домбыраны маған қайта ұсынып: «Жарығым, домбыраңды сақта!» Қазақтың
қара домбырасының бойына халықтың бар өмірі мен тарихы, қуанышы мен мұң-
зары сыйып кеткен. Соны ыждағатпен, ұқыпты үйрене берсең, осы домбыра
халқыңа көп нәрсе айтып берер»,- деп еңкейіп, қасында отырған менің
маңдайымнан сүйіп, бата берді.
Достарыңызбен бөлісу: