§7. Ескiру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
Қылмыстық жауапқа тарту мерзiмiнiң ескiруi деп қылмыстық құқық бұзушылық iстеген уақыттан бастап, кiнәлi адамды сол әскери қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасайтындар (437–466-баптар) үшiн заңда көрсетiлген шарттарға сәйкес, жауапқа тартуға мүмкiндiк беретiн уақыттың өтуiн айтамыз. Мұндай мерзiмнiң өтуi қолданылатын шараның тиiмдiлiгiн, қажеттiлiгiн жояды, сондықтан да ол қылмыстық құқық бұзушылық ескiрген қылмыстық құқық бұзушылық қатарына жатқызылады. Уақыты өтiп, ескiрген қылмыстық құқық бұзушылықты тергеу оған дәлелдердi жинау, iстi сотта қарау кезiнде жинақталған мәлiметтердi қайта жаңғыртудың өзi де көптеген қиындықтарды туғызады. Сондықтан да жауапқа тарту мерзiмi ескiрген қылмыстық құқық бұзушылықтағы кiнәлi адамға қылмыстық жауаптылық жүктеудiң қажетi жоқ. Қылмыстық кодексте (71-бап) мұндай жауаптылықтан босатудың негiздерi iстелген қылмыстың ауырлығына байланысты болып көрсетiлген.
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер:
1) қылмыстық терiс қылық жасалғаннан кейiн бiр жыл;
2) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейiн екi жыл;
3) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейiн бес жыл;
4) ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн он бес жыл;
5) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн жиырма жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
2. Ескiру мерзiмдерi қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап және сот үкiмi заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.
3. Қылмыстық терiс қылықтар бойынша ескiру мерзiмдерiнiң өтуi жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан, тоқтатыла тұрмайды және үзiлмейдi.
4. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескiру мерзiмдерiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескiру мерзiмдерiнiң өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен қайта басталады. Бұл ретте, егер қылмыс жасаған уақыттан берi ескiру мерзiмi үзiлмесе және мынадай мерзiмдер:
1) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейiн он жыл;
2) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейiн он бес жыл;
3) ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн жиырма жыл;
4) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн жиырма бес жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескiру мерзiмiнiң өтуi үзiледi. Мұндай жағдайларда ескiру мерзiмiн есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен қайта басталады. Өзге жағдайларда, егер ескiру мерзiмi өткенге дейiн адам қайтадан қылмыс жасаса, әрбiр қылмыс бойынша ескiру мерзiмi дербес өтедi.
5. Осы Кодекс бойынша өлiм жазасы немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкiн қылмысты жасаған адамға ескiру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескiру мерзiмiнiң өтуiне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға болады деп таппаса, онда өлiм жазасы өмiр бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, ал өмiр бойына бас бостандығы-нан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
6. Бейбiтшiлiкке және адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористiк қылмыстар, экстремистiк қылмыстар, азаптаулар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиiспеушiлiкке қарсы қылмыстар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттiң конституциялық құрылысының негiздерiне және қауiпсiздiгiне қарсы, қоғамдық қауiпсiздiк пен қоғамдық тәртiпке қарсы, экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ескiру мерзiмдерi қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |