Абайдың Пушкин мұрасынан тәржімалаған шумақтары туралы бізде айтылған пікірлер аз емес. Әрісі Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлынан, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтан бастап, кейінгі әдебиетшілеріміздің талайы бұл турадағы ойларын ортаға салған. Бірақ туған әдебиетімізге көркем аударма дәстүрін тұңғыш рет енгізіп, соның тамаша үлгісін қалдырып кеткен Абай тағылымы жөнінде, біздегі аударма саласы барған сайын өрістеп, оның тәжірибесі молая түскен сайын, әлі де айтылар сөз аз болмаса керек.
Абайдың Пушкиннен аударғаны көп емес. «Евгений Онегиннен» іріктеп қазақша өлең еткені жеті ғана үзінді. «Онегиннің өлердегі сөзі» деген төрт жарым шумақты (он сегіз тармақ) Абай жанынан қосқан. Бары осы.
Сонда мынадай сұрақ туады? Өзі кереметтей ләззат алып, таң-тамаша болған көлемді шығармадан үзіндіні неге аз алған? XIX ғасырдағы орыс өмірінің энциклопедиясы атанған бұл іргелі туындыны түгелдей немесе еңсере аударуға, әрине, Абайдың мүмкіндігі болған жоқ. Және ол қажет те емес еді. Өйткені Ресейдегі дворян қауымының жарқылдақ өмірі мен сән-салтанатты сарайларының көп қыртысты жұмбақ тұрмысы, қаншама майлап берсең де, ондайды көріп білмеген көшпелі қыр қазағына қызықты болмас еді.
Сондықтан Абай талай замандар бойы Шығыстың неше түрлі ғашықтық дастандарын тамсанып отырып тыңдауға құлақтары үйренген ауыл адамдарына Пушкин романындағы Онегин мен Татьяна хикаясын әдейі таңдап алып аударған. Және бұлар үшін оқиғасы қандай қызық, қандай тосын!
«- Ойпыр-ай, он екіде бір гүлі ашылмаған орыстың жап-жас қызы өзінен көп үлкен еркекке ғашық болып, сөз айтқан, хат жазған дей ме? Ғажап екен, не деген өлермен қыз еді. Ал, сонсоң не болыпты?
- Болғаны сол, еркек айтыпты, мен үшін шалабыңды шайқамай-ақ қой, шырағым. Мен саған үйленіп, жарылқай алмаймын, – депті.
— Ие, содан кейін не болыпты?
— Не болсын. Қыз қалады жылап. Жігіт жайына кетеді. Бірақ қызығы
артынан болады. Арада талай жыл өткенде, әлгі қыз бой жетіп, бір атақты генералға ұзатылады. Үлкен шаһарда, соның салтанатты сарайында үлде мен бүлдеге бөленіп, күрсіп тұрады. Бір күні той үстінде баяғыда өзі ғашық болған еркек кездесіп, енді бұған ол ғашық болады. Өлердегі сөзін айтып келіп аяғына жығылады. Бірақ оған әйел қарамайды. Баяғыда менсінбей кеткенсің. Енді мені әуре кылма. Жұрттың өсегіне қалар жайым жоқ, мазалама, — дейді.
- Ал анау қайтіпті?
- Не қайтетіні бар? Ғашықтықтың қайғысынан құса болып, ақыры
өлетін болса керек».
Міне, Пушкин романындагы Татьяна мен Онегин хикаясының қазақ даласында туғызатын ықтимал әсері осындай еді. Абай соны білді. Білді де, олардың жазысқан хаттарын келістіріп аударды. Соларға арнап тамаша әндер жазды. Сөйтіп, ұлы орыс ақыны кейіпкерлерінін атақ-даңқы сахарада самғап кете барды.
Осы жай ғана аударма ма? Бір ақынның басқа тілден қотара салған өлең шумақтары ғана ма? Қыр қазағына таңсық көрінетіндей басқа бір халықтың еркегі мен әйелінің арасындағы өздеріне бейтаныс ғашықтық хикаясы ғана ма? Жоқ, бұл басқа бір әлемнен алып келіп, өз қандастарының санасына сіңдірген, солардың жан дүниесіне рухани азық етіп ұсынып отырған ұлы ақын Абайдың асыл қазынасы, баға жетпес тың тартуы еді. Адам баласының ең асыл сезімдерін өлеңмен өрген екі ұлы ақынның сөздері арқылы ортақ тілге айналған қымбат көріністері еді.
Абай шумақтары – еркін аударма. Балғын жас орыс қызының фәк жүрегінен жарып шыққан риясыз сезімінің ыстық лебін жеткізгенде, Абай казақ қызының аузына дәл сондай әсерлі сөздерді ұлттық ұғым-түсініктің елегінен өткізіп, соншалықты табиғи тән, жатық етіп жеткізеді. Мұнда өлеңнің әрбір жолын, әрбір шумағын жолма-жол, сөзбе-сөз аудару жоқ. Бірак сөйтсе де, түпнұсқадағы ағынан жарылып ашық айтылған әрбір ой, әрбір сыр аудармада дәл мағынасын тауып, үстінен түсіп отырады.
Я к вам пишу — чего же боле?
Что я могу еще сказать?
Теперь, я знаю, в вашей воле
Меня презреньем наказать.
Но вы, к моей несчастной доле
Хоть каплю жалости храня,
Вы не оставите меня…
Енді осының баламасы:
Амал жоқ — қайттім білдірмей,
Япырмау, кайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл ғұрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Сонымен бірге осы шумақтардан да және кейінгі мәтіндерден де біз тек жатықтықты, табиғилықты ғана емес, мағынаның толымды төлемін ғана емес, сонымен бірге сөзбе-сөз дәлдікті де көре аламыз. Мысалы:
Другой!.. Нет, никому на свете
Не отдала бы сердца я!
То в вышнем суждено совете…
То воля неба: я твоя;
Вся жизнь моя была залогом
Свиданья верного с тобой;
Я знаю, ты мне послан богом,
До гроба ты хранитель мой…
Соның қазақшасы:
Өзгеге ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жұрек.
Әзелде тағдыр иеден
Қожам сенсің, не керек.
Тіршілігім – құрбандық,
Шыдамай сені кергенше,
Тәңірімнен келген бұл жарлық,
Ием сенсің өлгенше.
Жоғарыда ұлттық ұғым-түсінік деген сөздерді ауызға алдық. Адамның туа біткен мінез-құлқы мен табиғи тұрмыс жағдайына байланысты ерекшеліктер де осы қатарға жатады десек, аударма жолдарда оның да айқын мысалдарын көреміз.
Мәселен:
Сначала я молчать хотела;
Поверьте: моего стыда
Вы не узнали никогда,
Когда бы надежду я имела
Хоть редко, хоть неделю раз
В деревне нашей видеть вас.
Аудармада:
Әлімше мен де ұялып,
Білдірмен дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп, мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Байқасақ, Пушкинде Татьяна Онегинді аптасында бір көрсем де риза болар едім дейді. Ал Абайда: «Айында бірер көрсем де»,– деп тұр. Сонда Абай апта мен айды айыра алмағаны ма? Жоқ, олай емес, сөздің мағынасына тереңірек үңілейік. Отырықшы елде күн сайын бірін-бірі сан рет көретін шағын деревняның адамдары үшін аптасына бір көру — әжептәуір мерзім. Ал көшіп жүріп, малдың өрісіне қарай әр таудың қуысында, алыс ормандарды немесе өзен-көлдерді сағалап, бір-бірінен шалғай отыратын ауыл адамдары апта түгіл айында бір көріссе де тәуба дер еді. Абай соны ескерген.
Ұлттық психологияға байланысты тағы бір мысал. Татьяның Онегинге жазған алғашқы хатында: «Егер сіз көзіме көрінбесеңіз, алаңсыз жұре беріп, түбінде өз жөнімді бір табар едім», — деген мағынада наз айтатыны бар ғой. Түпнұскада ол тармақтар былай болып келеді:
Души неопытной волненья,
Смирив со временем (как знать?),
По сердцу я нашла бы друга,
Была бы верная супруга
И добродетельная мать.
Осы шумақтың мағынасы аудармада былай берілген:
Асау жүрек кайнамай,
Жуасыр ма еді кезінде.
Елден бір жақсы сайламай,
Бармас па ем ерге өзім де.
Қазақтың балиғатқа жетпеген жас қызы бір орайда ерге шығуды қысылғаннан айтса айтар, ал мен де бала көтеріп ана болармын деген сөзді естіртіп айту түгіл, ойға да алмайтын шығар. Сондықтан оны Абай аудармаған.
Ал Онегинге қайтарған жауабының аудармасындағы:
Өз қораңның қақпасын сен
Қатты жаптың, не айтайын.
Жат қораның кақпасын мен
Жастанамын, қайтейін.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де сорлы бақыты кем, -
деген екі шумақты Абай жанынан қосқан. Мұхтар Әуезов кезінде мұны аударманың тым қазақшалап жалпақтап кеткен кемшілігі деп санаған.
Кім біледі, бәлкім, төл әдебиетімізде аударма саласы Абай тағылымы арқылы жаңа-жаңа тамыр тарта бастаған кезде, Мұқаң болашақта бұл маңызды істе түпнұсқадан жөнсіз ауытқушылық болмасын деген сақтық оймен де айтқан болар.
Бірақ Пушкин романының үзінділері арқылы қазақ әдебиеті алдынан көркем аударманың мол жемісті арнасын ашқан Абайдың ой-ниетін де дұрыс ұғынғанымыз жөн. Егер ұлы ұстаз осы хикаяны алғашқы ауыл тыңдаушысы мен кейінгі қалың қазақ оқырмандарының соншалықты жанына жақын, құлағына жағымды етіп аудармаса, М.Әуезовтің оз сөзімен айтқанда, Татьяна әні қырда шалқып кете алар ма еді, Пушкин қазынасы қазақ халқының рухани әлеміне сол кұннен бастап бірден кіріп кете қояр ма еді? Мұны да есте ұстағанымыз абзал.
Абай мен Пушкин арасындағы шығармашылық байланыс туралы айтқанда, Абайдың махаббат тақырыбына арналған төл туындыларын да еске алған жөн. Бұл екі арада өте тығыз байланыс бар. Біздің төл эдебиетімізге махаббат лирикасын алғаш рет енгізген – Абай. Оған дейін фольклорлық қиссалар мен ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық дастандар болмаса, жеке ақындардан қалған сұйіспеншілік такырыпты шағын лирикалық өлеңдер атымен жоқ.
Ендеше осы мәңгілік жанрды Абай не мақсатпен енгізді? Қазіргі құлаққа тосаңдау естілсе де айтайық, данышпан ақын бұл тақырыпты қазақ жастарының, әсіресе, қазак қыздарының жүрегінде махаббат сезімін ашу үшін, оны ояту үшін ашты. Шынтуайтына келгенде, қалыңмал тұсында қазақ әйелінің бойындағы табиғи махаббат сезімі ашылмай, жабық күйінде сөніп қалатын. Қалыңмал арқылы ең сәтті үйленді деген жастардың тұрмыстық өмір схемасы, шамамен, былай болып келер еді:
Ауылдағы қыз бала есі кіріп, бой жете бастаған кезінен былай қарай, сенің атастырып қойған күйеуің бар, құдай қосқан қосағың сол болады деген ұғым оның санасына құйылады да, ол соған алаңдап күтумен болады. Бір күні сол күйеуі ойда жоқта ұрын келеді де, өзінің болашақ жұбайлық парызын атқарып, кетіп қалады. Артынан іле-шала ұзатылады. Бөтен елде, бейтаныс үйге келін болып түседі. Келе салып, отымен кіріп, кұлімен шығып дегендей, тынымсыз шаруаға араласады. Аюдай акырған қайын ененің қарауында қалады, ана жолы шала танысқан жұбайы енді оған малға сатып алған меншік есебінде қарайды. Көп ұзамай балалы болады. Шаруа одан сайын көбейеді. Осындай күйбең тіршілікте әйелдің жастық шағы өте шығады.
Қазақ қыздарын болашақта осындай мимырт тіршілікке душар етпеу үшін Абай оларға ішкі жан жарастығымен бірге, бәлкім, бұл жерде одан да маңыздырағы, сыртқы сымбаттың сынын көбірек ыждаһаттауды жөн көрді. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Білектей арқасында өрген бұрым» сияқты өлеңдер өмірге осылай келген болатын.
Қарапайым ауыл жастарының жоғарыдағыдай томаға тұйық тағдыры тек әйелдерге ғана емес, еркектерге де тән болды. Бұл көңілсіз жағдайға алаң болған Абай жастардың сүйіспеншілік сезімі тақырыбына тұтас бір цикл өлең жазды. Қазір ойлап отырсақ, «Желсіз тұнде жарық айдан» бастап, «Айттым сәлем, Қаламқасқа» дейінгі осы сарындас өлеңдерінде жастық шақтағы махаббат сезімінің жүйелі диалектикасы ашылған екен. Соны ой көзімен қысқаша шолып өтейікші:
«Желсіз түнде жарық ай». Жазғы түннің эсем табиғаты аясында ауыл сыртында кездесуге алғашқы махаббат сезімінің жетегімен асыққан екі жас. Үй ішінен бір сәтке сытылып шыққан қыз байғұс тұла бойы қалтырап абдыраған кұйі зорға жетті. Бір ауыз сөз айта алмай дір-дір етеді. Сол үнсіздік күйде жігіт қасына жеңіл ғана жаңасып келіп, иығына сүйенгені – соған білдірген ишараты. Өзі де сол қыздың күйінде шарасыз тұрған жігітке бұдан артық олжа жоқ еді.
Мазмұн жағынан осыған жалғас «Қызарып, сұрланып» деп басталатын өлең. Мұнда да дәл сол екі жас тағы да жұрттан оқшауланып оңаша жолығысқан. Әлі де үркек, бұйығы қалыптары. Бірақ бір-біріне бойлары ұйреніп, ширай түскен. Бұл жолы үнсіз сүйісіп тарайды.
Осылай бейкүнә кібіртік басталған үйірсектік сезім өрістей келе шынайы таза махаббатқа ұласса, арасында уақытша айырылысқан кезде бірін-бірі үздіге аңсап сағынуға да хақылы ғой. «Көзімнің карасы» атты әйгілі өлеңде кұлай сүйген жігіттің сағыныш зары айтылмай ма? Бірақ ескі ауылдың салтында оны өзгеге жария етудің өзі де теріс түсінілетін еді. Оның: «Жылайын, жырлайын, ағызып көз майын» деген сөзін естігенде, алдымен қасындағы жолдасы мазақ қылып күледі. Сол сөз ата-анасының құлағына жетсе, «бір қыз үшін жылап жүрген» балалары үшін намыстанып ыза болар еді. Ал енді сол махаббат оты барған сайын лаулаған кезде: «Айттым сәлем, Қаламқас, саған құрбан мал мен бас» деген сөзді айтқызса, үйде отырған әжесі: «сол қыз үшін бәрімізді құрбан етіп жүр екен ғой, жаман шірік неме!», — деп жерге түкіретіні сөзсіз.
Осындай қыңыр мінезге әдейі қысас қылғандай, ақын «Мен сәлем жазамын», «Қор болды жаным» сияқты өлеңдерін жазды. «Мен сәлем жазамын қарағым қалқама; қайғыңнан азамын, барушы айта ма?» Немесе: «Қор болды жаным, сенсізде менің күнім, бек бітті халім, тағдырдан келген зұлым…».
Естен тана ғашық болған жігіттің мүшкілдігі осы өлең жолдарынан ап-айқын көрініп тұрған жоқ па?!
Абай өз заманындағы жастардың сүйіспеншілік сезімі жөнінде ересектер арасында осындай жосықсыз көзқарастар орын алғанын білгендіктен, соны жазғырғандықтан өзінің махаббат тақырыбындағы өлеңдерін жазған. Ол әсіресе қалыңмал тұсында жаншылып сөніп қалған әйел сезімін ояту үшін осы тақырыпты діттей жазғанға ұқсайды.
Қаламқастың жігіт сөзіне қайтарған жауабындағы: «Біз — қырғауыл, сіз — тұйғын, тояттай бер кел де алып» деген тармақтарда жалаң құмарпаздық емес, шын ниетімен беріле сұйген ғашық жардың ағынан жарыла айтқан ағыл-тегіл сезімі бар. Күні ертең некелі зайып болатынына кәміл сенген Қаламқас қыз махаббаттың тәтті дәмінен тартынбай, тәбетін ашық білдіреді: «Тал шыбықтай оралып, // Гүл шыбықтай бұралып, // Салмағыңнан жаншылып, // Қалсын құмар бір қанып» // деген сөздерде қазіргі бұзылған заманның эротикасы жоқ, таза махаббаттың отынан тұтанған адам табиғатының заңды тілегі бар.
Абайдың Пушкиннен аударған үзінділері жастарды қалыңмал кұрсауынан босанып шығып, таза сезімнің романтикасына шақырар алдындағы шығармашылық шабыттың дайындығы секілді болып көрінеді бізге.
«Евгений Онегин» романынын Абай аударған үзінділері жөнінде корыта айтқанда, Онегин бейнесі туралы ерекше бір пікір білдіру қажет. Тегінде, Абай Онегинге Пушкиннен гөрі көбірек іш тартатын сияқты. Оны Онегиннің өлердегі сөзі деп өз жанынан жеке өлең арнағанынан байқаймыз. Онегиннің Пушкин айтқан теріс мінездерін жұкартқаны өз алдына, Абай оны Татьянаға қайтадан ғашық болғанда тым үздіктіріп жіберетіні бар. Сен енді жібімесең өлемін деген сөзді ол бірнеше рет қайталайды. Сондықтан оны Абай қайта оянған махаббаттың құрбаны еткісі бар.
Қысқасы, бұл үзінділер бас-аяғын қосканда, сол кездегі қазақтар қызығып оқитын, махаббат тақырыбына арналған шағын ғана лирикалық поэма болып шыккан.
Пушкин – Абай және қазақ әдебиеті:
Халықаралық ғылыми конференцияның
материалдары. – Алматы: Unique Service, 2006. – C. 61- 68.
Достарыңызбен бөлісу: |