§8. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату
Жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату жазаның алға қойылған мақсатын тез әрi тиiмдi шешуге мүмкiндiк берумен бiрге, қылмыстылықпен қарсы күрес жүргiзуге зор үлесiн тигiзедi. Сот тәжiрибесi көрсеткендей, жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылғандардың қайталамалы қылмыс жа-сауы жазаны толық өтеп шыққандарға қарағанда едәуiр төмен. Мұның өзi, жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың қысқа мерзiм iшiнде қылмыстық жазаның алға қойған мақсаттарына жетуiне тиiстi көмегiн тигiзетiнiн көрсетедi.
Жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату деп сотталған адамды үлгiлi мiнез-құлқы және еңбекке, оқуға адал көзқарас негiзiнде үкiм бойынша тағайындалған жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босатып, оған сынақ мерзiмi iшiнде жаңадан қылмыс жасамау шартын қоюды айтамыз.
Қылмыстық кодекстiң 72-бабына сәйкес:
1. Егер сот адамның түзелуi үшiн тағайындалған жазаны толық өтеуi қажет етiлмейдi деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеудi немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшiншi, төртiншi және бесiншi бөлiктерiнде көрсетiлген мерзiмдердi iс жүзiнде өтегеннен кейiн шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
Бас бостандығын шектеудi немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшiншi, төртiншi және бесiншi бөлiктерiнде көрсетiлген мерзiмдердi iс жүзiнде өтегеннен кейiн, қылмысымен келтiрiлген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қаскөйлiкпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады.
Адамдардың қаза табуына әкеп соқтырмаған және аса ауыр қылмыстың жасалуымен ұштаспаған террористiк немесе экстремистiк қылмысы үшiн тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, осы баптың үшiншi, төртiншi және бесiншi бөлiктерiнде көрсетiлген мерзiмдердi iс жүзiнде өтегеннен кейiн, егер ол террористiк немесе экстремистiк қылмыстарды болдырмауға, ашуға немесе тергеп-тексеруге, террористiк немесе экстремистiк топтардың қатысу-шыларын әшкерелеуге белсендi түрде жәрдемдескен болса, сот оны шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
Бұл ретте адам жазаның қосымша түрiн өтеуден толық немесе iшiнара босатылуы мүмкiн.
2. Бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамға жазасының қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде сот осы Кодекстiң 44-бабы екiншi бөлiгiнiң қағидалары бойынша пробациялық бақылауды белгiлейдi. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуды қолдану кезiнде адамға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнде көзделген мiндеттер жүктеледi.
3. Сотталған адам:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
2) ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;
3) аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн iс жүзiнде өтегеннен кейiн, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшi осы баптың жетiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақтарында көзделген негiздер бойынша жойылған болса;
4) егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша жойылған болса, жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін іс жүзінде өтегеннен кейін;
5) сотталған адам процестiк келiсiмнiң барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн не аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын iс жүзiнде өтегеннен кейiн ғана шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылуы мүмкiн.
4. Жүктi әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзi тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегiз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн;
2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
3) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын iс жүзiнде өтегеннен кейiн, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшi осы баптың жетiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақтарында көзделген негiздер бойынша жойылған болса;
4) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс не осы Кодекстiң 120-бабы үшiншi бөлiгiнiң 3) және 5) тармақтарында, 121-бабы үшiншi бөлiгiнiң 3) және 5) тармақтарында көзделген қылмыстар үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шарт-ты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшi осы баптың жетiншi бөлiгiнiң 3) тармағында көзделген негiз бойынша жойылған болса;
5) сотталған адам процестiк келiсiмнiң барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн не аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн iс жүзiнде өтегеннен кейiн қолданылуы мүмкiн.
5. Сотталған адамның бас бостандығынан айыруды iс жүзiнде өтеген мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.
6. Сот тағайындаған өмiр бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, егер сот оның бұл жазаны одан әрi өтеуiн қажет етпейдi деп таныса және ол бас бостандығынан айырудың кемiнде жиырма бес жылын iс жүзiнде өтесе, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Егер сот тағайындаған өмiр бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам процестiк келiсiмнiң барлық талаптарын орындаса, ол бас бостандығынан айырудың кемiнде он бес жылын iс жүзiнде өтегеннен кейiн шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
7. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:
1) екi және одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасап, олар үшiн оған әкiмшiлiк жаза қолданылса немесе шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуды қолдану кезiнде өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан дәлелсiз себеппен екi реттен артық жалтарса не бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған-нан кейiн таңдалған тұрғылықты жерi бойынша тiркелу үшiн бес жұмыс күнi iшiнде дәлелсiз себеппен келмесе, сот уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою және жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн орындау туралы қаулы шығара алады;
2) қылмысты абайсызда жасаса, сол сияқты жүктi әйел, жас балалары бар әйел, жас балаларын жалғыз өзi тәрбиелеп отырған еркек, елу сегiз жастағы және ол жастан асқан әйел, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркек, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек қылмыстық терiс қылық, қасақана онша ауыр емес қылмыс жасаған жағдайларда, жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою не оны күшiнде қалдыру туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жойса, жаза үкiмдердiң жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша тағайындалады;
3) қылмысты қасақана жасаса, осы бөлiктiң 2) тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, сот оған үкiмдердiң жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.
8. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамға, адамдардың қаза табуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс үшін сотталған адамға, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамға қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |