7.5. Көршілес Орта Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық
Біздің өңірде ықпалдастық қарқынын төмендетпеудің маңызы зор. Біз мәдениетіміз бен тарихымыздың ортақтығы жақындастырып отырған көршілес Орта Азия мемлекеттерімен жан-жақты байланыстарымызды дамыта беруге тиіспіз. Біздің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығымыздың келешегі зор.
Біздің күш-жігеріміз бұларды одан әрі дамыта беруге бағытталуы керек.
7.6. Мұсылман әлемі елдерімен біздің қатынастарымызды дамыту
Біз үшін мұсылман әлемі елдерімен халықаралық ынтымақтастық пен мәдени алмасуларқұрылымдарына белсене қатысу мейлінше табиғи нәрсе. Біз сондай-ақ ислам және Араб Шығысы елдерінің көпшілігімен өзара тиімді және өзара байытатын екіжақты қарым-қатынастарды белсенді дамытып келеміз.
Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізді мекен ететін және біртұтас Қазақстан халқын құрайтын барлық ұлт өкілдерінің толеранттылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті саясатымыз қазірдің өзінде кеңінен танылып отыр. Халқымыз осы заманғы және бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекетті белсене орнатып жатыр.
Міне, нақ сондықтан да мен қазірдің өзінде мұндай тәжірибе жинақтаған Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысу орталықтарының бірі ретінде қызмет атқаруға әзір екенін тағы да қуаттағым келеді.
Біз сияқты өркениеттердің үнқатысуы аталып жүрген үдерісті кеңейту және тереңдетуге мүдделі болып отырған мұсылман әлемінің бірқатар елдерімен бірлесе отырып, біз осы заманғы дүние құрылысының көкейкесті проблемалары бойынша Шығыс пен Батыс арасындағы түсіністікті жақындастыруға бағытталған бірқатар халықаралық бастамалар жасай алар едік деген ойдамын.
Қымбатты отандастар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Маған аса жоғары қолдау көрсетіп, өздеріңіздің және Отанымыздың тағдырын сеніп тапсырғандарыңыздан бері көп уақыт өте қойған жоқ. Біз сіздермен көп жағдайда ниеттес болдық, бір-бірімізге күмәнмен қарамадық. Менің уәделерім де ешқашан бос сөз болған емес, ал сіздер маған үнемі үміт ұялатып, биік белестерге бастаған шын жүректен қолдау көрсеттіңіздер.
Мен бүгін сіздердің назарларыңызға өзіміз алдағы уақытта шешетін міндеттерді белгілеп, Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі дамыған мемлекеттер қоғамдастығынан орын алуына мүмкіндік беретін Стратегияны ұсындым.
Береке-бірлігі мен ынтымағы жарасқан халықтың алмайтын асуы жоқ. Біз мұны туған Отанымыздың гүлденуі жолындағы қажырлы еңбегіміз бен ауызбірлігіміз арқылы дәлелдедік.
Мен сіздерге сенемін. Әрқашанда сіздердің түсіністіктеріңіз бен қолдауларыңызға үміт артамын. Алдағы уақытта да жаңа әрі ауқымды осы бастамаларды қолдайтындарыңызға нық сенемін.
Баршаларыңызға табыс тілеймін.
Рахмет.
2006 ж, 1 наурыз
http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/page_kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-kazakstan-khalkyna-zholdauy-2006-zhylhy-1-nauryz_1343986805
Достарыңызбен бөлісу: |