§ 76.Қазақстан Республикасының конституциясы
Әр мемлекеттің қалыпты өмір сүріп, тұрақты дамуы үшін өз заңдары болады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Президенттің төрағалығымен Ата Заңды дайындау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Ол комиссия 1,5 жыл бойы жұмыс істеді. Түскен ұсыныстар мен ескертулер ескеріліп, егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрды. Бұл құжат қоғамның көптеген өкілдері талқылауынан өтті. Пікірталастар көп болды, жобаға көптеген өзгертулер де енгізілді. Конституцияда адам құқығы мен бостандығы басты бағыт ретінде көрсетілген. Мемлекеттік тіл қазақ тілі, ал ұлтаралық қатынас тілі орыс тілі деп белгіленген.
1993 жылы 8 желтоқсанда Алматыда өткен Қазақстан РеспубликасыныңЖоғарғы Кеңесінің сессиясында Жоғарғы Кеңес өзін – өзі таратты. Жоғарғы Кеңес өкілеттігі уақытша республика Президентіне көшті.
1995 жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың президенттік мерзімі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.
1-бөлім. Жалпы ережелер.
2-бөлім. Адам және адамзат.
3-бөлім. Президент.
4-бөлім. Парламент.
5-бөлім. Үкімет.
6-бөлім. Конституциялық Кеңес.
7-бөлім. Сот және сот төрелігі.
8-бөлім.Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару.
9-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер.
Конституцияда Қазақстанда өмір сүретін халықтардың достығына, еліміздің әлеуетті де баянды өмір сүруіне мүмкіндік беретін барлық бостандықтар қамтылған. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетілген. Құқықтық демократиялық мемлекетте азаматтар құқықтары мен бостандықтары ең басты орында тұрады. Демократия - дегеніміз гректің «demokratia» деген сөзінен шыққан, қазақша «халық билігі» деген мағынаны білдіреді.
Қазақстанның Ата Заңында мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және оның құқықтары мен бостандықтары делінген. Адамның өмір сүру құқығы бала дүние есігін ашқаннан пайда болады. Оны бұзуға ешкімнің де құқығы, қақысы жоқ. Қазақстан Конституциясының 2-бөлімі адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына арналған. Ата заңды құрметтеу, жақсы білу және мүлтіксіз орындау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Оның қағидалары заңды түрде қорғалады. Қазіргі уақытта Қазақстанда екінші Конституция қолданыста. Қазақстан Республикасында 30 тамыз – ұлттық мереке – Конституция күні деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |