5. Бесінші басымдық: Демократияны одан әрі дамыту және саяси жүйені жаңарту
Өздеріңіз білесіздер, былтырғы жылы елімізде Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы кеңінен талқыланды. Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия өткізілген пікірталастардың нәтижесін қорытындылады.
Біз елімізде Қазақстанның саяси жүйесі мен мемлекеттік құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған ауқымды саяси реформаларды жалғастыра беретін боламыз.
Демократиялық және өркендеген мемлекеттер орнатудың ортақ заңдылықтарын, сондай-ақ біздің қоғамның маңызды мәдени-тарихи белгілері мен дәстүрлерін үйлесімді ескеруіміз қажет.
Былтырғы жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысын сайлау кезінде қазақстандықтар көрсеткен ауызбірлік біздің қоғамның топтасқандығына күмән туғызбаса керек. Біздің азаматтар мұның өзі еліміздің тұрақты дамуының қажетті шарты болып табылатынын айқын түсінеді. Біз сайлауалды науқанның барысында тұңғыш рет қазақстандықтардың елдің тұрақсыздануы мүмкін деген алаңдаушылығы, ал кейбір тұстарда, тіпті үрейге бой алдыруы сияқты ерекше құбылыспен де ұшырастық, оның үстіне, әлдекімдер бәлкім солай дәмеленген болуы керек.
Сайлаудан кейін азаматтарымыздың көңілдері орнына түскен кездер де біздің есімізде.
Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрындыруы, біздің болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойындауымыз керек. Бұл біздің өткен президенттік додадан алған сабағымыз.
Біздің қателесу себептеріміздің бірі биліктің либерализмін оның әлсіздігі және бетімен кеткен бейпіл даңғойлардың қайсыбір “еркелігі” мен “қыңырлығына” тыйым салуға дәрменсіздігі ретінде қарадүрсін қабылдауда жатыр. Бізге аңдамастық пен адасушылықтан арылу керек.
Сондықтан елдің ішіндегі және сырттан айтылған сынға қарайлай бермей, біз демократиялық дәстүрлерді дамытумен бірге оны қорғаудың жеткілікті қатаң жүйесін қарастыруымыз керек. Сайып келгенде, заңды бұзғаны үшін қатал талап етуді жүзеге асырып, жалақорлық, ақшамен сатып алушылық пен зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік шаралары айқындалуы тиіс, ал қажет болса, тиісті заңдарды қайта қарауымыз керек.
Азаматтардың Конституция мен еліміздің заңдарын орындауын қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының міндеті. Олар үшін “қай жерде және кім не айтады?” дейтін сұрақ туындамауға тиіс, есесіне, “заңды бұзған екенсің – оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың” дейтін нақты ереже бар. Олай болмаған күнде біз кеңестік кезеңдегі “заң қалай бұрсаң солай бұрылатын тәртенің” керін қайталайтын боламыз.
Құқық қорғау органдарының осы ережені орындамайтын басшысы өз лауазымында қалмауы керек. Біз құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғамды басқаша құра алмаймыз.
Біз діни экстремизмнің таралуына қатаң тосқауыл қоюымыз қажет.
Біз әлеуметтік саланы дамытуға, елді дамыту бағдарламаларын орындауды бақылау үшін ҮЕҰ-ны белсенді түрде тартуға тиіспіз. Сонымен бірге олардың заңда көзделмеген қызметіне жол бермеуіміз керек.
Қазақстан халықтары Ассамблеясы, міне, он жылдан астам уақыт бойы көпұлтты Қазақстан халқын біріктіру міндеттерін ойдағыдай шешіп келеді. Осы уақыт ішінде еліміз бен халқымыз үшін маңызды шешімдер қабылдаған кезде, біздің Ассамблеяны назардан тыс қалдырған немесе оның ұстанымын есепке алмаған оқиға менің есімде жоқ. Осы қоғамдық институттың рөлін арттыра беру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселелердің бәрін Демократияландыру мәселелері жөніндегі мемкомиссия қарайтын болады.
6. Алтыншы басымдық: Осы заманғы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы бара-бар ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру
Біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтудың барынша басым бағыттарының қатарына мыналар жатады.
6.1. 2006-2010 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздіктің жаңа стратегиясы
Қазақстанның мемлекеттілігін, ұлттық егемендігі мен тұтастығын нығайту жаңа Әскери доктринаның негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Ол күш пен құралдардың жедел қанат жаюын жүзеге асыруға қабілетті, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби армияның жасақталуын көздеуге тиіс.
Қазақстанның Қарулы Күштері осы заманғы әскери-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуге тиіс, олар Қазақстан мен жаңа халықаралық ахуал үшін өзіндік ерекше қатерлерге сай келетін жоғары қорғаныс технологияларына орынды үміт артады.
Қажетті қаражатты егжей-тегжейлі есептеп, оларды Әскери доктринада ескерген жөн және қойылған міндеттерді шешу үшін мемлекеттік бюджеттегі қорғанысқа арналған шығындар көлемін ұлғайту қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |