Әр адамның өміріндегі үш шақыру
Құдай әр адамға ең аз дегенде үш рет cөйлейді. Бірінші шақыру– адам күнәсына тәубе етіп, Ғолғотода төгілген Иса Мәсіхтің қанын күнә үшін құн төлеген құрбандық ретінде қабылдап, құтқарылуға шақыру.
Екінші шақыру – киелілендіруге немесе күнәдан бас тартуға шақыру. Яғни, күнә енді адамға билік жүргізе алмайтын, Құдайға толық берілгендік арқылы шақыру. Бұл – сенушінің жүрегінде өмір сүретін Киелі Рухқа өзіңізді жетелеуге және кез келген азғыруға қарсы тұруға көмектесуге еркіндік беруге шақыру.
Адамның Құдайдан еститін үшінші шақыруы – қызмет етуге шақыру. Бұл қызмет үйде, жұмыста, елшілік ұйымда немесе кез келген басқа жерде өтуі мүмкін. Құдайдың қызметке шақыруы жеке сипатқа ие – Құдай адамның барлық дарыны мен қабілетін, оның барлық сыйлары мен Құдайға пайдалы болуға деген тілегін де есепке алады.
Кейбір адамдар Құдайдың құтқарылуға шақыруына қарсы тұрады. Олар Ізгі хабарды кері итереді. Құдай бұл адамдар құтқарылуға шақыруға үн қатпайынша, оларды киелілендіруге немесе қызметке шақыра алмайды. Сондықтан сол адамдар үшін Құдайдың шақыруы тынымсыз қайталана береді – Құдай оларды құтқарылуға шақыруды доғармайды. Құдайдың оларды күйрету мақсаты – олардың күнә үшін тәубе етіп, Иса Мәсіхті өз Құтқарушысы деп мойындауына бағытталған.
Кейбіреулері Құдайдың киеліленуге шақыруына қарсыласады. Олар Құдайдың кешірімін қабылдап, рухы жаңарған, бірақ Киелі Рухтың жетегіне мойынсұнудан бас тартады. Олар бұрын қалай өмір сүрсе, солай өмір сүруді жалғастырып, Құдайдың тура жолымен емес, осы дүниенің жолымен жүре бергілері келеді. Олар Мәсіхті өз Құтқарушылары деп мойындайды, алайда Оның соңынан Құдай ретінде еруге шешім қабылдаған жоқ. Олар киеліленуге шақыруын қабылдамайынша, Құдай оларды қызметке шақыра алмайды. Өздері жол бергенше, Құдай олардың өмірлерінде үздіксіз әрекет ете береді. Құдайдың барлық күші осындай адамдарды күйретіп киеліленуге әкелуге бағытталған.
Кейбір адамдар Құдайдың шақыруына енжар. Олар Құдайдың өздеріне: «Мен сенің осыны істегеніңді қалаймын», – деп айтқанын естиді. Бірақ олардың жауаптары мынандай: «Мен білем, бірақ алдымен өзімнің кейбір істерімді істеп алайын», мұндай адамдар Құдайды өздерінің таңдаулары да дәл сол мақсатқа жетуге бағытталғанына сендіруге тырысады.
Бір мәсіхші әйел өзіне: «Саған жұмыс істеудің керегі жоқ. Сен үйде балаларды тәрбиелеуге тиіссің. Иә, бәлкім олардың ойыншықтары азаяр, бірақ олар ана махаббаты мен қамқорлығына бөленіп өседі, олар дұрыс тәрбие алады. Бұл – Менің еркім» , – деп айтқан Құдайдың даусын анық естігені туралы маған айтып берді.
Ол маған былай деді: «Мен Құдайды тыңдағым келмеді. Оған, әрине, қызмет еткім келді, алайда өз үйімде емес. Маған егер қандай да бір жоғары қызмет атқарсам, онда менің балаларым мені құрметтеп, Құдайға қызмет еткісі келетіндей көрінді. Сондай-ақ, егер бір жерде жұмыс істесем, көп адамдарды Мәсіхке әкеле аламын деп ойладым. Бірақ бәрі басқаша болды. Балаларым менің бүлікшілдігімнің жемісін жеді. Олар мектепте оқыды, ал біз күйеуіміз екеуміз олардың өз уақыттарын достарымен қалай жеңілтек өткізіп жатқанын көреміз. Сөйтіп бұл оларды жақсылыққа әкелмейтінінен қорықтым. Маған жұмыстан шығуға тура келді, ақыр соңында олармен бірге үйде отыруға бел байладым. Жіберіп алған уақыттың қайта келмейтінін білемін, сонда да балаларымды жақсы тәрбиелей аламын деп үміттенемін».
Құдайдың белгілі бір қызметке шақыруына қарсы тұрғандар нағыз қанағаттану мен өмір мәнін иелену басқа нәрседе мүмкін еместігіне көздері жетеді. Егер біз Жүністің өмірінен бір нәрсе үйренгіміз келсе, оның өмірінде қуаныш болмағанын түсінуіміз керек. Құдайға қарсы тұру бақыт әкелмейді. Ол тек қайғы, күйзеліс, ашу-ыза, күйіну және көңіл қалуды әкеледі.
Егер бір күні сіз Құдайдың шақыруын естісеңіз, есіңізде болсын – сіздің кез келген ұсынысыңыз Құдайдың ниетімен еш теңесе алмайды.
Құдай ешқашан да: «Сен мынаны істегің келмей ме?» – деп қызығушылық танытқан емес. Құдай менен: «Осылай істеу керек деп ойламайсың ба? – деп сұраған емес. Ол ешқашан да: «Өтінемін, мынаны істеші»,– деген емес. Жоқ. Құдай әрқашан тік мінезді. Ол: «Менің сенен қалайтыным осы», – дейді. Солайша Оның талабы әр кезде анық әрі өзгеріссіз.
Достарыңызбен бөлісу: |