1937-1938 жж. жаппай репрессиялау шараларының ауқымы мен салдары, ГУЛАГ жүйесінің құрылуы. Тарихшы –ғалым М.Қойгелдиев құжаттық материалдарға сүйене отырып, еліміздің аумағында болған қуғын-сүргінді негізгі төрт кезеңін ажыратса, соның ішінде 1937-1938 жылдары қуғын-сүргін өзінің шарықтау шегіне жетті. Құжаттық мәліметтер БМСБ(ОГПУ) органдарының 1933жылы Қазақстанда оннан астам «контрреволюциялық ұлттық ұйымдарды» әшкерелеп, жойғандығы жөнінде мәлімет береді. Тергеу ісінде қатталған материалдар, негізінен, тұтқынға алу ордерлерінен, тергеу хаттамаларынан, айыптау қорытындыларынан, сондай-ақ тұтқындардың арыз-тілектерінен құралған. Сонымен бірге бұл кезеңге тән мынадай бір ерекшеліктерді айта кеткен жөн: егер 1923-1932 жылдары тергеушілер қоғамнан социалистік құрылысқа қарсы зиянкестік әрекеттерді жүргізуші «элементтерді» неғұрлым көбірек тауып, өздеріне жүктелген жоспарды асыра орындауға тырысса, ендігі уақытта тұтқындардың арасынан шетелдік, негізінен, Германия мен Жапония сияқты мемлекеттердің кеңестік қоғамдағы «агенттерін» көбірек табуға күш салды. 1937-1938 жж. Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Ә.Досов, Ж.Сәдуақасов, Л.Мирзоян, Ж.Сұлтанбеков, Т.Жүргенов және т.б. адамдар өтірік жаламен жазаланды. Қазақтың ғылым мен мәдениеті орны толмас шығынға ұшырады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ж.Шанин, т.б. кінәсәз жазалаудың құрбаны болды.
30-жылдардың өзінде-ақ жазықсыз жазаланған , саяси қудалаудың құрбаны болғандарды қоғамнан бөліп ұстау үшін Қазақстан лагерьлер өлкесіне айналдырылған еді. Қазақ жерінде Дальний, Степной, Песчанный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл лагерьлері, Кеңгір, Өскемен арнайы лагерьлері ашылды. Бұл лагерьлердің ішіндегі ең ірілері – Карлаг (ерекше тәртіптегі Қарағанды лагері), «ОТанын сатқандардың» әйелдеріне арналған Ақмола лагері (АЛЖИР) болды. 1930ж 25сәуірде лагерьлерді басқаратын мекеме құрылып, бір жылдан кейін ГУЛАГ ОГПУ атала бастады. Қазақстанда 1930жылдардың басында лагерьлер жүйесі қалыптасты. 1930жылдың 13 мамырда КСРО ХКК «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру туралы» Қаулы қабылдады.Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ГУЛАГ жүйесі одан әрі кеңейе түсті. Тек, Сталин қайтыс болғаннан кейін мемлекет ГУЛАГ жүйесін жоюды қолға алды. Саяси тұтқындар 1954 жылдан босатыла бастады. 1960ж қаңтардың 25-і күні Ішкі істер министрінің жарлығымен ГУЛАГ жүйесі ресми жабылды.