Ілияс Жансүгіров ақындығы
Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор.Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.
Ілияс Жансүгіров Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Ақсу ауданында туған. Алғаш Қарағаш ауылындағы мектепте жадитше оқып, өз бетімен оқи, жаза алатын дәрежеге жетті. 1919 жылы Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түсті де, оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болды. Онан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеді. 1922 жылы Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға түсіп, оны 1928 жылы бітірді. Мәскеуден оралғанда «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынды. 1933-1936 жылдары ҚАССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Қазақстан Жазушылар Одағының председателі қызметін атқарып жүрген есіл ақынға орынсыз жала жабылып, репрессияның жазықсыз құрбаны болды.
Дауылды жылдардың тартысты тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облысының Қосшы комитетінде губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші»газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып шыңдайды. Жас азаматтың кызметтен өзге уакыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланады. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанак» деген тұңғыш кітабы шығады.
1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мүра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандылығы ғажап.
1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспассөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайратқері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады, ССРО Жазушыларының I съезінде сөз сөйледі, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазашының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.
Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров кесепат-кесел репрессияға ұшырап, 1938 жылы опат болды.
Ілияс Жансүгіров - қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.
Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу - 20-жылдардың басында келді.. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға - қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.
І.Жансүгіров 1926-1928 жылдары Мәскеудегі журналистика институтында оқып, қоғамдық ғылымдар саласынан терең білім алады. Ақыл-ойы толысқан, өмір тәжірибесі мол, талантты жігіт, әйгілі ғалымдардың дәрісіне өздігінен оқуы қосылып, тез кемелденеді. Әсіресе, орыс және Еуропа әдебиетінің классикалық туындыларын құмарта әрі талдап оқиды. Институттың соңғы курсында оқып жүргенде - 1928 жылы "Сағанақ" атты тұңғыш жинағы жарық көреді. Елге оралған соң, ол республикадағы аға газет -"Еңбекші Қазақта", 1934-1935 жылдары Казақстан көркем әдебиет баспасында жауапты қызметтер атқарады. 1934 жылы КСРО Жазушыларының I съезіне делегат болып қатысып, сөз сөйлейді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып істейді. Ақынның М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолына игілікті әсер етеді.
Тұнғыш кітабы шыққаннан жазықсыз жазаға ұшырағанға дейінгі 10 жылға жетер-жетпес аралықта Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетін "Жолдастар" атты пьесаларымен байытады, әсіресе, поэзияда көптеген әсерлі өлеңдері мен "Жетісу суреттері", "Гималай" атты керемет көркем жыр-толғауларына қоса, артынан "Дала", "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық поэмалар беріп, ақындық шыңына көтерілді.
Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы – оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер»сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып табылады.
Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармасының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман-аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.
Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М.Горькийдің, Н.А.Некрасов-тың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ілияс Жансүгірұлының ұлтымыз өміріндегі орны орасан, қазақ әдебиетіндегі әлемі айрықша. Ол – қазақ жырының тұлпар Құлагері. Ол – туған әдебиетіміздің бір асқар Алатауы, немесе жыр Жетісуы. Иә, ол қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, қала берді әлем әдебиетіндегі сирек, сара құбылыс. Оған бұл орайда жетіспейтін жалғыз-ақ нәрсе – бес құрылық халықтары тіліне аударылмай жатқандығы. Бұл жерде баса айтатын бір ерекшелік - өнердің заңы өмірдің заңынан да өргелек. Бейнебір бақи дүниенің қағидасы пәни дүниенің қағидасынан басым түсіп жататындай... Мәселен, әйгілі әлемдік тартылыс заңын кезінде ұлы ағылшын ғалымы Исаак Ньютон зерттеп, зерделеп таппаса да кейіннен басқа біреу міндетті түрде табар еді. Ал, «Евгений Онегинді» тек А.С.Пушкиннен басқа ешкім қалайша жаза алмаса, «Жетісу суреттерін», «Күйші», «Рүстем қырғынын», «Исатай-Махамбетті», «Құлагерді» нақ солайша Ілияс Жансүгірұлынан басқа ешкім жаза алмайды. Осы ретте біз оқырманымызға қатысты Луи Арагонның мына бір сөздерін алға тартсақ түк артық емес: «Біздің ғасырымыздың маңдайына бірнеше ақындардың нұрлы есімдері мөр болып басылған. Англияда ол – Киплинг, Францияда – Апполинер мен Элюар, Германияда – Рильке, Испанияда – Гариса Лорка. Осынау нұрлы күндердің қайсысы сөнсе де, нақ сол күні әлемді қара түнек басқандай болатын. Бірақ олардың қай-қайсысының да соңына қалдырған мұрасы көлеңке емес, жалын, ақ жалын еді».