көп бала үйге келді, балалар үйге келді, бірнеше бала үйге келді. Мысалымыздағы көптік мағынаның берілу жолы бірдей емес. Бірінші, үшінші сөйлемімізде көптік мағына лексикалық мағына ретінде, екінші мысалымызда лар жалғауы арқылы беріліп, грамматикалық мағына ретінде көрініп тұр. Көмекші сөздердің мағынасын анықтауда да осындай жағдайларды есепке алу керек.
Көмекші сөздердің лексикалық мағынасын анықтаудан бұрын олардың тілдегі орный анықтау қажет сияқты. Немесе көмекшілерді сөз деп танимыз ба, жоқ әлде қосымшалардың бір түрі деп танимыз ба? Әрине, күні бүгінге дейін, біздің мәліметіміз бойынша, мәселені ешкім де бұлай қойған емес. Дегенмен де, кен ғалымдар көмекшілерді жартылай сөз, тек дыбысталу деген сияқты терміндермен алмастырып, не баламалап қолданып жүргендігі анық. Мысалы, Ғ.Мұсабаев сөз бен дыбысталудың арақатынасына байланысты пікір айта отырып: «Үшін, сайын, гөрі дегендер сөз емес, бірақ мұнда жүйелі дыбысталу бар».— деген болатын. Қазақ тілінде үшін, сайын, гөрі дегендер және шылау болып саналады. Егер олар сөз болмаса онда оларды қосымшалардың қатарына қосамыз ба?
Көмекшілерді сөз деп атау керек пе, жоқ қосымша морфемалардың қатарына қосу қажет пе деген мәселені анықтау үшін сөздерге қойылған талаптарды көмекшілерді де қойып, белгілерін анықтау керек. Сөзге анықтама бергенде тұлға жағынан тұрақты дейміз. Бұл белгі тіл-тілдердегі барлық сөздерге тән болмауы мүмкін, бірақ түркі тілдеріндегі барлық сөздер қосымша морфемалардан тұлғасы тұрақты болуымен ажыралып жатады. Сондықтан да кел, кет, бол, ағаш, сары, көк сияқты сөздер сөйлемнің басында келсе де, ортасында келсе де, соңында келсе де осы тұлғасын сақтайды.