Құдайға қарсы бүлік Оның жауап әрекетін тудырады
Біздің кез келген бағынбаушылығымызға Құдай дереу жауап береді.
Жүніске жібергені сияқты, біздің өмірімізге де дауыл жібереді. Жүніс Тарсиске аттанған кезде, теңізде күшті дауыл көтеріліп, Жүніс отырған кеме суға бата бастады. Кемені құтқару үшін ондағы топ тастайтын нәрсенің бәрін суға лақтырды. Ал Жүніс бұл кезде кеменің астыңғы бөлігінде ұйықтап жатты. Ол Құдайдан қашқанымен қоймай, Оған назар аудармауға тырысты.
Ақыр соңында команда капитаны Жүністі оятып: «Әй, сен неге ұйықтап жатырсың?! Тұрып, Тәңіріңе жалбарына сиын! Мүмкін, Тәңірің бізді ойына алып, ажалдан сақтап қалар», — деп бұйырды (Жүніс 1:6). Бірақ Жүніс Құдайға тіпті сыбырлаған да жоқ, себебі дауыл үсті-үстіне күшейе түсті.
Біз Құдайға қарсы бүлік шығарған кезде, біздің маңайымыздағыларда не істеп жүргеніміз туралы сұрақ бой көтереді. Егер мұндай жағдай сізде болып жатса, сіздің жағдайыңыздың қауіптілігі туралы ескертуге тырысқандардың сұрауларына мән беріңіз.
Жақында мен бір адамның әңгімесін естідім – оны Джон деп атайық – әйелі қайтыс болған соң, некесіз туған екі баласы бар, екі рет ажырасқан әйелмен кездесе бастаған. Ол әйел көп адамдарға салмақты емес, жеңілтек болып көрінген. Неғұрлым көбірек кездесіп, олардың қарым-қатынастары жақындай түскен сайын, Джонның туыстары мен достары соғұрлым оған: «Тыңдашы, ол саған лайық емес», – деп көп айтқан. Бірақ ол ештеңе тыңдағысы келмеді. Бір күні сол әйел Джонның өзіне деген махаббатының дәлелі ретінде үйін барлық дүние-мүлкімен өзінің атына жазуын талап етіпті. Ол бас тартқан кезде, әйел оған айғайлай бастаған. Сосын әйел жұдырығын ала жүгіріп, Джон өзінің сүйіктісінің соққысынан қорғану үшін оның ашуын басып тыныштандыруға тырысады. Нәтижесінде әйелдің қолдары көгеріп қалған. Ол табан астында полиция шақырып, Джонды денеге жарақат салғаны үшін тұтқынға алады.
Бұл ақыры оны тәубесіне түсірді. «Мен осы әйелмен ешқандай қарым-қатынасқа түспеуге кеңес берген Құдайға қарсыластым. Бірақ өзім сүйген және 13 жыл бойы отасып бақытты өмір сүрген әйелімнің өліміне бола мен Құдайға қатты ызаландым. Өз достарым мен туыстарымның ескертулеріне, кеңестеріне мойын бұрмадым. Сөйтіп маған соның өтемін төлеуге тура келді», – деп, кейінірек мойындады.
Құдай сақтап, ол өзінің бағынбаушылығы үшін лезде тәубе етті де, соның арқасында ол да, балалары да бағынбаушылық нәтижесінің жүгін көтермеді.
Жүністің де жағдайы мәз болған жоқ. Кемедегінің барлығы да бұл дауыл біреуіне жіберілген жаза деген қорытындыға келді. Нақты кімге екенін білу үшін олар жеребе тастады. Шамасы олар қапқа бірнеше ақ тас пен бір қара тас салған болар. Әрқайсысы қапқа қарамастан бір тас алу керек, ал қара тас тиген адам осы табиғат апатына жауапкер болар еді. Өздеріңіз білгендей, қара тас Жүніске түсті де, оған бірден: «Сен кімсің?» деген сұрақ қойылды.
Жүніс бәрін де айтты:— Мен исраилдікпін. Көктегі Құдайды, яғни теңіз бен құрлықты жаратқан Тәңір Иені, қастерлеймін, — деп жауап қайырды (Жүніс 1:9). Сөйтіп одан не бүлдіргенін сұраған кезде, Жүніс Құдайдың жүзінен қашып жүргенін айтып бірден мойындады.
Сонда теңізшілердің зәрелері ұша сасқалақтап, Жүніске: «Неге бұлай істедің?!» –деп қатты налыды.
Осы екі арада теңіз толқындары күшейген үстіне күшейе түсті. Сондықтан теңізшілер Жүніске:
– Теңіздің тынышталуы үшін саған не істеуіміз керек? – деген сауал қойды.
– Мені теңізге лақтырсаңдар, ол басылады. Өйткені осы сұрапыл дауылға ұшырап отырғандарың менің кесірімнен екенін білемін, – деп жауап берді Жүніс (Жүніс 1:8-12).
Тіпті аласұрған толқындар мен долы дауыл алдында да Жүніс өзінің айтқанынан қайтпауға бел буды – жауларына теріс жолдан қайтуды уағыздағанша, өлгені артық.
Теңізшілер Жүністің кеңесін орындағылары келмеді. Олар жағаға жетуге тырысты, бірақ дауыл үдей түсті. Ақыр соңында олар Құдайға жалбарынып, осы істерін күнә деп санамауын өтінді. Осы сөздермен олар Жүністі кемеден лақтырып жіберді.
Теңізде Жүністі Киелі кітаптан оқығанымыздай, Құдай жіберген үлкен хайуан күтіп тұрды. Мұның қандай хайуан екенін мен білмеймін. Ол кит болуы ықтимал, себебі киттің кейбір түрлері адамды ғана емес, шағын қайықты да жұтып қоя алады. Құдай сол алып хайуан Жүністі жұтып қоятындай етті. Құдай Жүністің осы хайуанның ішінде тірі қалуын да қамтамасыз етті. Жүніс қанша тырысса да, өлудің сәті түспеді. Құдай Жүністің алдына орындалмаған белгілі бір мақсат қойды. Құдай Жүністі өлтіруге емес, күйретуге тырысты. Ол пайғамбардың өлімін қалаған жоқ. Ниневи тұрғындары оның уағызын есту үшін, Жүніс тірідей қажет болған!
Осы үлкен киттің қарнында үш күн, үш түн жатқан соң, Жүніс Құдайға жалбарынды. Ол өзінің әлсіздігіне көндіккен адамның мінәжатымен – тәубе ету мінәжатымен сиынды. Жүніс Құдайға өзінің тағайындалуын, яғни пайғамбарлық қызметін атқаратыны туралы жариялайды (қараңыз: Жүніс 2:1-10).
Жүніс Құдайға бағынды. Ол Құдайдың басымдығын мойындады. Киелі кітапта жазылған: Мұнан кейін Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша балық Жүністі жағалауға құсып тастады. Сонымен, Жүніс Ниневиге келіп, үш күн бойы оның көшелерінде жүріп, қаланы аралай бастады. Күн ұзағына халыққа уағыз айтып: «Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!» – деп жариялап жүрді (Жүніс 3:4).
Жүніс Құдайдың сөзін сүйіспеншілікпен және жанашырлықпен жеткізген жоқ. Ол тек бағынышты орындаушы болды. Иә, ол өз еркін Құдайға бағындырды, бірақ оның Ниневи тұрғындарына деген қатынасы сол қалпында қалды. Ол өкінішсіз, аяусыз ашумен айтты. Өзіне Құдай бұйырғанды түгел орындады. Алайда жүрегінің түкпірінде өз жауларының тәубе еткенін қаламады. Ол дұрыс сөздер айтты, алайда ол осыны Құдайдың мейірімінсіз атқарды.
Жүністің еркі сынып, Құдайға бағынды. Енді Құдайға Жүністің өз жауларына деген қарым-қатынасын өзгерту қалды.
Бұл уақытта Жүністің көңілін қалдырып, Ниневи тұрғындары оның уағызына үн қатты. Олар Құдайға сеніп, ораза жариялады – «үлкенінен кішісіне дейін» – тәубе етудің белгісі ретінде кенеп киді. Тіпті Ниневидің патшасы тағынан түсіп, өзінің патшалық киімін тастап, кенеп киіп, «күлге» отырды. Ол ешкім ішіп-жеуге тиісті еместігін, керісінше бәрі кенеп киім киіп, Құдайға жалбарыну керектігін бұйырды: «Адам және жануар атаулы азалы киім мен жабу жамылсын! Әркім Құдайға қатты жалбарынып сиынсын! Бәрі де зұлым жолдарынан қайтып, қатыгез іс-әрекеттерінен бас тартсын! Мүмкін, сонда Құдай райынан қайтып, аяушылық танытып, қаһарын басар. Осылай біз пәледен аман қалармыз!»(Жүніс 3:8-9).
Құдай ниневиліктерді Жүністі күйрету үшін қару ретінде қолданды. Бірақ Құдай сол деңгейде Жүністі ниневиліктерді күйрету үшін де қолданды. Жүністен айырмашылығы, ниневиліктер Құдайдың шақыруына бірден жауап беріп тәубе етті. Біз былай деп оқимыз:
«Құдай олардың істегендерін көріп, зұлым жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Содан Ол халыққа аяушылық танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты» (Жүніс 3:10).
Жүніс емес, Ниневи тұрғындарының күйреулері осылай аяқталды. Жүніс ниневиліктердің тәубе етіп, теріс жолдарынан қайтып, құрымай қалғандарын көріп, өмір сүргенше өлімді көбірек тіледі. Жүніс Құдайға және Ниневи тұрғындарына ашулануды тоқтатпады.
«Жаратқан Ие оған:
– Сенің ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? – деген сұрақ қойды».
Жүніс Құдайға еш жауап қайтармады, қаланың сыртына шығып ары қарай не болатынын күте бастады. Жүністің жүрегіне жету үшін Құдай оған тағы да сабақ беруге шешім қабылдады –тез арада Жүністің қасына бір бұта өсіп шықты да, Жүніс күн көзінен тасалануға мүмкіндік алды. Бірақ келесі күні таңсәріде бір құрт бұтаны жеп қойып, ол солып қалды. Күн шыға шығыстан аңызақ жел соқты. Күннің қатты қыздырғаны соншалықты, Жүніс есінен танып қалды. Бірақ Құдайға бұта үшін алғыс айтып, Оның сабағын меңгерудің орнына Жүніс өз айтқанынан қайтпай, «Өмір сүргенше, өлгенім артық», - деді.
«Құдай оған:
– Бұтаға бола ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? – деген сұрақ қойды». Жүніс: – «Менің тіпті өлгенше ашулануға қақым бар», – деді.
Жүністің Құдайға айтқысы келгенінің бәрі осы еді. Қалай дегенде де біз одан басқа ештеңе естімейміз. Жүністің оқиғасы Құдайдың сөзімен аяқталады:
«Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді:
– Сен осы бұтаны ешқандай өңдеп өсірмедің. Ол бір түнде өсіп шығып, келесі түні жоқ болды. Солай болса да, бұтаға сенің жаның ашиды. Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық, сондай-ақ көптеген мал да бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менің жаным ашымайды?!» (Жүніс 4:10-11).
Киелі кітапта осы сөздерге деген Жүністің жауап әрекеті туралы ештеңе айтылмайды. Біз Жүністің бұдан кейінгі қызметі қандай болғаны туралы да ештеңе білмейміз. Құдай Жүністі өз еркін толықтай Өзіне бағындырғанша қолдана алмады. Жүніс мұны істеуді қаламады.
Бұл тарихи оқиға көне баяндама ғана емес. Бұл көптеген адамдардың басынан қазір де өтетін оқиға.
Жуырда ғана мен Құдай уағыздауға шақырған бір адам туралы естідім. Сол адамның ірі компанияда жақсы жұмысы болған, сөйтіп ол өзінің жалақыны көп алатын жұмыс орнынан кетпей-ақ, анда-санда уағыздауға шешім қабылдады. Ол өзінің осы қылығын қауымға өзіне жалақы төлемейтінімен және ол қауымды қосымша шығыннан босататынымен ақтады. Ол Құдайдың еркіне шамалап қана бағынды.
Бұл адам жұмысынан да, отбасынан да айырылды. Оның өмірі бәрінің көз алдында быт-шыты шықты. Ақырында ол: «Мен Сенің айтқаныңды істеймін, Құдайым», – деді. Сөйтіп Құдай оның отбасын қайтарды. Сол адам жасы 40-тан асқанда семинарияға түсіп, уағыздай бастады. Енді шағын жалақысына қарамастан, ол өз өміріне дән риза. Әйелі мен балалары оны қолдайды. Оның айтуы бойынша, өз өмірінің мән-мағынаға ие болғанын бірінші рет сезінген.
Ал сіз ше, сіз Құдайға қалай жауап бересіз? Ал жауларыңызға ше? Өзіңіздің жоспарыңыз бен ниетіңізге сәйкес келмеген жағдайға қалай қарайсыз? Құдай біздің Өзіне деген қарым-қатынасымызды өзгертіп, Оның еркін орындағымыз келгенін қалайды. Сіз осыған дайынсыз ба?
Достарыңызбен бөлісу: |