12.4 Астықты қабылдау, орналастыру және сақтаудың технологиялық негіздері
Мемлекетке өткізетін астықты қабылдау және оны сақтап баптау астық қабылдау кәсіпорындарына жүктелген. Олар бұрынғы одақ көлемінде орналасып, бір мемлекеттік дайындау жүйесіне бірлестірген болатын. Кейінгі кезде бұл жүйе Қазақстан Республикасындағы астық қабылдау кәсіпорындарын біріктіретін азық-түлік корпорациясы деп аталатын ұйымға бірлестірген. Осы жүйеге астықтан ұн, жарма және құрама жем алатын ірі өңдеу кәсіпорындары да кіреді.
Әрине, астық қабылдау кәсіпорындарының міндеті тек астықты қабылдауды ұйымдастырумен ғана тынбайды. Олар техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген, астық қорын қысқа мерзім ішінде өңдеп дәнді ұзақ сақтауға, одан тұтынушылардың талабына сай өнімдер шығаруға жарайтын күйге келтіреді.
Астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысы дәнді дақылдарды астық шаруашылығынан және басқа астық өндіруші мекемелерден қабылдап алғаннан бастап, әртүрлі тұтынушыларға өткізіп жібергенге дейін астықтың әрбір партиясының сапасын бағалау мен сандық-сапалық өзгерістерін есептеуге тығыз байланысты. Мемлекетке астық шаруашылығы сататын әр түрлі дақылдар дәні мен тұқымын астық қабылдау орындары егін орағы кезіндегі мерзімде шарт бойынша және сатып алу жоспарынан артық мөлшерде қабылдауға мәжбүр. Соған қарамастан кәсіпорын дән мен тұқым партиясын тоқтаусыз қабылдауға, оның сапасы мен салмағын анықтауға, астық тапсырушылармен мерзімінде және дұрыс есеп айырысуға, түскен дән партияларын жақсылап орналастыруға, оның мөлшері мен сапасын сақтау шараларын белгілеуге міндетті.
Сондықтан әрбір астық қабылдау кәсіпорнының жұмысын ұйымдастыруда өндірістік технологиялық зертхананың маңызы орасан зор. Зертхана керекті жабдықтармен және жоғары дәрежелі инженер,техник мамандарымен толық қамтамасыз етілуі керек.
ӨТЗ-ның рөлі оның өндірістегі міндеттері республика көлемінде бекітілген арнаулы бірыңғай ережелермен шектеледі. Аталған зертханада дән сапасы анықталады, кейін қалай өңделетіні мен қандай мақсатқа пайдаланатыны ескеріле отырып, сапасы бойынша біркелкі партиялар қалыптастырылады, автомобиль транспортының тоқтап тұруына жол бермес үшін дән тиеп келген автомобильдер қабылдау орындарына бөлінеді, мемлекеттік үлгіге, техникалық жағдайларға және жоғарыдағы ауыл шаруашылық және де дайындау ұйымдарының нұсқауларына сәйкес дәннің жиналғаннан кейінгі өңделу технологиясы мен сақталуына бақылау жасалады.
Астық қабылдау кәсіпорнында осындай қауырт жұмысты табысты орындау үшін оны нақты ұйымдастырумен қатар кәсіпорынның нақты мүмкіндіктері негізінде жасалған дәнді қабылдап, қоймаларға орналастырудың жақсы ойластырылған жоспары да болуға тиіс. Бұл жоспар әр кәсіпорында дайындау жұмысы басталғанға дейін жасалып, оны директор мен жоғарғы ұйым бекітуі керек.
Астықты қоймаларға дұрыс орналастыру - технологиялық сапасы бойынша да, экономикалық көрсеткіштер бойынша да дәнді жақсы сақтаудың ең маңызды шарасы. Жоспардың жасалуы және оның орындалуы дәннің сақталуына кеселі тиетін қателіктерді болдырмауға, астықты толассыз қабылдауға, көп күш жасамай-ақ ірі біркелкі партиялар қалыптастыруға, қойма сыйымдылықтарын пайдалану коэффициентін арттыруға, дәннің сапа және мөлшері жағынан ысырабын азайтуға мүмкіндік береді. Осының бәрі сақтау кезіндегі шығынды кемітіп, дәнді халық шаруашылығында орнымен пайдалануды қамтамасыз етеді.
Жоспар өткен жылғы дәнді қабылдау және орналастыру жөніндегі жұмыстарға талдау мәліметтері бойынша жасалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның техникалық базасы, жоспар бойынша және одан да артық сатып алынатын дән мөлшері, дән мен әр түрлі дақылдар тұқымының сапасы, бұрынғы жылдардан қалған дән туралы деректер, өзге кәсіпорындардан әкелінетін дән жайындағы мәліметтер, оны кәсіпорыннан жөнелту мерзімі мен мөлшері ескеріледі.
Астық қабылдау кәсіпорынының дән қабылдау жөніндегі жұмысында оны сағаттық график бойынша жеткізу жөніндегі озық тәсілдің маңызы ерекше. Мұның мәні шаруашылықта бекітілген әрбір автомобиль немесе машиналар тобы дәнді астық қабылдау кәсіпорнына нақты белгіленген уақытта әкеледі.
Мұндай жұмысты ұйымдастыру үшін ауыл шаруашылығы, автотранспорт ұйымдары және астық қабылдау кәсіпорны өкілдерінен диспетчерлік топ құрылады. Жаңа өнім дәнін қабылдауды осылайша ұйымдастыру кәсіпорындардағы құралдарды пайдалану тиімділігін арттырып, астық жеткізу шығынын азайтады. Сонымен, дайындау жүйесіндегі мекемелерде астық қабылдаудың екі түрі орын алған:
1)астық шаруашылығынан сатып алу;
2) басқа дайындау жүйелерінен келіп түсу.
Шаруашылықтардан астық қабылдаудың сипаты маусымды, ол астықты орудан басталып, одан біраз уақыт өткен соң-ақ аяқталады. Ал басқа мекемелерге қабылдау жыл бойына созыла берілуі мүмкін.
Астықты тұтынушыларға жақындату, қоймаларды тиімді дайындау, керекті технологиялық шараларды жүзеге асыру және сапасы біркелкі болатын ірі қор жасау үшін, оны қабылдап сақтайтын жүйелерде сөзсіз жылжытып тасымалдаумен байланысты.
Астық қабылдау кәсіпорнына келіп түсетін астық әрбір париясының санын, салмағын, сапасын тексеріп, анықтап барып қабылдайды.
Сырттай қарап байқау және сынама өлшем алу арқылы түскен дәннің біркелкілігін және оны белгілі бір партияға жатқызу мүмкіндігін анықтайды.
Мемлекеттік дайындаудан өтетін астық үшін ылғалдылығы, ластығы, шөп-шалаң және түрлі қоспалардың мөлшері, дәннің зиянкестермен зақымдануы, балаусалық белгілері және кейбір дақылдар үшін көлемдік салмағы бойынша базистік және шектелген кондициялар бекітілген. Бұл кондициялар еліміздің ауа райы әртүрлі болып келетін аймақтары, региондары үшін ылғалдылық пен көлемдік салмақ көрсеткіштері бойынша түрлі мөлшерлі болады.
Егер астықтың сапа көрсеткіштері базистік кондицияға сәйкес болса не шектелген кондициялардан төмен болмаса, ол кедергісіз қабылдануға тиісті. Дегенмен, бұл негізгі ережеден ауытқушылық болуы да ықтимал. Ол үшін Министрлер Кабинетінің не басқа жоғарғы ұйымның арнаулы шешімі, рұқсаты болады. Сондай шешім қабылдағанда ғана астық қабылдау кәсіпорындары дәнді және майлы дақылдардың шектелген кондициядан ылғалдылығы мен ластығы бойынша ауытқулармен қабылдайды. Бірақ, зиянды және дәннен қиын ажыратылып бөлінетін ұсақ қиыршық тастар, татар қарақұмығы, қара сұлы, мысық құйрық және т.б. арамшөптер мен бүлінген дәндер сықылды қоспалары бар партиялар еш қабылданбайды.
Ал қанша дегенмен, қиын бөлінетін және зиянды шама мөлшері шектелген кондицияға мүлдем сәйкес келмейтін жағымсыз иісті, қара күйесі бар ащы жусанды тұқымдарды қабылдау үшін жоғарыдан ерекше рұқсат болуы тиіс.
Базистік және шектелген кондицияларда көрсетілген сапа белгілерінен басқа, қабылдау кәсіпорындары есепке алып, сатып алар бағасына үстеме қоятын күшті және қатты бидайдың желімшесінің саны мен сапасы сияқты да көрсеткіштері болады.
Базистік және шектелген кондициялар талабына сәйкестілігін анықтау және қабылданбақшы астық үшін өткізуші шаруашылықпен дұрыс есеп айыру мақсатымен әрбір келіп түскен партиядан арнаулы сынама өлшемдер алынып, оларды өзара қосып, сосын одан әрі зертханада талдау жасау үшін орташа тәулікті сынама жасау, астық дайындау кезінде күшін жоймаған үлгіге (стандартқа) сәйкес қатаң қадағалануы керек. Сол үлгіге сәйкес орта тәулікті сынама да жасалады. Осы талдаудың қорытындысы бойынша қабылданған астық үшін қаржы төленеді.
Бидайдың күшті және қатты дейтін сорттарын қабылдауда шаруашылықтың егістігінде өткізілетін дәннің сапасын алдын-ала бағалап анықтудың маңызы зор. Мұндай бағалауды астық шаруашылықтардың және қабылдау кәсіпорнының өкілдері бірлесіп жасайды.
Келіп түскен астыққа қабылдау квитанциясы делінетін құжат дайындайды. Астық шаруашылықтарынан астық тауар-транспорт құжаты, ал сортты дән оның сорттылығын куәландыратын, дәлелдейтін қосымша құжатпен жіберіледі. Мұндай жағдайда зертхана міндетті түрде аталған құжаттардағы астықтың көрсеткіштерін қабылдау кәсіпорнына бұрын келіп түскен дән сапасын анықтау (апробация) актілеріндегі көрсеткіштерімен салыстырады.
Астық қабылдау кәсіпорындары дайындау маусымы кезінде қалтқысыз тоқтаусыз жұмыс жасап, істі уақытылы тындырып отырады. Әсіресе автомобиль транспортының тоқтаусыз істеуін қамтамасыз ету керек.
Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанның астық қабылдау мекемелеріндегі дәнді қабылдау және жинаудан кейінгі өңдеу технологиясын жетілдіру жөнінде үлкен жұмыстар атқарылды. Астықты шаруашылық қырмандарынан астық қабылдау орындарына тәулік бойы толассыз жеткізудің бірегей кешенді ғылыми негізделген жүйесі жасалған, сағаттық график бойынша тасымалдау ұйымдастырылған, күшті және қатты бидай сапасын алдын-ала баға бере отырып, оны арнайы техрологиялық карта бойынша орналастыру ұйымдастырылған.
Астық қабылдау кәсіпорнында дәнді қабылдау, орналастыру және өңдеудің технологиялық картасы жасалады, оған дәнді орналастырудың бас жоспары мен тәуліктік операциялардың негізгі көлемі, сондай-ақ дәннің іс-жүзіндегі орналастырылуы мен күйінің графикалық кескіні енеді. Мұның нәтижесінде автомобильдердің артылмай не түсірілмей, еріксіз тоқтап қалуына жол берілмейді, автомобильге мұқтаждық 20-25%-ға кемиді, кәсіпорындардың астық қабылдау қабілеті артады.
Бір кәсіпорыннан екінші кәсіпорынға темір жол, су не автомобиль транспортымен тасымалданып келіп түскен астық қабылданғанда оның түсіру уақыты бір жағынан сол темір жол, пароход шаруашылығы және автотранспорт мекемелері, екінші жағынан қабылдау кәсіпорны араларында болатын ерекше келісім бойынша анықталады. Транспорттың дер кезінде түсірілмегені үшін астық қабылдау кәсіпорыннан айып алынады, ал бұған кінәлі қызметкерлер жауапқа тартылады. Темір жол не су транспортымен келіп түскен астық партияларының сапасы жөнінде куәлік құжат болуға тиіс. Сортты дән тұқымының куәлігімен жабдықталады. Қабылдаған кезде барлық астықтың салмағы міндетті түрде өлшеніп, сапасы тексеріледі. Бұл қандай да болмасын ауытқулар орын алатын болса, онда қабылдау кәсіпорны акт түзіп, транспорт мекемелеріне арыз түсіріп, керекті талабын қояды.
Қоймаға қабылданған астықтың әрбір партиясын сақтау барысындағы бақылауды аға шебер не өндірістік шебер секілді материалды жауапты кісілерге жүктелінеді.
Астықты әрі сапасы, әрі саны жағынан ойдағыдай сақтауды қамтамасыз етудегі ең маңызды шаралардың бірі – әрбір мекеменің мүмкіндігіне қарай қоймаларға дұрыс орналастыруы.
Тек орналастыру тәртібін бұзбай астықты тиімді сақтауға болады. Мұның барлығы астықты сақтаудағы жалпы шығынды азайтып, дәнді дақылдарды халық шаруашылығында ұтымды пайдалануға себін тигізеді.
Астық қорын қоймаларға мына тәртіппен:
Астықтың әрбір партиясының сапа көрсеткіштері, осыған байланысты дәнді әртүрлі қажеттілікке пайдалану мүмкіндіктері;
Астықтың әрбір партиясының әртүрлі жағдайда сақталуға төзімділігі. Осы тұрғыдан астықты мынадай белгілермен санаса отырып орналастырады.
Ботаникалық белгілері.
Тип, подтип (қосымша тип-типтің ішіндегі кіші тип деуге болады) және сорт дәннің ботаникалық және шаруашылық белгілерінің жиынтығы және ол ұндық, жармалық және нандық қасиеттерінің құндылығын сипаттайды. Сондықтан, әртүрлі типті, сортты дәнді дақылдарды өңдейтін, ұн тартатын, жарма өнірілетін мекемелерге, экспортқа және т.б. жақтарға арттырылғанша топ-топ, бөлек-бөлек, бір-біріне араластырмай сақтайды.
Тұқымдыққа арналған дәнді сорты бойынша емес, тіпті бір сорттың ішінде репродукциясы, сорттың тазалық категориясы мен класы бойынша жеке-жеке сақтайды да оларды араластыруға тиым салынады. Сортты дәнді сақтауға ең сапалы қоймаларды бөледі.
Дәннің ылғалдылығы.
Астық жиымында орын алатын физиологиялық үдерістердің үдей дамуына, өрбуіне жол бермеу үшін ылғалдылығы әртүрлі болып келетін партияларды басқа белгілері болып келген жағдайда, жеке-жеке сақтауды қамтамасыз ету керек.
Мәселен, құрғақ және орташа құрғақ (не құрғақтау деп атауға болады) дәнді бір бөлек, дымқыл және ылғал (ылғалдылығы 22 %-ға дейінгі) дәнді бір бөлек орналастырады. Тек күріш дәніне 3%-дық айырмашылық бекітілген.
Дымқыл және ылғал астық партияларын кептіргішке жақын қоймаларға орналастыруды көздеген жөн.
Астық қоспаларының сапасы мен құрамы.
Астық жиымында қоспалар мөлшері көбейген сайын оның сақтауға төзімділігі кеми түседі. Сондықтан қоспалардың құрамы мен сапасы еске алыну керек. Одан басқа, астық құрамында кейбір қоспалардың болуы, тазартудың арнаулы әдістерін керек етіп, дәннің пайдалану мүмкіндіктерін азайтады. Сондықтан да, мәселен, зиянды не майда қиыршық секілді қоспалары бар астық партияларын бөлек, тазартқыш машиналары таяу маңдағы қоймаларға орналастырады.
Сонымен, қоспа бастапқы кезде мейлі ол тіпті құрғақ дән партиясында болсын, жоғары ылғалдылығымен ерекшеленеді. Олар екпінді, үдемелі тыныс алады, дәнге қарағанда зеңге тез ұшырайды. Ластанған дәнді қоймаларға құйғанда бөгде қоспалар өзі сұрыпталып, ылғалдылығы жоғары ошақтар құрады, сөйтіп өздігінен қызудың тууына себепші болады. Оған қоса кейбір қоспалар астықты айрықша тазалауды, яғни дәнді қоймаға салмас бұрын ағынмен тазалауды қажет етеді.
Айырықша тәсілмен тазартуды қажет ететін қоспалары бар дән партиясы бөлек орналастырылады.
Дымқыл және ылғалды астықты ірі, жоғары өнімді кептіргіштермен жабдықталған технологиялық жүйелері бар кәсіпорындарда, дәнді дақылдарды ылғалдылығы мен бөгде қоспалар мөлшері бойынша бөлмей-ақ, басқа технологиялық құндылығымен сипатталатын партиялар жасайды.
Дәннің зиянкес жәндіктердің зарарына шалдығып, бүлінуі.
Астықтың шыбын-шіркей, кенелер арқылы жұқпалы зарарға шалдығып бүлінген партияларын, өзгелерінің бұзылуының алдын алу үшін, бөлек қоймаларға орналастырады. Негізі мұндай астыққа шеткерірек орналасқан, әрі дәнді тазартуға және әртүрлі газ қолданып зарарсыздандыруға ыңғайлы қоймаларды бөліп белгілеп қояды.
Дәннің белгілі бір мақсатқа арналып пайдалануы.
Қабылдау кезінде астық партияларының көрсеткіштері оның белгілі бір мақсатқа арналуын не келешектегі пайдалану сипатын анықтайды. Сондықтан осы факторды астықты қабылдап орналастыру кезінде есте ұстайды. Мәселен, келіп түскен дәнді таңдап, іріктеп, бірінші репродукциялы тұқымдарды әруақытта тұқымдық материал ретінде қабылдап, орналастырып, одан әрі сортты тұқымдарды сақтаудың барлық ережесін, тәртібін бұлжытпай орындайды.
Азықтық астық партияларын сақтау барысында да белгілі бір мақсатқа арналу принципімен санасу керек.
Кептіру салдарынан нандық және де басқа технологиялық, биохимиялық қасиеттері өзгеріске ұшыраған дәнді, дәл сондай сапа көрсеткіштерімен сипатталған, бірақ, кептірілмеген дәннен мүмкіндігінше, бөлек сақтаған дұрыс. Мәселен, кептірілген бидайды кептірілмеген бидайдан ылғалдылықтары біршама болғанымен, бөлек орналастырған жөн. Себебі кептірілген бидайдың желімшесінің саны не сапасы төмендеуі ықтимал. Мұндай жағдайлар кептіру тәртібі орындалмағанда орын алады.
Сыра өндіруге арналған өнгіштік, шығымдылық қабілеті жоғары арпа партияларын кептірілген партиялардан әруақытта бөлек сақтайды.
Ерекше санасатын белгілер.
Бұл белгілер тобына астықтың тек кейбір партияларына тән, көбіне дәннің пісіп жетіліп ыңғайсыз, қолайсыз жағдайларына байланысты болып келетін ақаулары жатады. Мәселен, астық қабылдау кәсіпорындарына суық ұрған, кене, қандала бүлдірген, өніп кеткен дәндері бар және т.б. сол сияқты партиялар келіп түсуі мүмкін. Мұндай партиялардың сапасы төмен, сақтауға төзімсіз және оларды тұтынушыларға өткізудің де белгілі қиындықтары бар. Сондықтан, бұл партияларды да бөлек орналастырып сақтайды.
Қоймадағы дән үймесінің биіктігі оның күй-жайына, дәннің қандай мақсатта қолданылатынына, сақтау ұзақтығына, қойманың типі мен технологиялық күйіне, кәсіпорынның географиялық аймағы мен жыл мезгіліне байланысты.
Құрғақ (ылғалдылығы шектелген мөлшерден төмен), қоспалардан тазаланған, жинаудан кейін жатып піскен, азық және жемдік мақсатқа арналған дән үймесінің биіктігі қандай болса да бәрі бір. Ылғалдылығы 17%-дан жоғары дәннен оның температурасы мен жыл мезгілдеріне қарай 1,0-ден 2,5 м биіктікке дейін үймелер жасалады.
Жиналғанан кейін жатып піспеген дән мен физиологиялық белсенділігі жоғары дән сапасын төмендетіп алмас үшін оларды аласалау етіп үйеді. Дән ұзақ сақталмайтын жағдайда үйме биіктеу жасалады, тек тиісті режим туғызылуы қажет.
Салқындатылған және желдетуге арналған қондырылары бар қоймалардағы дән үймелерін биік етіп жасауға болады. Жоғарыда қарастырылған жағдайларды қорыта келіп мынадай тұжырым жасауға болады. Техникалық тұрғыдан біліктілікпен құрылған орналастыру жоспарын жасау астық қабылдау мекемелерінің жұмыстарының жемісті болуының бірден-бір негізгі шарты. Әсіресе, сапасы әртүрлі дәнді дақылдарды қабылдағанда дұрыс орналастырудың маңызы зор.
Бұл жоспарды өте жауапты шара ретінде кәсіпорынның барлық білікті мамандары қатыса отырып өткен жылдардағы астық қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру тәжірибесін, техникалық жабдықтардың күйін, келіп түсетін дәнді дақылдардың саны мен сапасы туралы тиісті ауыл шаруашылық мекемелерінің мәліметтерін, астық қабылдау кәсіпорнына қарасты шаруашылықтардың мемлекетке астық тапсыру жоспарларын егжей-тегжейлі талдау негізінде жасайды. Бұл шаруашылықтардың жоғары тұрған мекемелердің жоспарларына сәйкес келіп түсетін, және де қабылдау мекемесінен астық арттырып жөнелтудің көлемі мен мерзімі есепке алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |