Игілігіміз үшін болатын азаптар Құдай неге қиындыққа жол береді?



бет27/82
Дата21.07.2020
өлшемі126,17 Kb.
#63625
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   82
Сауығу үшін уақыт керек
Елші Пауыл қорынттықтарға былай деп жазды: «Ендеше ешкімге адам тұрғысынан қарамаймыз. Бұрын біз Мәсіхке солай қарағанмен, қазір олай етпейміз. Сонымен біреу Мәсіхпен тығыз байланысса, сол жаңадан жаратылған адам. Ескі өмірі өтіп кетіп, міне, жаңасы пайда болды. Осының бәрі де Құдайдың ісі. Ол бізді Мәсіх арқылы Өзімен татуластырып, бізге басқаларды Өзімен татуластыру қызметін аманаттады» (2Қорынт 4:16-17).

Біз сынақ сайымен өтіп бара жатқанда, өте абай болып, Құдайдың бізге қашан көмектесетінін, Оның жолдары мен уақыттарын болжауға тырыспауымыз керек. Құдай бізге Өз ниетін біртіндеп ашады. Ол Өзінің барлық жоспарын бірден ашып беруі өте сирек кездеседі. Сондықтан біз Құдайға сенім артуға және әр күні сеніммен өмір сүруге шақырылдық.

Кейде бізге уақыт тектен тек өтіп жатқан сияқты көрінеді. Егер тереңірек үңілсек, Құдай біздің әрқайсымызда ішкі жұмыстарды іске асырып жатқанын және шын мәнінде өсіп, күннен-күнге нығайып келе жатқанымызды байқаймыз.

Мен адамдардың жазылмайтын аурумен қалай күрескендерінің куәсы болдым. Олар өздерін мүжіп жеп, үмітсіздікке салынатын. Алайда олар Құдайға келіп, өз өмірлерін Оған толық бағындырса, олардың тәндерінде болып жатқандардың бәрін көмкеріп алатын ішкі әсемдік пен рухани күш көрінеді. Кейде бұл адамдардың тәндері де сауығып жатады. Кей кезде олай болмайды. Бірақ мәңгілік үшін өте маңызды нәрсе – олар рухани сауығады. Құдай біздің рухымызда – бағалы және мәңгі – әрекет еткенде Ол оны нығайтады, өсіреді және кемелдендіреді, бір сөзбен айтқанда, сауықтырады.

Сондай-ақ, біздің азаптарымыз қаншалықты ұзақ болса, соншалықты өткінші. Біз тіпті күйреу мен әлсіздік халінде бірнеше жыл қатарынан болсақ та, мәңгілікпен салыстырғанда бұл түк емес. Уақыт үзіндісі мен мәңгілікті ешқандай математикалық әрекетпен теңестіруге болмайды. Біз ақылмен ойлауымыз керек: біздің сыртқы жағымыз өзгеретін күн туады. Біздің ішкі жан-дүниемізде, рух саласында болып жатқандар ғана өзгеріссіз және мәңгілікке қалады.

Елші Пауыл Қорынттағы сенушілерді көрінбейтінге назар аударуға шақырды. Бұл кеңесті торығып азап шеккен кезімізде, бізге де қолдану орынды. Жағдай өте қорқынышты болып көрінуі ықтимал, бірақ егер біз өз өмірімізді Құдайға бағындырсақ, Ол оны әдемілеп әсемдейді. Құдай Өзінің жұмысын көрінбейтіннен – руханидан бастап, бізді тұтас етеді. Ол бәрінде тиісті тәртіп орнатады. Бірінші орында – рухани жағдай, екіншіде – жан дүние, содан кейін ғана тән тұрады.

Бірнеше жыл бұрын қатты қажудан менің жүйкем әлсіреді. Дәрігерім маған ұзақ демалыс – екі-үш апта ғана емес, бірнеше ай демалуды тағайындады. Қауымдағы бауырластар жіберуге келісіп, мен ештеңе істемей, жағада қыдырып, ойланып сиыну үшін шағын бір аралға аттандым. Алайда мен үшін мұндай демалыс адам төзгісіз еді. Денсаулығыма пайдалырағы үйге қайтып, үйімнің шатырын жөндеп жатқан құрылысшыларға көмектесу деп есептедім. Өзімнің бағушылық қызметіме біртіндеп оралдым: алғашында бірнеше сағатқа, сосын толық жұмыс күніне ауыстым.

Аралда өткізген уақыт ішінде мен демалып әрі нығайып қана қоймай, өз өмірім мен жұмысыма жаңаша қарай бастадым. Бірнеше күрделі сұрақтарға жауап беруге тиіс болдым. Қауымның басшылығын не істеу керек? Билікті қауымның кеңесіне беріп, Құдайдың сол арқылы әрекет етуіне жол беру керек пе, әлде барлық шешімді өзім қабылдауды жалғастырамын ба? Маған демалыс күн туралы жақсылап ойлану керек пе, немесе аптасына жеті күн жұмыс істей беремін бе? Үзіліс жасауды үйреніп, шаруалардан демалуды үйрену керек пе, әлде жұмысқа бар зейініммен берілейін бе?

Бірақ басты сұрақ сенім артуда еді. Мен кімге сенім артамын, өзіме ме, әлде Құдайға ма?

Демалуға алғаш барғаннан бері алты ай өтті. Кезекті жексенбілік жиналыста мінбеге көтеріліп бара жатып ойладым: «Міне, мен де келдім». Мен күш-қуатқа толы болдым, анық ойлаймын және ең маңыздысы, менің Құдаймен қарым-қатынасым тереңірек әрі молырақ еді.

Менің өмірімде ештеңе өзгермеді десем де болады. Бұрынғыдай шаршаймын әрі демалуға мұқтаждығымды сезінемін. Бұрынғы әдетім сияқты бәрін өз иығыма артып алып, бәрін тездетіп тындыруға тырысамын. Дегенмен, мен ең бастысын меңгердім: Құдай – капитанның көмекшісі емес, кеменің капитаны екенін жете түсіндім. Енді мен Оған басқару тұтқасын беруге дайын едім.

Менің күйреуім мен әлсіздігімнің бірнеше айы Құдайға сенім артуға және Онымен бірге болуға, Оның еркіне сеніп және Өз ниеті мен мақсатын маған ашқанша күтуге үйретті. Енді қашан жұмыс істеу керек екенін, ал қашан демалу керектігіне уақытында шешім қабылдау үшін Құдайға мені «итермелеуге» жол бердім. Өз өмірім маған емес, Оған тиесілі екенін түсіндім.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет