2-жаттығу. Мәтіндегі шылауларға жалпы талдау жасаңыздар.
...Баймағамбет екеуміз құр оқып қана, әңгімелеп қана жүргеміз жоқ. Аңдасам, бақсам, тәрбиеленіп те келеді екеміз-ау! Бірақ менен көрі Баймағамбет жасырақ та, бір беткей бітімді, шыншыл ма екен!? Сондықтан бұдан кітап ізі айқынырақ көрінуге мүмкін бе! Ендеше, Баймағамбетте менің қазіргі қалпымның жартылаған тұлғасы тұрған жоқ па? Бір есептен бұл менің айнам, ел ортасында жүріп өзгеріп келе жатқан адамдығымның айнасы болар!.. деп топшылады Абай. Бірақ ол бұл ойын, жолдасына ренішті бола ма деп, айтпай, іркіп қалды. Оның орайына Баймағамбет әңгімесін күн бойы ұзақ жол үстінде көп айтқызып келе жатты. Ол әңгімесін бітірген соң, бұрынғы дағды бойынша, уақиға ішіндегі Дик, Қызыл Сақалдардың кейбір сырлы, нәрлі сөздерін Абай өңдеп, көріктей түсіп, қайта айтып берді.
Бұлар жол бойы Күшікбайда түс ауа ат шалдырды. Сонда жол азықтарынан өздері де тамақтанып алып, күні бойы толассыз жүрген. Осы күні ел жатар кезде кешігіп жүрген жолаушылар Тінібек қақпасын кеп қағып еді. Дәл осы қақпаның түбіне жеткенше Баймағамбет романдары бірінен соң бірі айтылып, аяқталмай созыла кеп, еріксіз тоқтаған-ды (М.Әуезов).
Достарыңызбен бөлісу: |