71-сурет. Астықты орудан кейінгі өңдеу технологиялық желісі
Жүгері собықтарын өңдегенде жоғарыда аталған шаралардан басқа, бастыру операциясы пайдаланылады. Азықтық және жемдік жүгеріні өңдегенде бастыруды бірінші тазарту алдында, ал тұқымдық жүгеріні собықтарды кептіргеннен кейін жасаған дұрыс.
Толассыз өңдеудің әрбір шарасына белгілі талап қойылады. Мәселен, бірінші кезеңде астық партиясынан тез де дұрыс сынама өлшем алу,одан ортатәулік сынама құрастыру - келіп түскен астықтың бастапқы сапасы мен күйін тез және дәл анықтаудың кепілі.
Әрбір партияның бастапқы салмағын кедергісіз анықтап жазып қою, астық әкелген транспортты аз шығынмен түсіруді ұйымдастырудың да маңызы зор.
Астықты бірінші тазалау.
Бұл шара ең алдымен астықтың жиымынан минералды және органикалық текті ірі, кездейсоқ қоспаларды бөлуді қамтамасыз етеді. Бірінші тазалауда астық үйіндісін тазартқышпен (қопсымадағы таза дәнді бөлектеп ажырататын машина) тазалайды. Мұның нәтижесінде астық жиымын ойдағыдай кептіру үшін дәннің өте керекті қасиеттерінің бірі оның сусымалылығы артады.
Кептіруге қойылатын талап - астықтың бастапқы технологиялық қасиетін және тұқымдық құндылығын төмендетпей құрғақ күйінде тұтынушыға жеткізу.
Астықты екінші тазарту. Бұл шара астықты өңдейтін мекемелердің талабына сәйкес кондицияға дейінгі тазарту және қоймаларда одан әрі сақтауды жақсартуды қарастырады, ол астықтың бүлінмей сақталуын қамтамасыз етеді. Екінші тазартуды сұрыптағыш (сепаратор, триер) және басқа да түрлі дән тазалағыш қондырғыларды қолданып жүзеге асырады.
Сақтауға салар алдында астықтың дәл салмағын, санын білу мақсатымен өңдеуден өткен соң міндетті түрде таразыға тартып, өткізу керек.
Әрбір технологиялық желі белгілі бір өнімділікпен сипатталады, бірақ қабылдау орнына нақтылы келіп түсетін астықтың мөлшері тәуліктің әр сағаты сайын орташа өнімділіктен ауытқып отырады. Сондықтан, желілерді біркелкі тиеп отыру үшін жинаушы шанақтармен жабдықтайды. Аталған шанақтар тәуліктің үдемелі, қарбалас кезеңіндегі желінің өнімділігінен артық болып, түсіп жатқан астықтың түгелін қабылдап, кейінірек астық түсу біраз саябырлаған уақытта тиісті желіге қажетті мөлшерін жіберіп отыруға көмегін тигізеді.
Одан басқа жинаушы шанақтар кейінірек талассыз өңдеуге жіберілетін майда партиялар жасауға да мүмкіндік береді.
Жинаушы шанақтарды астықты тиісті технологиялық желіге жібергенге дейін уақытша дұрыс сақтауды қамтамасыз ету мақсатымен астықты желдетуге арналған қондырғылармен жабдықтайды.
Технологиялық желі тұрақты не уақытша, жан-жақты (универсалды) не арнаулы болып, элеваторлар және қабылдау-тазарту, кептіру-тазарту мұнараларының негізінде құрылады. Астықты қабылдау және өңдеу үшін элеваторлар негізінде құрылған технологиялық желілер икемді, бейімді болады және істелетін барлық жұмыс толық механикаландырылған. Бұл экономикалық жағынан тиімді де жоғары өнімді желілер қатарына жатады. Элеваторларда салынып жатқан технологиялық желілер диспетчерлік және де механизм мен машиналарды арақашықтықта автоматикалық басқаруды қамтамасыз етуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |