Сабақтың тақырыбы: Жарғаққанаттылар отряды.
Сабақтың мақсаты - оқушыларды жарғаққанаттылар өкілі – балараның құрылысымен, тіршілік әрекетімен таныстыру. Балараның құмырсқаның тіршілігімен ұқсастығын, екеуінің де еңбекқор екенін оқушылардың көзін жеткізе отырып, халық педагогикасымен байланыстыру.
Тәрбиелік мәні: Оқушыларды еңбекке, үнемділікке тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Кесте, жинақтама.
Сабақтың барысы:
Оқулықта құмырсқа туралы толық мәлімет берілмегендіктен оқушыларға өз беттерімен құмырсқа туралы қызықты деректерді әкелу керектігі тапсырылды. Осы тақырып қортындыланғаннан кейін, жаңа сабақ-балара құмырсқа тіршілігімен байланыстырыла түсіндіріледі.
Балара жарғаққанаттылар отрядына жатады. Балараның тұқым тобы аналық ара, бірнеше жүздеген аталық аралар – трутеньдер және мыңдаған (70 мыңға дейін) жұмысшы аралардан тұрады. Аналық балара басқаларына қарағанда ірі, ал трутеньдер орташа, жұмысшы аралар ұсақ болады. Жұмысшы балараның түк басқан үлкен басы, оның екі жағында екі күрделі көзі, ал көздің аралығында үш қарапайым көзшелері болады.
Көктемнен бастап аналық ара ірі және ұсақ ұяшықтарға- ұрықтанған, ал орташа ұяшыққа ұрықтанбаған жұмыртқа салады. Ірі ұяшықтан – аналық, орташадан-аталық (трутеньдер), ал ұсақ ұяшықтан- жұмысшы аралар шығады. Жаңадан аналық балара жетілмей тұрғанда бұрынғы аналық балара бірнеше жұмысшы баларамен бірге ұяшықты тастап ұшып кетеді. Ал жаңадан жетілген аналық ара бірнеше күннен кейін трутеньдермен бірге ұшып шығып, ауада ұрықтанады да, ұяшыққа қайтып келеді. Ал трутеньдер өледі. Міне, осылай баларалардың тіршілігі жалғаса береді.
Балара гүлді тозаңдандырады. Адам баларадан бал, «ара сүтін», «ара уын» алады.
Сабақ түсіндіріліп болған соң, оқулықпен жұмыс істеу керек. Оқушылар дәптерлеріне араның құрылысын жазды.
Сабақты қорытындылағанда оқушыларға мынандай сұрақтар қойылды:
1.Балара тұқым тобы қалай тіршілік етеді?
2.Жұмысшы балара қандай қызмет атқарады?
3.Аналық ара мен аталық араның рөлі қандай?
4.Жұмысшы балараның құрылысы қандай?
Содан кейін сабақты құмырсқа мен балараның тіршілігіне байланысты мынандай үзінді келтірдік:
Ертеде бір орманда
Өзі салған қорғанда
Бір топ ара тұрыпты
Бәрі еңбекқор жан екен
Жегендері бал екен
Хан-ханша, хан-Ара
Той жасап, елін жинап
Жар салып, бойжеткен
Қызын лайықты адамға
Күйеуге бермекші болыпты.
Ханның қызын алмаққа көбелек те маса да, құмырсқа да жиналады. Хан ара шығып:
«Асырса жұрттан өнерін,
Қызымды соған беремін»-дейді.
Ортаға шықты көбелек
Билеп кетті дөңгелеп
Көбелек ханға қарады
«Сауықшыл деп, сәншіл деп
Мадақтап күйеу баланы»
Ханшайым сонда сөйлейді:
Құр сауық қарын аштырар
Өнерлі елін асырар
Сауықшыл екен балаңыз
Басқа бір қыз қараңыз- дейді.
Ортаға шықты масалар
Сансыз сары найзалар
Сайыста озған айлакер
Кілең қамқор бас олар
«Аюыңды, араңды
Арыстанды , қабанды
Шаншамыз да, түйрейміз
Батыр біздің баламыз
Қызыңызды аламыз».
Ханшайым сөз бастады:
Қайратты екен халқымыз
Тым ерсі екен салтымыз
Қан ғана екен асыңыз
Қағынған екен жасыңыз
Жақсылық салттың бірі жоқ.
Адал еңбек тағы жоқ
Лайық емес балаңыз,-дейді.
Ең соңында баяулап
Жайбарақат жаяулап
Ортаға шықты құмырсқа
« Қоңырқай қара шаруамыз
Астыққа толы ауламыз
Дәнді өзіміз аламыз
Сондықтан біз қарамыз
Төгілгенді жинаймыз
Шашылғанды табамыз
Еңбекпенен бағамыз
Еңбек – біздің атамыз
Еңбек- біздің анамыз»-деп
Ханға қарап қиылды.
Ханымыз сонда сөйлейді:
«Құдамыз болсын құмырсқа
Өзіміздей тірлікті
Ынтымақты бірлікті
Өсіп-өнген ел екен
Ағып жатқан кең екен»- деп
Құмырсқа мен аралар
Қиыспас дос құдалар болыпты.
Сабақта тақырыпқа байланысты әдеби шығармалардан үзінділер, мақал-мәтелдер келтірсе, оқушылар сабақты жақсы түсінеді. Осылай оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге, ізденуге үйреткен жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |