I тарау. Когнитивтік лингвистиканың тарихи танымдық негіздері


II тарау. 2.1. «Өмір, өлім» макрокоцептісі



бет3/3
Дата22.02.2018
өлшемі0,57 Mb.
1   2   3

II тарау.

2.1. «Өмір, өлім» макрокоцептісі.

«Бақыт»

«Қуаныш»

«Татулық»

«Жастық»

«Махаббат»

«Бата»

«Өлім»
“Қыз Жібек” жырында мифтік танымды бейнелейтін “теріс бата”, “алты қазбен қоштасу”, “Жібектің түсі” сияқты этностық болмысты айқындайтын оқиғалар кездеседі. Халқымыздың дүниетанымында қаз, аққу құстары тотемдік ұғыммен байланысты. Осы сенімге жырда Төлегеннің жан тапсырғалы жатқан кезде алты қазға бар өкінішін айтып, қоштасуы дәлел:

Әуелеп ұшқан алты қаз,

Етің шекер, сорпаң баз,

Қонам десең жануар, міне майдан, міне саз,

Қособаның жонында,

Құс қонбас құла жапанда,

Жылай-жылай бір жалғыз,

Дүниеден өтті дегейсің.

/“Қыз Жібек” 625-б ,/

Халықтың танымында қайтыс болған адамның жаны аққу мен қазға қонады деген ескілік сенім болған. Ал “алты қаз” атауындағы алты санының өзіндік ерекшелігі “шексіз, көп” деген көне мағынасымен байланысты (Алты Шекті), (Алты Алаш) сондай-ақ жырда аллитерация құбылысының қайталануы сезіледі.

Қазақ халқының өмірінде асқақ қиял мен діни түсініктің жетегінде туған мифтік танымдар аңыз-әңгімелер, әпсаналар, ауыз әдебиетінің мол қорында сақталған. Бұл туралы деректердің көрінісі Ш.Уәлиханов, Қ.Жұбанов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Жанпейісов, С.Қасқабасов, Қ.Жұмалиев, А.Сейдімбек, Н.Уәлиев т.б. ғалымдар еңбектерінде қарастырылған.

Қосылған жаста арудың Көре алмай кеттім құлашын (“Арман” концептісі) – мұндағы “Жас қосылған жарымен бірге қартаю - “бақыт” концептісінің авторлық – индивидуалды ғалам бейнесіндегі нұсқасы, ұлттық ғалам бейнесіндегі нұсқасы - “қосағымен қоса ағару”

Екі ғашық қосылып,

Әңгіме дүкен құрады.

Екеуінің суреті

Ләйлі – Мәжнүндей болады.

Екі бекзат қосылса,

Күндей балқып тұрады.

Екеуінің нұрына,

Көрген жанның барлығы

Тамаша – қайран қалады.

“Жанын пида ету” - “Өлім” концептісінің ұлттық ғалам Бейнесіндегі вербалдануы.

Ау жеңеше-ау, жеңеше-ау,

“Түс түлкінің боғы” еді,

Әр неме деп келмеші-ау!

Жаратқан мені бір құдай,

Өлім десе көңілім жай.

Атамның атын айтайын

Халықтан асқан Базарбай.

Қой, ішінде марқа-ды.

Омырауда ділдә алқа-ды,

Шешемнің атын айтайын

Алпыс жасар Қамқа-ды.

Өліп кетсем артымда,

Сансызбай атты інім бар

Жібегім неге қорқады?!


“Өлім” концептісін объективтеуде “оқ тиген” тар қолтық, ауыз омыртқа, қыл мықын және “найза түйреген” “жүрек” пен “күйретілген, сөгілген қабырға” актив жұмсалған:

Әуелеп ұшқан алты қаз,

Етің шекер сорпаң баз!

Атайын десем оғым аз,

Қонар болсаң жануар,

Міне майдан, міне саз,

Өлмеген құлға, құдай-ай,

Болып қалды енді жаз.

Атамды айтып қайтейін,

Шешемді айтып қайтейін,

Мен кеткен соң дариға-ай,

Көкешім деп санысзбай,

Еркелеп кімге қылар наз.

Әуелеп ұшқан алтаудың,

Жерге түсіп көрмейсің.

Сендер тірі, мен өлі,

Жатырсың не ғып демейсің!

Жалғыз шыққан Төлеген,

Ақырет сапар жөнеді.

Маңдайдан атқан жалғыз оқ,

Желкеден ағып өтіпті.

Алланың жазған пәрмені,

Ажалы бүгін жетіпті.

Айтып-айтпай немене,

Сол секілді асылдар.

Кебіні жоқ, кері жоқ,

Ит пен құсқа жем болып,

Мұратына жете алмай,

Арманда болып кетіпті.

Халқымыз ер азамат өлгенде қара жамылуды білдіру үшін киіз үйдің төбесінен (шаңырақтан) туды түсіру рәсімі болған.

Желп-желп еткен ала ту.

Жиырып алар күн қайда?

...Еңіреген ерлердің

Жібектей желбіретіп ұстар туы бар...



2.3. «Мұң» макроконцептісі.

«Жалғыздық»

«Уайым»

«Аңсау»
Жалғыздық, қараңғылық, түпсіз терең т.б. сөздер белгілі бір жан күйінің тылсым белгілерін көрсете бастайды. Айталық, мұң деген күйінің ішкі сегменттерін нақты, дәлме-дәл көрсету мүмкін емес, бөлшектер үнемі ішкі мәндеріне ығысып көшіп жүреді. Сондықтан олардың бәрін бір тезаурустың ішінде ғана қамтып анықтау мүмкін.

Ішкі дүниенің өзгеше болмысын, жетілген формасы осы айтылған жан күйлерінің ішкі тылысымы жасайды. Бұл күйлер бірте-бірте адам жанының сол “тылысым сәтті” түйсікпен аңдап қалу қабілетін жетілдіреді. Шын мәнінде, шығармашылықтың ең жоғарғы үлгілері осы бір ғана тәсілмен дүниеге келген. Оны сопылар “мәңгілікпен бір сәт түйісу” дейді. Шеллинг “бейтарап нүкте” дейді. Қазіргі ғылым оны қарама-қарсылықтар бірлігі теориясымен, энтропия, гештальт құбылыстарымен түсіндіреді.

Біз осы түйіндердің барлығын күшті эмоция, терең жан күйлерінің болмысын жинақтайтын, оның атауларына тиянақты түсініктеме беруде көмектесетін бір модель ішінде қараймыз. Оны “Мұң концептісі” деп атаймыз. Мұндағы мұң жеке адамның күйкі тіршілігінен туған күй емес. “Меннің” эмпирикалық өмір шегінен шығып, таза пайым процесімен ұласатын болмыстағы күйі. Яғни мұңның экзистенция (иррационалды күш, жеке адамнан дара тұрған күш) дәрежесіне көтерілуі. Жан дүниенің терең түкпірінде түзілген, дәлірек айтқанда, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан бүкіл адамзатқа ортақ құрылым. Әрине, бұндай құрылым өзінің шегінен шығып, бастапқы күйіне оралып отыратын болмыс үстінде нығая береді. Сондықтан әрбір ұлттың ұлылары, данышпандары жеке басының психикалық тәжірибесі арқылы өз ұлтының жан дүниесінің терең түкпірінде берік негіз, түп құрылым қалайды. Сол себептен де біздің “ұлыларды аңсауымыз” заңды құбылыс, жан дүниеміздің ішкі терең қажетсінуі. Мұндай құрылым көне заманда мистикалық тұтастықты ғана бейнелеген. Әуел баста адам баласына жаратылысымен берілген діни инстинкт осы мелшиген, сұсты, мистикалық тұтастықты ыдыратып, ізгілендірген. Сондықтан біз бастапқы негізіне оралған болмыс дегенде, оның ізгіленіп, ішкі интеллектуалдық құрылымға өтіп барып оралуы дейміз. Себебі әрбір жоғары жетілген форма филогенетикалық, онтогенетикалық негізбен тоғысады. Адам баласының түп бастауын дүлей мистикалық тұтастық емес, мұң экзистенциясы билейді.

Барлық нәрсе келіп түптің түбінде соған өтеді. Сонда тыныштық табады. Экзистенцияға өткен мұң санаға білінбеуі керек. Ол бірлігін санасыз аумақта жүзеге асырады. Санаға білініп тұрған мұң – экзистецияға айналмаған болмыс. Бұл экзистенцияның ыдырап кетуіне әкеледі. Экзистенция тек түйсікке ғана сезілуі тиіс.

Сонымен, таза пайымға мұңның үшінші формасы сәйкес келеді. Абай мұңы – таза пайым жолында (әлі таза пайым туған жоқ) дүниеге келген ішкі дүниенің бір формасын көрсетеді.

Таза мұң бірден туа салмайды. Мұң өзінің түпкі негізін іздегенде қайғы рақаты боп көрінеді. Таза мұң да бірте-бірте немесе әлсін-әлсін өзінің бастапқы қараңғы болмысына айналып отыруға тиіс. Ішкі дүниенің таным жолындағы әрбір болмысында беймәлім бір үрей әр кез еріп отырады. Ол таза пайымды ашу үшін, әрі мұңды сатыдан-сатыға, формадан-формаға өткізу үшін керек.

Мұң, ең алдымен, өте күшті сезім мен эмоцияны жинақтап, тәртіпке, жүйеге түсіретін психикалық форма болып табылады. Эмоция түрлері психикалық формаға түскенде ғана лирикалық көңіл күйіне көшпек. Яғни мұң иррационалды күшке айналуы үшін, алдымен, лирикалық эмоцияға өтеді. Осыдан келіп бірте-бірте психикалық процестер мен күштердің жиынтығын, тұтастығын түзетін экзистенция туады. Осыдан бастап мұң – толғанысқа берілудің өте күрделі формасына айналады. Мұңның ең жоғарғы формасы – объективті күшке айналған даналық формасы (ішкі дүниенің терең жатқан құрылымы). Бұл тұста шығармашылықтың ең жоғарғы актісі ретінде дін мен өнер бірігеді. Мұңның әрбір формасы ішкі дүниенің жарасымға ұмтылысын қанағаттандырады. Яғни танымды жүзеге асыратын процестер мен қасиеттерді өзгеше болмыспен біріктіріп, тұтастыққа жетеді. Ішкі дүниенің осы болмысы дүниетаным жолын ашады. Адам дерексіз ұғымдар мен түсініктер құра бастайды да, осының нәтижесінде ішкі дүниеде әлденеге тиянақталғандай сезім пайда болады. Алайда белгілі бір биіктікке жеткен бойда адамда таным шеңберін кеңейту, кенет жанды кернеп кеткен қайшылықтардың шешімін табу қажеттілігі қайта күшейеді. Енді адам өзге бір ішкі тұтастық пен жарасымдықты іздей бастайды. Бұл жолы адам бұрынғы өткен соқпақпен жүрмейді, жаңа қуатпен, тың қасиеттермен толыға түсетін (немесе мүлдем жаңа болмысқа айналатын) процеске өтеді. Ішкі процестер қайта құрылады. Осыған орай мұң формалары да тереңдейді. Бастапқы қайғы-қасіретті жолдар (таным жолын ерік – зорлықтың күшімен босатады, осыдан қайғы туады) жан түкпіріне кетіп, таза пайым жолы мұңмен ұласады. Бірте-бірте осы сатыларда мұң да жоғалады. Адам тұрақты болмысқа (рухқа) ие болғанда, ол жан түкпіріне шегінеді. Мұңның жоғарғы сатысында көркем шығармашылық пен ғылыми-философиялық процестер ажыратуға келмей, тұтас нәрсеге айналады. (ішкі құрылымы бір дүние туады). Соңғы сатыда жеке адам да процесс ішінде жоғалады. Жеке адам, нысан, процесс бір түйінге бірігеді.

Бұлайша құрылған моднль бізге терең жан күйлерін даралап алып шығуға көмектеседі. Енді көптеген жан күйлері сараланып, мұң концептісі шеңберінде ғана қарастырылады. Концептің басты бөлімі – мұң. Қалғандары мұның болмысын анықтайтын бөліктер. Концепт ішінде мұң күйінің атқаратын қызметі – барлық терең, күшті жан күйлерін түйсік әлеміне трансформациялау яғни терең, күшті жан күйлері мұң күшімен өзге формаға көшіріліп (сипаты, мазмұны өзгертіліп), бірте-бірте түйсік әлемін толтыратын болады.

Сонымен, Мұң концептісі ішінде қаралатын терең жан күйлері мынадай:

құштарлық

торығу

түпсіз қасірет



тылсымды аңсау

ұлан аңсау

өлімді аңсау

құдайды аңсау

түпсіз үрей

тыныштық


жатсыну

қайғы-қасірет

ызалы мұң

құлазу


жалығу

түңілу


қажу

жабығу


жуасу

жалғыздық

қайғы-мұң

ызалы уайым

түпсіз ой

тұңғиықты аңсау

қайғы рақаты

мұңмен түңілу

көптен түңілу

өзінен түңілу

жасырын сыр

ызалы күлкі

жоғалу


Жан күйлеріне анықтама, түсініктеме беру сапасын жеке адамның ішкі психикалық тәжірибесі шешеді. Осы біз беретін анықтамалар екінші бір адамның ішкі тәжірибесіне орай басқа мағыналық реңктер алуы мүмкін. Дегенмен, біз объективтілікті сақтау үшін жан күйлерін белгілі бір бір концептіге – объективті құрылымға бағындырып отырмыз.

Жоғарғы аталған жан күйлерінің ішінде мұң концептісінде қаралмайтын, бірақ мағынасы іргелес (сондықтан концепт іргесінде қалады) жан күйлерінің атаулары бар: олар мұң мен зар, мұң мен шер, уайым-қасірет, күдік пен күмән. Бұлар өз алдына жеке топ құрайды.

“Мұң концептісі” де “әлемдік мұң” теориясының қайталамасы болған жоқ. Мұң концептісін жаңа негізде құрастыру үшін мұң үлгісіндегі ең жоғарғы эстетикалық құндылыққа ие болған әлемдік шығармалар зерттелді, сопылар лирикасының, философиясының бастаулары анықталады. Осының негізінде мұң үлгісі ең алғаш сопылар поэзиясында өмірге келді және мұң үлгісін тудырушы тылсым – діни түйсік: мұң болмысының өзі – жоғарғы негіздегі түйсік формасы деген түйіндер ұсындық. Зерттеуде мәтінді құрап тұрған терең негіздер – объективті құрылымдардың мазмұны да осы әдіспен белгіленді. Мәтінді семиотикалық қағида бойынша талдау үлгісін қолға алдық. Семиотика ғылымында соңғы кездерде көрініс берген идеялар Абайдың, Мағжанның, Әуезовтың, Кекілбаеватың шығармалары талдауда қолданылды.

Жалғыздық. Дарашылдық. Жапа-жалғыз қалу. Дүниеден, әлемнен бөліну. Өзінің жанын аластау. Оған жеру, безу, жатсыну тән. Философиялық мәнде алар болсақ, жанның әлдебір абсолютті күшке ұмтылуы.

Ескере кететін бір жағдай: атаулардың ноэмасын идеалды мәнде берудің өте қиындығы. Оның себебі ішкі жан дүние процестерінің, құбылыстарының өте күрделігінде, жан күйлерінің бір-біріне ұласып, тоғысып жататын сипатында.

Мұндағы “өкініш”, “қапалық”, “құса болу” – семаларының актуалдануы “Жалғыздық” концептісін объективтейді.

Жалғызым жөнелдің бе, бір құдай деп,

Атыңның басын бұрма, ел бұлай деп.

Қалды шешең, артыңда қалың жұртың,

Қандай жауап айтасың немене деп?

- Жалғызың көрмегенін көрді деп айт,

Құдайым сұрағанын берді деп айт.

Басымды көп қаңғыртпай халқыңа қайт,

Отқа түсіп балаңыз өлді деп айт!
Уайым-қасірет. Бірінші сыңары жан күйзелуіне немесе жан дүниенің дертке ұласқан күйзелісті күйі, екінші сыңары – жан дүниені қопарып, ішкі процестерді бұзып күл-талқан ететін ауыр күй.

Ызалы уайым. Ішті билеген кернеу күшті босатуды аңсау күйі.

Аңсау. Түсіндірме сөздікте: “бір нәрсені не біреуді армандап көксеу, сағыну, іздеу”. Ой аңсары, жан аңсары дегендер айтылған. Концепт бойынша: жанның беймәлім, тылсым күштерге үміт артуы, соларды көксеуі. Мұңның ұлан аңсау, құдайды аңсау, тылсымды аңсау, өлімді аңсау, тұңғиықта аңсау секілді ішкі сырлары болады. Аңсаудың барлық формасы – жанның ішкі дүние бірлігін жасауды қажетсінуі.

2.4. «Батыр» макроконцептісі.

«Тұлпар»

«Батырдың киімі»

Р.Сыздықтың “Адырна” сөзіне қатысты пікірінен үзінді келтіргенді жөн көрдік: “... адырна деп жаугершілікте, аңшылықта қолданылған сыбызғы сияқты көне үрмелі музыкалық аспапты да атаған дейді. Соған қарағанда, адырна сөзі садақтың кермесінен гөрі, дыбыс шығаратын аспапқа жуық келмес пе екен деген ой туады” [87. 18-б].

“Батыр” концептісінің мазмұнын неғұрлым толығырақ ашу үшін оның сыртқы маңызды атрибуттарының бірі – атына (әдетте асыл тұқымды тұлпар) арнайы тоқталу қажет.

Жаугершілік заманда батырдың ажырамас, сенімді серігі болған атқа бұл роль қазақтың халық ауыз әдебиетінде, кең мағынада алғанда мифологиялық санасында-ақ кеңінен орын берілген. Мәселен, ертегілердегі және эпостық жырлардағы: Байшұбар, Қара қасқа ат, Ақ боз ат т.б. тұлпар бейнелерін еске түсіріңіз. Бұл концептіге қатысты мәселелер қазақ эпостық жырларының материалдары негізінде С.Жапақовтың кандидаттық диссертациясында [88], Г.Сағидолланның монографиясында [89] жан-жақты қарастырылған.

Мысалы,

Тұлпардан туған көк жорға ат,



Ор қояндай секірді.

Қаршығаменен ілесіп,

Атқа қылды өкімді,

Көк жорға тұлпар кәрленді,

Екі көзі жалтылдап

Өмілдірік сом алтын,

Омырауда алқылдап.

Солқылдады қара жер,

Көк жорға ат басса былқылдатып,

Ұршықтай саны бұлтылдап,

Құйыңдай шаңы бұрқылдап.

Алмас қылыш белінде,

Қолында найза қылтылдап.

Төрт тұяқтан шыққан от.

Шақпақ тастай жылтылдап,

Құлақ салсаң дауысы,

Тау суындай сыңқылдап.

Тіліміздің сөздік қорында аса ауқымды семантикалық өріс құрайтын “жылқы” геперонимі лингвокогнитивтік зерттеуде де айырықша көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені көшпелі халықтың тұрмысында маңызды роль атқарған Тілдік тұлғасын танытуда оның концетілік өрісін құрайтын негізгі компоненттерінің бірі – қазақ этносы ұғымындағы “ер қанаты – ат ”. “Жылқы” геперонимінен таралатын гиперонимдердің ішінде ақынның бізге жеткен мәтіндерінде ең жиі (30 рет) қолданылғаны - “Ат” лексемасы. Бұл атау концептуалдық құрылымда актив қолданылатыны және “Батыр”, “Соғыс”, “Ерлік”, “Мінез”, “Туған жер”, “Бейбіт өмір”, “Өлім” концептілерін объективтендіруде алуан түрлі эпитеттермен тіркесе жұмсалатыны, сөйтіп ұлттық ғалам бейнесінің ақын когнитивтік санасындағы үзігін, оның аялық білімдері қорын анықтауға, сол арқылы Тілдік Тұлғаның ішкі менталдық лексиконына жол ашатынына көз жеткізілді. Бір айта кетер жайт, этнос өмірінің тұрмыстық, әлеуметтік саласында айырықша орны болған төрт түлік мал атаулары Махамбет шығармаларында түгелге жуық кездеседі.

Ақын әрбір түлікке тән қасиеттер мен сын-сипаттарды “Адам” немесе “Батыр” макроконцептісіне қатысты “ер - азамат” бейнесін сомдау үшін шебер жұмсай білген. Әсіресе қай түліктің болмасын асыл тұқымды түріне қатысты атаулар мен түрліше сын-сипатын білдіретін тілдік деректердің оның қарабайыр түрімен салыстырғанда анағұрлым жиі қолданылуы заңды. Мысалы, ақын өлеңдерінде “Арғымақ” сөзі – 18 рет, ал “жабы” – бар болғаны 2 рет қолданылған.

Тоқсан мыңды не қылса қандырды тез,

Әдебі жоқ, Қодардан без.

Кәпірдің денесінің бәрі де артық,

Жалпағы жауырының үш жарым кез.

Қодардың өзі дардай, сөзі дардай,

Жүреді жанның бәрін көңіліне алмай

Өзінің денесенің молын қара,

Сыңар ғана жұдырығы қол ағаштай.
Батырдың қаруы.

“Батырдың” соғыстағы әрекетін бейнелі түрде сипаттау мақсатымен қолданылған қару атаулары айырықша көп. “Ер жігіттің бес қаруы” ақын тілінде бір жағынан батырдың сән- салтанатын көрсететін сыртқы атрибуты (аксессуары) ретінде жұмсалса, екінші жағынан “өліспей беріспейтін”, “жандаспай тынбайтын” өрлігін аңғартатын, ерлігін баяндайтын “жансыз бейне” іспеттес. “Қару” концептісінің құрайтын атаулардың лексика-семантикалық қоршауы былайша беруге болады:

Ақынның концептуалды ғалам бейнесінде оқ “жаңбырдай жауады”, “қардай борайды”, “жоғалады” (өте алысқа жетеді - деген сөз), “Еділ мен Жайықты тең өтеді”
Ақынның өлеңдерінде оқтың: сұр жебелі оқ, күшіген жүнді оқ, қозы жауырын оқ, орта белін сырлаған оқ, шал жебе т.б. түрлері аталады.
“Соғыс” концептісінің қару атаулары арқылы вербалдануына ақын тілінен мынадай мысалдар келтіруге болады.
Батырдың киімі. Батырдың соғыстағы ерекше статусы оның киімінен де байқалуы тиіс. Жалпы қазақ танымында “Айт – аттынікі, той - тондінікі” болғаны мәлім, яғни ілгеріде киім барлықтың, дәулеттіліктің де белгісі саналған.

Қазақ халқының ұлттық киімдері ғажап табиғат түсінде ғұмыр кешкен көшпелі бабаларымыздың сұлулық жайлы талғамы дарыған мінезі, сауықшыл өмірінен көрініс береді. Бірқатар киім атаулары тілдің актив қабатында қолданыс тапса, ал кейбірін көне жыр - дастан тілінен ғана кездестіреміз. Осындай сирек қолданыстағы бас киім түріне саналатын, ерекше салтанатқа арнап тігілетін киім “ақбүркеншік”, немесе “ақбүріншік”.

Сөздікте “бүркеншік”сөзі – басқа қабаттың жамылғы деп жұтаң анықталған, атаудың қазақ болмысындағы мәнін ғалым Б.Қыдырбекұлы өз еңбегінде былай тұжырымдайды: “ “ақбүркеншік” немесе “ақноқта” – алғаш түскен келінге сәукеле сыртынан жабатын жамылығы” /67.33/. Ғалым пікірін қостай келе, осы атаулардың құрылымдық тұлғасын былайша сабақтадық: ақ (сын есім), бүркеншік (туынды зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Ақбүркеншік атаулының өзінде халық дүниетанымының сыры бар. Қазақ ұғымында ол “ақ” киелі, қасиетті түс, әрі жақсы тілектен туындаған жас келіннің жаңа өмірі ақ жолмен, ақ ниетпен басталсын деген ойдың түп қазығы. Ал бүрке етістігі – орау, жабу мағынасын білдіреді. Синонимдік вариантта жұмсалған “ақноқта” этнографизмде ұлттық танымының негізгі “ақ” компонентімен айғақталып, ақ өмірдің белесіне жол ашатын айтылатын сөздің екінші сыңары “ноқта” тілімізде мал баққан қазақ тұрмысындағы атқаратын қызметіне сай төрт түліктің әбзелін білдірумен қатар, “басы байланды”, “бас бостандығы, еркіндігі” деген ұғымдармен ұласқан. Демек, ноқта лексеманың осы мәнге негізделуінен туған “ақноқта” этнографизмі ұзатылған қалыңдықтың енді басы байланды, бір жұрттың келіні, келіншек атанғанын білдіруден туған атау деген этнолингвистикалық түсінік беруге болады. Бүркеншік этнографизмі бүрүчәк //үнчах түрінде азербайжан тілінде екі мағынада қолданылған. 1) наименование всего, во что можно одеваться, шаль, пелерина, бурк. 2) плащ, накидка. Сөз түбірінің ғылымын Е.Шипова былайша түсіндіреді: “бүрүнчәк” сөзінің түбірі бүрінмәк түбірінен тараған, мағынасы “жабу”, “орану”. Түркі тілдерінің бірқатарында кездеседі, ал орыс тілінде “бурк” сөзі “кошемный, овечий круглый плащ” деген мағына береді.

Ақын өлеңдерінде ер – тұрман атауларына да біршама орын берілген. Қазақ ұғымында “аса құнды” деген мағынаны білдіреді.


2.5. «Ару» макроконцептісі.

«Арудың киімі»

«Сұлу жар»

Қазақ танымында марал – киелі жануар және де сұлулықтың символы. Мысалы, “Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу” жырында, Қозының әкесі Сарыбай маралды атқаннан кейін “кие ұрып” өледі. Қозы анасымен елінің тілегін тыңдамай кетіп бара жатқанда қара жер сілкінеді. Талай рет жауларынан қашқандарға пана болған Шоқ терек те, басына ақ сәлде орап келген, бабасының аруағы да Қозыға көмектесе алмайды, себебі Қозы анасының құрсағында жатқанда әкесі Сарыбай киелі аңды атып кесірге ұшырыған, оның кесірі өзінен кейінгі өмірге келген ұрпағын да шарпығандықтан, жат жерде жалғыздықтың азабын тартып, ақыры Қодардың қолынан қаза табады./157,37/. Маралды тағы басқа кейбір адамдарадың киелілігін адам рухы, аруағы аңдар, құс, жылан кейпінде көріне алады деген ұғымдармен түсіндіруге болады. “Өліктің рухы мен қой арасындағы сакральды байланыс нәтижесінде белгілі уақыт өткен соң адамның қайта жанданған рухы арқар, бұғы, тау ешкі, елік қатарлы тағыларға көшетіндіктен, кез келген аңды жөн-жосықсыз көп ату аңшыға қатер, қайғы әкеледі деп ырымдаған” /161, 174/ Сондықтан да болуы керек киелі аңдарды қазақтар “қоңыр аң”, “құдайдың малы” деп түсінген /185, 13, 16/. Киелілігімен қатар марал сұлулықтың символы. “Қыз Жібек жырында” Жібек сұлулығы былай паш етіледі:


Кер маралдай керіліп,

Сары майдай еріліп,

Тәңірі берген екі аяқ,

Бір басарға ерініп,

Үйден шықты Қыз Жібек.

(“Қыз Жібек”) /186,56/.


Адам мінез-құлқының халық танымындағы сипаты тілдік атаулар арқылы көрінеді. Бұл атаулар әр халықтың өзіндік ой-танымымен байланысқа ерекшеленіп тіл арқылы танылатын ұлттық психологияның көрінісін береді. Этнопсихологиялық тұрғыдан ана тілдің табиғатын зерттеу қазақ тіл білімінде жаңа бастау алып жатқанмен, төл топырағымызда адам дүниесін жан ілімі арқылы танудың іздері ғұламалар Әл-Фараби, А.Ясауи, Ж.Баласағұнилардың кемеңгер Абайдың еңбектерінде сөз етіледі, кейіннен Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, м.Жұмабаев, М.Дулатовтардың оқу құралдарында ұлттық психиканы тануға жетелейтін ой-пікірлер тілінің бойында өзінің табиғат сыйлаған мінез-құлқы сайрап жатыр деген қорытындыға жеткізеді. Мысалы, адам баласының жоғарғы қабілет күшіне тән, дара қасиеттерінің бірі – ақыл. Ақылдың ерекше танымдық сипатын, адамның асқақтығын көрсететін ерекше интеллект түрі екендігін көне жырлар мен ауыз әдебиеті үлгілерінен де кездестіреміз. Мәселен, “Қыз Жібек” жырында адамдардың әр түрлі мінез-құлқына байланысты ұлттық таным-қасиеттер былайша сипатталады:

  • Кім бар? Деп бұл күймеде дауыстады,

Ақылын ашуланып тауыспады.

Төлеген үш қайтара шақырса да,

Қыз Жібек сөйлеуге намыстанды.

/45-б/. - деген жолдардан Төлегеннің ұстамдылығы мен парсаты көрінсе, соңғы тармақтар Жібектің текті жерден өңген тәрбиесін айғақтап тұр, немесе халқымыздың қыз тәрбиелеуде имандылық қасиеттерді ерекше ескеретініне мына жолдар дәлел:

Көрінбей қалсам көкеме,

Бір ұяттық өте ме?

Амандасу үлкен жол,

Көкеме адам жете ме? – деген Жібектің Қаршығаға амндаспас бұрын ойлаған ойы ана сүтімен дарыған адамдық қасиетін танытады. Ендеше халықтың тұрмысымен біте қайнасқан этнотілдік деректер сол жұрттың мінез даралығы мен жан дүниесін танытады деп білеміз. Өмірдің сан алуан құбылысы әр халықтың рухани өміріне сай өрбіп, жалпы адамзаттық мұралардың тууына зор себепші болады.


Батырдың жары.

Ару - жар” концептісіне қатысты қолданыстар дәлелдейді:

“Ару” ақын үшін ең алдымен Батырдың бейбіт өмірдегі серігі:

Асыл туған ару (“тектілік концептісі”); ақша бет ару, алма мойын ару (“сұлулық концептісі”); басына жібек байлаған ару “Әлпештеген ару”, “жаста қосылған ару”, “алғыншы (алғаш) алған ару” (“Жар” концептісі).

Бұл көркем қолданыстардың контекстуалдық семантикасына назар аударсақ, ақынның индивидуалды-авторлық ғалам бейнесіндегі “Ару” концептісінің аясы кеңейе түседі:

Қыз Жібектің хұрметі,

Жиһаннан асқан сәулеті,

Ләйлі – Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті.

Үш қызы бар қасында-ай,

Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасындай.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында.

Қыз Жібектің шаштары

Қоғалы көлдің құрағы.

Көз сипатын қарасаң,

Сегіз бейім ішінде,

Хорлардың жақын шырағы

Дүрі – гауһар сырғасын.

Көтере алмай тұр құлағы,

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы

Ай балтаның сабындай.

Төсінде бар қос анар

Нар бураның санындай.

Оймақ ауыз, құмар көз,

Іздеген ерге табылды-ай.

Өткірлігін байқасаң,

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.







Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу